Мақпал ЖҰМАБАЙ ТЕРЕҢДІК Дала иісі, дала иісі қандай! Қалардаймын жұпарына қанбай... Тәтті дейді, тәтті дейді оны, Өмір дәмін сеземісің, таңдай?! Сезімтал ем. Сатқындықты сезем. Ұнамайсың, сезімі жоқ кезең... Мақпал-жырлар жүрегіңді түртіп, Оятқанша барлығына төзем. Ойдың түбі... О, не деген терең! Оған енді құламаймын деп ем. Есім жисам... басым сүйеп саған Солқ-солқ етіп жылап жатам, Өлең! Солқ-солқ етіп жылап жатам, Өлең... ТУҒАН ҮЙ Нөсерлерін жанымның төккіземін, Керуенін мұңдардың шөккіземін, Әнебір күн көзімнен құлап түскен Еркеліктің сынығын жеткіземін, Туған үй! Туған үй! Балалықтың елесін мәпелегін, Есейгем жоқ. Мәңгіге бөпең едім. Жүрегімді орап ап орамалға Мен өзіңе қайтадан әкелемін, Туған үй! Туған үй! Сендегі ой-сенімдер – ерек әлем, Түлейді одан сезім де, түлейді өлең. Ақ дауылды шағымда қабырғаңа Қабағымды сүйеп ап, түрегелем, Туған үй! Туған үй!
Индира КЕРЕЕВА ...Кейде селдір болғанмен, түзу шыққан түтіні, Мейірімге құрылған барлық болмыс-бітімі, Отаным бар уығын әкем-анам қадаған Бақытты әрі жұпыны... Сол Отанда өскен-ді күзді сүйген бір ақын, Мінезі бар кейде жел, кейде құйын, сұрапыл. Түні бойы ой кезіп, жан анасын жылатып Ал таңертең «Бір өлең жаздым» деп кеп тұратын. Түнде туған тұмса жыр... Ақын оқып беретін. Сонда анасы үнсіз кеп маңдайынан өбетін; Ал Әкесі ақынның ақындығына қызының еш күмәнсіз сенетін. Жәбір көріп жүрсе де жанындағы досынан, Отаны бар сол Ақын жоқ еді әсте жасыған. «Ақынмын» деп еркелеп құлай кетсе алдына «Баласың» деп анасы иіскейтін-ді шашынан. Кездессе де талай ор, талай қиын жолда сын, Білетін-ді ол Ақын еш жамандық болмасын. Ащы желдің өтінен жаурамай- ақ өтті ол, Сол Отаны болғасын... Тағдыр тажал боп келіп, төбесінен төнетін, Сәттерде де ықтайтын амалсыздан жел өтін. Сол Отаны Ақынды жем қылмасына ит-құсқа Иманындай сенетін... ...Өмір - өзен дейтіндер, рас айтқан-ау, шамасы, (Мына қырсық Ақынның есейгенін қарашы): «Ақынмын!» деп алдына құлай кетті бүгін де, «Баласың» деп жымияр деді ме екен анасы?! (Ақын үшін жұмақ та татымайды бұл үйге!) Бұл Отанда жыл жайлы, айы көктем, күні игі. ... «Ақынмын» деп еркелеп құлай кеткен қызына «Анасың!» деп анасы үнсіз ғана жымиды... *** Бір ғұмырға есейдім, Қарашықта тұр жасым. Сен не дейсің мұныма, айтшы, тағдыр-құрдасым?... Шатағым жоқ тірлікте. Ессіз ақын ғанамын, (Өмір несін бұлдасын...) Бақыттымын қаншалық - сорым сонша бес елі, Қасым да жоқ қасымда, Досым да жоқ кешегі... Көретінім - кей сәттің киесіне тұрмайды, ә.. Естігенім тағы да... бәзбіреудің өсегі... Көру үшін келгендей ауыр емес мұндай сын, Ей, тіршілік, бәрібір тіршіліктен жұрдайсың! ... ессіз ақын ғанамын. Адасамын әдейі, Бір ғұмырға есейттің, Енді неңді бұлдайсың?.. Өмірім-ау...
Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ ОРАЗ-МҰХАМЕД (ТҰТҚЫН) Он сан оқты Онданның ұлы, Ордада тұғыр орыны. Кремльде алғаш болғанның бірі, Керменде қалды қорымы! Шығайдан қалған шаңырақ еді, Шыңғыстың тіке жалғасы. Тәуекел сонда аңырап еді, Тұтқын боп кеткен Қалғасы! «Орда шайқалды, күрсінді қырат, Он алты да еді бұл бөрің. Жоныңды күдірейтіп, жүрісіңді бірақ, Оғлан ғой деді күллі елің! Доңыз сасыған, қауға сақалды, Кәпірге тұтқын болдың ба? Берсең де қолдан жауға шаһарды, Өзіңді бермей, Өле салмадың ба орныңда?! Алты қыратты асыра қуайын, Атасы тексіз бұл елдің! Дәретімді патшаларының басына қылайын, Жібергін мені, жібергін!!!» Атында тұр, ер қағанның болмысы, Заты да бұның Тәуекел! Уақыт емес дейді Аталық он кісі: «Орысты қазір жау етер!» Азбанқара кісінеді, Соңғы күшін бір жиып, Күрек тісі көрінеді ағарған. Тұтқынға ол тұрғандай-тын ыржиып, Көз моншағын шашып алып жанардан... *** Қызыңнан Ар, Кеткен бұл Ұят ұлдан, Шампан-көңіл шайқалып жиі атылған... Өз рөлімді таба алмай сенделемін, Өмір дейтін осы бір театрдан. Ойнамасқа шарам не? Шамам қані? Қаншама адам ойынын тамамдады. Өп-өтірік өле сап актерлерше, Қайта ойнайтын секілді маған бәрі. Сен де ойнайсың, Ойнатар күштеп пақыр, Өң-бояуын өмірдің түстепті ақыл. Өмір - театр, ал сенің бар ғұмырың – Өзінше бір спектакль. Көкке қара, табанда тасты көрме, Тулап берсе ағады тасқын өрге. Құлқыныңа құл болмай, бұл өмірде, Мықты болсаң ойнап көр басты рөлде! *** Ғарыштық зəу көгінен төменге еліп, Тұрғанда Құдай маған өлең беріп. Жасанды жер серігі сызып берген, Желіде мен отырмын көгенделіп. Желіде ғалам отыр көгенделіп, Қара өлеңді тобықтан төмен көріп. Тылсымның тұма жырын естімейтін, Не деген мақұлық ең төбең берік? Көкірегін шер басқан, көзін ірің, Қандай ессіз, туынды өзі мұның? Адам болып кетер деп күткен Құдай, Кереметін қарашы төзімінің? Мендей шерлі таңдап ап, төменгі елден, Құдай маған құбылтып өлең берген... Əлеуметтік желіде маңырап тұр, Адамзатың қозыдай көгенделген!
Бақытгүл БАБАШ Абайсызда жарға жығып кеткен ең. Кешірім бе мені өксіткен? Кек демен... Талай сыздап, сыналғанда жүрегім, Адасудың қасіретін шекті өлең. Қалай сүйдім, солай енді жек көрем. Тым биікке балап алып өзіңді, Құлдырадым. Кім аяды сезімді? Жан күйікке толып алды, төзім-күл. Түк көрмейтін болып алды көзім бұл. Әп-әдемі қиялымды қиратып, -Сенсіз де өмір сүрем, -десең, өзің біл! *** Сол кездер-ай, от кешкен жүрегіммен, Елең қылмай күйерім, өртенерім. Көңіл - сынық, бұл күнде, өмір - суық. Е, о бастан бақытым келте менің. Енді кімге өкпелеп, кінәлайын? (Көлеңкесін көрсетпес сірә да Айым.) Ессіз қыздың кеше көр еркелігін, Тағдырым, сыйды басқа сұрамайын! Әппақ гүлі сезімнің солады ма, Білмеймін, көземе у толады ма? Қара түннің сүйеніп иығына, Бір жылап алуыма болады ма? Дүние... *** Кімге керек жанарым жас төккені? Кімге керек өкінішім, өкпе, мұң? Сен де бір кез менен жеріп кеткенсің, Көлгір көйлек киіп алып, Көктемім... Кімге керек ар бекіген сөздерім, Кімге керек жан дертіне төзгенім? Сен де бір кез менен артық көргенсің, Боталаған басқа қыздың көздерін... Тас төбемде қара Түн тұр тек төніп, Есіл күндер ессіздікпен кетті өліп. Өмір кешіп жүрмін бүгін, сені емес, Кешірімшіл жүрегімді жек көріп... Айзада СӘДУАҚАСОВА ҚЫЗҒАНЫШ Басқа біреуді жылыттың мейлің, Ұнаған шығар, ұнаса... Мен енді оны ұмыттым деймін, Ұмыттым деймін, сұраса! Естеліктерді жақтым да, жырттым! Жыласа, парақ жыласын... Суреттеріңнің көздерін құрттым, Ұнаса, сол қыз ұнасын! Кітабың менен қаламыңды да, Өртеп тастадым, ал кегін! Баптап жүретін бала мұңды да, Таптап кеткенді... қайтемін?! Қиыла қарап, қимаған күнді, Шуақты шаққа шалдырам! Жан-жүрегіңмен сыйлаған гүлді, Қардың үстінде қалдырам! Дүниеде мынау сауап терместен, Таразы болмас тең ісін. Хабарлассаң да, жауап берместен, Жат жанға берем келісім! Болмағандайын барлығын, барды, Жол бастармыз да жасқана... Беймәлім маған тағдырың арғы, Жүзік тағарсың... басқаға! Таппағандаймын сөзіме тұрақ, Ұмытқанымды сезіп пе? Өлеңім-батыл, өзіне бірақ, Не дер екенмін кезіксе?... СЫР Көзқарас та, сөз талас та өзгерген, Үміт емес, күдік көрем көздерден. Бала шақта болашаққа көз тігіп, Өзгермеймін деп несіне сөз бергем?! Өзгердім ғой, бұрынғыдай емеспін, Мені енді суыққанды демес кім? Өзім сонша жек көретін өмірде, Өзімшілдер қатарымен теңестім. Балалық кез... достар үшін жылағам, Өмір заңы сол кезден-ақ сынаған. Менің сонда тым кіршіксіз жанымды, Түсінбепті үлкен-кіші бір адам... Өмір, сенің ойындарың күлкілі, Ойлап тапқан тағдыр дейтін түлкіні. Татулыққа шақыра алмай достарды, Тас көңіл боп кеткем солай бір күні. Балалықты даналықпен өбектеп, Қарттар көрсем, демесуші ем көмек деп. Анам менің құюшы еді санама, Үлкендерден бата алу керек деп... Шулы дүние шырмауында жүрдік те, Дәл осылай болатынын білдік пе? Қарт атаның жолын кестік аңдамай, Қала дейтін тым қарбалас тірлікте. ...Сол қария кейіп жатты өкпелі, Дұрыс шығар оның бізді сөккені. Қырсық атқыр, кең шаһарлы қалада, Бізге басқа өтетін жол жоқ па еді?! Содан бері аңғалдықтан жирендім, Содан бері, жұбатпауды үйрендім. Әйтпесе мен, дәл сендей боп сіңілім, Дәл сендей боп адамдарды сүйгенмін!... *** Білем, ана, алаңдатар тағдырым, Іштей мен де сезіп жүрмін барлығын. Кейбір күндер ақ қар айтса мұңдарын, Кей сәттерде сыр шертеді жаңбыр үн. Қиялшыл деп ойлайсың ба жас арман? Табиғатпен тілдесемін қашаннан. Сұлулыққа қалай ғана тоярсың, Жаратқанның жарлығымен жасалған?! Сырласқанда жанамалап айтасың, Дейсің, білем, ғұмыр жолын байқасын. «Бұл өмірге бақыт іздеп келесің, Бұл өмірден бақыт күтіп қайтасың». Бірақ менде болмас олай, жан ана, Бағыт беріп отырасың балаңа. Қанағатшыл болса адам, бақытты, Осы ұғымды түйіп келем санама. Сезем анық, иман нұры мол ағын, Уайым кешіп, жабырқама тола-мұң. Адамдарға демеу болар, сүрінсе, Ең жақсы дос, ең жақсы адам боламын. Талабым мен түсінігім орныққан, Солды түзеп, ақылыңмен оңды ұққам. Азаматтың үлгісіндей жан әкем, Жар таңдаудан жаңылмаймын сондықтан. Басқа жерде жай да бөлек, күй-бөтен, Бола алмайды өзің өскен үйге тең. Болашақта балама да өзіңдей, Салт-дәстүр мен адамдықты үйретем. Ата-анам бар, ең әуелгі тірегім, Жабырқама, мен боламын бір емің. Көңілдерге көктем сыйлап жайдары, Барған жерге шуақ шашып жүремін. Білем, ана, алаңдатар тағдырым, Іштей мен де сезіп жүрмін барлығын. Сондықтан да, сен айтпаған сырларды, Кей сәттерде шертеді кеп жаңбыр үн... РЕДАКЦИЯДАН: Сөз соңында оқырмандарымыздан осы бастамамыз туралы. мұндағы жас ақындардың жырлары туралы ойлар мен ұсыныстар күтетінімізді айтқымыз келеді.