• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
16 Шілде, 2010

ГЕРМАНИЯНЫҢ СЕГІЗІНШІ КАНЦЛЕРІ

875 рет
көрсетілді

Егер осыдан жиырма шақты жыл бұрын әлдекім Германияның федералды канцлері лауазымына енді әйел сайланады, онда да коммунистік ГДР-де өскен қыздың бағы жанады деген сәуегейлік білдірсе, былайғы жұрттың бәрі дерлік соны айтқан адамға қатты күмән келтірген болар еді. Әйткенмен, неміс нәсілінің басым бөлігі күтпеген бұл жағдай 2005 жылдың қоңыр күзіне қарай шын мәнінде жүзеге асты. Сол кездегі сәнге оншалықты келе бермейтін дөңгелек шеңберлі шашы мен сұрғылт сырт киімдерін заматында әдемі тігілген қою түсті кәстөмдерге айырбастай қойған Ангела Меркель ежелгі тарихи Саксония жерінің, қазіргі заманғы өркениетті Германияның сегізінші канцлері болып шыға келді. Сол 2005 жылдың 22 желтоқ­саны күні бұл елдің тарихындағы тұңғыш әйел канцлер жаңа лауа­зымын адал атқаратыны жөнінде ант берді. Ол өзінің осы сөзінде: “Өзімнің барлық күш-жігерімді неміс халқының игілігіне арнауға, оның әл-ауқатын көбейтуге, оны барлық жаманшылықтан қор­ғауға, конституция мен фе­дерация заңда­рын сақтауға және қорғауға, әрбір адамға әділ болуға ант етемін”, – деді. Ал соңында: “Құдайдың өзі маған жар болсын”, – дегенді қосып қойды. Діндарлар отбасында өскен оған бұл сөз шынында жарасып тұрды. Біздің елімізге ресми сапары басталып жатқан күндері тура 56 жасқа толатын Ангела Доротея Меркель (қыз кезіндегі тегі – Каснер) 1954 жылғы 17 шілдеде ГФР-дің Гамбург қаласында дүние­ге келді. Оның әкесі Хорст Каснер Гейдельберг пен Гамбург универ­си­теттерінде теологиядан дәріс оқыса, анасы Герлинда латын және ағылшын пәндерінің мұғалімі бо­латын. Ал Ангела өмірге келгеннен кейін бірнеше апта өткесін оның лютеран пасторы болып саналатын әкесі отбасын алып ГДР-ге көшеді. Мұнда Темплин деген шағын қала­шыққа қоныс тепкен ол семинария ашып, мүгедектер үйін басқарады. Мұнда көп ұзамай Германия люте­ран­дарының екіге жарылып, ГДР-дің жеке шіркеуі болуы жолындағы белсенді күрескерлердің біріне айналады. Саясатты бір кісідей түсінген Хорст коммунистік Герма­ниядағы тәртіпті ешқашан сынға алмайды, қайта оның артықшы­лық­тарын айта жүреді. Соның арқа­сында өкімет тарапынан өзі де көптеген жеңілдіктерге қол жет­кізеді. Айталық, екі бірдей авто­көлікке егелік етіп, Батыс жаққа қалаған уақытында барып-келіп жүреді. Сондықтан пастор әкесінің діліне берік коммунист екеніне сенген Ангела да өзіне сенімді бо­лады. Дегенмен, ол өзінің балалық шағы туралы айтқанда, бірер ауыз сөзбен ғана шектеліп, көсіліп сөй­легенді оншалықты ұната бермей­тін көрінеді. Мұның себебін жур­налистермен болған бір сұхбаты барысында ол: “Сол кездегі жүйе­мен мен кикілжіңге көп келіп қала бердім. Бірақ бұл менің балалық шағымның жақсы жақтары болма­ды дегенді білдірмейді”, – дегенді тілге тиек еткені де бар. Расында да өзіне сенген қыз мектепте өте жақсы оқыпты. Ол математика олимпиадаларында бірнеше рет тамаша жеңіске жетеді. Тіпті 1970 жылы орыс тілі пәні бойынша өткен олимпиадада үздік шыққан ол жүлде ретінде Мәскеуге сапар шегіп қайту құрметіне де ие бола­ды. Білім ошағында алдымен пио­нер