• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Экономика Бүгін, 09:24

Арқа төсіндегі ақ металл жаңа автокөліктерге қойыла бастады

Арқаның алюминий құйма­лары автоөндіріс саласында шикізат үшін ғана пайдаланылмай, дайын өнімдер тізбегіне айналып үлгерді. «Вектор Павлодар» ЖШС бүгінде қанатын кеңге ­жайып, жылына 300 мың дана автокөлік дискісін шыға­рады. Бұйым отандық және ресейлік нарықта танымал.

Ертіс-Баян өңірі – еліміздің ірі индустриялық орталығы. Мұнда алып зауыттармен қатар, нарыққа инновациялық өнім алып келген жаңа буын кәсіпорындары да қар­қынды дамып келеді. Со­лар­дың бірі – «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында орна­ласқан, алюминийден жеңіл құйма­лы автодискілер шығаратын «Вектор Павлодар» ЖШС зауыты. 2017 жылы негізі қаланған кәсіпорын Еура­зиялық экономикалық одақ аумағындағы ең заманауи әрі жаңа зауыттың бірі. Жобалық қуаттылығы да таң­ғалдырарлық: жылына 300 мың дана дискі шығарады. Бұл жай ғана сан емес, бұл – отандық нарықты қамтып, шетелге өнім экспорттауға қауқарлы үлкен әлеует.

Іргелі компанияның Павлодар өңірінде бой көтеруі кездейсоқтық емес. Арнайы экономикалық ай­мақ ұсынатын салықтық және инфра­­құрылымдық жеңілдіктер кәсіп­орын­ның аяғынан нық тұруына көмек­тесті. Ең бастысы, алюминий шикі­затының қолжетімділігі мен ың­ғай­лы логистикалық түйін зауыт өні­мінің өзіндік құнын төмендетіп, бәсекеге қабілеттілігін арттырып отыр.

Зауыт директорының орынбасары Қуаныш Балтабаевтың айтуын-ша, шикізат іргедегі «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-дан алынады. Алюминий қорытпалары бұл жерде қайтадан балқытылып, оған марганец, мырыш және тағы басқа қоспалар қосылып, құра­мы күшейтіледі. Одан әрі автокө­лік дискілерінің қалыбы орналас­қан пештерге құйылады. Пештен қажетті пішінде құйылып шығатын өнім әрі қарай түрлі механикалық өңдеуден өтіп, сырты жылтыратылады. Дайын өнімдер негізінен Ресейдің ішкі нарығына жөнелтіледі.

– Біз барлық өнімді әуелі ­Ресейдің Тольятти қаласына жөнелтеміз. Ол жерде бұйымдарымыз боялады. Дайын болған соң 80 пайызы Ресейде қалса, 20 пайызы Қа­зақстанға қайтып келеді. Жергілікті нарықта «Аллюр» компаниясымен шартқа отырып, қазіргі уақытта қазақстандық зауыттан шыққан «Jac» автокөліктеріне қойыла бас­тады. Одан соң екінші деңгейлі на­рықта сататын дилерлер бар. На­рық­та біздің өнімдеріміз «Vector» атауы­мен танымал, – дейді кәсіп­орын өкілі.

Келер жылы зауытта дискілерді бояйтын цех ашылып, толық өнді­рістік циклге көшу жоспарланып отыр. Сол уақытта өнімнің отан­дық нарыққа тиесілі бөлігі бірден қалдырылып, боялып отырады. Бұл өнімнің өзіндік құнын арзандатуы ықтимал. Қазіргі күні 105 жұмысшысы бар өндіріс орны алдағы уақытта сұраныс артатын болса, кеңеюге ынталы.

Өндірістен өлшемі 15–20 дюм аралығындағы дискілердің 200-ден астам түрі шығады. Олар отан­дық нарықта танымал автокөлік маркаларының көпшілігіне келеді. Бір дискінің салмағы шамамен – 7-10 кг, халықаралық стандартқа сай. Бұйымның заманауи безендірілуін, пішіні мен қалыбын арнайы дизайнерлер әзірлеп беріп отырады. Ал кез келген жаңа түрі ең әуелі жергілікті зертханада сыналып, жетілдірілген соң ғана сериялық өндіріске жолданады.

«Бірлескен компания 2017 жылдан бері Павлодар облысының экономикасына шамамен 8 млрд теңгедей инвестиция құйды. Қазақстан ­бой­ынша әзірше автокөлік дискілерін шығаратын жалғыз толыққанды өндіріс екенімізді мақтан тұтамыз. Бұл бізге, еңбек ұжымына сенімділік сыйлайды. Сондықтан отандық нарықта кеңею мүмкіндігіміз зор» деп атап өтті Қуаныш Балтабаев.

Жалпы, «Павлодар» арнайы эко­но­микалық аймағы 2011 жылы құ­рылған. Аймақты құрудағы негізгі мақсат – химия, мұнай-химия, металлургия өнеркәсібін дамыту, инвестициялар тарту, жоғары технологиялық өндірістер құру, сондай-ақ экспортқа бағдарланған өнімдер шығару. Кейінгі 15 жыл­да мұнда 21 инженерлік инфра­құрылым нысаны салынған. Өнді­ріс орындарының иелері кор­пора­­тивтік табыс салығы мен қо­сым­­ша құн салығынан, жер мен мүлік салығынан, кедендік рәсім­дерден босатылған. Сондай-ақ кәсіпорындарға дайын инженерлік инфрақұрылымға қосылу мүмкін­дігі беріледі. Өңірлік индустриялық-инновациялық даму басқармасының дерегінше, 38 кәсіпорын арнайы аймақтың қатысушысы ретінде тіркелсе, оның 24-і бүгінде толықтай өндірістік циклге кіріскен. Құрылған сәтінен бастап АЭА-ға 258,5 млрд теңге сомасында жеке инвестиция құйылған. Оның ішінде Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропа мен Таяу Шығыс елдерінен 175,7 млрд теңге салынған.

– Осы уақытқа дейін жергілік­ті бюджеттен аймақтың инфрақұры­лымын дамытуға 14 млрд теңге жұмсалған. Есесіне жергілікті бюджетке алым-салықтар түрінде 40 млрд теңге кіріс түскен. Бұл де­геніміз қазынадан бөлінген 1 теңге 3,5 теңге пайда әкелді деген сөз. Арнайы аймақта 117 түрлі ­дай­ын өнім шығады. Ол 12 мемлекетке экспортталып отыр. Тек был­тыр жалпы сомасы 50,1 млрд теңгенің өнімдері шығарылған. Еліміз бойын­ша 16 АЭА болса, біз ТОП-3-тікке еніп отырмыз. Мұнда 1 739 адам еңбекпен қамтылған. Барлық 1 200 гектар жердің шамамен 65 пайыздайы ғана игерілгенін ескерсек, аймақтың даму келешегі әлі зор екенін сеніммен айта аламыз. Биыл жыл соңына дейін 100 млрд теңге инвестиция салынады, – дейді «Павлодар» АЭА» АҚ басқарма төрағасы Мәдениет Ахметов.

Жыл соңына дейін мұнда тағы ­4 жобаны іске қосу көзделген. Жуықта Ресейдің Новосібір облысынан арнайы делегация келіп, павлодарлық тәжірибемен танысқан. Мамандар шетелдік компанияларға жасал­ған жеңілдіктерге таңдай қағып, өз кәсіпкерлері үшін мұндай мүмкін­дік­тер арман болып отырға­нын жеткізіпті. Ерекшелігі, мұнда шоғырланған өндіріс орын­да­ры шикізатты жергілікті кәсіп­орындардан алады әрі кейбірі өзара тығыз байланысты. Еліміз бойынша таза суға арналған реагенттер, химия саласына арналған қоспалар осында ғана шығады. Жуықта жергілікті кәсіпорындардың бірі алюминий полиоксихлоридін өндіре бастапты. Бұл – суда жақсы еритін, суды тазартуға арналған өте тиімді бейорганикалық коагулянт. Ал «AKP group» ЖШС жоғары кернеулі желілерге арналған оқшаулағыш материалдар шығарып жатыр. Кәсіпорын KEGOC компаниясымен ұзақ жылға шартқа отырған.

Арнайы экономикалық аймақты басқарып отырған акционерлік қоғам өкілдері қаржы салуға үміт­кер компаниялар көп екенін, бірақ олардың тиімділігін арнайы комиссия қарап, ұлттық экономикаға пайда әкелетін жобаларды ғана қабылдайтынын атап өтті. Қазірдің өзінде бірқатар ірі жобалар іске асып жатыр. Мәселен, «Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты» ЖШС компаниясы қолға алған құрамында алтыны бар жоғары көміртекті сульфидті концентраттарды қайта өңдеу жобасы аса маңызды. Жоба 1 млрд доллар көлемінде инвестиция тартып, 500 жаңа жұмыс орнын құруға қабілетті. Өндірісті толықтай іске қосу 2028 жылға межеленген. Ал «TWA Astana LLP» компаниясы алюминийден дайын өнім өндіру бойынша жобаны жүзеге асыруда. Келер жылы өндіріс іске қосылса, жаңадан 50 жұмыс орны пайда болады.

Павлодар облысы

Соңғы жаңалықтар