• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
21 Шілде, 2010

Амангелді АЙТАЛЫ: “ЖІГЕРЛІ АЗАМАТТАРДАН ТҰРАТЫН ҚОҒАМ ТАБЫСҚА ЖЕТЕДІ”

842 рет
көрсетілді

Сана көкжиегі – адам болмысының айнасы. Ал ел тұғыры азаматтардың парасат биігімен, олардың ішкі рухани құндылығымен өлшенеді. Себебі, адам капиталы – жеке бір адамның ғана емес, қоғамның азығы. Үстіміздегі жылдың 30 тамызында 15 жылдығы атап өтілетін еліміздің Ата Заңында да адамға, азаматқа ерекше орын берілген. Біз философия ғылымдарының докторы, Қазақ гуманитарлық заң университетінің профессоры Амангелді АЙТАЛЫМЕН әңгіме барысында Қазақстан Конституциясында атап көрсетілген адам мен азамат мәселесіне тереңірек үңілуге тырысқан едік. Бір топ сауатсыздың қолына тамаша конституция ұстатсаңыз да, тамаша қоғам құра алмайсыз – Амангелді аға, адам капиталы ұғымы, оның өзектілігі, оны қоғамға жаппай сіңіру мәселесі елімізде кейінгі кезде ауық-ауық болса да көтеріліп жүр. Десек те, оның тамыры тереңде жатыр ғой. Батыс елдері бұл мәселені әлдеқашан мемлекеттің негізгі саясатына айналдырды. Ұлттық идея ретінде өз бағыт-бағдарын түзеді. Бұл ұғымның ел үшін құндылығын түсінуге алғаш нелер түрткі болды деп ойлайсыз? Адам капиталы ұғымының қалып­тасуына кімдер еңбек сіңірді? –XX ғасырдың 20-шы жылдары алғашында ресейлік, кейін америкалық көрнекті әлеу­мет­танушы ғалым Питирим Сорокин Ленинмен үлкен пікірталасқа түсті. “Сіз социализм қоғамын құрамын дейсіз. Сіздің адамдық материалыңыз қандай? Кімдермен құрасыз? Ресей социализмге әлі дайын емес. Сіз оны күшпен, я қуғын-сүр­гін­мен құрмасаңыз, адамдық потенциал, адамдық әлеует Ресейде жоқ”, дегенді айтады ол. Кейін П. Сорокин сол айтыстан кейін көп кешікпей Ресейден Америкаға қоныс аударып, сол жерде 90 жасында қайтыс болады. Сол Питиримнің мы­надай сөздері бар: “Қандай да қоғам болмасын, сол қоғамның жағдайы ең алдымен оның аза­мат­тарының қадір-қасиетіне, біліміне байланысты”, деген. Ол сондай-ақ: “Нақұрыстар мен қабілетсіз адамдардан тұратын қоғам ешуақытта да үлкен табысқа ие бола алмайды. Бір топ сауатсыз надандарға тамаша конституцияны берсеңіз де тамаша қоғам құра алмайсыз. Ал, керісінше, талантты, дарынды, білімді, дені сау, жігерлі азаматтардан тұратын қоғам сөзсіз өмір сүрудің жаңа, ілгері жолдарына бастап, табысқа жетеді”, дегенді де айтады. Кейін Питирим Сорокиннің осы ойы көптеген адамдардың назарын аударды. Белгілі бір ғылыми тұжырымдамаға айналды. Ал америкалық экономист Теодор Шульц XX ғасырдың 60-шы жылдарының басында “адам капиталы” деген ұғымды енгізді. Шульцтің бұл тақырыпқа мән беруі кездейсоқ емес. Сол жылдардан бастап осы адам капиталына мән беріле бастады. – Адам капиталы ұғымы бұрын тек жеке адамның бойындағы бай рухани құнды­лық­та­рымен бағаланып, өлшенген деп түсініп келсек, бү­гінде оған елдің жоғары экономикалық кө­р­сет­кішінің бір тетігі ретінде қарау байқалуда. Мәселен, жаңадан пайда бола бастаған “Білім экономикасы”, “Парасатты экономика” деген жаңа, тың тіркестер осының көрінісіндей көрінеді. Сіз қалай ойлайсыз? – Шынымен де, оқу-білім, кемел ақыл және экономика – қазір егіз ұғымдар. Егер, бұрын ол бөліп-бөліп қаралса, қазір егіз ұғым болды. Жалпы, бүгінгі әлеуметтік ғылымда эконо­м­и­калық, әлеуметтік, әкімшілік, мәдени, саяси, тағы басқа да капиталдар туралы әңгімелер айтылып жүр. Ал осылардың барлығының жиынтығы – адам капиталы. Себебі, барлығы айналып келгенде адамға тіреледі. Біз бір мәселеге мән берейік. Капитал деген ұғым бізше қаржы, байлық, ақша, құн ма­ғынасында түсіндіріледі. Ал адам капиталы де­генде ең басты мәселе – бұл адамгершілік қасиет, оқу-білім, кемелдік сана. Егер олар экономика саласына жұмсалса, онда адам капиталы болып есептеледі. Себебі, бұрын оқу-білім, парасат экономикамен тығыз байланыста болмады. Енді келіп жаңағы айтқан “умная экономика” – “ақылды экономика”, “экономика знании”–“білім экономикасы” деген сөздер шықты. Демек, дамыған мемлекет болу үшін ақыл, парасат, білім, ғылымды экономикаға жұмсау – бұл адам капиталының мәні. – Сонда адам капиталының негізгі өлшемдері қандай? – Адам капиталының бірнеше өлшемдері болады. Демографиялық, әлеуметтік, құқықтық, отбасылық. Мәселен, демографиялық өлшемді алайық. Елдегі халықтың саны мен сапасы. Бұл, сөз жоқ, үлкен капитал. Мысалы, Қытай үшін халық санының өсуі Қытай экономикасының дамуына үлкен қиындық туғызса, ал Қазақстан секілді мемлекетке адам санының өсуі – ол тек жақсылық. Демек, әр елде демографиялық капиталдың жағдайы әр түрлі. Сондай-ақ, адам капиталы – сол адамның бойындағы білімнің, тәжірибенің, даналықтың, құндылықтардың көрінісі. Қоғамның, жеке адамның азығы. Жеке адамның бойындағы сол адам капиталын, мемлекеттегі азаматтардың бойындағы адам капиталын қоғамдық өлшеммен айтқанда ешкім ұрлап ала алмайды, ешкім оны сатып ала алмайды. Ол елді өрге бастайды. Ол, сонымен бірге, білім мен тәрбиені, адамдардың парасат­тылығын арттырады. Сондықтан, адам капиталы немесе білім, тәрбие, оның пайдасы көзге көрінбеуі мүмкін. Көрінбейді де. Десек те, бұлар, ең бастысы, қоғамның дамуына әсер етіп отырады. Сол себепті, білікті адам, өзіне өзі сенетін адам көптеген жағдайда қоғамды дүние­қоңыздықтан, жемқорлықтан қорғайды. Білімді, парасатты адам бірінші кезекте өзінің бойындағы қасиетіне сенеді. Жеке басқа табынбайды. Ұрлықтан аулақ болады. Соңғы жылдары адам капиталын өлшейтін оның бір қыры пайда болды. Оны адам әлеуетінің даму индексі дейді. Барлық елдерде адамның әлеуетін, адам капиталын үш өлшеммен бағалайды. Бірінші – өмір сүру ұзақтығы. Ең аз өмір сүретін елдерде адамдардың өмір сүру ұзақтығы – 25 жыл. Сондай елдер бар. Мысалы, Африкада. Африкада бүгінде 20 млн.-нан астам адам СПИД-пен ауырады. Сол себепті, мұнда өмір сүру ұзақтығы өте төмен. Ал Еуропаның дамыған елдерінде, Жапонияда бұл көрсеткіш 85 жасты құрайды. Бұл – бір көрсеткіш. Екінші көрсеткіш – ересектердің сауаттылығы және балалардың мектеппен қамтылуы. Әлемде 300 млн.-ға жуық бала мектепке бармайды. Оның көбісі Африка елдерінде. Ал 0-ден 100 пайызға дейін ересектері түгел сауатты, балалары мектепке баратын елдер де бар. Үшіншісі – ішкі жалпы өнімнің жан басына шаққандағы үлесі. Мысалы, ең кенже қалған елдерде ішкі өнімнің жан басына шаққандағы үлесі 100 доллар болса, бірқатар елдерде 40-44 мың доллар. Міне, осындай үш өлшеммен БҰҰ жылда әлем елдеріндегі ахуалды саралап отырады. Сондай зерттеу мәліметтеріне сүйенсек, ең артта қалған елдер – ол Африка елдері. Яғни, Афри­ка­ның 30 елі. Ал ең дамыған елдер – Нор­вегия, Авс­тралия, Канада, Ирландия, Германия, Швей­цария, Швеция, Жапония, Франция, АҚШ. Бұл елдердің бір жылы біреуі бірінші орында болса, екінші жылы ол мемлекет үшінші орында тұруы мүмкін. Солай ауысып отырады. Бұрын АҚШ алдыңғы үш орында жүретін еді. 2008 жылдың есебі бойынша бұл мемлекет 15-ші орынға түскен. Се­бебі, Америкаға қоныс аударушылар көп. Олардың білімі төмен, сондықтан табыс деңгейі де төмен. Денсаулығы да төмен. Амери­калықтардың өздері “бұл АҚШ-тың жалпы көрсеткішін төмендетіп отыр” деп түсіндіреді. Ал енді бұрынғы Кеңес Одағы респуб­ли­ка­лары елдерін алатын болсақ, Литва – 43, Эстония – 44, Латвия – 45, Беларусь – 64, Ресей – 67, Қазақстан 68 орында тұр. Жалпы әлемде 200-ге жуық ел бар десек, солардың ішінде 70-ке дейінгі орында тұрған елдер дамыған елдер деп есептеледі. Ал Америка, басқа да бұрынғы капи­та­листік елдер – бұлар өте дамыған елдер қа­тарына жатады. Біздің еліміз орта деңгейдегі дамыған елдердің қатарына соңғы жылдары қосылды. Бүгінде Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы 65 жастан 68 жасқа өсті. Бұрынғы кеңестік республикалардың ішінде Украина –76, Армения – 83, Грузия – 96, Әзірбайжан – 98, Түркіменстан – 109, Молдавия – 111, Өзбекстан – 113, Қырғызстан – 116, Тәжікстан – 122 орында. Бұларға қарап, әрине, біздің шүкіршілік ететін жағдайымыз бар. Бірақ ең дамыған елдер ахуалынан үлкен пікір түю керектігі көрінеді. Қоғамда заң үстемдік етпесе, бойыңдағы ешқандай қасиеттеріңді іске асыра алмайсың – Адам капиталы тұрғысына алғанда, қазір біздің еліміз үшін не маңызды? –Үш мәселе аса маңызды. Білім, екінші денсаулық, үшінші әлеуметтік әділдік, құқықтық сала. Бір сөзбен айтқанда, бүгін білімді, дені сау, заңға, әділдікке сенетін азамат тәрбиелеудің маңыздылығы артып отыр. – Заң – мемлекеттің тірегі. Қазақстан Республикасының Конституциясында “Адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды”, “Әркімнің өзінің жеке басының бостандығына құқығы бар”, “Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең” деген жолдар арнайы баптарда жазылған. Бұл – қоғамның басты байлығы да, қазынасы да адам екендігіне кепілдік береді емес пе? – Әрине. Қоғамның қазынасы – адам. Адамның қоғамдағы орны мен оның басты құндылық екені Конституцияның “Адам және азамат” деген бөлімінде жан-жақты айтылған. Яғни, еліміз Конституциясында жазылғандай, “Қазақстан Республикасында адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік беріледі”. Сол себепті, азаматтың кез келген қадамы, мемлекеттің кез келген бастамасы заңмен тығыз ұштасып отыруы тиіс. Заңның, әділеттіліктің орнауы, дұрыс жолға қойылуы, бірінші кезекте, азаматтардың мақсат-мүддесі мен құқығын, бостандығын көздің қарашығындай қорғау үшін қажет. Мәселен, Америка ғалымдары, атап айтқанда, құқықтық мемлекетке қол жеткізді. Себебі, сен қанша білімді болғаныңмен, қанша маман болғаныңмен де қоғамда әділеттілік болмаса, заң үстемдік етпесе, бойыңдағы ешқандай қасиеттеріңді іске асыра алмайсың. – Ал адам капиталы дамыған елде қандай мамандық иелерінің мәртебесі биіктейді? – Үш мамандық алға шығады. Бірінші – педагогтік біліктілік. Мейлі ол мектептің, мейлі ол жоғары оқу орнының педагогі болсын. Екінші – дәрігер. Бұл мамандық иелерінің де еңбекақысы жоғары болады. Ал үшіншісі – заңгер. Себебі, ол қай жағынан да қоғамдағы еңбек етуші, білікті адамды түрлі заңсыздықтан қорғайды. Батыс елдерінде, міне, осы үш мамандықтың мәртебесі жоғары. – Білім саласына келейік. Сіз еліміздегі білім жүйесіне сапалық тұрғыдан көңіліңіз тола ма? Жалпы, сізді көбіне не толғандырады? – Мынандай бір қызық жағдай бар. Біз білім саласына ішкі жалпы өнімнің 3,6 пайызын жұмсайды екенбіз. Сөйте тұра, біз әлемдегі ең сауатты мемлекетпіз. 2009 жылғы есеп бойынша, Қазақстанда орта және жоғары білімді адамдар халықтың 85 пайызын құрады. Салыстырып көрейік. Бұл көрсеткіш Германияда – 78 пайыз, Испанияда – 50 пайыз. Бірақ, біз ең сауатты ел болсақ та, ең білімді ел болсақ та, жаңа технология саласында артта қалдық. Неге? Себебі, біз сапа емес, сан қуып кеттік. Біз білім емес, диплом қуып кеттік. Сондықтан да бүгін біз сан жағынан жаңағы 70 елдің қатарына қосылдық, бірақ сапалық тұрғыдан емес. Өйткені, сапа мәселесі көңіл көншітпейді. Десек те, бүгінде еліміздің білім саласында ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды жобалар  қолға алынуда. Солардың бірегейі деп Елбасының тікелей