Жаңа Конституцияның күшіне енуі елдегі саяси реформаларды іске асырудың жаңа кезеңін бастап берді. Оның маңызды мақсатының бірі – еліміздің тұңғыш Құрылтайын қалыптастыру.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының ең соңғы бірлескен отырысында 1 шілдеден бастап елімізде түбегейлі саяси өзгерістер болатынын атап айтты. Негізгі заң күшіне енгеннен кейін өткізілетін Құрылтай сайлауы алғашқы ірі саяси науқан болмақ.
Заң шығарушы биліктің қос палаталы құрылымнан бір палаталы жүйеге көшуі заң шығару қызметін біртұтас институт аясында шоғырландырады. Бұл палаталар арасындағы қайталанатын рәсімдерді қысқартып, заң жобаларын қарау мерзімін жеделдетуге, Құрылтай жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар заң шығару үдерісінің ашықтығын қамтамасыз ететін, парламенттік бақылауды жүзеге асыратын, қоғам мүддесінің кеңінен ескерілуіне жағдай жасайтын негізгі тетіктер толық сақталады.
Құрылтай институтының енгізілуі – Президенттің мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған реформалар бағытының қисынды жалғасы. Жаңа модель азаматтардың өкілдігін кеңейтуге, депутаттардың саяси жауапкершілігін күшейтуге, заң шығару үдерісіндегі артық бюрократиялық рәсімдерді оңтайландыруға, мемлекеттік органдардың шешім қабылдау тиімділігін арттыруға бағытталған.
Жаңадан құрылатын Құрылтай қатарына еліміздің алға дамуына, жетілуіне, жан-жақты өсіп-өркендеуіне бар күш-жігерін салатын білімді, білікті, мемлекетшіл азаматтар жиналады деп үміттенеміз.
Нұртөре ЖҮСІП,
қоғам қайраткері