• RUB:
    5.48
  • USD:
    474.09
  • EUR:
    514.01
Басты сайтқа өту
27 Шілде, 2010

Кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Бейбіт Шүменов: “Бұл жеңісімді ұлтыма арнаймын”

651 рет
көрсетілді

Алып мұхит әлдилеген Америкадан құс қанатымен жүрекжарды хабар жетті. Сүйінші, алаш жұрты! Қазақтың шоқпар жұдырық, қайыңның безіндей құрыш білек баласы Калифорния штатында WBA-ның алтын белбеуін халқына сыйға тартты. Қазақ жылнамасына тіркелетін жаңа дерек бұл. Олай дейтініміз, Бейбіт Шүменов ІBA-жүйесінің алтын белбеуіне тоғыз кезде­­су­ден кейін жетті. Бұған дейін WВO Asіa Pacіfіc, WBC Asіan Boxіng Councіl және PABA-ның алтын белбеулерін Шүменовтер шаңырағының төріне іліп қойған қазақтың батыр баласы он кездесуден кейін дәрежесі ең мықты саналатын WBA-ның да алтын белбеуін қарымта кездесуде қорғап қалды. Екі жүйе бойынша әлем чемпионы Бейбіт Шүменов кәсіпқой бокста осындай тамаша табысқа қол жеткізген тұңғыш қа­зақ. Тарихта WBA-ның алтын белбеуіне 10 кездесуден соң қол жеткізген тұңғыш бокс­шы да – Шүменов. Бұлай болу себебі, Бейбіт кездесулерін атақтарына қарамай кіл мықтылармен өткізді. Оның ішінде бұрынғы әлем чемпиондары да бар. Балқаштық барыс Василий Жировтың ІBA жүйесі бойынша алған белбеуін өзінде қалдыра алмағанын ескерсек, қазақтың сом алтындай баласының айтулы жеңістері байтақ Қазақстанның кәсіпқой бокстағы тұңғыш жүлделері. Сондықтан, бұл қуаныштың алаш баласы үшін жөні де, жосығы да бөлек. Бейбіттің әкесі Әмірхан көкеміз айтады. Бокс десе ішкен асын жерге қоятын, қазақ ұландарының шаршы алаңдағы жеңістеріне жүрегі жарылардай қуанатын, спорттың осы түрінің бүге-шігесіне дейін талдайтын Мү­сілім Дайырбеков ағамыз қоңырау шалыпты. “Әй, Әмірхан, сенің қандай күйде бол­ғаныңды қайдам, мен Бейбіт рингке шыға­тын күні кірпік айқастыра алмадым. Біздің бала баяғының батырларындай қайрат көрсетті. Кәсіпқой бокста бұрын-соңды қазақ ұлтының қолы жетпеген жеңісті сыйлады. Халқымызға құт болғай!” Жеңістің бағасын білетін адам осылай дейді. Расында, қазақтың жампоз жігіт­те­рі­нің әуесқой бокста әлем чемпионаты, Олим­пиада ойындарынан саудыратып ал­тын, күміс медальдарды әкеліп жүргеніне кө­зіміз үйреніп, етіміз өліп кетті ме, Бейбіт Шү­меновтің кәсіпқой бокстағы тамаша та­быстарын бағалай алмай жатқан секілдіміз. Біле білсек, екеуінің жөні басқа. Әуесқой бокс жеңістің тағдырын төрт раундта шешіп берсе, он екі раундқа дейін созылатын кә­сіп­қой бокс ғаламат майдан, нағыз хас ба­тыр­лардың сыналатын кезеңі. Мұнда әуес­қой бокстағыдай төреші үш рет нокдаун ашса жарысты тоқтатпайды. Кеудеңнен жа­ның шығып кетпесе, қос қолыңда ұрысқа тұратындай қуат қалса майдан даласында сүркіл саласың. Қылышпен қидаласып, гүрзімен опырып ұратындай жекпе-жектің он екі раундына жігіттің сырттаны ғана өз жолымен шыға алады. Бейбіттің WBA жүйесі бойынша қарсы­ласы әлем чемпионы Вячеслав Узелков көшеде жүрген бозымбайлардың бірі емес еді. Кәсіпқой бокста 22 кездесу өткізіп, бір­де-бір рет жеңілістің дәмін сезінбеген Узел­ков сол жеңістерінің 14-інде қарсы­ла­сын нокаутта жыққан. Ал, бұған дейін 9 кездесу өткізіп, біреуінде қарсыласына есе жіберіп, 6-ында талдырып түсірген Бейбіт Шүме­новті фаворит санамағандар мол болған. Бұл – біздің жігітті білмейтіндердің есе­бі. Узелков буына пісіп келіпті. Ағайынды Клич­колардың қол астында жаттығатын жі­гіт ешқандай сұрақ туындамас үшін Шү­меновті ұрып жығатындығын интернет арқылы жаһанға жария етіп үлгеріпті. “Әлем чемпионатының белбеуін Шүменов аз-кем қызықтай тұрсын, сосын өз еркімен маған береді. Ол қазаққа шаршы алаңда көресіні көрсетемін”,– дегенді және қосыпты. “K2 Promotіons Ukraіn” компаниясының бас директоры Александр Краснюк та ос­­ындай ойда екен. “Менің болжауым лауазымды қызмет тұрғысынан емес, кәнігі маман тұрғысынан-ақ болсын. Узелков жекпе-жекте Шүменовті нокаутқа жібереді. Меніңше, тоғызыншы раундқа дейін”. WBA-ның белбеуін Габриэль Кампильо­­дан алып, сол атағын қорғау үшін қайта май­данға түскен біздің Бейбіт ондай ұсақ­тыққа, арзандыққа бармапты. Тегінде батыр туған, айтулы бапкер Нұрғали Сафиулиннің тәлімінде тер төккен жігіт сөзін: “Бәріне шаршы алаң – төреші”,– деп шорт тыйған. Нұрғали бапкер Бейбіттің Олимпиада ойындарының жеңімпазы болатындай мүмкіндігі бар еді дегенді жиі айтатын. Бейбіттің жекпе-жектерін бірінші рет кө­ріп жүрген жоқпыз. Атақ-даңқ дегенді мой­ын­дамайтын, жүрегінің түгі бар бауырымыз гонг соғысымен қарсыласын найзағайдай жарқылдаған соққыларымен тықсыра жө­нелетін. Бұл жолы да солай болды. Узелков алғашқы раундта қардай бораған соққының астында қалды. Бірінші раундтың ортасында айқастың қызығына түскен Бейбіт сол жақ қапталдағы талмау тұстан ұрған қысқа соқ­қы­ны өткізіп алды. Нокдаун. Тез бойын жи­нап алған Бейбіт ештеңе болмағандай Узел­ковты бұрыштан бұрышқа қуды дейсіз. Қор­ғаныста жүрген, анда-санда бір ұрып, ұрыс даласынан сытылып шығуға дайын жүрген Узелковтың да өз есебі болғанға ұқсайды. Бей­біттің барлық жекпе-жектерін зерттеп, оның ашық айқасты қолай көретінін білетін Вячеслав қарсыласы шаршаған соң сүркіл салмақ болған. Алайда, ол есебі дұрыс шықпады. Үшінші раундтың соңында украин жігіті бір құлап тұрды. Шүменовтің шабуылын тойтарған Узелков сол қолын көтеріп үлгер­ме­ді. Қазақ жігітінің гүрзімен ұрғандай жой­қын соққысы басын жұлып кете жаздады. Осы ғаламат соққы украиндықтың қуатын алып кеткендей болды. Төртінші, бесінші, алтыншы раундтар. Майдан даласында қасқайып тұратын ер түркінің баласы украин жігітінің төбесінде жасын ойнатуда. Шүменовті