• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
02 Шілде, 2015

Индустрияландыруға – отандық кадрлар

360 рет
көрсетілді

Білім – даму кілті

«Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты мен индустрияландырудың екінші бесжылдығын жүзеге асыру мақсатында базалық жоғары оқу орындары мен колледждерді дамытудың бағдарламасы әзірленді. Осы бағдарламаға сәйкес екінші бесжылдықтың басым міндеттерінің бірі индустрияландыру ісіне кадрлар әзірлеу болып табылады. Соның ішінде металлургия, мұнай-газ химиясы, электр энергетикасы, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, АӨК, машина жасау, жаңадан өсіп келе жатқан инновациялық салалар үшін кадр­лар әзірлеу ісіне мән беріледі. Базалық жоғары оқу орындары мен колледждерді дамыту бағдарламасы жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеу, ЖОО-лар үшін мемлекеттік тапсырыстарды ҮИИДМБ-2 жобаларының талаптарына сәйкес орналастыру және зертханалар базаларын жаңа талаптарға сәйкес жаңғырту мәселелерін көздейді. Инвестициялар және даму минис­трлігінің мәліметтері бойынша 2015-2019 жылдары жүзеге асатын 257 жобаға 46,6 мың жаңа талапқа сәйкес кадрлар қажет болады. Осы талапқа сәйкес кадрлар даярлау ісі басталып кетті. Мәселен, техникалық және кәсіптік білім салаларында кадрлар дайындау үшін «Кәсіпқор» холдингі мен 10 колледждің арасында келісімшарттар жасалды. Бұл ретте холдинг ұсынатын білім беру бағдарламаларын енгізу жаңа кадрлар даярлау ісіне көмектесетін болады. Мәселен, халықаралық тәжірибе мен индустрияландыру талаптарын ескере отырып, кәсіптік білім беру саласы үшін жаңадан 8 білім беру саласы әзірленуде. 2017-2018 жылдары тағы да 16 білім беру бағдарламасы жұмыс берушілердің қатысуымен әзірленеді. Елімізде таңдап алынған осы 10 колледж ең бірінші кезекте индустрияландырудың екінші бесжылдығын жүзеге асыруға арналған жобалар үшін кадрлар әзірлейтін болады. Осы кәсіптік білім мектептерінде жинақталған білім берудің жаңа тәсілдері мен тәжірибесі кейіннен басқа да кәсіптік білім беру мектептеріне таратылады.

Адам және уақыт

Жоғары оқу орындарында ин­дус­­трия­ландыру жобаларын қазір­гі замандық кадрлармен қамту ісінің инно­вациялық сипаты болады. Осы мақсатқа арналған білім бағ­дарламалары әзірлену үстінде. Білім сапасына қол жеткізу үшін осы іске жұмылдырылатын еліміздің таңдаулы оқу орындары қазіргізамандық зертханалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілетін болады. Мәселен, 2015 жылы таңдаулы оқу орындары үшін 24 жаңа білім беру бағдарламалары әзірленеді және осыған сәйкес базалық 10 оқу орнында 24 жаңа зертхана құрылады. Жаңа білім беру бағдарламалары әріптес шетелдік жоғары оқу орын­дарының қатысуымен әзірленеді және олардың әрбірі индустрияландырудың екінші бесжылдығының нақты жобасына апарып бекітіледі. Білім беру бағдарламаларын әзірлеуге 2015-2017 жылғы бюджеттен 962,1 миллион теңге жылма-жыл бөлініп отыратын болады. Білім және ғылым министрлігі осы бағдарламаларды әзірлеу үшін индус­трияландыру ісіне қатыстырылатын базалық жоғары оқу орындарына алдын ала төлем түрінде қаражаттың бірінші траншын аударып та қойды. Жаңа білім беру бағдарламалары 2015-2016 оқу жылынан бастап магистранттарды оқыту түрінде іске қосылады. Жаңа зертханалар жүйесін қалып­тастыру үшін 10 миллиард теңге қарастырылып отыр. Оның 3 миллиард теңгесі 2015 жылға, 7 миллиард теңгесі 2016-2017 жылдарға арналып бөлінеді. Зертханаларды құру ісі, оларға алынатын құрал-жабдықтар шетелдік әріптес жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып қолға алынуда. Мұның сыртында республикалық бюджет есебінен 2015 жылға шет­елдік ғалымдарды тарту үшін 998,8 мил­лион теңге, оқытылатын студент­тердің академиялық жинақы­лығын қамтамасыз ету үшін 590 миллион теңге қарастырылды. 2015 жылы базалық жоғары оқу орындарына белгілі бір кәсіп түріне арналған магистратуралар бойынша 1900 орынға лайықталған мемлекеттік тапсырыстар берілді. Оған қажетті қаржы республикалық бюджеттен қарастырылды. Жаңа іске дайындалу мақсатында Назарбаев Университет базасында жобаға қатысатын базалық жоғары оқу орындарының проректорлары мен кафедра меңгерушілері оқытылды. Білім және ғылым министрлігі 2017 жылдың соңына дейін базалық жоғары оқу орындары мен колледждердің инфрақұрылымдары мен материалдық-техникалық базаларын талапқа сай қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

