• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Шілде, 2010

Марш екпінді сапарлар

680 рет
көрсетілді

Қостанай облысында басталған пресстур еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналды Рудный қаласында өткен прес­стур шарасына қатысушы журна­лис­тердің бірі Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігіндегі жаңа ме­талл зауытына келгенде “марш ек­пінді Рудный” деген еді. Елу жыл­дан астам уақыттан бері кен өн­ді­ріп келе жатқан алып кәсіпорын­ның енді металл қорыту зауыты бар. Кен алыбының ішкі қажетіне металл көп керек. Оның барлығын кәсіпорын өзі кен жіберіп отырған Ресейден миллиондаған теңгеге ке­рі сатып алатын. Зауыттың айна­ла­сы атшаптырым цехында журна­лис­тер қоршап тұрған директор Фар­хат Шакасымовтың даусы моторлар гүрілінен зорға естіледі. – Зауыт толық күшіне енгенде жылына 75 мың тонна темір бере­тін болады, – дейді Фархат Акбар­ұлы. Қалдық темірлерді сынаптай ағызып жіберетін пештер қызуы­ның күші 1500 градусқа жетеді. Кен­ші каскасын киген жігіттер қып-қызыл шоқ болып келген сом те­мірді шымшуырмен әрі-бері ау­да­рыс­тырып, суытатын сатыға жі­беруде. Директордың айтуынша, қа­зір мұнда 250 адам жұмыс істейді. Тамыз айында жұмысшылардың саны 550-ге жетпек. Негізі зауыт толық күшінде жұмыс істегенде 650 рудныйлық нәпақасын осы зауыт­тан табатын болады. Жұмысшы­лар­дың жалақысы 75 мың теңге, ал осы зауыт цехтарының барлығын бес саусақтай білетін жас маман­дардың еңбекақысы мұнан екі есе жоғары. – Қарағанды политехникалық институтын бітіріп келген жас мамандардың барлығына да биыл пәтер берілді. Солардың арасын­да­ғы 22 жастағы Қонай Жүнісбек өн­діріс цехы бастығының орынбасары болып тағайындалды. Өзі Моңғо­лия­дан қоныс аударған оралман. Біздің болашағымыз – осы жігіт­тер, – дейді Фархат Акбарұлы. Мұнан кейін журналистер Со­колов-Сарыбай кен өндіру бірлес­тігіндегі жылу-энергетика орталы­ғын аралап көрді. Бұл электр энер­гиясын өндіретін орталық кен өн­діру бірлестігінің барлық цехтарын жарық­пен, жылумен қамтамасыз етіп тұр. Сонымен қатар Рудный қа­ла­сын жылыту да осы кәсіп­орынның мойнында. Егер осы энер­гетика көзі болмағанда онсыз да алыстағы Екібастұздан тасымал­дайтын электр энергиясы кен алы­бы үшін өте тапшы болар еді. Қа­зірдің өзінде облыста электр энер­гиясына тапшылық едәуір білінеді, ал Рудный жылу-энергетика орта­лығы бұл проблеманы шешіп тас­тамаса да, жыл сайын көрсеткішті жоғарылатып келеді. Мұнан кейін журналистер “Жас қанат-2006” деп аталатын құс фабрикасына да соқ­ты. Бұл да биылғы жылдың инвестициялық жобасына кірген кәсіпорын. Тәулігіне 115 мың дана жұмыртқа өндіретін фабрикадағы жабдықтардың барлығы шетелден алдырылған. Жұмыртқалайтын тауықтардың жасына қарай әртүрлі қоспа-азық түрін дайындайтын жем цехының өзі келген адамға таңдай қақтырмай қоймайды. Журналис­тер­мен бірге сапарлас болған Пар­ламент Мәжілісінің депутаты Ольга Киколенко құс фабрикасы өкілінен жаңа кәсіпорындағы жұмыс орнын, жұмысшылардың жалақысын сұ­ра­ды. Қазір сексен адам жұмыс іс­тейді, жалпы 200 адам жұмыс іс­те­уі керек. Бұл алдағы күннің ен­шісі. Қазір әр жұмысшы 40 мың те­ң­геден табыс табады. Облыстық ішкі саясат бөлімі ұй­ымдастырған пресстур шарасына облыстағы барлық саяси партиялар филиалдарының өкілдері де шақы­рылған болатын. Мұнда жақын күн­дері алғашқы келушілерді қа­был­­дайтын аурухана кімді де болса сапасымен таңғалдырар еді. – Біздің балаларымыз осындай ауруханаларда емделуі керек. Өте ыждағаттылықпен, өте ұқыптылық­пен салынған. Міне, барлығы да осы­лай болуы керек, – деді жақсы­ның бәрін де өткен күннен іздеп, көп іске көңілі тола бермейтін Ком­­­­му­нистік партияның облыстық филиа­лының жетекшісі Людмила Горбенко. Қалалық балалар ауруханасы мұнда “100 аурухана, 100 мектеп” бағдарламасы бойынша салынған. Қазір құрылысшылар соңғы жұ­мыс­тарын бітіріп, “ине, жіптен шы­ғаруға” дайындап жатыр. Мұнда балаларды емдейтін барлық бөлім­шелер орналасады, медициналық жабдықтар дайын. Аурухананың бассейні де бар. Онда омыртқасы за­қымданған және мешел ауруына шал­дыққан балаларға жаттығулар жа­сайтын болады. Сонымен қатар ана­сы науқас сәбиімен бірге жа­татын палаталар да жабдықталады. Аурухана 360 төсекке арналған. – Мұндай аурухана елімізде не­кен-саяқ екенін қазірден бастап мақ­танып айтуымызға болады, – де­й­­­ді қалалық балалар аурухана­сы­ның бас дәрігері Наталья Пара­ти­кова. Ал Рудныйдағы 900 балаға ар­налған қазақ орта мектебінің ғи­мараты оқу жылының аяғында пай­далануға берілген. Бұл мектептің қолайлылығы мен сән-салтанатын көрген де, көрмеген де арманда де­­­се болар. Компьютер сыныбы, ин­тер­ак­тивті тақта, интернет, акт за­лы, спорт зал, бес жолақтық бас­сейн, қос-қос кітапхана кез келген мек­тепте бар деу әлі ерте. Бұл мек­теп­­тің де құрылысының сапалы жүр­гізілгені көрініп-ақ тұр. Жур­на­лис­тер мектеп директоры Қайыржан Нұрмұхамбетовтен жаңа білім ор­да­сының мұғалім кадрлармен жаб­дықталуы жайлы сұрады. – Тәжірибелі мұғалімдер бар­шы­лық. Соның сыртында жас ма­ман­дарды алуды ойластырып отыр­мыз. Тілек білдіргендердің барлығы да байқау арқылы іріктеледі,–дейді Қайыржан Рахымжанұлы. – Мұндай мектеп республика­ның басқа шалғайында бар шығар, бірақ облыста әлі кездестіргенім жоқ. Балаларға білім беру үшін жұм­салған қаржы қасиетті десе бо­лар. Мына мектепті көргенде пар­таға өзім­нің отырғым келді, – деп таң­дан­ысын жасыра алмады Қа­зақ­станның жалпыұлттық социал-демократиялық “Азат” партиясы облыстық филиалының өкілі Ген­надий Власов. Журналистер мен саяси партия­лар филиалдары өкілдері үшін маусым айының соңынан басталған пресстурдың бұл тек Рудныйға са­­­па­рындағы мәліметтері ғана. Ал бүйі­ріне “Бірлігіміз жарасқан!”, “Ау­ылдың көркеюі – Қазақ­стан­ның көркеюі” деген жазуы бар пла­кат жапсырған автобус Меңдіғара, Қарабалық, Қостанай аудандарына да сапарлаған. Онда журналистер мен саяси партиялар облыстық филиалдарының өкілдері жеткен жетістіктерін, әсіресе, соңғы жыл­да­ры “Жол картасы”, “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламаларының, инвестициялық-инновациялық жо­балардың жүзеге асуын көздерімен көрді, мамандар мен басшыларды тыңдады. Мысалы, Меңдіғара ау­данында бокс және грек-рим күре­сіне арналған спорт зал және орта­лық стадион күрделі жөн­деуден өт­кізілді. “Тың-2009” жазғы спарта­киа­дасы да осы Меңдіғарада өтті. Мұндағы көптеген игі істер бюд­жеттің қалтасына салмақ сал­май, орта және шағын бизнестің кө­ме­гімен атқарылады. Ауданда 500 агронысан бар. “Көп түкірсе – көл” деген емес пе, олардың бар­лы­ғы да ау­ылды көркейтуге шама-шар­қын­ша үлес қосып отыр. Ау­дан­дағы қырықшақты мектептің, дәл сондай емдеу мекемелерінің жөндеу жұмыстары осының айғағы. Аудандық аурухананы жергілікті басшылар пресстурға қатысушы­лар­ға мақтана көрсетті. Бұл толы­ғымен күрделі жөндеуден өтіп, бі­рың­ғай ұлттық жүйені ауылдық жер­де меңгере бастаған медици­на­лық мекеменің бірі. Аурухананың өзінде қан құю, телемедицина орталықтары, маммограф жұмыс істейді. Соңғы жылдары келген жас дәрігерлер материалдық мұқтаждық сезінбейді. Қарабалық ауданында пресстур мүшелерін аудан әкімі Федор Фи­липповтың өзі қарсы алып, күрделі жөндеуден өткізілген әлеуметтік нысандар, құс фабрикасының құ­рылысы және жаңадан пайдалануға берілген сауықтыру кешені туралы баяндап берді. Мұндағы бұрынғы Комсомол құс фабрикасы түгелдей жаңа сипат алмақ. Бұрын үйрек өсіретін кәсіпорын жаңа жоба бой­ынша қайта салынып, қоңды ба­лапан өсіріп, құс етін дайындайтын болады. Ал “Ғашура ана” мешіті – Қарабалық ауданының мақтаны­шы. Мұндай сәулетті имандылық үйі облыстың басқа шалғайы түгел, орталығында да жоқ. 400 адам намазға қатар тұратын бұл мешітте неке қию залы, 250 орындық ас­хана, кітапхана бар. Ал Қостанай ауданында журна­листер мен саяси партиялар бе­л­сенділері сапарын жаңада ғана жұмысын бастаған инвестициялық жобаларды аралаудан бастады. “Садчиков” жауапкершілігі шек­теу­лі серіктестігінде 400 бас сиырға арналған сауын фермасы ашылды. Мұнда жұмыстың барлығы да ком­пьютерлендірілген. Сауынды бірне­ше адам ғана сауады. Соны­мен қатар кешеннің өзінде сүтпен қатар қаймақ, май, сүзбе өндіріледі. “Қа­расу-Ет” қасапхана және өңдеу кешені базарды етпен ғана емес, шұжықтың бірнеше түрімен байыта түсетін болады. “Жас қанат” қоңды тауық фабрикасы өндірген өнім де негізінен жергілікті базарға шыға­рылады, азық-түлік молшылығын жасауға үлес қоспақ. Осы айтылған инвестициялық жобалардың барлы­ғы да жұмыс орындарының ашы­луы­мен де құнды. Журналистер тек жетістіктерді тыңдап қана қойған жоқ. Кәсіп­­­орын мен аудан басшыларына проблемалардың қалай шешімін тауып жатқандығы жөнінде де түрлі сұрақтар қойып, жауаптар алды. – Пресстур Қазақстан тәуелсіз­дігінің 20 жылдығына арналады. Тәуелсіздік алғалы еліміз экономи­касы нарық қиындықтарын да, қаржы дағдарысын да бастан кешіріп келеді. Бұрын Кеңес Одағы кезінде шикізат өндірумен шектел­ген Қазақстан 20 жылдың ішінде дамудың даңғыл жолына түсті. Қазір экономикалық байланыстар ауқымы өте кең, дамыған, мойны озық елдер қолданған техноло­гия­лар мен озық үлгідегі жабдықтар қа­зір біздің кәсіпкерлер мен тауар өн­дірушілерге жат болмай қалды. Мұның барлығы да тәуелсіз­д­і­гіміздің жеткен жетістіктері. Біз пресстур арқылы осының барлы­ғын да насихаттауды жөн көрдік, – дейді облыстық ішкі саясат басқар­­масы саяси партиялар және үкімет­тік емес ұйымдармен жұмыс бө­лі­мінің бастығы Гүлпара Жұмағұлова. Пресстурға қатысушылар енді Жітіқара ауданын бетке алды. Са­пар мұнымен тоқталмақ емес, ал­дағы уақытта облыстың басқа ау­дандарын да аралайтын болады. Инвестициялық жобалар­ды, соны­мен қатар “Жол картасы”, “100 мек­теп, 100 аурухана” бағ­дарла­ма­ларын жүзеге асырып жат­қан және игілікті істер бастау алған аудандар пресстурдың келуін кү­те­ді. Жақсы іс дәстүр болып жал­ға­сатын түрі бар. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. ҚОСТАНАЙ.