ұрып жығам деген батырың қос қолын қалқан етіп жамылып, шаршы алаңнан шыға қашатын тесік таппай жүр. Ашық айқаста жүрген біздің жігітіміз ашық қалған сәттерде ұрып қалуға тырысқан Узелков қорғанынан шықпады. Кәрін тігіп, бетпе-бет келсе қазақ батырының таптап кетерін білгендей. Ал, қорғаныста жүрген, талмау тұстары жабық боксшыны ұру қиын. Оны жұрт әуесқой бокста екі дүркін әлем чемпионы, төрт раунд емес, сегіз раунд бойы қос қолымен талмай ұра алатын Серік Сәпиевтің жекпе-жектерінен көріп жүр. Қос қолын қалқан етіп, анда-санда ашық ай­қас­та жүрген Серікті бір ұрып, талайлар Сә­пиевтің бәйгесін алып кеткен. Ал бұл жек­пе-жекте Бейбіт Вячеславтың бір соққысына бес соққымен жауап бергенін айтсақ, ба­сымдылық қай жақта болғандығы белгілі. Әлем чемпионатында қас қақпай, әрбір мық­ты соққыларды есепке алып отырған қа­зылар есебін шығарды. 118:108, 118:108, 117:109. Үш төреші де бірауыздан жеңісті қазақ жігітінің пайдасына жазды. Біз сәл қалғып жүретін халықпыз ғой. Африкада доп додасы өткенде Қазақстанға еш қатысы жоқ болса да барлық матчтарды көрсетуге демеушілер табылды. Ал, “қазақ­тың батыр халық екенін дәлелдеймін” деп әкесі Әмірхан өтінсе де, анасы Сәуле жа­лынса да шаршы алаңнан кетпей жүрген ба­ты­рымыздың жекпе-жегін қазақстан­дық­тар­ға тікелей көрсетуді ұйымдастыра алмадық. Ал, украиндар қайтті? Сонау Киевтен саймандарын, керек-жарағын сүйретіп, “Ин­тер” телеканалы келді. Мемлекеттік тап­сырмамен. WBA-ның алтын белбеуін же­ңіп алатын алтын баласын украин жұртына көрсетіп, сүйінші сұрау үшін. Біреудің қаңсығын таңсық қылатын, өз қуанышымыздан кешігіп жүретін жайба­сарлығымыз-ай десеңші... Матч басталардан екі-үш күн бұрын Қазақ байрағын көтергенінше алып кеткен, Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының бас хатшысы Алтынбек Нұрдәулетов ең алғаш сүйінші сұраған адам болды. Бейбіт­тің туған інісі, промоутері Шыңғыс Шүме­нов бұл кезде бүкіл Америка көз тіккен бауырын шаршы алаңда иығына көтеріп жүрген еді. – Әбеке, ағатай-ай! Жер түбіне келіп, не болады деп уайым жеп едім. Бейбіт тас-талқанын шығарды ғой. Әбеке-ау! Сәуле жеңешем екеуіңіз батыр тәрбиелепсіздер. Сол үшін халқымыздың атынан мың ал­ғыс! – депті Алтынбек Американың төрінен сымсыз телефон арқылы аптығып. Осы айтулы жекпе-жектен үш күн бұрын Әмірхан жездеміздің офисіне бас сұққанбыз. Қабырғаларға Бейбіттің кездесулерінен керемет фотолар ілініпті. Кампильомен жекпе-жек. Иығына қан дағы жұққан Бейбіт жауар бұлттай түнеріп оң қолымен опырып ұруға төніп келеді. Көзі от, қабағы мұз. Кампильо ауыр соққыдан құ­тыла алмасын біліп, басын бауырына тықпақ әрекетте. Бізді толқытқаны ол емес. Бей­біттің тамырлары, тіпті жіңішкелері де бі­леуленіп, терісін қазір жарып шығардай күйде екен. Дәл қазір