Жаңа кәсіптік стандарттар

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі 2020 жылға дейін экономика саласына қатысты 900-ге жуық кәсіптік стандарттарды әзір­леуді жоспарлауда. Экономиканың еңбек ресурстарына сұранысын қанағаттандырудың және өндіріс пен білім арасын­дағы тікелей байланысты қалып­тастырудың аса маңызды элемент­терінің бірі кәсіптік стандарттарды әзірлеу болып табылады. Бүгінгі күні Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен біріге отырып Біліктіліктің ұлттық аясын қалыптастыру жөнінде үлкен жұмыстар жүргізуде. Мұның да басты элементтерінің бірі кәсіптік стандарттарды әзірлеу болып табылады. 2012-2014 жылдарғы кезеңде 345 кәсіп­тік стандарт әзірленді. Үстіміздегі жылы тағы 58 стандарт әзірленеді. Сөйтіп, 2020 жылға таман 900-ге жуық кәсіптік стандарт дайындалуы тиіс. Кәсіптік стандарттар оқу жоспар­ларының және мамандарды даярлау, қайта даярлау, сонымен қатар, олардың білімін көтеру ісінің негі­зіне айналуы тиіс. Сондықтан оны әзірлеуге жұмыс берушілер де белсене қатысуы керек. Денсаулық сақ­­тау және әлеуметтік даму министр­лігі 2016 жылдан бастап ұлттық кәсіпкерлік палатасына, соның ішінде жұмыс берушілердің салалық бірлестіктеріне кәсіптік стандарттарды әзірлеу және оларды белсенді ету қызметін беруді ұйғарып отыр. Мұның сыртында серти­фикат­таудың тәуелсіз жүйесін құру жос­парлануда. Ол жұмыс берушілердің тікелей қатысуымен жүргізіледі. Өйткені, бұл жүйе оқу орындарының түлектерінің алған білімдері мен қызмет дағдылары жұмыс берушінің қоятын талабына қаншалықты сәйкес екендігін анықтайтын болады. Қазіргі уақытта кәсіптік әзірлікті бағалаудың және мамандардың білік­тілігінің сайма-сайлығын бекітудің үш орталығы қанатқақты жоба ре­тінде жұмыс істеп тұр. Бұл үш орта­лық мұнай-газ, тау-кен, туристік сала­лардағы мамандарға арналған. Енді құ­рылыс және машина жасау салалары мамандарының біліктілігін бағалайтын орталықтар құрылатын болады. Қазақстанда индустрияландыру, экономикалық өсімді қамтамасыз ету және халықтың еңбекпен қам­тылуын күшейту бағытында бірқатар бағдарламалар жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні елімізде 455 мың жұмыссыз, 585 мың өнімсіз еңбекпен қамтылған адамдар бар. Олардың жалпы саны 1 миллионнан асып жығылады. Индустрияландыру осы санаттағы адамдардың дұрыс еңбекпен қамтылу мәселесін шешеді. Биылғы жылы жоғарыдағыдай бағдарламалар аясында 322 мыңнан астам жұмыссыздар мен өзін өзі еңбекпен қамтыған адамдардың жұмыс табуына көмек көрсету жос­парлануда. Үстіміздегі жылдың бес айында 153 мың адам жұмысқа орналастырылды. Олардың 80 мыңы тұрақты жұмыс орнын тапса, 73 мың адам кәсіпорындардағы уақытша жұмысқа орналастырылды және әлеуметтік жұмыс орындарына, жастардың еңбек практикаларына жіберілді. Бес мыңнан астам адам мемлекет қаржысы есебінен оқу мен қайта даярлауға және білімдерін көтеруге бағытталды.

Ғарыш саласына мамандар әзірлейді

Елімізде соңғы жылдары қазіргі заман талаптарына сәйкес қарышты дамып келе жатқан білім ордаларының бірі – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті. Бұл университет Үкіметтің арнайы шешімінің негізінде индустрияландыру саласына қажетті мамандар дайындау ісіне қатыстырылады. Осы мақсатқа лайықталып отырған еліміздегі базалық 10 жоғары оқу орнының арасында да университет бәсі биік тұр. Университет «Құрылыс материалдары, олардың бұйымдары мен құрылымдары өндірісіне» және «Ғарыштық техника мен технологиялар» секілді басымдық беріліп отырған мамандықтар бойынша кадрлар әзірлейтін болады. Қазіргі күні аталған мамандықтар бо­йынша білім беруге рұқсат беретін лицензиялар алынды. Бұл екі мамандықтың таңдап алынуының өзі бекер емес. Қазіргі күні Астанада құрылыс саласы жылдан-жылға қарқын алып, дамып келеді. Осының нәтижесінде құрылыс индустриясы зауыттарының өнеркәсіптік кластері қалыптасты. Енді оларға білікті мамандар қажет. Сондай-ақ, еліміздің ғарыш саласы да қарқынды даму үстінде. Бұл саладағы нақты практикалық жұмыстарды жүзеге асыратын «Қазақстан ғарыш сапарлары» ұлттық компаниясы жұмыс істеуде. Бұл компанияда отандық білікті кадрлармен қамтамасыз ету бүгінгі күннің көкейкесті мәселелерінің біріне айналып отыр. Әрине, ғарыш қызметі секілді инно­ва­ция­лық сала үшін білікті маман дайын­дау оңай іс емес. Сондықтан осы іске бейімделу мәселесін университет басшылығы ерте бастан ойластырып, қолға алды. Осы мақ­сат­та аталған істе мол тәжірибесі бар Герма­нияның Берлин техникалық универси­тетімен әріптестік қарым-қатынас орнатты. Сондай-ақ, ғарыштық держава Ресей тарапымен де көптеген жұмыстар жүргізілді. Осы елдің Бауман атындағы Мәскеу мем­ле­кеттік техникалық университетімен, Томск поли­техникалық университетімен және Украи­на­ның Днепропетровск ұлттық универ­ситетімен жүйелі қарым-қатынас жолға қойыл­ды. Университетте ашылған «Ғарыш техникасы мен технологиялары» кафедрасына аталған университеттердің оқытушылары мен мамандары тартылды. Сонымен қатар, жоғарыда аталған жоғары оқу орындары базасында ғарыштық технологиялар саласындағы бірінші магистрлер әзірленді. Сонымен қатар, үстіміздегі жылдың тамызында Берлин техникалық универ­ситетінің «Авиация және астронавтика» институтының базасында Еуразия ұлттық университетінің ғарыштық технологиялар саласындағы мамандары білімдерін көтеретін болады. «Авиация және астронавтика» институты шағын ғарыш аппараттары мен тасымалдаушы сынау ракеталарын жасау жөніндегі Еуропадағы ең озық оқу орны болып табылады. Сонымен қатар, Еуразия ұлттық уни­верситеті ғылыми-зерттеулер жүргізу бағытында АҚШ-тың НАСА зерттеулер орталығымен, Португалияның Ғарыш геодезиясы ғылыми зертханасымен, Неміс аэроғарыш агенттігімен, АҚШ-тың «Canopus» және «Даурия» компанияларымен, Нидерландтың микро және нано технологиялар өндіретін ISIS ғарыштық фирмасымен тығыз қарым-қатынастарды жолға қойды. Еуразия ұлттық университетіне аталған екі мамандық бойынша магистратуралар әзірлеу үшін 80 миллион теңгеден астам бюджет қаражаты қарастырылған. Оның 30 пайызы қазірдің өзінде университетке аванс түрінде бөлінді.
Соңғы жаңалықтар