ұйымының, сосын ерікті неміс жастары одағының қатарында есепте тұрады. Ангела Каснер мектепте оқып жүрген кездерінің өзінде-ақ Лейп­циг­тегі Карл Маркс атындағы уни­верситеттің физика факультетіне түсіп, оқуды аңсап еді. Ол 1973 жылы орта мектепті тәмамдаған бойда сол армандаған қаласына көшіп барады. Жоғары оқу ор­нында оқып жүрген кезінде оппо­зициялық бағыттағы жастардың тобына қосылған жоқ. Алайда, осы жылдары ол өзінің сүйікті жазушы­сы саналатын диссидент қаламгер Райнер Кунцемен танысқанын көпке дейін мақтаныш етіп жүрді. Ал оқып жүргенінде, 1974 жылы Мәскеу мен Ленинград студент-физиктерімен болған тәжірибе алмасу кезінде тағдыр оны бола­шақ күйеуі, Фогтланд универси­те­тінің студенті Ульрих Меркельмен жолықтырды. Бұлардың бірлесіп отау тігіп, шаңырақ құрғанын біл­ді­ретін некелесу рәсімі 1977 жылғы 3 қыркүйекте Темплин қаласының шіркеуінде өтті. Бірақ бұл отаудың ғұмыры ұзаққа созылған жоқ. Арада бес жыл өткесін Ангела араларындағы қарым-қатынастың түгел біткенін жариялайды. Жа­риялап қана қоймай, барлық жиған-терген мүкәмалдарын өзі алып қалады. Оның сол кездегі құрбысы Габриелла Отто бұл жыл­дарды былай еске түсіреді: “Мен оған Ульрихқа да бірдеңе қалдыру керек екенін айтып едім, ол сөзімді бірден үзіп тастап, оның тегін сақтап қалғанының өзі жететінін мәлімдеді”. Расында Ангела бұдан кейін де күйеуге шыққанымен, сол алғашқы зайыбының тегін сақтап қалды. Лейпциг университетін 1978 жылы үздік бітірген Ангела Мер­кель, өзінің айтуынша, Штазимен (ГДР-дің ұлттық қауіпсіздік комитеті) қызмет жасасуға келісім бермегені себепті бірден жұмысқа орналаса алмайды. Әйткенмен, бұл дағдарыс ұзаққа созылмайды, сол оқу бітірген жылы ол анау-мынау емес, ГДР Ғылым академиясы Фи­зика химиясы орталық инсти­ту­тына ғылыми қызметкер ретінде қызметке қабылданады. Мұнда сонымен қатар комсомол ұйымы­ның идеология жөніндегі хатшысы болып та сайланады. Институтта ол квант физикасы жөніндегі ғылыми жұмыстармен айналысты. Оның ғылымдағы мансабы да сәтті басталды. Соның айғағы ретінде 1986 жылы кандидаттық диссер­тациясын қорғап шығады. Со­нымен бір мезгілде “Неміс ерікті жастар одағында” жетекшілік қызметте жүрген Ангела бұл сатыда да тез ілгері өрлеуге бет алады. Ол алдымен елдің Үгіт және насихат департаментінің хатшысы деген лауазымға қол жеткізеді. Осылайша ГДР-дің саяси коммуникация жөніндегі бас сарапшыларының біріне айналған ханым ғылыми және саяси қызмет жағдайларымен кеңестік блок жағындағы елдерге жиі сапарға шығып тұратын бо­лады. Соның ішінде сол жылдары Мәскеуге де бірнеше мәрте келіп қайтады. 1989 жылдың 10 қарашасы күні түнде 155 шақырымдық Берлин қабырғасының құлатылуы әлем жұртшылығының көптен күткен оқиғасы болғанымен, оның талай­ларды естен тандырып тастағаны да шындық. Осы әрі-сәрі ахуалды өзінің пайдасына қарай шешуге тез жұмылған Орталық Барлау Бас­қармасы ескі тәртіптегі адамдар арасынан бұрын КСРО-ға қызмет еткендей АҚШ-қа да адал бола­тын­дарды тауып, жаңа саяси күш­­терді қалыптастыруға ұм­тылды. Ал арада бір айдай мерзім өткесін Ангела Меркель өзінің бұ­рынғы саяси лагерін ауыс­ты­рып, батыс германиялық хрис­тиан демокра­тиясының “Демо­кратиялық дүмпу” атты жаңа қоз­ғалысы қатарына қосылады. Жаңа ұйымға мүше болғаннан бастап коммунистік тәртіптің көлеңкелі жақтарын ашып көрсетуге белсене кіріседі. Ол енді ГДР-дегі коммунист емес, ең бірінші бас­шы – Премьер-министр Лотар де Мезьердің үкіметі құрамынан табылып, мұнда да бұрынғы ат­қарған қызметіне сай лауазым алады. Бұл жолы ол тек батыс­германдық мәнермен “баспа­сөз хатшысы” деп аталады. Әлбетте, осыдан кейін Ангеланың ғылым­ды біржола жылы жауып қоюына тура келеді. Бірақ көп ұзамай Ангела Мер­кель өзі жаңадан кірген партия­сының да құрамынан шығып, “Христиан-демократиялық одағы­на” саналы түрде өтеді. Бұл кезде оның осы партияның жетекшісі тізгінін ұстауы үшін арада бар-жоғы он жылдай уақыт бар еді. Қазір сарапшылар Ангеланың осыншалықты бас айналдыра­тындай зор табысқа жетуінің қандай құпия сыры бар екенін зерттей келіп, оның бәрі аталмыш ханымның барлық маңызды мәселені барынша ақылға салып, байыпты шешетіндігімен байла­ныстырады. Қызмет баспалдағы бойымен жылдам өсе бастаған ол арада тағы бір жыл өткесін, 1990 жылдың желтоқсан айында Бун­дестагтың депутаты болып сайлан­ды. “Ол барлық уақытта да уәде берумен болды, – деді кейін оның сайлаушыларының бірі. – Сол үшін біз оған дауыс бердік. Уәде­лер орындалмаған күйі қалды. Бір­ақ біз оған сендік. Өйткені бұл кезде ешкімге де сенуге болмай­тын, ал ол болса тым құрығанда бізді жақсылап тыңдай алды ғой”. Жоғарыдағы Христиан-демокра­тия­лық партиясының бас хатшысы және канцлер Гельмут Коль де оған сенді. Сенгендіктен де А.Меркельді 1991 жылы әйелдер мен жастар ісі жөніндегі министр етіп тағайындады. Алайда, осы қызметті атқарған үш жылы ішінде ол өзін айрықша бір қырынан таныта алмады. Соған қарамастан канцлер мұны тәжірибесіздіктен көріп, “балапан” деп атады. Осы­дан бастап журналистер Ангеланы “Гельмут Кольдің қызы” атан­дырып жіберді. Ал 1994 жылы қы­рық жастағы “қыз” ГФР-дің қор­шаған орта мен табиғатты қорғау, ядролық реакторлар қауіпсіздігі ми­нистрі деген кезекті лауазымы­ның тұғырына қонды. Өмірдің бұдан кейінгі ағымы жағдайды бұдан да қатты өзгертіп, оның А.Меркель үшін пайдалы жақтары аз болмады. Христиан-демократтар 1998 жылғы сайлауда же­ңіліп қалып, Ангела алдымен өзінің министрлік орынтағын босатуға мәжбүр болды. Осыдан кейін “Франкфурт альгемайне” газетінде Гельмут Кольді сынға ал­ған мақала жарияланды. Дегенмен, бұл сын өзінің діттеген жеріне жетпеді, партияның көшбасшысы орнында қала берді. Бірақ арада бір жыл өткесін, бұқаралық ақпарат құралдарында Г.Кольдің 1993-1998 жылдар аралығында қайдан шыққаны белгісіз екі миллион маркаға жуық ақшаны ХДС-ның құпия есепшотына аударғанын куәландыратын құжаттар басылып, дау қайта өршіп кетті. Осыдан кейін Ангела Меркель ХДС бас хатшысының тез арада орнынан кетуі керектігі туралы жалынды сөз сөйледі. Бұл сөз шынында да Гельмут Кольдің партия жетекшісі міндетін тастап кетуін жеделдетті. Ал сол орын босағасын лауазым Ангелаға бұйырды. Рас, бұл кезде партияның төрағасы Вольфганг Шойбле болып қала берген. Арада тағы бір жыл өткесін оның да былықтарын ашып көрсеткен материалдар пайда болды да, Ангела Меркель тағы “адасқан адамның табанын жалтыратуын” талап етті. Мұның соңы өжет ханымның партия жетекшісі болып сайлануына апарып жеткізді. 1998 жылы Ангела Меркель екінші рет тұрмысқа шықты. Бұл жолы оның таңдауы профессор Йоахим Зауэрге түсті. Көре алмай­тын көп жұрт Ангела мұндай қа­дамға өз имиджін қалпына келтіру үшін барды дегенді де айтты. Бірақ қалай дегенде де, оның ендігі тапқан қосағы әлемдік атағы бар химик ғалым, белгілі азамат еді. Ол бұл екеуі жақын танысқан 1984 жылға дейін өзіне екі бала туып берген әйелінен ажырасып үлгер­ген-ді. Алайда, Германияның сегізінші федералды канцлері болып отырған ханымның екі күйеуінен де баласы болмады. “Мен мұндай мүмкіндікті жоққа шығарғаным жоқ, – дейді А.Мер­кель қазір. – Бірақ ыңғайы кел­меді. Мен саясатпен шұғылдануға кіріскенімде, 35 жаста едім, сон­дықтан өзіме бұл сұрақты қоймай­тын да болдым”. Журналистердің сауалдарына жауап бере келе, Ангела тұйықтан осылай әдемі шығып кетті. Сонымен бірге ол өзін нағыз шынайы адам ретінде де көрсете білді. Мұндай шынайылықтың ны­ша­нын ол 2005 жылғы сайлау барысында өз қарсыласы социал-демократ Герхард Шредермен болған теледебатта да байқатты. Осы пікірталаста өзін “телевизия канцлері” ретінде танытып қалған қызыл сөзі көп Г.Шредерге қа­рағанда, студияда қысылыңқырап отырған тілі қасаң Ангела жал­пы­лама сөздермен ештеңеге негіз­делмеген көптеген уәделер беріп тоқталды. Алайда, мұның есебі дұрыс еді, шоумен Шредердің қасында ол елдің тағдыры үшін нағыз алаңдайтын тұлға болып көрінді. Ең бастысы, Ангела осы сайыста өзін шынайы саясаткер ретінде аңдатып шықты. Шынында да Ангела Меркель­дің басқа саясаткерлерге ұқсай қоймайтын жақтары көп. Соның бірі – жақында Оңтүстік Африка Республикасында өткен футболдан әлем чемпионаты кезінде оның ширек финалдан бастап, Германия құрамасының ойындарын тамаша­лағанын бәріміз көрдік. Ол ойын­дарда жай тамашалап қоя салған жоқ, өз елі футболшыларының әрбір қимылына баға бере қарады. Тіпті бәстескенде неміс аяқдоп шеберлерінің Аргентина құрама­сын ұтатынын да дәл болжапты. Осы Кейптаунда күйеуіне қара­ғанда футболға көбірек қызыға­тынын айтып салды. Бұдан басқа, ол ағылшын және орыс тілдерін өте жетік біледі. Қолы боста бағбандықпен айналысқанды, кітап оқығанды және саяхатқа шығып тұрғанды ұнатады. Американың Forbes журналы жақында Ангела Меркельді “әлем­дегі ең қуатты әйел” деп атады. Ал Меркель ханым шынында “Үлкен сегіздік” елдерінің ішінде мемлекет тізгінін ұстап отырған бірден-бір әйел болып табылады. Алайда, “Германияның канцлері” деген қызмет орны оған барлық өкіл­діктерді бере бермейтінін де айтады сарапшылар. Бір жағынан неміс сайлаушылары Меркель ханымды үкімет құрамына өзінің саяси қарсыластарын да енгізуге мәж­бүрлесе, екінші жағынан оның Христиан-демократиялық одағы­ның тізгінін қалай алғанын білетін әріптестері аяқтарын тартып қалған сияқты. Осылайша ұдайы көпшіліктің бақылауында жүрген Меркель іс жүзінде өзінің саяси көзқарастарын толығымен жүзеге асыра алмай келе жатқан сыңайы бар. Сондықтан оған үнемі ымы­раға баруға тура келеді. Бәлкім, осының өзі жақсы шығар... Серік ПІРНАЗАР, АСТАНА.