Жезқазған қаласында «Шабыт» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығы ашылды. Жаңа нысан Болат Өтемұратов қорының қолдауымен салынды.
Қаланың батыс ауданында бой көтерген «Шабыт» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығы Жезқазған жастарының қосымша білім алып, жан-жақты дамуына, бос уақытын тиімді өткізуіне арналған маңызды орталықтардың біріне айналмақ. Өндірістік тарихы бай қала үшін бұл жобаның маңызы ерекше. Себебі балалардың шығармашылық, зияткерлік дамуына арналған мұндай заманауи нысан Жезқазғанда кейінгі 70 жылдан астам уақыт ішінде алғаш рет салынып отыр. Маңызды нысанның ашылу салтанатына Ұлытау облысы мен Жезқазған қаласының басшылығы, Болат Өтемұратов қоры мен «Верный Капитал» компаниялар тобының өкілдері, Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, депутаттар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және қоғам белсенділері қатысты.
Құны 4 миллиард теңгені құрайтын жобаны Болат Өтемұратов қоры жүзеге асырып, оны Жезқазған қаласына тарту ретінде табыстады. Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков:
«Жезқазған қаласындағы жаңа «Шабыт» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығы – жай ғана заманауи ғимарат емес, балалардың білім алып, өз қабілеттерін дамытып, технология, шығармашылық және спортпен лайықты жағдайда айналысуына мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше мәрте атап өткендей, әрбір баланың әлеуетін дамыту – елдің стратегиялық басымдығы», деп қорға алғыс білдіріп, жаңа нысанның қала үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті.
Жалпы аумағы 2 600 шаршы метрден асатын кешенде арт-студия, күйдіру бөлмесі бар қыш шеберханасы, ерте дамыту орталығы, жекпе-жек және хореография залдары, физика, математика, жаратылыстану және роботтехника кабинеттері орналасқан STEM-аймақ, цифрлық өнер мен графикалық дизайн студиясы, фотостудия, музыка сыныптары, шахмат кабинеті және кең акт залы қарастырылған. «Шабыт» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығында барлығы 14 оқу кабинеті, қызметкерлерге арналған жеке аймақтар, медициналық кабинет пен коворкинг бар. Ғимарат бір уақытта 250 балаға дейін қабылдауға лайықталған. Үйірмелердегі сабақтар тегін әрі бірнеше ауысыммен өткізілетіндіктен, орталық күніне 600-ге дейін баланы қамти алады.
Аумағы 1,6 гектарды құрайтын кешенде спорт және ойын алаңдары бар, айналасы абаттандырылған. Ғимаратты жобалау барысында инклюзивті орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінді. Мұнда ерекше білім қажеттілігі бар балалардың кедергісіз келуіне барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ сенсорлық бөлме олардың дамуы мен бейімделуіне ықпал ететін маңызды орталықтардың біріне айналмақ.
«Білім саласын қолдау және балалар мен жастардың жан-жақты дамуына арналған заманауи инфрақұрылым қалыптастыру – Қор қызметінің негізгі бағытының бірі. Біз мұндай жобаларды елдің адам капиталына салынған ұзақмерзімді инвестиция деп білеміз. Жезқазғандағы жаңа «Шабыт» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығы өңір балаларының сапалы қосымша білім алып, шығармашылық әрі кәсіби тұрғыдан дамуына тың серпін береді деп сенемін», деді Болат Өтемұратов қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы Алмаз Шарман.
«Жобаны жүзеге асыру барысында құрылыс сапасына, заманауи шешімдерді енгізуге және балалар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға ерекше мән берілді. Біз үшін бизнестің табысы экономикалық көрсеткіштермен ғана емес, қоғамға тигізген нақты пайдасымен де өлшенеді. Сондықтан білім мен өскелең ұрпақтың дамуына бағытталған бастамаларды қолдау – біздің басты құндылықтарымыздың бірі. Жаңа «Шабыт» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығы балалардың білім алып, шығармашылығын шыңдап, достық қарым-қатынас орнататын әрі жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды орталыққа айналады деп сенемін», деді «Верный Капитал» компаниялар тобының бас директоры Айдан Ақанов.
Болат Өтемұратов қоры 12 жыл ішінде еліміздің әр өңірінде маңызды нысандардың салынуына ұйытқы болды. Олардың қатарында Есік пен Қосшы қалаларындағы мектептер, Қызылордадағы жаңа әуежай, Қосшыдағы комьюнити-орталық бар. Бұл жобалардың барлығын біріктіретін ортақ мақсат – халықтың өмір сапасын жақсартып, өңірлердің тұрақты дамуына үлес қосу.
Ұлытау облысы