• RUB:
    5.58
  • USD:
    474.72
  • EUR:
    515.17
Басты сайтқа өту
25 Тамыз, 2010

Қанатты көлік көмекке келеді

466 рет
көрсетілді

Қарағандыда ауылшаруашылық ұшақтары шығарылады Облыс орталығының іргесінде Жаңаөзен атты елді мекен бар. Осы жерде таяуда шағын авиациялық зауыт құрылысының орнына белгітас қою рәсімі өтті. Бұл өндірісті өңірді үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту бағытындағы маңызды жобалардың бірі саналады. Елімізде тұңғыш рет жеңіл әуе кемелерін жасайтын бұл кәсіпорын келесі жылы іске кіріспек. Толық жобалық қуатына көшкен кезден бастап ауыл шаруашылығы саласына арналып “Фермер-2” және “Фермер – 500” аталатын 50 ұшақ шығарылатын болады. Олар егістікті химикаттармен өңдеуге, тыңайтқыштар себуге, дәнді дақыл, көкөніс, жайылымдық алқаптарды зерттеуге қолданылады. 2015 жылға дейін ұшақтар саны 500-ге жеткізілуге тиіс. Жобаның бастамашысы “АК Навигатор” ЖШС болса, оны іске асыруды “ҚазАвиаСпектр” ЖШС мойнына жүктеген. Алысқа танымал аталған екі серіктестік алға қойылған міндетті межелі мерзімде орындап шығуға сенімді. Осы үшін алдын-ала жасақталған техникалық жарақ, білікті мамандар соған мүмкіндік береді. Сонымен қатар екеуіне Қазан қаласындағы “Фирма” МВЕН” ААҚ көмек көрсетеді. Ол ұшақтың полимер материалдарын дайындап беріп отыруға қатысады. Македонияның “Микросам” фирмасы да қажеті құрал-жабдықтарды қамтамасыз етеді. Зауыттың орнын белгілеу рәсіміне қатысқан Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов атап өткендей, шағын авиацияның келешегі үлкен. “Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және азаматтық авиация қызметі туралы” қабылданған Заң осы орайда оған кең жол ашады. Ал облыс әкімі Серік Ахметов оның жай ғана құрастыру өндірісі емес, бастан-аяқ, яғни авиациялық- конструкторлық бюродан бастап, ұшақты толық жасайтын кәсіпорын болғалы тұрғанына назар аудартты. Түпкі мақсат бұл ұшақтарды көршілес елдерге экспортқа шығару болып табылады екен. Сондай-ақ алдағы уақытта көп мақсатты “Сұңқар” ұшағын жасау да көзделіп отыр. Оны жол полициясы, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау саласының қызметкерлері қолдана алады. Иә, бүгінде өзгерістер жылдам. Күні кеше ғана өзімізде ұшақ жасау қиялдай көрінсе оған да қол жетті міне. Айқын НЕСІПБАЙ. ҚАРАҒАНДЫ.