• RUB:
    6.14
  • USD:
    480.72
  • EUR:
    548.07
Басты сайтқа өту
Үкімет Бүгін, 07:50

Президент тапсырмасы – «Самұрық-Қазына» қызметінің басты бағдары

Премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» АҚ директорлар кеңесінің отырысын өткізді. Жиында Қордың инвестициялық жобаларының жүзеге асырылу барысы қаралды.

Олжас Бектенов Парламент палата­ла­ры­ның бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қойған міндеттерді жедел орындаудың маңыздылығын атап өтті.

«Мемлекет басшысы елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған күш-жігерді арттыруды тапсырды. Президент экономикалық өсу, көлік-логистикалық, энер­гетикалық және цифрлық инфра­құ­ры­лымды дамыту міндеттерін қойды. Еліміздің инфрақұрылымдық қаңқасын нығайту жолында «Самұрық-Қазына» қоры да маңызды рөлге ие. Барлық жа­уапты мемлекеттік органдар, оның ішінде Қор басшылығы мен топтың компаниялары өздерінің күш-жігері мен  ресурстарын барынша жұмылдырып, аталған ауқымды жұмысқа дереу кірісуі қажет», деді Үкімет басшысы.

Директорлар кеңесі отырысының күн тәртібінде Қор қызметінің негізгі өндірістік және қаржылық көрсеткіштері, негізгі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысы қаралды.

«Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов Мемлекет бас­шы­сының экономиканы дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Қор кейінгі үш жылда жалпы құны 3,3 трлн теңге болатын 35-тен астам инвестициялық жобаны аяқтағанын баян­дады. Жаңа энергетикалық қуаттар мен электр желісі инфрақұрылымының нысандары пайдалануға берілді, мұнай-газ саласының нысандары жаңғыртылды, теміржол желілері мен контейнерлік хабтарды қоса алғанда, көлік инфрақұрылымы кеңейтілді. Сондай-ақ халықты ауызсумен қамтамасыз ету, өңірлерді газбен қамту жобалары жүзеге асырылды.

Қордың мәліметінше, биыл жалпы құны 3,3 трлн теңге болатын 16 инвестициялық жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Көлік саласында «Мойынты – Қызылжар», «Дарбаза – Мақтаарал» темір­жол желілерінің құрылысы, «Алтын­көл – Жетіген», «Бейнеу – Маңғыс­тау» учаскелерін жаңғырту, «Достық – Алашань­коу» учаскесінде екінші жолдарды салу, сондай-ақ теміржол учаскелерінде автобұғаттау жүйесін енгізу  көзделген. Мұнай-газ және энергетика салаларында жылына 1 млрд текше метр газ өңдейтін Қашаған кен орнында газ өңдеу зауытын, «Air Liquide Munay Tech Gases» компания­сымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан Павлодар мұнай-химия зауытындағы сутегі өндіру қондырғысының, Алматы ЖЭО-2-нің, Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысының, сондай-ақ «ENI» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан гибридті электр стансасының құрылысын аяқтау көзделген. Цифрлық трансформация саласында Қор Қосшы қаласында деректерді өңдеу орталығының құрылысын, Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісін салуды аяқтауды жоспарлап отыр. Қазан айында Қосшыда Қордың есептеу қуатын төрт есе арттыруға мүмкіндік беретін жаңа суперкомпьютерлік кластер енгізіледі деп күтілуде. Сонымен қатар Қордың компаниялар тобында бизнес-үдерістерді автоматтандыру мен еңбек өнімділігін арттыру үшін ЖИ негізінде шешімдер енгізіліп жатыр.

Жыл басынан бері он ірі инвестициялық жобаның құрылысы басталды. Олар: Атырау облысындағы бутадиен өндіру зауыты, Атырау облысындағы «Поли­эти­лен» және «Бутадиен» жобаларына арналған инфрақұрылым нысандары, Екібастұз қаласындағы Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы (ДӨО), Жамбыл облысындағы «Masdar» компаниясының қуаты 1 ГВт болатын жел электр стансасы (ЖЭС); Павлодар облысындағы «China Power International Holding» компаниясының қуаты 1 ГВт болатын ЖЭС, Қарағанды облысындағы «Energy China» компаниясының қуаты 500 МВт болатын ЖЭС, теміржол инфрақұрылымы нысандарындағы LTE-R стандартты сымсыз байланыс желілері, Семей мен Өскемен қалаларындағы жылу электр орталықтары (ЖЭО); елдің оңтүстік өңірлеріндегі электр энергиясын есепке алу үшін SMART аспаптарын қанатқақты жоба ретінде енгізу.

Отырыста Қордың ұзақмерзімді инвестициялық бағдарламасын іске асыру жоспарлары да қаралды. 2027–2029 жылдары жалпы құны 21 трлн теңге болатын 36 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Олар жаңа энергетикалық нысандардың, оның ішінде жылу электр орталықтары мен жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобалар­дың құры­лы­сын, электр желісі инфрақұры­лы­мын дамытуды, мұнай-газ және мұнай-газ хи­миясы салаларындағы ірі жобаларды жүзеге асыруды, сондай-ақ теміржол инфрақұрылымын салуды қамтиды. Басымдықтардың қатарында 5G желісін, цифрлық инфрақұрылымды дамыту мен Деректерді өңдеу орталықтары алқабын құру бар.

Отырыс қорытындысында Премьер-министр «Самұрық-Қазына» басшылығына инвес­тициялық жобалардың уақтылы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді, олар­дың мерзімдерінің сақталуына бақы­лауды кү­шейтуді, сондай-ақ жобаларды жүзеге асыру кезінде тауарлардағы, жұмыс пен қыз­меттердегі жергілікті қамту үлесін ұлғайту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар