ПАВЛОДАР. 22 мамыр. Облыс орталығындағы С. Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің волонтерлық топ мүшелері халықаралық көрмеге арналған тренингке қатысты. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Тренинг Әлеуметтік-волонтерлік орталығының «Облыстың қалалары мен аудандарында волонтерлық жасақтардың жұмысын ұйымдастыру жобасын іске асыру шеңберінде өтті. Онда студенттер «Тізбек», «Көпір», «Тамшы, өзен, мұхит», «Жол», «Белгі», «Қырықаяқтар жүгірісі» сияқты жаттығуларға қатысты.
Университетте «ЭКСПО – Болашақтың энергиясы» халықаралық көрмесіне волонтерларды дайындауға байланысты қазақ және ағылшын тілдерін оқыту курстары басталды. Халықаралық көрмеге волонтерларды дайындау орталығы «Мен кіммін?», «Сөйлемді аяқта» сияқты студенттердің сөздік қорын байытуға бағытталған ойындар арқылы «Мен – волонтер» және «ЭКСПО тарихы» тақырыптары бойынша әңгімелесу сабақтары болды. Студенттер сабақта ЭКСПО тарихына байланысты өз ойларын ортаға салды.
Фарида Бықай.
Дерек, сурет: egemen.kz