• RUB:
    5.48
  • USD:
    474.09
  • EUR:
    514.01
Басты сайтқа өту
28 Шілде, 2010

Ел ағасы Ерағаң

795 рет
көрсетілді

Еркеғали Рахмадиев! Ол өзінің талантты шығармаларымен – операларымен, симфониялық күй­лері­мен, поэмаларымен, труба мен оркестрге, скрипка мен оркестрге жазған концерттерімен, басқа да туындыларымен қазақтың музыка өнерін жарқыратып әлем сахнасына шығаруға, өзге елдерге, дү­ние жүзіне танытуға құлшына ат салысып қана қоймай, әдебиеттегі, музыка саласындағы, өнер­дегі аттары бүгінде аңызға айналған Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Мұқан Төлебаев, Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков, Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құр­манғалиев, Нұрғиса Тілендиев, Шәкен Айманов сияқты талай асыл саңлақтарымызбен кезінде қоян-қол­тық араласып өмір сүрген, соларға іні, дос бола білген, көкірегі алтын сандық сияқты, бүгінгі һәм келер ұрпақтар үшін інжу-маржандай сырларға толы, ұлтымыздың мақтаныш тұтар тұлғаларының бірі. Сонау алыста қалған 1968 жылдың өзінде-ақ бұрынғы Кеңес Одағының аузы дуалы марқасқасы, музыканың білгірі Родион Щедрин ол туралы былай деп жазған еді: “Оның шығармалары Еуропа мен Азияның көптеген елдерінде, Америка континентінде орындалып келеді және әрдайым жұрт­шы­лықтың қызығушылығын туғызуда. Еркеғали Рахмадиев – өз халқының мәдениетіне тамыры те­рең бойлаған композитор. Оның музыкасы арқылы қазақ өнері бүгінгі таңда еліміздегі ең таңдаулы кон­церттік эстрадаларда көрініс береді; оның шығармалары шет елдерде табысты түрде орын­да­ла­ды... Кеңес елі сыншыларының пікірінше оның музыкасы қазіргі қазақ музыкасының “визиттік кәртішкесіне” айналған”. Одақ көлемінде осындай баға алып жүргенінде Еркеғалидың жасы небәрі 38-де ғана екен. Бүгіндері, Ерағаң 80 жастың сеңгіріне шығайын деп отырған күні мен өзімнің ол кісі туралы білетін, көңілге түйген біраз сырларымды халқымыздың ықыласына бөленген “Егемен Қазақстан” газеті арқылы жұртшылық назарына ұсынуды жөн көрдім.

Автор.

“Еркеғали Рахмадиев Алматыдан Аста­наға көшіп келіпті” деген хабарды естіген соң зайы­бым Хабиба екеуміз қазақы дәстүр бой­ынша Ерағаң мен Клара жеңгейге ша­ңы­ра­ғымызды көрсетіп, ерулік беруді ойлағанбыз. Бірақ мекен-жайы мен телефонын білмейміз. Жалғыз қазақ халқы емес, берісі – бұ­рынғы Кеңес Одағына кірген республикалар­дың барлығы, әрісі – шет мемлекеттердің му­зы­ка сүйер қауымы атына қанық, ХХ ғасыр­дағы қазақтың әйгілі композиторы Еркеғали Рахма­диев­тің өзін де, зайыбы Клараны да бұрын­нан, Алматыда тұрған кезімізден жақсы танитын едік. Менің әйелім Хабибаның туған әпкесі Әмина Ерағаңның үйіндегі Клара жең­ге­міздің етбауыр жақын ағасы, қазақтың бел­гілі этнограф ғалымы, профессор Халел Арғын­баевқа тұрмысқа шыққан кезден бастап Ерағаңның өзімен, отбасымен жақын ара­ласып кеткенбіз. Бастапқыда, Орталық партия комитетінде істеген жылдарымда жасы бізден едәуір үлкен Ерағаңды ресми жиындарда, қызмет бары­сында көрген жерде іштей сыйлайтынымды, қадір тұтатынымды білдіріп, әдейілеп сәлем беріп жүретінмін. Кейінірек құда-жекжаттық жолымен анда-санда бажам Халелдің үйінде, біздің үйде, Ерағаңның өз үйінде дастарқан басында кездесетін болдық. Ондай отырыс­тарда Ерағаңмен бірге болу қы­зық­ты, ол айтқан әңгімелер де, әзіл-қалжың да үйдің ішін көңілді күлкіге бөлеп, ажар­ландырып жіберетін. Астанадағы тұрағының дерегін немесе телефонын қайдан табамыз деп жүргенімізде Ерағаңның өзімен және жең­гемізбен ойламаған жерде көшеде ұшырасып қалдық. Ол Хабиба екеуімізді көрген бой­ында-ақ: – Астанаға келгенімізге біраз болды. Сен­дер көрінбейсіңдер. Екеуің бізге ерулік бер­мей, оп-оңай құтылып кетеміз деп ойлап жүр­ген жоқсыңдар ма? – деп бірден әзілге басты. – Келгендеріңізді естідік. Бірақ әдріс­те­ріңіз бен телефондарыңызды білмей, мысы­мыз құрыды емес пе, – деп ақталып жатырмын. – Ендеше, жаз үйдің телефонын. Ал әдрісімізді звандағанда білерсіңдер, – деді Ерағаң... Ол кісі үйге келгенде жалғыз отырмасын деп біраздан бері дастарқанымызда болмаған тағы бірер достарымызды қоса шақырғанбыз. Ерағаң бұл жолы да әдеттегісіндей көңілді отырды. Клара жеңгеміз екеуінің Астанаға қалай көшіп келгенін де қызықты етіп әңгімелеп берді. – Үйді сізге Президентіміз бергенін білеміз. Сіз сонда ол кісінің қабылдауына жазылып, Астанадан үй сұрадыңыз ба? – деген аңғалдау сұраққа Ерағаң: – Жалпы, есімдері елге танымал әжептәуір азаматтар өздерінің жеке бастарына қажетті бірнәр­селерді сұрау үшін Президентке кіруге ұмтылуларын өз басым дұрыс деп санамаймын. Президент – елдің, халықтың адамы. Сондықтан оған барғанда да қоғамдық, халықтық, елдік мәселелері сөз болуға тиісті. Өзім туралы айтар болсам, Президентке бір барғандағы айтқан мәселем – ақпарат, спортпен бірігіп кеткен Мәдениет министрлігін қайтадан өз алдына жеке шаңырақ етіп бөліп шығару жөнінде болған еді. Қандай дамыған, өркениетті елді алсақ та, Ғылым академиясы, Мә­дениет министрлігі жоқ ел болмайды. Егер мәде­ниетке алты қанат ақ үй тігіп беруге мүмкіндік жет­пей жатса, үш-төрт қанат болса да шаңырағы, босағасы бөлек жеке үй тігіп берген жөн-ау деген пікірімді білдірдім. Ақпарат дейтін үздіксіз жұмыс істейтін нәрсе ғой. Ана газет не жазып жатыр, радио не деп сөйлеп жатыр, теледидар не көрсетіп жатыр, қандай кітаптар басылып жатыр деген сияқты. Толып жатқан дүние. Оппозиция да бар дегендей. Екі саланы бір адам басқара алмайды. Қандай керемет болса да. Ертеден кешке дейін сол ақпаратпен отырады. Сөйтіп жүргенде мәдениет ақсап қалады. Ал оның да музыкасы, театрлары, киносы, бейнелеу өнері, тағы басқа нәрселері толып жатыр деп. Обалы не, бөліп берді ғой. Бірақ кейін, өкінішке қарай, жылға жетпей қайтадан біріктіріп жіберді. Кейін тағы қайтадан бөлді. Бұл жерде мен енді Елбасының, Үкіметтің ісіне төрелік айтайын деп отырған жоқпын. Үкіметтің саясатының толып жатқан қатпар-қатпар астарлары бар емес пе... Тағы бір барғанымда сонау тоқсаныншы жыл­дар­да­ғы қиын кезеңдерде шет елдерге кетіп қалған музы­канттарымызды, композиторларымыз­ды, өнерлі жастарымызды елге қайтару, өнерді дамытуға көбірек қаржы бөлу, опера, балет, сим­фония сияқты күрделі жанрларда жаңа шығарма­лар жазылуы үшін талантты композиторлармен шарт жасасып, тапсырыс беріп, ынталандырып отыру сияқты жайлар сөз болды. Президентке мың рахмет. Жалғыз экономикамызды ғана емес, мәдениетімізді де өрге бастыруға жанұшыра ат салысып жүр ғой. Шүкіршілік, жаңағы шеттегі таланттарымызды елге қайтару, өнерді өркендетуге қаржы бөлу сияқты мәселелер де бірте-бірте өзінің шешімін тауып келеді. Осындай әңгімелер үстінде кейде басқа да тақы­рыптарға ойысып кететін жайлар болады. Бір жолы ол мені осындай бір әңгіме үстінде жайлап-жайлап оппозиция тақырыбына қарай қақпайлады. Тікелей айтпайды, ақылды адам ғой. Сайлау жақындап келе жатқан, оппозиция өз белсенділігін барынша күшейтіп тұрған. Мен өзім де егер Нұрекең осы тақырыпта әңгіме қозғаса не айтуға болар еді дегенді шамалап ойланып барғанмын. Содан айттым: – Нұреке, баяғыда Ғабит Мүсірепов ағамыз­бен жиі араласып жүргенімде Мойынқұм ауданына барған едік. Жамбыл облысында. Бетпақдаланың шетінде. Сонда Назарбеков Айтбай дейтін азамат аудандық партия комитетінде хатшы болды. – Білемін, – деді Нұрекең. – Сол кісі Ғабаңды көктем, күзде аң-құс атып, демалып қайтуға жылда шақыратын. Ғабаң қасына мені ертеді. Көктемде үйрек ататынбыз. Күзде қаз, қасқырға баратынбыз. Бір жолы мамыр айында аттандық. Ұмытпасам, мамырдың 5-і мен 9-ының арасында. Сол уақытта шеңгел де, сексеуіл де, жиде де бәрі бірге гүлдейді. Олар­дың иісі ен даланы, жер-көкті алып кетеді. Аңқыған хош иіс! Оның қасында французыңның иіс­майының көк тиынға керегі жоқ. Біз келсек, Ғабең екеу­мізге жататын үйді бөлек тігіпті. Қасында тамақ істейтін, ас ішетін үйлері бар. Солардың бірінде екі орыс азаматы жатыр екен. Тамаққа бізбен бірге келіп отырды. Сұрастырсақ, Ленинградтан келіпті. Мұнда неғып жүрсіздер деп едік, келген шаруаларын айтты. “Соғыстан бұрын Ленинградтың Выборг жағындағы орманда арнайы қорық ашып едік. Солтүстік бұғыларының ішіндегі сирек, таңдаулы түрінің елу шақты тұяғын өсіп-өнсін деп сол жерге әкеліп жібергенбіз. Содан со­ғыс басталып, әлгілерге қарайтындай жағдай бол­май кетті. Соғыс біткен соң жаңағыларды барып қарасақ, қасқыр жеген, бомба мен снарядтың жарықшағынан өлген, тым азайып, жиырма шақтысы ғана қалыпты. Сондықтан бұғылардың өсіп-өнуіне енді кедергі жасамасын деп, сол маңдағы қасқырдың бәрін қырып тастаған едік. Арада тағы бір жиырма бес жылдай өткен соң әлгілерді барып қайта зерттесек, әбден көбейіп, өсіп-өніпті. Бірақ баяғы түрлері жоқ, бойлары аласарған, тапалтақтау, бұғағы мен қарындары салбырап семірген. Бұрынғыдай мойындарын созып, ағаш жапырақтарын жеуге ерінеді, шамалары да жоқ. Аяқ астындағы шөпті ғана жейтін болыпты. Қимылдары марғау. Қасқырларды қы­рамыз деп бұғылардың тұқымын аздырып, сиырға ай­налдырып ала жаздаппыз. Жағдайды қайта түзеу үшін сіздерден біраз тірі қасқырлар алып кетуге келдік деді әлгілер. Сөйтіп, орманда жүрген тағыны ит-құстар анда-санда үркітіп тұрмаса, қарындары қампиып, сиырға айналып кетеді екен. Саясаткерлер үшін оппо­зиция да сол қасқырлар сияқты емес пе деп едім Нұре­кең мәз-майрам болып күлді. Ойпыр-ай, қайдағыны қайдан тауып айтасыз. Тағы да айтыңызшы деді. “Оппо­зиция деген сол. Сен тауда жүрген тағысың. Ойда жүрген ит-құстар анда-санда үркітіп тұрмаса болмайды” деп әзілдедім. Оппозиция деген сөзге өзімше бір тапқан бейнелі суретім ғой. Осылайша сөзіміз, әзіліміз жарасып жүреміз. Жалпы мен Елбасыға ризамын. Қазақ­станның қазіргідей табыстарға жетуі соның еңбегінің арқасы ғой. Егер ол болмаса жұрт ақшасына сатып ала алмайтын үйді маған да кім береді, – деп рахаттана күлді Ерағаң. Содан соң сөзін жалғады: – Президентте болған қабылдауды теледидардан көрсететін әдет бар ғой. Сол күні де көрсетсе керек. Кеш­тетіп Қазтай Ұлтарақов деген досым үйге телефон соқты: “Әй, сен осы Елбасыға не істеп қоясың? Біз бар­сақ, басқалар барса қабағын ашпайды, сен барсаң қарқ-қарқ күліп отырады”, – деп. Мен де оған әзілдедім: “Қазтай, сен барсаң ана шолақ қолыңды әдейі алдыңа ұс­тап барасың. Соғыста жарты жанымды беріп кел­генмін деп, оған бірден міндет артасың. Содан кейін ба­лаңа жұмыс сұрайсың. Немереңе үй сұрайсың. Пре­зи­дент не, барлығын оңға, солға үлестіріп отыр дей­сің­дер ме? Ол да адамның баласы. Барған кісімен әңгі­мелескісі келеді, әлденелерді білгісі келеді. Мен барсам, ештеңе сұрамаймын. Мүмкін болғанынша ана әңгімені айтып, мына әңгімені айтып, күлдіруге тырысамын. Жадырап отыратыны сол,” – деймін. “Бәсе, сен барсаң болды, әйтеуір, жарқылдайды да отырады,” – деді ол. – Сонымен енді Елбасының үй бергеніне келейін, – деп әңгімесін әрі қарай жалғастырды Ерағаң. – Мен одан үй сұраған жоқпын. Шақыртып алып, үйді өзі берді. Үлкен ұлым Мәскеуде оқыған жылдарында гол­ланд қызбен танысып, соған үйленген. Қазір сол бұ­рын­ғы келінім немерелерімізбен Голландияда тұрады. Жең­гелерің Клара екеуміз жыл аралатып, сонда барып, немерелеріміздің қасында болып, әңгімелесіп, шүйір­келесіп, мауқымызды басып, соларды қызықтап, қыды­рып қайтамыз. Екі жылда бір рет барамыз. Қалтамызға кейде гонорар, анау-мынау бірнәрсе түссе, соларды балаларға ала жү­гіре­міз. Сол әдетімізбен жаз айында Голландияда жүрген едік. Сол жерде түріктің дүкені бар. Олар малды мұсылманша сояды. Сол дүкеннен қойдың етін аламын. Етті турағаннан кейін ең алдымен тұз себу керек. Содан кейін ары қарай тағы баптайсың. Сөйтіп, шашлыкты балаларға өзім пісіріп беремін. Немерелерім айтады, “біздің атамыздай шашлықты ешкім жасай алмайды” деп. Бір күні Алматыдан үлкен қызымыз телефон соқты: “Папа, сізді Президент 19 тамызға, таңертеңгі сағат 9-ға шақырып жатыр”, – деп. “Біз де қайтуға 17 тамызға билет алып қойғанбыз. Ертең ұшамыз, үлгереміз”, – дедім. 18 тамызда Алматыға ұшып келдік. 19-ында таңертең сағат 9-да Президенттің Алматы резиденциясында, қабылдауында болдым. Келсем, Иманғали Тасмағамбетов екеуі отыр екен. Амандасып болған соң Иманғалиға қарап айтты: – Астананы Арқаға көшіргенде қызметте жүрген­де­рі­міз сыпырылып кете беріппіз де, кейде ақыл ай­та­тын, кейде ұрсатын ақсақалдарымыздың барлығын Алма­­тыда қалдырып кетіппіз ғой, – деп. – Сондықтан Ере­­кеңді Астанада қасымызда жүрсін, сондағы салынып жатқан Пирамида сияқты мәдени құрылыстарға бас-көз болсын деп, әдейі шақырып, осы кісіге Астанадан пәтер бергелі отырмын, – деді. Иманғали ол кезде Мемлекеттік Хатшы. Ол “дұрыс, дұрыс” деп қостап жатыр. Сөйтіп, пәтердің барлық құжаттарын қолыма тапсырды. Алғаш көшіп келгенде біраз өгейсіп жүрдік. Жеңгелерің екеуміз күнде қала көшелерімен жайлап қы­дырамыз. Келдің, кеттің деп жатқан ешкім жоқ. Со­дан, шамалы уақыттан соң Алматыға қайтып барғанбыз. Сол жерде Нұрекеңмен қайта ұшырасып қалдық. – Оу, Ереке, мен сізді Астанада жүр десем, мұнда жүрсіз ғой, – деді ол. – Астанаға бардым. Екі ай тұрдым. Бәйбішеммен күнде кешке жайлап қыдырамыз. Келді, кетті деп ескеріп жатқан ешкім жоқ. Содан Қаржы министрлігі тұрған алаңға шықтым да айқайладым: “Әй, астаналықтар, Нұрекең кел деген соң келіп едім, екі ай тұрып едім. Қазақтың әдет-ғұрпы, салты болушы еді. Үлкен кісі келді деп ерулік беретін еді. Бірің елеп-ескерген жоқсың. Ал мен кеттім өзімнің Алматыма!” – деп айқайладым да кетіп қалдым, – дедім. Бұл сөздеріме күлді. Сонан соң: – Үйренесіз әлі. Бәрі орнына келеді. Сіздің сонда тұрғаныңыз жөн, – деді Нұрекең. Содан бері осында тұрып жатырмыз. Бір ауыз сөзін жерде қалдырып не қылайын, халқымыздың бағына туған, еліміздің келешегі үшін тыным таппай, еңбек етіп, барлық күш-қайратын аямай жұмсап жүрген