Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» тұжырымдамалары мен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясының қоғамда жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастырудағы маңызын атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Президент аталған бастамаларды халыққа кеңінен түсіндіру және жүзеге асыру ісіне Парламент депутаттары белсенді атсалысқанына тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, «Адал азамат» тұжырымдамасы мен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы қоғамда жаңа этиканы қалыптастыруға арқау болды.
«Депутаттар осы жалпыұлттық бастамалардың мән-маңызын халыққа түсіндіруге және іске асыруға белсене атсалысты. Парламенттің қажырлы қызметінің арқасында «Заң мен тәртіп» қағидаты мемлекет саясатында түбегейлі орнығып, ұлт болмысының ажырамас бөлігіне айнала бастады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы депутаттардың халықаралық парламенттік дипломатияны дамытуға да елеулі үлес қосқанын айтты.
«Парламент депутаттары Қазақстанның халықаралық беделін нығайтуға елеулі үлес қосты. Сол арқылы еліміздің жауапты әрі ықпалды «орта держава» ретіндегі рөлі күшейе түсті. Депутаттар парламентаралық ассамблеялардың, шетелдік сапарлар мен форумдар аясында шетелдік әріптестерімен және жаһандық институттармен сенімді әрі нәтижелі байланыс орната білді. Осы тұста Әлемдік және дәстүрлі діндер съезінің жұмысын айрықша атап өту қажет. Беделді диалог алаңының хатшылығы ұзақ жыл бойы Сенат аясында табысты жұмыс істеп келді. Құрылтай басты заң шығарушы орган ретінде барлық бағыт бойынша сабақтастықты және институционалдық дәстүрді сақтап, жылдар бойы қалыптасқан бірегей парламенттік мәдениетті жоғалтпай, оны одан әрі дамытуға баса мән беруге тиіс. Еліміздің жоғары өкілді органы – Құрылтайдың негізгі мақсаты – баршаға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құру ісіне атсалысу және осы бағытта белсенді жұмыс істеу. Бір палаталы өкілді орган өзінің заңнамалық миссиясын табысты орындай отырып, қоғамда Заң мен Тәртіп, Еңбексүйгіштік, Тазалық, Қоршаған ортаны қорғау сынды мызғымас құндылықтарды орнықтыра түсуге барынша ықпал етеді деп сенемін», деді Президент.
Еске сала кетейік, бүгін Астанада Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті. Жиында Мемлекет басшысы алдағы екі жылда елімізде 200-ден астам өндіріс орны іске қосылатындығын айтты.