Халықаралық балаларды қорғау күніне орай мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының жүлдегері, спортшы Михаил Шайдоров ерекше қайырымдылық акциясын ұйымдастырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Спортшы Алматы қаласындағы №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттығатын жас спортшыларға қолдау көрсетіп, спорттық жабдықтар сатып алуға арналған сертификаттар табыстады. Қайырымдылық көмектің жалпы көлемі 6 миллион теңгені құрады.
30 жас спортшының әрқайсысына 200 мың теңгелік сертификат берілген. Бұл қаражат балалардың қажетті спорттық құрал-жабдықтар алуына мүмкіндік береді.
Өз сөзінде Михаил Шайдоров өскелең ұрпақты қолдаудың маңызын атап өтті.
«Қолдау білдірген баршаңызға алғыс айтамын. Балаларға қуаныш сыйлап, олардың өз күшіне деген сенімін арттыра алғаныма қуаныштымын», деді спортшы.
Айта кетейік, бұған дейін Михаил Шайдоров ақпан айынан бері жалақы алмағанын мәлімдеген болатын. Кейін бұл мәселеге қатысты Туризм және спорт министрлігі түсініктеме беріп, спортшыға жаңа келісімшарт ұсынылғанын хабарлаған еді.
Олимпиада чемпиондары да Михаил Шайдоров төңірегіндегі дауға байланысты пікір білдірді.