азаматтың, – деді Ерағаң. – “Мәдени мұра” жөнінде мәжіліс өткізгенде көрген шығарсыңдар, оң жағына отырғызып қойды ғой. Осы жердегі үлкеніміз, ақсақалымыз дегені-ау шамасы. – Қаланың басшылары да ескерулері керек шығар, сіздің осында екеніңізді, – деп мен де сөзімді қыстырып жібердім. – Той-пой болған кездерде қалдырмайды, шақырады, – деді Ерағаң. *  *  * Соңғы төрт-бес жыл ішінде мен Ерағаңмен өне бойы кездесіп, әңгімелесіп жүріп, әртүрлі көңіл-күйінің, қуанған да, ренжіген де сәттерінің куәсі болдым. Әсіресе “Абылай хан” операсы жазылып бітіп, сахнаға қойылған, әдебиет пен өнердің аузы дуалы өкілдерінің де, Ресей, Италия сияқты елдерден келіп, операны тамашалаған мамандардың да, қалың жұртшылықтың да көңілдерінен шығып, жоғары бағаланған, Елбасымыз үй беріп, Астанаға көшіп келген кезіндегі көтеріңкі көңіл-күйі көз алдымда. Осыдан бес жыл бұрын өзінің 75 жылдығын Аста­на­дағы Конгресс-холда атап өткен Ерағаң қазіргісінен әлдеқайда тың әрі ширақ еді. Алматыдан Астанаға көшерінде бұрынғы бас қаламыздағы консерва­тория­ның ректоры, музыка саласындағы халқымыздың жұл­дыз қыздарының бірі Жәния Әубәкірова өзі басқаратын оқу орнында композициядан сабақ беретін Ерағаңды профессорлық қызметтен босатқысы келмей, ол кеткен соң да айлық жалақысын Алматыдағы үйіне беріп жібергенін, балалары телефон соққанда Ерағаңның: “Сендер оны алмаңдар, мен қызметтен кеттім ғой”, дегенін, ал Астанадағы Музыка академиясының рек­торы, халқымыздың тағы бір жұлдыз қызы Айман Мұ­сақожаеваның Ерағаңды келе салысымен-ақ қолқалап, академияға профессор етіп, ұстаздық қызметке ша­қы­рып алғанын шадыман көңілмен айтқан еді. Егер сенің біліміңді, білігіңді, талантыңды бағалап, екі оқу орны таласқандай болып жатса, оған да әрине, шүкіршілік деу керек шығар деп ойлағанбыз. Ал, Ерағаңның өз шәкірттеріне берер білімі мен өнегесі көп қой, әрине. Ерағаң сол жылдарда Мәдениет министрлігі­мен де үзбей хабарласып, республикамыздағы, Астананың мәдени өміріндегі әртүрлі шараларға ынталана қа­ты­сатын. Елбасымыздың өнерге деген оң көзқарасының арқасында өнер саласына қаржының жылдан жылға көбірек бөлініп келе жатқанына қуанатын. “Қазір енді экономикамыз­ды түзеп, азырақ ес жиғандай болған кезімізде Нұрекең соңғы жылдардағы дүниежүзілік қаржы дағдарысының қиындықтарына да қарамастан өнерге материалдық, моральдық қолдау көрсетуге барынша көңіл бөліп келеді ғой. Соның арқасында Мәдениет министрлігі баяғыда сыннан өткен жемісті әдістерді қайта жаңғыртып, драматургтерге – пьеса, композиторларға – музыка жаздыртуға арнайы тап­сырыстар бере бастады. Тапсырыстар берілуге тиісті ком­позиторларды іріктейтін, олардың жазған шығар­маларын қабылдап алатын комиссияның президиумына мені де мүше етіп кіргізіпті. Мұның өзі жауапкершілігі көп дүние ғой. Баяғыда, жасырақ кезімізде болса сөзсіз мәз болып қалар едім, міне, мені қалай бағалайды деп. Бұл жолы онша қуана қойған жоқпын, – деген еді бір жолы. – Қазір менің суық ақылым айтады: “Аптықпа, әуелі осының қалай іс жүзіне асатынын көзіңе елестетіп көрсеңші”, деп. Ра­сында қазір ақша алу үшін музы­калық үлкен шығарма жазуға 30-40 композитор жапа-тармағай өтініш берді делік. Кейін соның нәтижесін сұрауға келгенде көпшілігінің шығармалары дайын болмауы, жарамсыз, шала болуы мүмкін ғой. Президент берген грантқа сондайларды кіргізсең, ертең ол жаза алмаса, жауапкершілігінен бұрын ұяты өртейді ғой, артынан: “мына ақсақалға сеніп едік, сүйтіп едік, бүйтіп едік дейтіндей әңгімелер туындаса”, – деген болатын. Тағы бір барғанымда Ерағаң өкінішті, ренішті көңіл-күйде екен. Соның алдында ұзақ жылдардан бергі өзімнің жақын досым, академик Рымғали Нұрғалимен телефон арқылы сөйлескенімде ол: “Мен тәуелсіз газет­тер­дің бірінен Ерағаңның сөзі ме, әлде онымен интер­вью түрінде ме, берілген бір материалды көрдім. Елба­сын күстаналайды. Сөздері жаман. Рахмадиевтің аузы­нан шықты дегенге сену қиын”, – деп еді. Бұған мен де таң қалғанмын. Мен білетін Ерағаң республика­мыз­дың өміріндегі болып жатқан оң өзгерістерге, әсіресе, өнер саласындағы жаңалықтарға, табыстарға әрдайым қуанып жүретін. Конгресс-холл мен опера театрының сах­наларынан сөйлеген сөздерінде де, га­зеттегі қысқа-қысқа лебіздерінде де, екеуара әңгімемізде де эко­номикамыздың, халық тұрмысының жылдан-жыл­ға жақсарып, республикамыздың мерейі халық­аралық дең­гейде үздіксіз өсіп келе жатқаны – Нұрекеңнің арқасы, Елбасымыз аман болып, өзінің туған халқы үшін жанталаса атқарып жүрген қызметі жемісті бола бергей деген тілегінен жазбайтын. “Егер Елбасының айтқан сөз­дерін, берген тапсырма­ларын үкіметіміз, министр­лер, облыс әкімдері барлық ынта-жігерімен, бұрма­ла­май, бұлжытпай орындайтын болса, жағдайымыз қазір­гіден әлдеқайда жақсарып кетер еді”, дегенді де айта­тын. Тоқсаныншы жылдардың басын­дағы халқымыз үшін аса ауыр кезеңде Ерағаңа үлкен сенім артып, оны Мәдениет министрі етіп тағайындаған Нұрекеңмен ол адамгершілік, сыйластық қарым-қатынаста болатын. 1994 жылы консерваторияның 50 жылдығына арналған салтанатты жиынға Президент келетін болғанда, сол кездегі ректор Дүйсен Қасейінов: “Бізге Нұрекең келеді, сол жиында бір ауыз сөйлеп беріңізші”, деп қолқа салғанда, Ерағаң залдағы жұртты да, Нұрекеңді де күлдіріп, риза етіп, әңгіме айтқан. Сахнаның төрінде отырған Елбасы сонда: – Ереке, анау жолы Колбин мылтығымды тартып алды деп ренішіңізді білдіріп едіңіз, сол мылтығыңызды қайтарып берейін деп алып келдім. Иманғали, қайда мылтық? – дегенде қашан да шапшаң, жинақы Иманғали: “Міне, Нұреке”, – деп қолына ұстата берген. Қорапқа салынған американдық “Браун” екен. Ерағаң мылтықты алып: – Рахмет, қарағым. – Бірақ мынаны кім берді, қайдан алдың десе, не бетімді айтамын? – дегенде, Елбасымыз қайтадан: – Ойбай, солай екен-ау. Иманғали, ал да мынаны ақсақалдың атына жаз­дырт, – деген. Залдағы жұрт “бұл шал тап­қыш” деп тағы да күлкіге қарқ болған. Кейі­ні­рек, тағы бірнеше жыл өт­кен соң Елбасымыз: “Жетпіске келсе де жеткізбейтін өнердің тұлпары Ере­кеңе”, деп жаздыртып, күмістен жасалған ат сыйлаған. Осы жайларды білетіндіктен мен Ерағаң Елбасын жамандап интервью береді дегенге сенгенім жоқ. Қан қысымы көтеріліп, ауырып, мазасы болыңқырамай жүрген Ерағаңның көңіл-күйінің күрт төмендеп кетуінің бір себебі де осы газеттегі мақала екен. – Сіз ол газеттің тілшісімен сөйлесіп пе едіңіз? – деген сұрағыма: – Жоғә. Қаладағы қазақша шығатын басқа бір газеттің тілшісімін, менің де атым Еркеғали, сізбен аттаспын. Бірер ғана сұрақ қоямын. Қысқаша жауап берсеңіз болды деп жылпылдаған бір жігіт келген. Мен сөзіне сеніп, құжаттарын да сұрамап едім. Аз ғана әңгімелесіп, кетіп қалған. Сөйтсем, аты-жөнін, істеймін деген газетін өтірік айтыпты. Артынан ол айтқан газетке звондап сұрасам, ондай адам бізде жоқ дейді. Ойына келгенін оттап жазып, мен ешқандай қатыс­пайтын, тіптен оқымайтын бір газетке апарып беріпті. – Мақаланы шығарарда: “Сөздеріңізді бергелі жатырмыз, оқып көресіз бе?” деп газеттегілер хабарласқан жоқ па? – дегенімде: – Қайдағы, – деді Ерағаң. – Сондай мате­риал қолдарына түскеніне қуана-қуана басқан болар. – Әлде газеттің өзі ұйымдастырған нәрсе емес пе? – дедім көкейіме келіп қалған күдігімді де жасырмай. – Мүмкін ондай алаяқ жігітті сотқа берген дұрыс шығар? – Қалай беремін? Мен оның аты-жөнін де анық білмеймін ғой, – деді Ерағаң шарасыз кейіппен. Мен Ерағаңның көңіл-күйін одан әрі бұзбайын деп, бұл тақырыпқа бұдан кейін қайтып аяқ басқан жоқпын... Жалпы, Ерағаңның өзінің өмірі – халқымыз­дың да бастан кешкен барлық хикметтері мен қиындықтарын, жүріп өткен күрделі жолдарын еске түсіреді. Не көрсе де ол барлығын өзінің елімен бірге көрген. Көз жүгірте шолып көрейікші. *  *  * Ерағаң 1930 жылы 1 тамызда, Семей облысының Шұбартау ауданындағы тоғызыншы ауылда сол өңірге белгілі ақын, домбырашы Рахмади Жабықбаевтың отбасында дүниеге келіпті. Анасы Бәтіш тұрмысқа ерте шығып, 13 құрсақ көтерген екен. Соның 10-ы шетінеп кетіп, Биғали, Еркеғали және ең кенже қыздары Тәттіғайша ғана тірі қалыпты. Өткен ғасырдағы халқымыздың өмірін өзгерткен қазан төңкерісіне дейін де, одан кейінгі Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында да қазақ әйелдері баланы көп туғаны, 10 баланы, одан да көп сәбиді дүниеге әкелу үйреншікті жағдай болғаны тарихи деректерден белгілі ғой. Бүгінгі күннің биігінен қарағандағы және бір таң қаларлық нәрсе – бала өлімінің шектен тыс көп болуы. Халқымызда: “Баланы кім таппайды, тұрарын айт, дүниені кім таппайды, құрарын айт” деген. Бұрыннан айтылып келе жатқан, өкінішке толы, сәбиінен айрылып, өзегі өртенген ата-ананы жұбату үшін айтылатын мақал сол кездерден қалған мұра сияқты. Ерағаң туғаннан кейін кешікпей Семей өңірін де ашаршылық жайлап, ел қырылып, қырылмағаны шұбырып, жан-жаққа босып кеткен. Әкесі Рахмади өзінің отбасымен талғажау етер талшық іздеп, балық аулап күн көрмек болады. Жетісу өңіріндегі Лепсі өзенінің Балқашқа құяр тұсына келіп, қоныс тебеді. – Мен екі жастан енді асқанда ашаршылық­тың, аштықтың кесірінен қырқұлақ, діңгене деген ауруға ұшыраппын. Тұра алмай, жүре алмай жатып қалыппын. Әкем мен шешем көтергеннің өзінде ойбай салып, шырылдап жылайды екенмін. Қиын ауру болыпты. Менен үлкен ағам бар. Шешем айтып отыратын, сол ағамның маңдайы шот болып іріңдеп, көлкілдеп ісіп кетті деп. Менің екі аяқ, екі қолым тартылып қалған. Балқаштың бергі Арқа жақ қабағы жартастар болатын. Өздерің се­кілді елдегі әлді жігіттер мұздың шеті сөгілгеннен кейін, наурыздың екінші жартысында сол жар­тастарға салған құстың жұмыртқаларын қайықпен жинап алып әкелетін. Оның ішінде шағаланың, үйректің, қаздың, әйтеуір тасқа жұмыртқалайтын құстың барлығының жұмыртқасы бар. Тау-тастың қиялау жерлерінде сарымсақ өседі. Жабайы жуа дейді оны. Шешем әлгі жуаны жігіттер жинап әкелген жұмыртқамен қосып беріп, соны жеп, ептеп жүретін болғанмын. Балалық кезден тағы бір есімде қалғаны 1934 жылы көктемде, наурызға қарсы әрбір үйге екі-екіден қозы әкеліп бергені. Біз тумай тұрып кәмпеске болып өткен. Ал біз – өзіміз туғаннан кейін малды көрмей өскен балалар едік. Ол кезде ел ішінде жағдайы келген үйдің ғана иті болатын, біздер содан басқа төрт аяқтап жүретін жануар көрген емеспіз. Сонда әлгі қозыларды алғашқыда “күшігім, күшігім” деп шақырғанымыз әлі күнге шейін есімде қалыпты. 1934 жылдың көктемінде ашаршылық бітті ғой деймін, мал әкеліп бергеніне қарағанда, – деп еске алады Ерағаң. 1934 жылы Алматыда халық таланттарының, өнерпаздарының алғашқы слеті болып өткені, әкесі Рахмади соған қатысып, Жамбыл атаны, Кенен атаны көргенін айтып келгені, кейде өзінің айтысқан ақындарын да әңгіме етіп отыратыны Ерағаңның есінде. “Жүлдеге ілінген болуы керек. Ауылға бес-алты табағы бар бір патефон, бір мандолин, бір велосипед алып келгеніне қарағанда. Слетте алтыншы орын алдым деп айтқаны есімде”, – дейді ол. 1941 жылғы елімізге, басқа да көп халықтарға қайғы-қасірет әкелген, алапат, қанды қырғын соғыстың қалай басталғаны да оның есінде. – Балқаштың оңтүстік-шығыс жағында “Аялақ”, “Қарашыған” деген жерлер бар. Сол арада әкем мал бағып отырған. Көз алдымнан әлі күнге мынадай сурет кетпейді. Әкем айқайлап келеді: “Ойбай, жігіттердің барлығын катермен алып келеді, соғысқа әкетіп бара жатыр екен”, деп. Шешеме: “Наның, қымызың болса, тезірек бірдеме дайында. Жігіттер ана жерге түседі. Содан ары қарай оларды мәшинемен алып кетеді. Ең болмаса қоштасып қалайық”, – деп айтып жа­тыр. Екеуі анау-мынауларын алып, қоңыр биеге асыға міңгесіп, ең болмаса балаларға дәм тат­тырып қа­лайық деп желдіре жөнелді. Балқаш көліне ау салып жүрген жігіттердің 18-30 жас арасындағыларын со­ғысқа жібереміз, 30-45 жас ара­сын­дағыларын еңбек армия­сы­на жібереміз деп сыпы­рып жинап алып келген ғой түгелдей. Біздің бір колхоздан ғана 68 адам кетті майданға. Соның 7-8-і ғана аман қайтты, – деп еске алады ол. Бастауыш мектепті өз ауылы “Жаңа тілеу” кол­хо­зында бітірген Еркеғали одан кейінгі кластарда өз­де­рінен жеті шақырым жердегі орта мектебі бар “Үлгі” колхозының ин­тернатында жатып оқуға мәж­бүр болады. Бұл – атақты композиторымыз Мұқан Тө­ле­баевтың туған ауылы еді. Осында оқып жүр­ге­нін­де ол Мұқан ағасының 1944 жылдың көк­темінде елге келгенінің ғана емес, мектеп үйінің бір бөл­ме­сіне пианино әкелгізіп қойғызып, “Біржан – Сара” операсының бірінші актісін қалай шығарып, нотаға қа­лай түсіргенінің де куәсі болады. Бір жолы мұның дом­быраны қалай тартатынын көрген Мұқан ағасы риза болып: “Қағысың жақсы екен, өнеріңді өрістете бер, айналайын! Сенен түбінде компо­зитор шығады”, – деп ризалығын білдіріп, бата-тілегін айтыпты. Мүм­кін сол сөздерді сол кезде-ақ Мұқаңның аузына періштелер салды ма екен... *  *  * 1948 жыл – Еркеғалидың өміріндегі бетбұрысты кезең болады. Әкесі Рахмади дүниеден өтті. Сол жаз­да бұлардың ауылына ел аралап, концерт қойып, Алматыдағы П.И.Чайковский атындағы музыкалық училищеге талантты жастарды іріктеп, іздеп жүрген, ішінде Нұрғиса Тілендиев бар бригада келеді. Нұрғиса ағасына Еркеғалидың домбыра шертісі ұнап, ол оған музыкалық училищеге түсіп оқуға кеңес береді. Сол жазда үстіне тор көз қызыл мәйке мен әскерден келген ағасының гимнас­тер­ка­сын және галифе шалбарын, аяғына қызыл нәс­ки мен табаны желінген тәпішке киіп, қолына жұқа тақтайдан кесіп жасалған шамадан ұстаған Еркеғали Алматыға келіп, нағашы апаларының: “Сенің қабілетің бар, ғалым боласың, КазГУ-ге, не КазПИ-ге бар”, деген үгітін тыңдамай, музыкалық училищеге оқуға түседі. 