бастамасымен бой көтерген “Назарбаев университетін” айтуға болады. Мұндай уни­вер­ситетті ашу арқылы біз өзіміздегі адам капиталының дамуына жол ашып отырмыз. Болашақта мұнда білім алған жастар елінің өркендеуіне үлестерін қосады деген ойымыз бар. Қазақстандағы ата-аналардың балаларына құйып отырған қаржысы – 10 млрд. АҚШ доллары – Қазіргі таңда ел болашағы – жастарға, олардың біліміне құйылар инвестиция – ең құнды инвестиция екені талас тудырмас. Бұл елдік мәселе бізде қалай шешілуде? – Енді бүгінгі күнгі ең құнды инвестиция, қай мемлекетте болмасын, бұл, әрине, адамға жұмсалған инвестиция. Әсіресе, жас ұрпаққа жұмсалатын инвестиция. Бұл ең тиімді әрі құнды инвестиция. Бүгін солай болып та тұр. Себебі, қазіргі таңда Қазақстан болсын, басқа да мемлекеттер болсын, қаржысын негізінен қайда жұмсап жатыр? Ең алдымен көп қаржыны жастарға, балалардың білім алуына жұмсап жатыр ғой. Яғни, мемлекет те жұмсап отыр, ата-аналар да жұмсап отыр. – Яғни, біздің елімізде жастарға, олардың бі­лімді қару еткен ұрпақ болып қалыптасуы үшін ти­істі мөлшерде қаржы бөлінуде деп айта аласыз ба? – Бүгінгі күні кейбір есептерге қарағанда, Қа­зақстандағы ата-аналардың балаларына жұмсап отырған қаржысы 10 млрд. АҚШ долларына жақындап қалған екен. Бұл мемлекеттің білім саласына жұмсап отырған қаржысынан бірнеше есе көп. Себебі, бүгінде еліміздің жоғары оқу орындарындағы жастардың 18-20 пайызы ғана мемлекеттің қаржысымен, қалғаны ата-аналардың қаржысымен оқып жатыр. Сондықтан бұл салада, яғни инвестиция құюда аянып қалмағандаймыз. 2010 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында адам капиталы мәселесін жан-жақты қолдады. Оның маңыздылығын көптеген мысалдармен дәлелдеді. Президенттің осы мәселеге мән беріп отыр­ғанының бір себебі осында жатыр деп ойлаймын. – Бұл – тез арада бағыт-бағдарымызды түзеп, етек-жеңімізді жинау керек дегенді білдіреді ғой... – ХХ ғасырдың 70-ші жылдары АҚШ-та ақпараттық қоғам, ашық қоғам қалыптасты. Себебі, осы кезде АҚШ-та 12-14 жылдық білім деңгейі негізге алынды. 12 жылдықты бітіреді, сосын колледжде оқиды. Содан кейін тағы 4-5 жыл университетте білім алады. Яғни, 12-14 жылдық білім негізге алынған. Бұл ел сол 70-ші жылдардың соңында жоғары деңгейдегі кәсіби білімге, ақпараттық технологияға, күрделі интеллектуалдық техника мен технологияға қол жеткізіп үлгерді. Өкінішке қарай, бұл салада Ресей де, біз де АҚШ-тан, болмаса Еуропа елдерінен 30-40 жыл кеш қалдық. Сондықтан бұл саладағы бағыт-бағдарымызды тезірек түзеуіміз қажет. Ел жастары шет елде қалып қойса, оларды патриот емес деген сөзден аулақ болайық – Сіздің ойыңызша, балаға қай кезден бастап инвестиция құю керек? Бұл орайда, әлемдік тәжірибеден қандай мысал келтірер едіңіз? – Америка ғалымдарының зерттеуі бойынша, жалпы адам капиталы терең дамуы үшін сәбиге 4 жасқа дейінгі жұмсалған қаржы ең тиімді инвестиция саналады екен. Оның әсері көзге көрінбегенмен де, қайтарымы 1 долларға – 5 доллар болады. Егер, 1 млрд. жұмсалса, қайтарымы – 5 млрд. Біз бүгінде балалар бақшасы мәселесін көтеріп жүрміз ғой. Елдің үлкен болашағы, міне, осында жатыр. Кедей елдер, балабақшасы дұрыс қолға алынбаған елдер дұрыс дамымай, қайыршы мемлекет болып қала береді. Сондықтан, бұл біз үшін үлкен сабақ. Сонымен бірге, баланың екінші даму кезеңі бар. Ол 11 жасқа дейінгі мерзімді көрсетеді. Осы кезде, яғни 4 пен 11 жас аралығында екінші үлкен инвестиция құю керек. Себебі, 11 жасқа келген баланың қандай азамат болатыны белгілі. Не ол ізденгіш, шығар­машылықпен айналысатын адам екені белгілі болады, не ол керітартпа мінезді азамат екені айқындалады. Осы стереотип 11 жаста қалыптасады. ХІХ ғасырдың 70-ші жылдарының аяғында, 80-ші жылдарының басында Америка Құрама Штаттарында мектепке дейінгі, мектеп жасындағы және мектептен кейінгі бір балаға ол азамат болып кеткенге дейін мемлекет және жеке ата-аналар бөлетін қаржы көлемі бір жылға 400 мың долларды құраған екен. Яғни, сол 400 мың доллар жұмсалған кезде ол бала колледж бітіреді. Мектепке дейінгі сатылардан өтеді. 