жарылардай. Дүние жүзінің ең мықты суретшісі мұндағы ұрыс қаһарын дәл осы фотодағыдай бере алмас еді. Солғындатып алар еді. Тастүлек ұл: “Қабырғамды біртіндеп сөксең де жолымды, жеңісімді бере алмаймын” ,– дегенді қабағымен ұқтырады. “Апыр-ай”,– дей бердік іштей. “Өзінің әуесқой бокста ала алмай кеткен еншісін ердің сойы түсетін кәсіпқой бокстан тапқан, өз халқының намысы үшін маңдайын шойын жұдырықтарға тосып жүрген бауырым-ай! Аты бокс демесең, нағыз қан майданның өтінде жүр екенсің-ау”. Әбекең түсінді. Жеңіл күрсінді. – Саған не жетпейді? Денсаулығыңды құртасың, қоя ғой, – десем, көнбейді. “– Әке, қазақтан кәсіпқой бокста әлем чемпионы болған ешкім жоқ. Халқымыздың қандай ұлт екенін дүние жүзі білсін. Әлем чемпионы болмай тоқтамаймын, батаңызды беріңіз”, – дейді. Сол Бейбіт дегеніне жетті. Өзін дәлелдеу үшін аз-мұз ағылшыншасымен Американың төріне жалғыз аттанып кеткен. Клубтарға барып, қарсыластарын талдырып жығып, үлкен мамандардың көзіне іліккен. Бауыры екеуі халықаралық промоутер орталығын құрып, есік көзіне хатшы қыз ұстап отыр­ған. “Менен кейінгі інілерім келгенде мен құсап қиналмасыншы”, – деп атышулы Лас-Вегастан 1 гектар жер алып, спорт қала­шығын салып жатқан... Асыл бауырлары­мыздың ерлік баяны жайлы әңгіменің басы ғана бұл. Бірде Әмірхан Шүменов сенатор Әділ Ахметовтің үйіне барыпты. Қабырғада ілулі тұрған ұлының суреті көзіне оттай басылған. “Біздің ұл ғой”,– депті ерлі-зайыпты Ах­метовтер. Батыр жігіт Бейбіт – бар қазақ­­­тың баласы. Оның қуанышы әкесі туып өскен Қазығұрттың, өзі дүниеге келген Шым­кент­тің, тай үйретіп, аунап-қунап қай­татын нағашы жұрты Жамбыл облысындағы Калинин – Жайылма ауылының емес, бар қазақтың қуанышы. Америкадан қоңырау шалғанда Бейбіт: “Шет жүрсем де туған елім ойымнан бір минут шықпайды. Қазақстанға Еуропа төрін ұсынды. Елбасымыздың атақ-абыройы әлемге тарап тұр. Қазақстан, Назарбаев десе америкалықтар елеңдейді. Мен де табы­сым­ды қоссам деп едім. Ниетіме жеттім. Аман­дық болса, елге жақында барам”, –депті. Ұлтының садағасы болған арда ұл осылай дейді. Бұл күнде Америка шоу бизнесі де, белді телеарналары да қазақ ұлын қос атпен қуып, құрақ ұшып жүр. “Матчыңды бізде өткіз, келісім-шарт жасасайық, долларды милли­ондап санап аласың”, – дейді үздігіп. Бейбіт Шүменов ондай пенделіктен биік. “Мықты қарсыласпен сыйақысыз-ақ шар­шы алаңға шығуға дайынмын” дегенді жиі айтатын бауырымыз қазақ ұлтының биік қа­сиеттерін дүние жүзіне осылайша әйгілеуде. Ал, кәсіпқой боксты пішен ақша көре­тіндер бұл қасиетіне түсінбейді. Түсінбей-ақ қойсын. Өйткені, ол “арым – жанымның са­дағасы” дейтін тамырлы ұлттың баласы ғой. Оған миллион доллардан өз ұлтының на­мысы артық. Ол намысты ақшаға сатпайды. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы.