• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Талбесік Бүгін, 09:06

Түтінге тұншыққан Шөптікөл...

Баянауылдағы Шөптікөл ауылының тұрғындары ұзақ жылдардан бері кеніштен саулаған көк түтіннің арасында өмір сүруге мәжбүр. Өркениет игілігінен жұрдай, аралда қалғандай күн кешіп отырған ауыл жұрты келешектеріне күмәнмен қарайды. Қырық жылға таяу уақытта қордаланып қалған мәселелерге жергілікті биліктің де еті үйреніп кеткен сыңайлы.

Ауыл жұртын кім құтқарады?

Шөптікөл елді мекені облыс орта­лығынан 170 шақырымдай жерде, Баян­ауыл ауданының Майқайың ауылдық округіне қарайды. Ел үлкендерінің айтуынша, ауылдың негізі сонау 1840 жылдары қаланған. Александровский мыс зауытын көмірмен қамтамасыз ету мақсатында жер шолған атақты дала геологі Қосым Пішенбаев бұл жерден мол көмір қорын іздеп табады. Сөй­тіп, кеніш қазылып, жанынан Шөптікөл ауылы пайда болған. Сол тұста қазақ жатақ­тары қоныс қылған.

Кеңес өкіметі жылдары кеніш тәуір жұмыс істеп, мұнда 300-ден астам отбасы өмір сүріпті. Бірақ 1987 жылы жақын жерден көмір қоры әлдеқайда мол Майкөбе көмір кеніші ашылғанда Шөптікөл жабылып қалады. Жаңа кеніш ауылдың жел жағында болғандықтан, экологиялық зардабы ескеріліп, 90-жылдардың соңында Сұлужон ауылы салынып, шөптікөлдік тұр­ғындардың жартысына жуығы сонда көшеді. Жаңа баспаналар бәріне жетпеуі себепті, көп отбасы осында қалып қояды. Олар­дың барлығы бүгінде Майкөбе, Сары­көл кеніштерінен жұмыс тауып отыр. Алайда ауыл халқының тұрмысы бү­гін­де әбден жүдеген әрі экологиялық жағы­­нан қолайсыз ортада өмір сүріп жатыр.

Бүгінде Шөптікөлде 21 отбасы, 60-тан астам адам тұрады. Үлкен жолдан бұры­лып, ауылға таяй бергенімізде бық­сып жанған көмірдің ащы түтіні кеңсірігімізді жара жаздады. Төңіректің барлығы сұрық­сыз, ит байласа тұрғысыз жер екені бай­­қалады. Ауылдың жан-жағының бәрі кеніш. Батысында – Майкөбе, оңтүстігінде – Сары­көл, шығыс тұсында – Талдыкөл, оңтүстік беткейде топырақ арасындағы көмір жалдары үнемі қызып, ауыл жұр­тын күні-түні көк түтінмен улап жатқан ескі Шөптікөл кеніші. Ауыл жұрты бірден мәселелерін баяндап ала жөнелді.

– Әкім, депутат атаулы ауылымызға аттап баспайды. Балаларымыздың мынау көк түтіннің арасында өмір сүріп жатқаны ешкімді ойландырмайды. Күн тымықта іргеміздегі ескі кеніштің түтіні тұншықтырса, желді күндері Майкөбе кенішінің шаң-тозаңына көмілеміз. Мәселемізді аудан басшылығы, облыс экологтері жақсы білгенімен, шарасыз. Қайдан екенін білмейміз, эколог маманбыз деп әлдебіреулер салып-ұрып жетіп келеді де, зерттеулерін жүргізіп, «бәрі жақсы» деп жазып алып кетеді. Ауыл орталықтандырылған ауызсу, мәдениет үйі, кітапхана, балалардың ойын алаңы сияқты қарапайым инфрақұры­лым­ның өзінен жұрдай. Осы уақытқа дейін тағайын­далған басшылар бұл мәселе­лер­мен мүлде айналыспады десе болады. Түнде көшелеріміз тас қараңғы, орнатқан шамдары ескі болды ма, аз уақытта істен шықты. Электр бағандары да әбден ескірген, жел соқса сымдары бір-біріне тиіп, жарық өшіп қалады. Электрик маман жоқ, ауданнан келіп жөндегенше 3-4 тәулік бойы жарықсыз отырамыз. Айына кемі 2-3 мәрте жарықсыз қаламыз, – деп жеткізді елдің мұңын жергілікті тұрғын Айтбай Төлепбергенов.