12 жылдық білім кейін оның қалыптасуына өз әсерін тигізеді. Міне, бойына 400 мың доллар қаржы жұмсалып, білім алған жас көне техникамен жұмыс жасамайды. Аз еңбекақыға қызмет етпейді. Мұны америкалық ғалымдар жақсы білді. Бойында білімі бар, өзін-өзі сыйлайтын адам біреудің алдында төмендемейді. Керісінше, өзін сыйлайтын, жоғары еңбекақы төлейтін мемлекетті іздейді. Ол өз бақытын шет елден іздейді. – “Бақытын шет елден іздейді” дегеннен шығады. Бүгінде “Болашақ” мемлекеттік бағдарламасымен шетелде оқып жүрген жастар ең алдымен ой көкжиегін білім нәрімен сусындатып, тәжірибелерін бағыттауы керек қой. Ал егер сол жас шетелде қалып қойса, бұған сіз қалай қарар едіңіз? – Егер де біздің мамандар шетелден өзінің бақытын тауып жатса, сол шетелде көп қаражат алып, оны маман ретінде сол ел сыйлап жатса, ол жасты патриот емес, Отанын сатты деген сөзден біз аулақ болайық. Себебі, біз ол маманды сыйламай отырмыз ғой. Ол жас өсуі керек. Ол жас өз білімін одан әрі арттыруы керек. Егер, өзінің туған елінде мұндай жағдай жасалмаса, ол ертең бара-бара барынан айырылып қалады ғой. Яғни, ол жас сол елде қалып қойса, ең әуелі қателікті өзімізден іздейік. Біз көп жағдайда жастарды кінәлаймыз. Шын мәнісінде, сол жастарды өсіруге, олардың бойындағы қабілеттерін дамытуға, еңбегін бағалауға мемлекет жағдай жасады ма, жасамады ма? Мәселе осында. АҚШ бірінші кезекте өз елінің білікті азаматтарын сыйлап, оларға жағдай жасауға үлкен мән берді. Сондықтан, бүгінгі күні АҚШ-та шетелден 550 мың студент оқиды. Бұл бір ғана АҚШ-та. Жарты миллионнан астам. Себебі, бұл ел көбінесе жақсы мамандарды өзінде алып қалады. Жағдай жасайды. Жоғары еңбекақы төлейді. Бүгінде көп адам осы елге қоныс аударып, сол елден бақытын іздеп жатыр. Яғни, жаңағы адам капиталын, адамның бойындағы білімі мен қадір-қасиетін сыйлайтын елдерге қоныс аударуда. Бұл – қазіргі жаһандану заманындағы бір заңдылық, құбылыс. Сондықтан, бұл – елдік тұрғыдан терең ойланатын жағдай. – Білім-білігі жоғары жастың өз елінің өндірісіне де жаңа леп алып келетіні белгілі ғой. – Әрине. Мысалы, бір жылда АҚШ-та ХХ ғасырдың 80-90-шы жылдары 4 млн. адам мектеп, колледж, жоғары оқу орындарын бітірген екен. Сол 4 млн. адамды жылда қабылдайды. Ол 4 млн. адамның әрқайсысына 4 мың доллар жұмсағанда, бұл ел жалпы алғанда 1 триллион 600 млрд. доллар көлемінде сұрапыл қаржы жұмсайды екен. Сол қаржымен білім алған жастар, әрине, өндіріске өз ұсыныстарымен, жаңалығымен келеді. Ортасын жаңартады. Яғни, ұрпақ алмасады. Сол ХХ ғасырдың 80-ші жылдары АҚШ-та үлкен өзгеріс болды. Жаңағы жастар көптеген жұмыс орнының қысқаруына өз идеяларымен әсер етті. Бүгінде бұл елде өндірістегі 4 адамның біреуі ғана зауыт, фабрика, құрылыста жұмыс жасайды. Қалған бөлігі басқа салаларда. Соның ішінде жол құрылысы, байланыс, білім, ғылым салаларында, сондай-ақ, мейрамхана, қонақ үй секілді жалпы халыққа қызмет көрсететін салаларда еңбек етеді. Ал сол ХХ ғасырдың 90-жылдарының аяғы, ХХІ ғасырдың басында Мәскеудің өзінде жағдай керісінше болды. Жұмыс істейтін жұмыскерлердің 70 пайызы зауыт, фабрикада жүрді де, ал қалған 30 пайызы ғылым, білім, халыққа қызмет көрсету сала­ларында еңбек етті. Әлемдік тәжірибеден осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Ал бізде бұл жағдайды керісінше жасау тиімді әрі пайдалы. – Қалай? – Мәселен, АҚШ-та жаңа техника мен техно­логияны енгізе отырып, зауыт, фабрикаларда еңбек ететіндер санын азайту, басқа салаларға, әсіресе, халыққа қызмет көрсететін салаларға көп мән беру керек болды. Қазір мұндай өзгеріске, адам капиталына негізделген экономикаға біз де өтіп жатырмыз. Бірақ, АҚШ-тың үлкен бір ерекшелігі – онда үш сатылы білім кеңінен қанат жайған. Мектеп, колледж және университет. Үш сатылы білім кезеңінің 1-ші сатысын бітірген адам жылына 16 мың доллар еңбекақы алады. Ал колледж бітірсе, жылына 27 мың, университет бітірсе, 40 мың долларға дейін табыс табуы мүмкін. Яғни, біліміне лайық еңбекақы алады. Сондықтан, білімі жоқ адамдарға қарағанда, білімді адам жақсы өмір сүреді. Денсаулық мәселесі бөлінген қаржымен емес, емделген адамдардың санымен өлшенуі тиіс – Денсаулық экономикалық категорияға айналды ғой. Адам капиталының бір критерийі де – денсаулық. Ел Конституциясында “Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға құқығы бар” деп атап көрсетілген. Бүгінде бұл салаға қаншалықты назар аударылып отыр деп айта аласыз? – Расымен де, денсаулық, бірінші кезекте экономикалық категорияға айналды. Егер, денсаулығы жоқ болса, ол адам ақша таба алмайды, екіншіден, денсаулығын әлсіретіп алса, оған үлкен шығын кетеді. Біздің елімізде денсаулық саласына бөлінетін қаржы ішкі жалпы өнімнің 2,3 пайызын құрайды. Ал Жапония, Германия, Норвегия, Швейцария секілді аса дамыған елдерде – 6,2 пайыз. Мәселен, өзіміз сөз етіп отырған АҚШ-ты алайық. АҚШ-та Обама денсаулық саласына бөлінетін қаржыны 14 пайызға дейін көтеріп отыр. Жалпы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесі бойынша, бұл салаға бөлінетін қаржы ішкі жалпы өнімнің 5 пайызынан кем болмауы керек екен. Ал біздегі денсаулық сақтау саласының критерийі қандай? Бізде көбіне денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржыны айтады. “Был­тырғыға қарағанда, мынадай млрд. теңге артық бөлінді” деп. Шын мәнісінде, әлемде денсаулық мәселесі бөлінген қаржымен емес, емделген адамдардың санымен өлшенеді. Мәселен, құрт ауруының, сәбилердің шетінеуінің, аналардың өлімінің азаюымен. Өкінішке қарай, бұл көрсеткіштер бойынша, біздің елдегі халықтың жағдайы төмен. ХХ ғасырдың талабына сай оқуға, еңбек етуге қазақстандықтардың денсаулығы сай болмай тұр. Біз бұл мәселеге енді-енді мән берудеміз. Мүмкіндіктер де енді туып жатыр. Сондықтан, осы идея, адам капиталы тек сән секілді кезекті ұранға айналмай, еліміздің, халықтың мәртебесін көтеретін нақты іске айналсын деген тілек бар. – Бүгінде Америка, Еуропа елдерін адам ка­пи­талының иелері деп те айтуға болады. Бұл сол ел­дердің білім-ғылым, денсаулық, ғылыми-зерттеу салаларының дамуына да оң әсер етті ғой. Солай емес пе? – Солай десек те болады. Мәселен, Еуропа Америкадан ХХ ғасырдың 90-жылдарының басында көп дүние үйреніп, адам капиталына айрықша мән беріп, тез өсті. Бүгін Американың деңгейіне жақындап келеді. Обаманы президент етіп сайлауға ең алдымен, қарапайым азаматтар үлкен үлес қосты. Біріншіден, АҚШ-та мысалы, президенттікке, не болмаса, депутаттыққа түскен азаматтарға қайырымдылық көмек көрсету қорлары жұмыс істейді. Қаншама миллион адам Обамаға көмектесті. Оның нәсіліне қарамастан, қаншама азамат дауыс берді. Демек, адам капиталы – қай жағынан да азаматтарды белгілі бір жоғары сатыға көтеретін әрі интеллектуалдық әрі адамгершілік деңгей. 