«Нұрсұлтан Назарбаев – түркі интеграциясының ұйытқысы. Түркі кеңесінің құрылуына, осы идеялардың жүзеге асырылуына, әсіресе, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі зор болды деп айта аламын». Түркия Республикасының 11-ші Президенті, көрнекті мемлекет қайраткері Абдулла Гүл кеше халықаралық Түркі академиясында өткен кездесуде осылай деді.
«Одан кейін Түркі Кеңесінің шеңберінде ТүркПА сияқты институттарды құрдық. Соның ішінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен мән берген институты – Түркі академиясы. Оның бұл идеясын мен де қолдап, Астананың төрінде, осындай әдемі ғимаратта академияны аштық. Қазақстанда орналасқанымен бұл академияның жұмысы бүгінде күллі Түркі дүниесін қамтып отыр. Қысқа ғана уақытта көптеген маңызды іс-шаралар өткіздіңіздер», – деді Абдулла Гүл мырза.
Оның айтуынша, түркілер адамзаттың дамуына өлшеусіз үлес қосып, баға жетпес мұралар қалдырған. Оларды түгендеу, әлем жұртшылығына паш ету осы академияның жұмысы арқылы мүмкін болып отыр.
Кездесуге белгілі ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері Мырзатай Жолдасбеков, Әділ Ахметов, Сейіт Қасқабасов, Сауытбек Абдрахманов, Ерлан Сыдықов, Ғарифолла Есім, Шәкір Ибраев және басқа бірқатар зиялы қауым өкілдері қатысып, өз пікірлерімен бөлісті. Академия басшысы мәртебелі меймандарға түркі дүниесінің білім және ғылым саласын үйлестіруші ұйымдағы атқарылған маңызды іс-шаралар жөнінде баяндап өтті.
Қазақстандық ғалымдар атынан сөз алған Мырзатай Жолдасбеков Нахичевань саммитінен бастау алған түркі интеграциялық үдерістерінің маңыздылығына тоқталды.
Өз кезегінде Абдулла Гүл мырза құрылғанына бес жыл толып отырған академия ұжымына ризашылығы мен тілегін білдірді. Жиын соңында халықаралық Түркі академиясы тарапынан мәртебелі мейманға құрмет көрсетілді.
«Егемен-ақпарат».