1948 жыл – “кәртішке жүйесінің” әлі бітпеген кезі. Музыкалық училище жатақханасының үлкен бөлмесінде 25 бала жататын. Аш өзекті жалғау үшін балалар таң атпай тұрып, сағат алтыда дүкенге ба­ра­ды. Сағат сегізде дүкен ашылады. Бұлар келгенде кезекте 200-300 адам тұрады. Бірақ балалардың жеке алғандағы стипендиясы бір бөлке нанға да жетпейді. – Ішімізде әскерден келген қазақ­тың бір жас лейтенант жігіті бар еді, – деп еске алады Ерағаң. – Бір күні сол біздерді жинап алып, былай деді: – Біз бұлай күн көре алмаймыз. Стипендия­мыз нанға жетпейді. Сондықтан бірігейік. Мен соғысты көріп келдім. Қарсы болмасаңдар мен сендерге ста­рос­та болайын. Менің айтқанымды екі етпейсіңдер. Бірақ мен сендерге теріс ештеңе айтпаймын. Не болса да күнімізді бірігіп көрейік, – деді. Біз келістік. Қазақстанда тұрып, қазақтың момындығын айтай­ын енді. Кезектегі орыстар кейде “калбит” деп қазақты кезектен лақтырып жібереді. Жуас халықпыз ғой. Мен айтар едім “ынжықпыз” деп. Әлгі лейтенант жігітіміз нанға 4-5 бала болып, кезектесіп барасыңдар деген тәртіп енгізді. Біреуіміз кезекте тұрамыз да, үш-төртеуіміз қасында боламыз. Бізге енді біреуі де бат­пайтын болды. Старостамыз біз әкелген нанды орта­сы­нан қақ бөледі. Жартысын кешке жейміз деп әде­мі­леп орап қояды. Жарты нанды 25 бөлікке бөледі, қалыңдығы сіріңке қорабының ар жақ, бер жағындай. Шай, сүт, қант деген жоқ. Шәугімге суды толтырып қай­натып, дайындап қояды біз нан әкелгенше. Тура­ған­да үгіліп түскен қоқымды да жерге тастамайтын едік. – Сендердің әрқайсыңа пәсілке келіп жүр, мен байқап жүрмін, – деді старостамыз бірде. – Бұны былай істейік. Пәсілкені алып келіңдер, ашпаңдар. Осы жерде ашасыңдар. Ішінде өзіңе деп жіберген киім-кешек, анау-мынау болатын болса, оған ешкімнің дауы жоқ. Ал тамақты ортаға сала­сыңдар, – деді. Елден не келеді? Жент, қатырған қауын қақ, алма, тары келеді. Соны алады да, қылдай ғып екіге бөледі. Жартысын “мынау сенің сыбағаң” деп пәсіл­ке­нің иесіне береді. Өзің жейсің бе, жолдастарыңа бересің бе, ол өз еркің дейді. “Ал, қалған жартысы ортақ, қарсылығың жоқ қой?” – дейді. Кім қарсы болсын. “Екінші курста бастапқыдағы 25 баладан 6 бала ғана қалдық. Қалғаны шыдай алмады. Көпшілігі елге кетіп қалды, қайсыбірі басқа оқуға түсіп кетті дегендей. Біздер ауданнан 6 бала болып келген едік, содан екі бала ғана қалдық. Бір жыл, бір жарым жыл оқығандардың қалай дегенмен музыкадан хабары бар ғой. Елге барып, ансамбль құрып, мектептерде музыка сабағын беріп, күндерін көріп кетті. 1949 жылдың аяғында “кәртішке жүйесін” тоқтатты, біз соны да көрдік. Ол да бір өзінше заман болатын”, – дер еді Ерағаң әңгімелесіп отырғанымызда. Тағы бір айтатын нәрсе, алдында стипендия­ның аз, тұрмыстың, тіршіліктің қаншалықты қиын болғанын айттық қой, осы себепті Еркеғали 1949 жылы өзі музыкалық училищеде екінші курста оқып жүрген кезінен бастап Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық училищеге оркестр құрып, сабақ беретін мұғалім болып, қосымша қызметке орнала­сады. Бұл жұмысын негізінен кешкілік уақыттарда атқарады. Сол жылдарда белгілі әнші Бақыт Әшімова педучилищеде Ерағаңнан оқыған, ол бір жағы ән салатын, бір жағы оркестрдегі бас домбырада ойнайтын. Кейін белгілі қоғам қайраткері болған Ғай­никен Айдарханқызы Бибатырова скрипкада ой­найтын. Еркеғалидың да өзінше ыңылдап, ырғақтар іздеп, ән шығара бастағаны осы кез. Ғали Орма­новтың “Тәй-тәй” дейтін өлеңіне ән жазып, оны сол кездің өзінде атақты композитор болғанымен, өмірде өте кішіпейіл Латиф Хамидиге көрсеткенін­де ол кісі оны баласынбай, талаптанып жүргеніне қолдау біл­ді­ріп, ақыл-кеңесін аямай, бұдан былай да шығар­малар жазып, маған көрсетіп тұр деп қамқорлық жасайды. Еркеғалиға әртүрлі музыка жазуға кеңес беріп, баулиды. Сол жылдарда Ләтекең­нің демеуімен “Жасыл орман” (сөзі С. Мәуленовтікі), “Ақ Еділ” (сөзі Қ.Бекхожиндікі), “Аналар бейбітшілік тілейді” сияқты әндерін, тырнақалды туындыларын жазады. 1952 жылы Еркеғали училищені жақсы бітірген соң оны консерваторияға, Е.Брусиловскийдің класына қолынан жетелеп алып барған да сол Латиф Хамиди ағамыз болатын. Консерваторияда Еркеғали барлық пәндерге ынта қойып, өте жақсы оқуымен бірге енді Е.Бруси­ловский сияқты білікті ұстаздың тәрбиесімен халық әні “Ләйлімге” музыкалық вариациялар жазып, композиторлық техникасын жетілдіре түседі. Өзінің бұл шығармасын қазақ халық аспаптары үшін нотаға түсіріп, ол радио мен концерт алаңдарында жиі-жиі орындала бастайды. Хор капелласына арнап “Туған ауыл” атты төрт бөлімді сюита, фортепьяноға арнап “Абай сарыны” атты алғашқы поэмасын жазады. Осы поэма Мәскеуде өткен Бүкілодақтық конкурсқа қатысып, жұрт назарын аударып, дипломға ие болады. Мәскеуден табыспен оралған Еркеғали одан сайын қанаттанып, 1916 жылдың оқиғалары­на арнап “Амангелді” атты симфониялық поэ­масын тудырады. Бұл шығармасының да қадамы құтты болып, кейінірек Қырғызстанда, Мәскеуде де орындалып, грампластинкаға жазылып, тарайды, музыкалық оқу орындарына арналған оқулықтарға кіргізіледі. Енді ең үлкен жанрға құлаш ұрып, С.