2009 жылы Обама бюджеттен білім саласына қосымша 149 млрд. доллар қаржы бөлді. Соның басым көпшілігі жаңа технологияны білім саласына енгізуге жұмсалды. Денсаулық сақтау саласына 142 млрд. доллар қаржы бөлді. Соның ішінде аталған салаға ақпараттық технологияны енгізуге айрықша мән берілген. Ал мұғалімдер мен дәрігерлердің еңбекақысын көтеруге бөлініп жатқан қаржы – ол бөлек. Мәселен, бүгінде Обама ғылыми-зерттеу саласына үлкен мән беріп отыр. Соның ішінде энергия көздерін, желдің, күннің энергиясын пайдалануға үлкен қаржы бөлді. “Біз мына дағдарыстан тек қана жаңа техника, жаңа технологиямен, сосын білімді азаматтардың күшімен ғана шығамыз”, деді. Және солай шығып келе жатыр. – Кеңес заманында бұл жағдай қалай болған еді? Сол кеңестік кезеңнен қалған салқын біздегі өндірістің даму тетіктеріне кері әсерін тигізіп жатқан жоқ па? – Мынадай бір мысал келтірейін. Екі неміс мемлекеті қосылды ғой. Германия Демокра­тиялық Республикасы (бұрынғы социалистік Германия) және батыс Германия. Кеңес өкіметі заманында Германия Демократиялық Респуб­ликасының техникасы мен технологиясы социалистік елдердің ішінде ең жоғары және үлгі аларлықтай деңгейде болды. Кейін екі Германия қосылғанда, батыс Германияның мамандары, іскер адамдары ГДР техникасын, технологиясын көргенде шаштары тік тұрды. Себебі, біз үлгі тұтып жүрген сол социалистік Германия батыс Германиядан 50 жыл артта қалған. Не істеу керек? Сондықтан, батыс Германияның мамандары: “Бұл социалистік Германияның барлық техникасы мен техникасын металлоломға шығару керек. Ал зауыттар мен фабрикаларының тек қаңқаларын ғана қалдырып, олардың ішіне жаңа технологияларды енгізу қажет”, деген тоқтамға келді. Сол екі Германия біріккеннен бастап күні бүгінге дейін 500 млрд. еуродан артық инвестиция құйылды. Социалистік Германия экономикасына. Бір ұлт, бір мәдениет, бір тіл. Соның өзінде батыс Германияның деңгейіне жете алмаған. Ал енді сол шығыс, социалистік Германияны үлгі етіп отырған біздің жағдайымыз қандай болады? Міне, осыдан келіп, біздің жағдайымызды, тек Қазақстан ғана емес, Ресейдің, басқа да ТМД елдерінің жағдайын көз алдыңызға елестете беріңіз. – Өзіміздегі барды бағаламай, өзімізді өзіміз көтермей, елдік мүдде үдесінен көрінбейтініміз белгілі. Бұл – отандық кадрларға да байланысты. Бүгінде шетелден келетін жұмыс күшін отандық мамандармен алмастыру мәселесі қалай шешілуде? – Адам капиталы тұрғысынан ғылымға, білімге, бір адамға жұмсалатын қаржыны есептегенде біз, әрине, әлі де болса жоғары деңгейге көтеріле алмай отырмыз. Тек білім-ғылым, жаңа технология салаларына бөлінетін қаржы біз сөз етіп отырған Американың ішкі жалпы өнімінің 26 пайызын құрайды екен. Ресейде бұл көрсеткіш – 8 пайыз, Қазақстанда – 6,5 пайыз. Айта кету керек, адам капиталына бөлінген қаржы бірден көрінбейді. Мысалы, инженер, инженер-конструктор дайындау үшін 15-20 жыл керек екен. Себебі, әуелі сол инженер-конструктор дайындайтын жоғары оқу орнының ақпараттық-технологиялық, материалдық базасын жасау керек. Соған сәйкес, ұстаздардың, мұғалімдердің деңгейін көтеру керек. Оқулықтар әзірлеу керек. Сосын барып ол маманды дайындаймыз. Бұған көп уақыт кетеді. Біз осы тұста кеш қалып жатқанымыз көрініп тұр. Ал жақсы жұмысшы маман дайындау үшін 5 жыл керек. 1 жыл оқытсақ, 4 жыл ол тәжірибе жинауы тиіс. Ал жоғары білімді маманды дайындау үшін 7-8 жылдай уақыт қажет. Сондықтан, мектепке дейінгі дайындықтың орны бөлек. Президент Н. Назарбаевтың биылғы жылғы Жолдауында айтылғандай, қазір Қазақстанда индустриялық-инновациялық бағдарлама жүзеге асып жатыр. Соған сәйкес, 162 жоба іске асады. Оған 6,5 трлн. теңге қаржы бөлінеді. Тек соңғы 3 жылда 200 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Ол тек жұмыс орны емес, оған жоғары деңгейлі инженерлер, жоғары деңгейлі жұмысшылар керек. Біз оны қайдан аламыз? Сондықтан, амал жоқ, шетелдік жұмыс күшіне жүгінеміз. Осыдан келіп бүгінде шетелден алынатын жұмыс күшін өзіміздің білімі мен әлеуеті жоғары мамандармен алмастыру мәселесі өткір қойылып отыр. Сондай-ақ, шетелден ағылған жұмыс күші мен еліміздегі мамандардың арасында түрлі қайшылықтар болатыны да белгілі. Сондықтан еліміздегі ұлтаралық келісім, тұрақтылық үшін де негізінен өзіміздің мамандарға, әсіресе, қазақ мамандарына көп мән беруіміз керек. Білім-ғылым саласында ықпалды интеллектуалдық элита қалыптастыру қажет – Бүгінде білім саласының маңайында жүрген жандардың еңбекақысын көтеру керек деген әңгімелер жиі айтылады. Бірақ та көп қаржы төленгеннен кейін, бұл салаға жалақысы жоғары деп дарынсыз жастар ағылып жүрмей ме? – Білім саласындағы мамандарға жоғары еңбекақы төлеу керек деген әңгіменің айтылып жүргені шындық. Бұл, әрине, құптарлық жәйт. Себебі, білімді, тәжірибесі мол, талантты, ар-намысы бар мұғалім мектептер мен жоғары оқу орындарына келмейінше, оқушылардың да, студенттердің де білім деңгейі жоғары болмайтыны белгілі жәйт. Әрине, білім саласы мамандарын қолдау ұлттық саясатқа, ұлттық ұстанымға айналсын дейік. Мұғалімдердің еңбекақысын мектеп болсын, университет болсын өсірейік. Бірақ, қауіп бар. Мұғалімдердің еңбекақысы мектепте де, жоғары оқу орындарында да жоғары деп шынымен де өңкей талантсыздар мен дарынсыздардың білім ордаларына ағылып жүрмесіне кім кепіл? Яғни, мұның екінші жағы тағы да бар. Сондықтан, көптеген постсоциалистік кеңістіктегі елдер, әсіресе, Ресей мұғалім мамандығын таңдауға өте зор мән беріп отыр. Тіпті мынандай бір пікір айтылуда: “Мұғалімдерді ғарышкерлер секілді шертіп-шертіп таңдау керек”, деген. Себебі, жанайын деп тұрған жүрекке от беретін мамандық сол. Әрине, оның еңбекақысы жоғары болуы керек. Бұл – ерекше мамандық. Алайда, біз осы мамандықтың қадірін кетіріп алғандаймыз. Сондықтан, ұлт мектебі дұрысталуы керек. Орта мектеп болсын, университет болсын. Себебі, барлық азаматтар мектептен шығады. – Тек шикізатқа негізделген экономика мемлекетті алға бастырмайтыны анық. Керісінше, жаңа заманның, яғни жаһандану заманының жетістіктеріне сүйеніп, өндірісті өркен жайдырудың, ғылыми жаңалық ашудың, өзіміздегі барға иелік етудің, сол арқылы өзге елдің рыногына төтеп берудің маңызы айрықша емес пе? – Рас. Бүгінгі күні адамзат мынау ғылыми-техникалық прогрестің дамуының алтыншы белесіне шықты. Ғылым мен жаңа технологияны енгізуде үлкен табыстарға жеткен мемлекеттер – АҚШ, Жапония, Еуроодаққа кіретін елдер, Оңтүстік-Шығыс Азия. Мысалы, бүгін АҚШ-та соңғы ғылыми технологиямен енгізілген өнімнің үлесі – 36 пайыз, Еуроодақта – 18 пайыз, Қытайда –17 пайыз, Жапонияда – 16 пайыз, Ресейде – 0,3 пайыз. Бұл ретте, біздің үлгі алатын елдеріміз Ресейден гөрі дамыған елдер болуы керек. Сондықтан, бүгінгі күні ХХІ ғасырдың алғашқы 10 жылдығын аяқтай отырып, біз шын мәнісінде, шындыққа тура қарауымыз керек. Іске білекті сыбанып кірісетін уақыт, кез келді. Тіпті біз прогресс көшінен кеш қалдық. Шикізатқа негіздеген экономикамен шынымен де біз алға бара алмаймыз. Шикізатқа негізделген экономика кез келген елде де жемқорлыққа итермелейді. Белгілі бір топтың баюына алып келеді. Сондықтан, бүгінде елдегі білім-ғылым саласында ықпалды интеллектуалдық элита қалыптастыру керек. Ондай элита біздің елімізде әлі қалыптаса қойған жоқ. Оған, әрине, мүмкіншілік бар. Орыстар айтады ғой: “В последнюю дверь последнего поезда”, деп. Сол сияқты соңғы вагонның соңғы есігіне секіріп мінсек те, әйтеуір алға ұмтылуымыз керек. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.