Ауыл жұртына аптасына екі мәрте арнайы көлікпен ауызсу жеткізіледі. Шелегі – 15 теңге. Бұған дейін ауыл шетінде скважина жұмыс істеп, түліктерін суаруға мүм­кіндік болыпты. Алайда қыстан бері оның сорғысы кезекті рет істен шы­ғып, бүгінде қолдарындағы азын-аулақ мал­дарына су табу мұңға айналған. Сква­жинадан су шығаратын тоған бүгінде кеуіп қалған. Амалсыздан Майқайың кен­тінен жеткізілетін ауызсудан жырып береді. Оның өзі аз ақша емес. Су тап­шы­лығынан жұрт бау-бақша да еге алмайды. Айналаның барлығы қу тақыр, шөлейт жерде тал-терек өспейді. «Сква­жи­наның жаңа сорғысы 800 мың теңге тұрады. Оған ақшамыз жоқ», дейді тұр­ғындар. Осы уақытқа дейін бірнеше рет қал­таларынан қаражат шығарып, сатып алыпты.

Жайылым мәселесі де өзекті. Айна­ланың барлығы қаптаған кеніш, авто, темір­жол тармақтары. Малдары жүк по­­­йыз­­дарының астына түсіп өле береді. Авто­­жол жаққа жаюға қорқады, жол по­ли­­цей­­лері сырғаларын суретке түсіріп алып, иелеріне айыппұл арқалатып қоя береді.

Келесі бір мәселе – ауылда ұялы бай­ла­ныс тұрмақ, қарапайым телефон бай­ла­ны­сы жоқ. Кейбір үйлер Wi-Fi интер­нетіне қосылған, бірақ оның сапасы да көңілге қонымсыз. Жарық сөнген күндері ауыл мүлде байланыссыз қалады.

«Жедел жәрдем келсе, бензин сұрайды»

– Осы күні ауырып қалудан қорқатын болдық. Біздің ауылға жедел жәрдем кө­лігі келмейді, келсе де «бензин құйып бересіңдер» деген талап қояды. «103» операторы кейде көлік жібермейміз деп кәдімгідей бас тартады. Ауылдағы медпункт қаңтарылып тұр. Улы түтін­нің әсері болар, ауыл тұрғындары жиі сыр­қат­танады. Қан қысымы көтеріліп, үнемі самайлары ауырады. Үлкен адамдар ауыра қалса, екпе салатын адам тап­­пай қиналамыз. Жолдама алуға аудан ор­та­лы­ғына сабыламыз. Дәріхана, дүкен деген атымен жоқ. Азық-түлікті Майқайың мен Баянауыл кенттері­нен 8-9 мың теңгеге такси жалдап тасуға мәжбүрміз. Ауылда адам таситын авто­бус та жоқ. Түтіннің арасында өмір сүру­ге шыдасақ та, қарапайым ғана әлеу­меттік мекемелердің қолжетімсіздігі шым­байымызға батады. Іргеміздегі ЦЭС, Сұлужон сияқты ауылдарда бар­лығы бар, орталықтандырылған ауыз­су да тартылып берілді. Бәрінен бұрын бала­ларымыздың болашағына алаңдай­мыз. Ауылда мектеп жоқ, жақын жердегі ЦЭС мектебіне ескі автобуспен қатынап оқиды. Ол автобустың жүруінен тұруы көп. Енді бір бес-алты жылда мұнда жас отбасылар мүлде қалмайтыны анық, – деп қынжылды тұрғын Анар Омарова.

Қанат Сәрсембаев есімді ауыл тұр­ғыны медициналық көмек үлкен мәсе­леге айналып тұрғанын растады. 76 жас­­тағы анасы бүйрек жеткіліксіздігіне шал­дыққан, мүгедек жан. Аптасына үш мәрте Екібастұз қаласына диализге апарады. Алайда қыста жол жабылып қалғанда қиналып қалады. Ауылда жол аршитын трактор жоқ, тиіп тұрған Майкөбе кеніші техника бермейді. Былтыр ауыл тарихында тұңғыш рет Сұлужон бағытындағы үлкен автожолға жалғайтын кірме жолға асфальт төселген екен. Жұмыс сапасыз болды ма, күз бен қыста көмір таситын жүк көліктерінің ауырлығына шыдамады ма, бүгінде оның өзі әр жерінен тесіліп, бүліне бастапты.

– Күзде кеніштен көмір таситын жүк көліктері ауылдың жанымен жүреді. Жел теріскейден соқса, бар­лық шаңды ауыл тұрғындары жұтады. Әйел­де­ріміз далаға кір жая алмайды, балалары­мыз далаға шығып ойнаудан қалды. Тағы бір мәселе, ауыл тұрғындарының тұрғы­лықты жеріне қатысты мәселе туын­дап отыр. Электрондық мәліметтер қорын­да барлығымыз ауданның өзге елді ме­кен­дерінде тіркеуде тұрмыз. Мәселен, біз­дің үйдегі бес адам бес түрлі ауылда тіркелгенбіз. Неге олай деп шу шығарып көрдік, ешкім білмейді. Сайлау кезінде дауыс беру кәдімгідей машақат. Өз үйімізге қайта тіркеле алмаймыз, себебі көшелеріміз туралы мәліметтер базадан ұшып кетіпті. Шын мәнінде, біздің ауыл картада бар да, мәліметтер қорында жоқ, – деп тағы бір маңызды мәселенің ұшын шығарды Қ.Сәрсембаев.

Майкөбенің «қара тізімі»

Майкөбе көмір кеніші – аудандағы ең ірі әрі тұрақты жұмыс істеп тұрған кәсіпорын­ның бірі. Алайда шөптікөл­дік­тер іргедегі көмір кенішінің қайырымы жоқтығына қапалы. Одан босатылатын тас көмір­дің игілігін жергілікті халық мүлде сезінбейді.

– Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан: «Туған жердің әрбір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек», деген. Олай болса табанымыздың астынан шығып жатқан қазына не себепті жергілікті халыққа қымбат бағаға сатылады? Тоннасын 8 мың теңгеден сатып аламыз. Анау Бірлік ауылдық округінің аумағында орналасқан Сарыкөл кеніші жергілікті халыққа көмірдің тоннасын 4 мың теңгеге түсіріп берсе, зейнеткерлерге тіпті тегін үлестіреді. Біздің Майкөбе де тұрғындарға қарайласып, қайырымын танытуға тиіс деп санаймыз. Көмірдің тым қымбат екенін айтып, оның бағасын түсіруді талап етіп көрдік. Алайда әзірге еш өзгеріс жоқ, – деп мұңын шақты зейнеткер Төлеген Сәдуақасов.

Ауыл жұртының момындығын пай­даланған Майқайың кенішінің басшы­лығы тіпті жұмысқа ыңғайлы адамдарды ғана қабылдайтын жүйе жасап қойған. Тұрғындардың айтуынша, кәсіпорында «қара тізім» бар. Бас көтеріп, елдің мұң-мұқтажын жеткізуге талпынатын азаматтарды әлгі тізімге енгізіп, түрлі сылтаумен жұмыстан шығарып жібереді. Бір шыққан адам екінші мәрте жұмысқа қабылданбайды. Жоғарыда аты аталған тұрғын Қ.Сәрсембаев әлгі тізімде өзінің де бар екенін жуықта біліпті. Тәжірибелі маман бола тұра оны жұмысқа қайта­дан қабылдамай отыр. Бес баласы бар отаға­сы бүгінде жұмыссыз, қиналып жүр­генін жабырқай жеткізді. Өкінішке қа­рай жекеменшік ұйым болған соң ауыл, аудан басшылары бұл мәселеге ара­ласа алмайды. Соны пайдаланған кеніш қо­жайындары тарапынан «өзім би, өзім қожа» деген сөз көп айтылып, заң­ға қай­шы іс-әрекеттері байқалып қалады.

Ең сорақысы, «Майкөбен-Вест» АҚ ком­паниясы биылдан бастап заңды мекенжайын өзгертіп, Алматы облысының Қонаев қаласына қоныс аударған. Бұ­ған дейін Павлодар облысының бюджеті­не жыл сайын 240 млн теңгеден астам салық құйып келген компанияның алым-салығы енді басқа өңірге бұйырады. Бұл жердегі мәселе көмір кенішінің аудан экологиясына тигізіп отырған зардабы мен Шөптікөл сияқты елді мекендер­дің халқына түсіре­тін ауыртпалығына қатысты екені айдан анық. Ендеше, облыс басшылығы, өңір­лік экология, бюд­жеттік жоспарлау басқармалары, өзге де құзырлы органдар өзекті жайтпен айналысуы керек. Әйтпегенде, қаз­ба байлықтың үстінде орналасса да жер­гілікті халық оның пайдасын көре алмай отырғанын айтудың өзі ұят.

Ауыл тұрғындары Майкөбе кені­шіндегі жұмысшылар жатақ­ха­на­сы­­ның дәретхана қалдықтары мен сар­қын­ды сулары ауыл маңайына төгіле­тінін, ол жер­де үй малдары жайы­латы­нын да ашы­­на жеткізді. Талапқа сәй­кес Май­қа­йыңға апарылып, ар­найы жер­­ге тө­гілуі керек. Алайда халық­тың ес­кер­туіне құлақ аспайды. Оны бақы­лай­тын мамандар жоқтың қасы. Осы­лай­ша, жеке кәсіпорын ойы­на келгенін жасап, табиғатқа орасан зор шығын кел­тіріп отырған жайы бар. Оның үс­тіне жұрт арасында кеніш жанынан жаңа зауыт ашылады деген әңгіме де жел­дей есіп тұр. Жаңа өндіріс онсыз да қиын экологиялық жағдайды одан әрі күр­делендіріп жібере ме деп қауіптенеді.

«Үйіндінің астында қаламыз деп үрейленеміз»

Шөптікөлдегі үйлердің барлығы бүгінде әбден тозған. Көбі өткен ғасырдың 30-40 жылдары саман кірпіштен тұрғы­зыл­ған, бүгінде қабырғалары мүжіле бастаған. Кеніште жарылыс жұмыстары жүр­­гізіл­генде онсыз да қаусап тұрған үй­лер­­дің қабырға сылақтары жарылып, үгіле береді. Төбелерінен топырақ саула­ған жұрт үйіндінің астында қаламыз ба деп қорқады.

– Отбасымызда төрт баламыз бар. Бас­па­намыздың әбден ескіргені сол, қабыр­ғасына сылақ тұрмайды. Жаңбырлы күндері төбемізден су ағып, есімізді алады. Билік өкілдеріне мұңымызды айтсақ, «өзге елді мекеннен үй сатып алып, көшіңдер, біздің беретін көмегіміз жоқ» деп үзіл­ді-кесілді бас тартады. Үйлеріміз шын мәнінде апаттық жағдайда тұр. Жаңадан салатын немесе өзге жерден сатып алатын қаражатым жоқ, онсыз да банктерден алған несиеміз бар. Жағдайымыз болса, ауылдан баяғыда көшіп кетер едік, – дейді отағасы Қанат Сәрсембаев.

Осы ауылда туып-өсіп, бүгінде қарттық шағын өткізіп жатқан Василий Синников өзі сияқты зейнеткерлердің күнкөрісі мал өсіру екенін атап өтті. Алатын 100 мың теңге зейнетақысы түкке де жетпейді. Мал азығы қымбат, 250 килолық шөп орамасы 12-15 мың теңгеден сатылады. Ауыл маңайында шөп оруға жарайтын шабындық жоқ. Қария үнемі түтін арасында өмір сүру денсаулығына адам айтқысыз зиян келтіріп отырғанын ашына жеткізді. Жер қойнауын пайдаланатын кәсіпкерлер тым болмағанда экологиялық төлем жүргізіп, азын-аулақ материал­дық көмек көрсетсе, жұрттың біраз жыртығы жамалар еді. Өкінішке қарай, не биліктен, не кеніштен қайыр жоқ.

Аудан билігі не айтады?

Мәселенің ізімен Баянауыл ауданы­ның әкімдігіне хабарластық. Аудан бас­шы­сының орынбасары Еркін Арыстан­беков «ауыл аумағында қолайсыз эколо­гия­­лық аухал тіркелмеген» деп жауап қайтарды.

– Бүгінгі күнге дейін ауылды көшіру мәсе­лесі көтерілген жоқ. Себебі ауыл тұр­ғын­­­дарынан бұл жөнінде арыз-шағымдар мен ұсыныстар түспеген. Майкөбе кеніші 2024 жылы ауыл тұрғын­да­рымен қоғамдық тыңдау өткізіп, өз қыз­метіне, қоршаған ортаға ықтимал әсері жөнін­дегі жобаға рұқсат алған. Денсаулық сақтау мәселесіне қатысты айтар болсам, Шөптікөл тұрғындары Майқайың кенті ауру­ханасына тіркелген. Дәрігерлер айына екі рет медициналық пунктке барып, нау­­қас­тарды қабылдайды, – дейді әкімдік өкілі.

Қазірде орталықтандырылған су құбы­рын тарту жобасы (модульдік станса орнату) қарастырылып жатқан көрінеді. Былтыр елді мекенде 25 жарықтандыру бағанасы орнатылып, ауылдың кіреберіс 5,2 км жолына 234,1 млн теңгеге жөндеу жұмыс­тары жүргізілген. Айтуынша, ауыл ішіндегі жолдарды жөндеуге жоспар да әзірленіп қойыпты. Бұл тұрғыда ең алдымен жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуі керек. Содан соң ұялы байланыс орнату, интернет жұмысын күшейту жұмыстарына назар аударылмақшы.

Алайда ауыл халқы биліктің уәдесіне тойып болдық деп отыр. Мәселенің түйіні отбасыларды толығымен өзге жерге көшіру арқылы ғана шешіледі деп есептейді. Өз беттерімен баспана сатып аларлық жағдайлары жоқ, үйлері құнсыз, өткізе алмайды. Сондықтан бұл өзекті мәселеге облыс басшылығы мен Үкімет деңгейінде көңіл бөлінуін сұрайды.

Павлодар облысы,Баянауыл ауданы,Шөптікөл ауылы

Соңғы жаңалықтар