• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
22 Шілде, 2010

ҚОРЫТЫНДЫ ҚАРАР ҚАБЫЛДАНДЫ

689 рет
көрсетілді

Кеше Женева қаласында Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен ел Парламентінің делегациясы қатысқан Парламент төрағаларының бүкіләлемдік үшінші конференциясы аяқталды, деп хабарлады Қазақстан Парламенті Сенатының баспасөз қызметі. Форум “Жалпыға бірдей игілік мүддесіне орай жаһандық демокра­тиялық есеп беру мен жауапкер­ші­лікті қамтамасыз ету” қорытынды қарарын қабылдады. Алқалы жиынға қатысушылар көпбелдеулі әлемдегі күрделі әрі терең өзгерістерді, мемлекеттердің экономикалық күш-қуатына қатыс­ты және халықаралық экономи­ка­лық ынтымақтастық жолында орын алып отырған түбегейлі бетбұрыс­тар аясындағы экономиканың жа­һандану үрдісін, сонымен қатар, жаһандық қаржылық-эконо­ми­ка­лық дағдарыстың экономикалық өсіп-өркендеуге тигізіп отырған кері әсерлерін ескере отырып, әлем­дік қауымдастық елдерін атал­ған мәселелерді көпжақты өзара іс-қимылдар ең алдымен, барлық мемлекеттерге дербес теңдікті кепілдендіретін БҰҰ арқылы бірігіп шешуге шақырды. Әлем парламенттерінің бас­шы­лары қазіргі заманғы жағдайларда заң шығарушы органдар өз қызме­тін­де ашық, өкілді, қолжетімді әрі тиімді болып, саяси қызметке қо­ғамның сан алуан өкілдерінің қа­тысуына дәнекер болуы керек деп есептейді. Осы тұрғыда, халық­ара­лық ынтымақтастық үрдісіне пар­ла­менттердің кеңінен қатысуын қамтамасыз ету қажеттігі атап өтілді. Төрағалар парламенттер ха­лықаралық кездесулерге және оларды бақылауға белсене қатысуы, үкіметтер қабылдаған міндеттеме­лердің жүзеге асырылуын қадағалау арқылы, кеңінен жоспарлағанда, халықаралық нормалар мен заңды­лық қағидаттарының ұлттық дең­гейдегі сақталуын қамтамасыз етуге үлес қоса отырып, халық­аралық істермен белсене айналысуы тиіс деп санайды. Құжатта сондай-ақ, аймақтық парламенттердің маңыздылығы және олардың халықаралық ынты­мақтастыққа қосып отырған үлестері атап өтілген. Декларацияда ең әмбебап, өкілді әрі беделді халықаралық ұйым болып табылатын БҰҰ мен бірегей жаһандық парламенттік құрылым – Парламентаралық одақ үшін жалпыға бірдей игілік мүд­де­сіне орай жаһандық демократиялық есеп беру мен жауапкершілікті қам­тамасыз ету мақсатындағы өзара іс-қимылдарды жетілдіруге бағыт­тал­ған нақты ұсынымдар қарас­ты­рылған.