Торайғыровтың қара сөзбен және өлеңмен жазылған “Қамар сұлу” романы негізінде опера тудыруды мақсат еткен Еркеғали оның бірінші актісін жазып бітіріп, диплом жұмысы ретінде қорғайды. Сөйтіп консерваторияны 1957 жылы үздік дипломмен бітіріп шығады және Композиторлар одағына мүшелікке қабылданады. Консерваторияны үздік бітірген оны Қазақстан Республикасының Үкіметі арнайы стипендия та­ғайын­дап, Мәскеу консерваториясының аспиран­ту­ра­сына оқуға жібереді. Мәскеуде оқып жүр­ге­нінде оның жеке өмірінде айтарлықтай елеулі өзге­ріс бо­ла­ды. Алматыға бір келген сапарында кон­серва­то­рия­ны өзінен бұрын бітіріп, хореогра­фиялық училищеде директор болып қызмет атқарып жүрген досы Жек­сенбек Еркінбековтың үйлену тойында сымбатына сұлулығы сай, КазПИ-дің студенті, болашақ жеңгеміз Кларамен танысады. Бір-ақ сөйлеммен қысқа қайырып айтар болсақ Ерағаң да, Клара да махаббатта бақтары жанып, жолдары болған жандар. Жалпы, Ерағаңның өмірі – тынымсыз еңбектену, үздіксіз өрлеу, өсу жолы. Мәскеуде оқып, білімін одан әрі толықтырып, тереңдетіп, шыңдай түседі. Қайтып келген соң көптеген шығармалар жаза жүріп, қызмет бас­палдағымен биікке өрлейді. Қай іске де жауап­кер­ші­лікпен қа­райтыны, алғырлығы, адам­гер­ші­лігі, ұйым­дастыру қабілетінің зорлығы, шаршауды білмейтін ең­бек­қорлығы ерте еленіп, екі жыл Жамбыл атын­дағы Қазақтың мемлекеттік филармониясының көр­кемдік жетекшісі, бес жыл бойына респуб­лика­мыздың Мәде­ниет министрлігінің Өнер істері жөніндегі бас басқар­масының бастығы, сегіз жыл Алматы консервато­рия­сының ректоры, жиырма бір жыл үздіксіз Қазақстан Ком­позиторлар одағы­ның төрағасы, ал еліміз тәуел­сіздік алған тұста үш жыл бойына алғашқы Мәдениет министрі болып қызмет атқарады. Бес рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына, 1989-1992 жылдарда КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығы­на сай­ланады. Осы қызметтердің қай-қайсысын атқа­рып жүргенде де ол ешуақытта өзіне әлдеқандай бір жеңіл жолдар мен жан тыныштығын іздемеген. Мәсе­лен, мемлекеттік фи­лар­монияның көркемдік жетекшісі бо­лып жүргенінде жазғы науқандық жұмыстардың қыз­ған шағында Құрманғазы оркестрімен бірге ел аралап, концерт қоюға шыққандарын айтқан еді бір жолы. – Қырман басында, қой қорада, жаңбыр жаумаса болды, ашық аспан астында отырып та концерт бере беретінбіз. Бірде сондай сапармен Алматыдан шығып, Талғардан, Еңбекшіқазақтан, Шелектен, Кегеннен, Нарынқолдан өтіп, Ұйғыр ауданына қарай жылжып келе жатырмыз. 65 адамбыз, ағаштан жасалған екі-үш автобусымыз бар. Іші шаңға толып кетеді. Қазіргідей жайлы, жақсы автобустар, жол да жоқ қой ол кезде. Шаршап, шөлдеп, Ленин атындағы колхозға жеттік. Қайда түсеміз, қалай жайғасамыз дегенді шешейін деп кеңсеге барсам, бір жас жігіт отыр, парторгпын дейді. Бастық қайда десем, ауданға кеткен, бүгін келе ме, келмей ме, білмеймін дейді. Қарағым, шаршап келдік дедім. Ол кезде отыздағы кезім, ол менен де жас болса керек. Бізді үйлерге бөлмейсің бе, жолдан титықтап келдік, дем алып алсақ деп едім, жоқ, бастық келмей мен ештеме жасамаймын деді. Ішімнен жарылып тұрмын. Ауыл оныкі, не айтасың. Күн ыстық. Содан не істерімді білмей, далада отыр едім, сағат төрттің кезінде бастық келді. Егделеу ақсақал екен. “Ор­кестрмен келген жігіт сенсің бе?” – деді. “Иә” де­дім. “Кір, қарағым”, – деді. Кірдім. Аман­дас­тым. Содан кейін ол отырып “концерт болмайды” деді. Жарылып кете жаздадым. Соны байқаған ол: – Ашуланба, қарағым, – деді. – Бүгін концерт болмайды. Сендер ауылдан шыққалы екі айдың жүзі болып қалыпты. Анау Ұзынағашта Махмедов Тұрсын деген кісі сендерді бір рет моншаға түсірген, дем алдыр­ған. Содан кейін сендер шаң, топырақтың ішінде келе жатырсыңдар. Бүгін моншаға түсесіңдер. Концерт ертең бо­лады, – деді. “Ертең бәлен ауылға баратын едік”. “Оны да білемін” деді. “Бүрсікүні түглен ауылға бара­тын едік”. “Оның бәрін білемін. Оны түгел жайлап кел­дім. Солардың бәрінен алатын ақшаларыңды осы ара­дан аласыңдар. Бүгін үйді-үйге тарап жатасыңдар” деді. Кешкісін бір бала жүгіріп келді. Сіздерді атам ша­қы­рып жатыр, үйден келіп тамақ ішсін дейді деп. Бес-алты адам бардық. Өзі сондай салауатты, байсалды ақса­қал екен. Бір уақытта үлкен табақпен аппақ қардай бір­деме