Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-пленарлық отырысына келген халықаралық компаниялардың жетекшілерімен Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев екіжақты кездесулер өткізді. Кездесуге «Air Liquide» тобының өңірлік президенті Николя Пуаро, «Wabtec» компаниясының бас атқарушы директоры Рафаэль Олин және «Alstom» компаниясының бас атқарушы директоры Мартин Вожур қатысты.
Кездесу барысында Нұрлыбек Нәлібаев Үкіметтің инвестициялық ахуалды жақсарту, кәсіпкерлікті қолдау және экономиканы әртараптандыру бағытында қолға алған жұмыстары туралы айтты. Ол өнеркәсіп әлеуетін күшейту, инфрақұрылымды жаңғырту және жоғары технологияларды тарту елдің негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Тараптар сондай-ақ бірлескен жобалардың іске асу барысын талқылап, инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту жолдарын қарастырды.
«Air Liquide» кластерінің президенті Николя Пуаромен компанияның елімізде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобаларын іске асыру мәселелері мен өнеркәсіптік газдарды өндіру саласындағы ынтымақтастықты нығайту талқыланды. Тараптар инвестиция көлемі 100 млн еуродан асатын Павлодар қаласында сутегі өндіру қондырғысын салу жобасына, сондай-ақ «Силлено» ЖШС жобасын техникалық газдармен қамтамасыз ету үшін ауа бөлу стансасын салу туралы жаңа жобаға ерекше назар аударды. Премьер-министрдің бірінші орынбасары «Air Liquide» компаниясы заманауи технологияларды енгізіп отырған Қазақстанның сенімді серіктесі екенін айтты.
Рафаэль Олин мырза бастаған «Wabtec» компаниясының басшылығымен кездесуде бірлескен жұмыстың жоғары нәтижелері, оның ішінде Астанадағы магистралдық тепловоздар шығаратын «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ-ның табысты қызметі айтылды. Өндірісті локализациялау деңгейін арттыруға, сервистік инфрақұрылымды дамытуға әрі отандық локомотив құрастыру саласының экспорттық әлеуетін кеңейтуге ерекше көңіл бөлінді.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Мартин Вожур бастаған «Alstom» компаниясының басшылығымен теміржол машинасын жасау, цифрлық шешімдер саласындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін және жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асырудың келешегін талқылады. Астанадағы «Электровоз құрастыру зауыты» ЖШС-ның қызметі қаралып, компанияның саланы дамытуға қосқан үлесі, сондай-ақ кәсіпорынның өндірістік әлеуетін одан әрі арттыру, экспорттық жеткізілімдерді дамыту және өндірісті локализациялау деңгейін көтеру туралы жоспарлары аталды.
Кездесулер қорытындысында инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға әрі өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге өзара мүдделілік расталды. Ел Үкіметі теміржол саласын дамытуға, озық технологияларды енгізуге, стратегиялық серіктестікті нығайтуға бағытталған ұзақмерзімді бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.