Елбасы ұсынған 5 институттық реформа негізінде кәсіби және автономды мемлекеттік аппарат қалыптастыру, экономикалық өсім үшін негіз болатын заң үстемдігін қамтамасыз ету, сонымен қатар, индустрияландыру және әртараптандыруға негізделген экономикалық өсімге қол жеткізу мен болашағы біртұтас ұлт пен транспарентті және есеп беруші мемлекет құру қажеттігі қамтылған болатын.
Бұл ретте елімізде әртүрлі сала мамандары өз тарапынан атқарылып жатқан ауқымды шаралар жөнінде кезең-кезеңімен БАҚ өкілдерімен кездесу өткізіп тұрады. Осының аясында Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде мемлекетіміздің Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев бес реформа ішінен көрініс тапқан экономика саласындағы индустрияландыру және экономикалық өсімге қол жеткізу барысында қолға алынып жатқан жұмыстар жайында кеңінен әңгімеледі.
Бұл бағыттағы жұмыс Президент жанындағы Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның аясында жасалуда, деді министр өз сөзінде. Оның айтуы бойынша, көлік пен логистика, инвестиция тарту, экспорт, энергия үнемдеу және геология мен жер қойнауын пайдалану мәселелеріне басымдық берілуі тиіс. Министрдің атап өткеніндей, әлемдік экономикалық ахуал біздің елге салқынын тигізіп отырғандығы жасырын емес. Бұл ретте металл мен мұнай бағасының төмендеуін тілге тиек еткен Ә.Исекешев осыған орай құрылымдық реформалардың қажеттігін түсіндірді. Кадрларды даярлау, инфрақұрылымды одан әрі дамыту, бизнесті ашу рәсімдерін жеделдету мәселелеріне мән берілу тиіс екендігін атап айтты.
Бұл мәселелердің шешілуі елімізді дамыған елдердің стандарттарына сай өңірдегі ең мықты экономикалық орталыққа айналдыратындығы, елге инвесторлардың келуіне және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал ететіндігі сөз болды. «Әсіресе, бұл жағдайлар ауыл аймақтарда шағын және орта бизнесті молырақ ашуға септігін тигізеді. Реформа арқылы Қазақстанды өңірлік қаржы орталығы ретінде Еуропа мен Азия арасындағы көлік пен логистикалық дәлізге айналдыру міндеті тұр», деді министр осы міндеттерді жүзеге асыру отандық өнімдерді жаңа нарықтарға шығаруға мүмкіндікті арттыратындығын атап айтты.
Сонымен қатар, Ә.Исекешев реформалар аясындағы нақты қадамдарға тоқтала отырып, реформалардың қандай тапсырмалар жүктейтініне назар аударды. Реформалар аясында интеграциялық үдерістердің тереңдей түсетіндігін, экономикалық байланыстың ұлғаятындығын, кедендік саясат пен тәртіптің оңтайландырылатындығын айтты.
Экономиканың басым секторларында «зәкірлік инвесторлармен» – халықаралық стратегиялық серіктестермен («Эйр Астана», «Теңізшевройл», ҚТЖ локомотивтерін шығару жөніндегі зауыт үлгісі бойынша) бірлескен кәсіпорындар құру барысында атқарылып жатқан жұмыстар легіне тоқталған министр инвесторлармен елімізде жоғары технологиялар және экспортқа лайықталған секторларда туризм және энергия үнемдеу саласында бірлескен жобалар жасалатын болады, деді. Одан бөлек жер қоймасын пайдалану саласының ашықтығын арттыру бойынша келісімшарттарды жасаудың оңайлатылған әдісін енгізу тәсілдері қаралуда екендігін жеткізді.
Мысалы, «ҚТЖ» ҰК» АҚ пен «Эйр Астана» ҰӘК ірі халықаралық операторлар ретінде дамытылып, автокөлік және теміржолдардың сапасы жақсаратындығын көлденең тартты. Шетелдік 18 компания Қазақстанға қайта инвестиция салуға мүдделі екендігін жеткізді. «Бізде қысқа мерзімді инвесторлар жұмыс жасап жатыр. Мақсатымыз – сол компаниялардың біздің экономикаға қайта инвестициялауына қол жеткізу. Мысалы, егер Лотте компаниясы Рахат компаниясын сатып алса, біз ол инвестормен жұмыс жасап, тапқан пайдасын өз елдеріне алып кетпеу үшін, біздің елде өзге де фабрикаларды салуына жағдай жасаймыз», деп атап өтті Ә.Исекешев.
Сонымен қатар, биылғы жылы туризм саласының өскендігіне назар аударған министр мысал ретінде Алакөлде шамамен 80-ге жуық шипажайда және демалыс базасына жақын орналасқан жалдамалы үйлерде бос орын жоқ екендігін айтты. Каспий, Бурабай мен Балқашта да дәл осындай жағдай қалыптасып келе жатқандығын, саланы одан әрі дамыту үшін туризм бағдарламасын түзету қажеттігін, бұл мәселеде Түркия тәжірибесіне мән берілетіндігін айтты.
59-қадамға нақтылай тоқталған Ә.Исекешев мойындалған халықаралық энергосервистік шарттар арқылы энергия үнемдеу саласына стратегиялық инвесторлар тарту жөніндегі бірқатар мәліметтермен бөлісті. Энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру мемлекеттің стратегиялық тапсырмалары қатарына кіреді. Елбасы индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында ІЖӨ-нің энергия сыйымдылығын 2020 жылдарға қарай 25 пайызға, ал 2050 жыдарға дейін 50 пайызға төмендетуді алға қойған болатын. Аталған тапсырма біздің энергия тиімділік саясатындағы басты бағдар болады, деді ол.
Министрдің айтуы бойынша, бүгінгі таңда біздің ел 850 тауар түрін экспортқа шығаруда. Оның 160-ы бойынша Қазақстан «ТОП-50» экспорттаушы мемлекет қатарына енді. Нақты айтқанда, біздің мемлекет 50 үздік экспорттаушылар тізбесінде 49-орынды иеленген. Қазақстан сары фосфор мен уран жеткізуде бірінші орында. Сары фосфор бойынша Қазақстан әлемдік экспорттың 40 пайызына ие болса, уран бойынша 46 пайызын иемденеді. Бұл ретте экспорт әлеуетін тек осы аталған тауарлар бойынша арттырып қоймай, өңдеу өнеркәсібінің дамуына жағдай жасап, еліміздің жоғары сапалы тауар жеткізуші ел ретінде имиджін көтеруді мақсат етіп қою қажет.
Министр басқа да бірқатар жұмыстарға тоқталып өтті.
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан».