Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың сөйлеген сөзі
Құрметті кездесуге қатысушылар!
Қадірлі қонақтар!
Ханымдар мен мырзалар!
Сіздерді қазақ жерінде мәртебелі форумда қабылдағаныма қуаныштымын.
Форумға келген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына қатысушы 56 елдің министрлері мен мәртебелі өкілдеріне және халықаралық беделді ұйымдардың басшыларына шынайы ризашылығымды білдіремін.
Форумды өткізуге осы жердің таңдап алынуында үлкен мән бар.
Бір кездері осы Іле Алатауының әсем баурайы арқылы Ұлы Жібек жолы өтетін.
Өңір арқылы ағылған керуендер легі ұлан-ғайыр Еуразия кеңістігіндегі түрлі елдерді бір-бірімен өзара байланыстыратын.
Сондықтан, бұл жерде Шығыс пен Батыс қауышып, мәдени құндылықтар мен ақпараттар ағыны түйісіп, бабаларымыз идеяларын бөлісіп, тауарларын алмасып жататын.
Бүгінде Қазақстан ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ретінде және серіктерінің белсенді қолдауымен құрлықтар мен өркениеттер арасындағы дәнекерлік дәстүрлерін қайта жаңғыртуда.
Біздің Ұйымымыз құрылған 1975 жылы, сол тұста әлі әлемнің саяси картасында орын алмаған Қазақстан тәрізді мемлекеттің 35 жылдан кейін оны басқаратыны, сірә, ешкімнің қиялында болмаған шығар.
Тарих үшін тым қысқа уақыт ішінде дүние жүзі мүлдем өзгеше сипат алды. Геосаяси ахуал жаңарып, халықаралық қатынастардың мәні өзгерді, трансұлттық қауіп-қатерлердің жаңа түрлері пайда болды.
Бұл ретте біздің Ұйымымыздың заман талабына сай болуы аса маңызды. Осыған байланысты біз артықшылықтарымызды айқындап, жаңа қауіп-қатерлерге төтеп беретін қарымта жауаптарымызды белгілеуіміз керек.
Ханымдар мен мырзалар!
Қазақстандық төрағалық мерзімінің алғашқы жартысы артта қалды.
Біз ЕҚЫҰ-ның үш өлшемі аясында, төрт “Т”-дан тұратын – “траст” (сенім), “традишн” (дәстүр), “транспаренси” (ашықтық) және “толеранс” (төзімділік) деп жария етілген ұранымыз рухында барлық мәлімделген басымдықтар бойынша теңдестірілген жұмыс стилін көрсетуге ұмтылдық.
Біз еуропалық қауіпсіздік ұғымы континенттік аядан әлдеқайда шығып тұратыны туралы тезисті дәйектілікпен және белсенді түрде ілгерілеттік.
Соның нәтижесінде бүгінде ЕҚЫҰ қазірдің өзінде еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік ұғымдарын нық пайдалануда.
“Корфу үдерісі” аясында біз одан әргі жұмысымыз үшін консенсустық салаларды анықтауда прогреске қол жеткізе алдық.
Осының бәрі сенімді нығайту және ортақ сынақтарға үнқату үшін жақсы жағдайлар жасайды.
Біз ЕҚЫҰ-ның жауапкершілік аймағындағы “созылмалы” қақтығыстарды реттеу жөніндегі келіссөз форматтарын дәйектілікпен ілгерілетудеміз. “Созылмалы” қақтығыстар жөніндегі Арнаулы өкіл белсенді жұмыс істеуде. Әзірбайжанның, Арменияның президенттерімен Таулы Қарабақ проблемалары бойынша бірқатар кездесулер өткізілді.
Қазақстан Ресей Президенті Д.Медведевтің әзірбайжан-армян қақтығысын реттеу жөніндегі күш-жігеріне қолдау білдіреді. Бүгін осында ЕҚЫҰ-ның Таулы Қарабақ бойынша Минск тобы теңтөрағаларының отырысы өтеді. Біз бұл кездесуге шын ниеттен табыс тілейміз.
Біздің Ұйымның тиімділігіне Қырғызстандағы саяси дағдарыс елеулі сынақ болды.
Қырғызстанға қатысты баспасөзде және түрлі саяси саммиттерде көп айтылды. Ахуал қалыптасуының кейбір қырларына ғана тоқталып өткім келеді.
Соңғы 5 жылдағы екі мемлекеттік төңкерістің басты себептері экономиканың дамымағандығы, халықтың кедейлігі, билік тіктемесінің әлсіздігі және мемлекеттің қалыптасу кезеңіндегі демократиялық институттардың тұрлаусыздығы болды.
Қазақстанның әлемдік көшбасшылармен келісілген күш-жігері бұл елдегі кең ауқымды азамат соғысының қаупіне жол бермеді.
Жаңа Конституцияны және өтпелі кезеңдегі Қырғызстан Президентін бекіту үшін болған референдум бұл елдің болашағына қатысты мәселелердің аз ғана бөлігіне жауап берді.
Шетін тұрақтылық кез келген уақытта бұзылуы мүмкін.
Оның үстіне қазір бұл елдің өмірінде республика парламенті сайлауының қарсаңында саяси күрестің шиеленісуімен сипатталатын өте жауапты сәт басталады.
Қырғызстан халқы бұл кезеңде өз елінің перспективалары туралы байыпты ойлануы тиіс.
Азаматтар сайлау нәтижесінде бұрынғы қателіктерді қайталамайтын, қажетті реформаларды, ең алдымен экономика мен әлеуметтік салада жүргізуді қамтамасыз ететін билік пен оның тармақтарын қалыптастыратын болады.
Қазақстан төрағалығы өз құзырының аясында әрекет етіп, ЕҚЫҰ-ның БҰҰ-мен және Еуропа Одағымен қажетті өзара ықпалдастығын қамтамасыз етті.
Бұл посткеңестік кеңістікте қақтығысты бірлескен тиімді реттеудің алғашқы тәжірибесі болды.
Қазақстан Үкіметінің арнайы құрылған мамандар тобы қырғыз тарабымен бірге қолдау білдірудің кейінге қалдырылмас шараларын анықтады. Бұзылған үйлерге құрылыс материалдары, ТЭЦ үшін отын – бұл шұғыл көмекті біз он миллион доллар көлемінде көрсетеміз. Ресей мен Өзбекстан да көмек көрсетті, алайда бұл жеткілікті емес.
Қырғызстанға қаржылай және нәрлендіру көмегін көрсету үшін үстіміздегі жылдың шілдесі мен тамызында екі халықаралық конференция өткізу белгіленген.
Бюджеттің күтіліп отырған елеулі тапшылығы және бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіруге арналған қаржының өте-мөте жетіспеушілігі жинақтай алғанда шамамен 1 миллиард долларға бағаланады. Бүгін біз сіздердің елдеріңізді алда болатын форумдардың жұмысына қолдау білдіріп, оған қатысуға шақырамыз.
Ханымдар мен мырзалар!
Біз өзіміздің қиын таңдауымызды жасап, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ретінде Ұйым Саммитін Астанада үстіміздегі жылдың аяғында өткізуді ұсындық.
Жоғары деңгейдегі кездесу ЕҚЫҰ-ның осы заманғы сынақтар мен қатерлерге бейімделуіне қуатты серпін беріп қана қоймайды, сонымен бірге Ұйымның өзінің беделін арттырып, оның еуропалық және еуразиялық қауіпсіздік архитектурасындағы рөлін күшейтеді.
Өздеріңізге мәлім болғанындай, ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің басым көпшілігі жоғары деңгейдегі кездесуді 2010 жылы өткізу идеясын нық сеніммен қолдайды. Бүгін оны мазмұндық жағынан толымды етуді айқындау маңызды.
Сіздерге ЕҚЫҰ-ның жаңа Саммитін шақыру қажеттілігі неден туып отырғаны жөніндегі өз көзқарасымды ұсынғым келеді.
Бірінші. Тіпті осы жуырға дейін қалыптасқан әлемдік тәртіп тұрақты да берік болып көрінетін.
Бірақ та осы заманғы қатерлер мен сынақтар – соғыстар мен қақтығыстар, әлемді шайқаған табиғи, техногендік және экономикалық катаклизмдер қазіргі қауіпсіздік жүйелері мен интеграцияланған әлемдік экономикадағы бар шетін орындарды жалаңаштап, жағдайды шиеленістіріп жіберді.
Бірақ та олар жаһандық проблемаларды қазіргі бар бірлестіктер мен ескі көзқарастар аясында ғана шешу жеткіліксіз болатынын көп ретте көрсетіп берді.
Тіпті мұны ЕҚЫҰ-ның Ыстамбұлдағы Саммитінен кейін өткен 11 жыл да көрсетті.
Халықаралық қатынастар жүйесінің дағдарысы әбден айқын болып отыр.
Кез келген дағдарысты ахуал секілді одан шығудың екі жолы бар: бұрынғы тәртіптің түрі сәл өзгерген формасын қалпына келтіру немесе жаңасын саналы түрде қалыптастыру.
Бірінші бағытта әрдайым сындарлы бола бермейтін, бірақта тұтастай алғанда мемлекеттердің айтарлықтай белсенді күш-жігері жұмсалуда.
Екінші бағытта ешқандай қозғалыс білінбейді.
Біз алда болатын Саммитті өзімізге Еуроатлантикалық, Еуразиялық және әлемдік қоғамдастық үшін ортақ қағидаттар мен құндылықтар негізінде көз алдымызға келтіретін мақсатқа жетудің жолын ашуға барынша пайдалануға тиіспіз.
Ванкуверден Владивостокқа дейінгі болашақ кеңістікті, ал іс жүзінде ұлан-байтақ Еуразия субконтинентін талқылауға тиісті болатын екінші себеп бар. Ол мынада, кейде тіпті де сындарлы емес идеялар бірінші тұрғыға шығуы мүмкін.
Ал олардың қазір ой-санада ұшып жүргендері көп – бұл, мәселен, лаңкесшілдік, есірткі саудасы, трансұлттық қылмыстық және басқа осы заманғы қасіреттер ерте жүретін ұлтшылдық пен діни экстремизм. Кез келген өңірде бетімен жіберілген ахуал американ, еуропалық континенттердің елдерінде, жаһандық тәуелді бүкіл әлемде сөзсіз көрініс береді.
Бүгінде жоспарланып жатқан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі Кеңесті (АӨСШК) қоса алғанда сегіз аса ірі халықаралық ұйымның басшылары мен мәртебелі өкілдерінің бейресми кездесуінің зор маңызы бар.
Қазірдің өзінде Еуропа үшін бір саясат және Азия үшін мүлдем басқасын әзірлеу мүмкін еместігін мойындау қажет. Ұзақ мерзімді жоспарда бұл кеңістіктегі тұрақтылықты трансеуразиялық қауіпсіздік жүйесін құру жолымен нығайтуға болады.
Ыстамбұлдағы АӨСШК-нің үшінші Саммиті аясында өткен АӨСШК мен ЕҚЫҰ-ның алғашқы институттық форумы болашақта мұндай трансконтиненталдық қауіпсіздік белдеуін құру үшін негіз қалағаны қуанышты.
Екінші. Әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысы салдарынан жаһандық әлем тәртібінде тектоникалық жылжулар жүріп жатыр. Және бұл үдеріс тіпті де аяқталған жоқ.
Жаһандық дағдарыстың алғашқы толқыны бұған дейін тұрақты да мызғымастай болып келген әлемнің бүкіл негіздерін орнынан қозғады. Бүгінде біз енді оның екінші толқыны туралы айтудамыз.
Болашақтың сан түрлі сценарийлері бар, олар бір мәселелерде ұқсас келеді, бір мәселелерде қағидаттық тұрғыда айырмасы бар.
Бірақ та дағдарыстан кейінгі әлемнің ортақ, тұтас картинасы бүгінде әлі жоқ.
Жағдайды экология, климат, теңсіздік және азық-түлік қауіпсіздігі, басқа да проблемалар секілді ортақ сынақтар күрделендіре түсуде.
Басқаша айтқанда, дағдарыстан кейінгі дамудың жаһандық күн тәртібінде қаржы-экономикалық әлем тәртібінің жаңа моделі тұр.
Әлемдік валютаның ақаулы бұрмалануына, “қампиған” ресурстардың алып-сатарлық арналануына және дамыған елдердің тұтынуын дамушы елдердің несиелеуіне жол бермеуді қамтамасыз ететін қаржы ресурстарын реттеу мен қадағалаудың жаһандық жүйесін құру керек.
Бұдан да тұрақты макроэкономиканы құру үшін бірыңғай ұлтүстілік валютаны енгізу талап етіледі.
Тікелей біздің Ұйымның аясында дағдарыс және дағдарысқа қарсы проблематика алғаш рет жуырдағы Астананың экономикалық форумында талқыланды.
ЕҚЫҰ экономикалық-экологиялық өлшемді дамытуға көбірек көңіл бөлуі тиіс деп білемін. ЕҚЫҰ-ның Бонн декларациясы мен Маастрихт стратегиясы өзгерген жағдайға бейімдеуді және “Маастрихт плюсті” құруды талап етеді.
Мен Еуразия субконтинентінде терең де дәйекті интеграциялық үдерістердің сенімді жақтасымын және Еуразиялық интеграцияның негізгі қағидаттары мен бағыттарын бейнелейтін біртұтас құжат әзірленуі қажет деп санаймын.
Бұл құжат дағдарыстан кейінгі нақтылықтарды және әлемнің орта және ұзақ мерзімді перспективадағы даму үрдісін ескеруі тиіс.
Еуропа мен Азия интеграциясының Еуразиялық субконтиненттің ғана емес, сонымен бірге бүкіл дағдарыстан кейінгі әлемнің экономикалық дамуы мен әлеуметтік берекелілігіне оң ықпалы болады.
Үшінші. Елдердің барлығында бірдей этностық және діни төзімділік саласында көптеген проблемалар қордаланып қалды. Бүгінде ЕҚЫҰ-ның жауапкершілік аймағында мәдени, өркениетті және дінаралық үнқатысудың өткір қажеттілігі пісіп жетілді.
Көп ұлтты және көп конфессиялы, мәдениетаралық және өркениетаралық үнқатысуды жақтайтын мемлекет ретінде Қазақстан ұлтшылдықты, діни төзбеушілікті, расизмді, ксенофобияны және антисемитизмді тиімді еңсеру үшін ЕҚЫҰ әлеуетін белсене пайдалануды жақтайды.
Кең тұрғыдағы толеранттылық тақырыбы ЕҚЫҰ аясында ғана емес, сонымен бірге біздің 2011 жылы Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалығымыз барысында да Қазақстанның басты назарында болады.
Өткен айдың аяғында Астанада болған ЕҚЫҰ-ның төзімділік және кемсітпеушілік жөніндегі жоғары деңгейдегі конференциясының табысты қорытындылары ұлтаралық және конфессияаралық келісім саласында пікір алмасудың маңыздылығын қуаттап берді.
Біз бірлесіп соңғы он жылдықтарда төзімділік саясатындағы елеулі ілгерілеушілікке талдау жасауға және “ЕҚЫҰ: жаңа онжылдықта төзімділікке қарай” деген шартты атаумен ортақ құжатқа шығуға тиіспіз деп білемін.
Осылайша, “екінші” және “үшінші” себеттерді толтыру, нақты айтқанда ұлтүстілік дағдарысқа қарсы инновациялар, Еуразиялық экономикалық интеграция мәселелері мен төзімділік тақырыбы алда болатын ЕҚЫҰ саммитінің күн тәртібіне кіре алар еді.
Төртінші – Ауғанстан проблемасы. ЕҚЫҰ-ның Ауғанстанға қатысты жаңа стратегиясының қажет екендігіне еш күмән жоқ. Бұл елді нәрлендіру жөніндегі халықаралық күш-жігерді арттыра түсуі қажет.
Лондондағы халықаралық конференцияда қуатталған, Ауғанстандағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жауапкершілігін жергілікті билікке кезең-кезеңмен беруді көздейтін бастаманың зор маңызы бар.
Елде Талибанды қоса алғанда барлық саяси күштер спектрінің өкілдерін бейбіт өмірге қайта кіріктіру жолымен қантөгісті тоқтату мақсатындағы Кабулдың бағыты да қолдауға лайық. Бұған қалай қарағанда да, олар халықтың интегралдық бөлігін құрайтын түбегейлі ауғандықтар болып табылады. Соның ішінде оларға да өз елінде ары қарай өмір сүріп, енді бейбіт өмірді құру керек.
Бұл ел экономикасының түрлі салалары үшін білікті кадрлар штатын құру Ауғанстанның өткір қажеттілігі болып табылады.
Сондықтан да Қазақстанда ауған азаматтарын еліміздің жоғары оқу орындарында оқыту жөніндегі, құны 50 миллион долларлық білім бағдарламасын іске асыру басталды.
Соған сәйкес 2010-2018 жылдары Қазақстанда мың ауған студенті оқытылады.
Біз ауған жастарына сапалы білім алу мүмкіндігін беріп, бұл елді нәрлендіру үдерісіне ғана емес, сонымен бірге экстремизм және лаңкестік идеологиясының таралуын қысқартуға маңызды үлес қосатынымызға сенімдіміз.
Халықаралық қоғамдастықтың маңызды бір қам-қарекеті Ауғанстанда есірткінің өндірілуімен және оның трафигімен күрес болып қалып отыр.
Мұнда бұған дейін қолданылғандарынан басқа өте тиімді әдіс елдің ауыл шаруашылығы үшін мамандандырылған бағдарламалар әзірлеу және іске асыру болар еді, олар апиындық көкнәр егістіктерін өңірден шығаруды ынталандырар еді.
Нақты ұсыныстар мен бірлескен іс-қимыл жоспарларын әзірлеу Ауғанстан проблемасын кеңінен ой сарабынан өткізуді талап етеді.
Сондықтан да Ауғанстан тақырыбы трансұлттық қатерлер тұрғысынан алдағы Саммитте талқылауға лайық.
Құрметті қатысушылар мен меймандар!
Біздің кездесуіміз ЕҚЫҰ шежіресіндегі өзекті тарихи датаның қарсаңында өтіп отыр.
1 тамызда Хельсинки Қорытынды актісіне – “қырғи-қабақ соғыстың” аяқталып, халықаралық қатынастардың демократиялануына жағдай жасаған, ХХ ғасырдағы барынша елеулі халықаралық-құқықтық құжаттардың біріне қол қойылғанына тура 35 жыл болады.
ЕҚЫҰ мемлекеттері басшыларының Саммитін 2010 жылы өткізу біздің халықтарымызға және әлемдік қоғамдастыққа Ұйымның “Хельсинкиден Астанаға дейінгі” эволюциясын көрсетудің бірегей мүмкіндігін береді.
Біз өткенді өзгерте алмаймыз. Бірақ та біз одан тағылым алуға және болашаққа деген біздің ортақ көзқарасымызды анықтауға міндеттіміз.
ЕҚЫҰ “қырғи-қабақ соғыс” уақытында ғана емес, сонымен бірге бүгін де тиімді болып, осы заманғы жаһандық саясат пен экономиканың жанды жасушасына тығыз тоқылғандығын дәлелдеуі тиіс.
Бұл саммитті өткізу ядролық полигонды бірінші болып жауып, ядролық қарудан толық бас тартқан біздің халқымызға деген құрметтің көрінісі болар еді. Сонымен қатар бұл ЕҚЫҰ-ның еуропалық және азиялық бөліктерін біріктіру факторына айналар еді.
Сіздерге табысты жұмыс тілеймін және назарларыңызға рахмет.
“Ақбұлақ”, Алматы облысы,
2010 жылғы 17 шілде.