• RUB:
    5.28
  • USD:
    481.63
  • EUR:
    534.46
Басты сайтқа өту
08 Қыркүйек, 2010

Қалағаң

888 рет
көрсетілді

Өнеге өрнектері Мен Қалағаңның қасында көп жүрдім. Ол кісімен көп араластым. Алғаш рет онымен тіл табысып, көңілімді жарастырып кеткенімде жа­сым сазға біткен құрақтай қылшылдаған жиыр­ма бестің желегінде екен. Содан кейін тағы бір ширек ғасыр шамасы қоян-қолтық араласып­пын. Сондықтан да ол туралы өте көп білемін деп айта аламын. Бірақ бір адам туралы көп білгеннің де таяқ­тың екі ұшындай екі үшкірі бар. Көп білгенің бір жағы ол туралы көп айта білуіңе себеп бола алса, екінші жағы сол көп білгенің нені айтуың керек екенін бірден санаңа салдырмай, біраз қинап та қояды. Дегенмен, аз білгеніңнен бәрібір көп білгеніңнің артық екенін дәлелдеп жатудың еш қажеті жоқ шығар. Кейде ол кісі туралы ойға алғанда менің ті­лім­нің ұшына сонау он сегізінші ғасырда ғұмыр кешкен Үмбетей жыраудың “Бұрала біткен емендей, қисық туған адамсың, бұл мінез, бұл қылықпен, қайдан абырой табар­сың” деп толғайтын шу­м­а­ғы орала ке­те­ді. Шынында да мен сөз еткелі отырған қадірменді Қалағаң, қа­сиетті Қалекең, қазақтың Қалтайы, атақты дра­ма­тург-жазушы Қалтай Мұхамеджановтың бол­мыс-бітімі жоғарыдағы жолдарда бейне­ленген образға өте жақсы келеді. Бірақ, “бұрала біткен емендей қисық біткен” сол адамның өн бойы өне­гелі өнер мен білікті білімге толы еді. Ра­сын­да, оның телегей біліміндей деңгейі бар басқа жан болса, “инемен құдық қазғандай” ғылым­ның шырғалаң жолын біржола шиырлап, осыған орайлас атақ-даңқ пен сый-сияпаттардың бар­ша­сын әлдеқашан алып та қойған болар еді. Со­дан да еменнің иір бұтағындай қалтарысы мен кереғарлығы қатар жатқан, солай бола тұра, аясындағыларға түсетін саясы жетерлік бұл кісінің халқы мен оқырмандарына бергенінен бермегені әлдеқайда көп екені еріксіз есіңе түсіп, қарадай тұрып қапа боласың. Әйткенмен, ауызды қу шөппен сүрте бермей, өмір жолы өнегеге толы Қалағаңмен бір болған сәттерімізден сыр шертіп көрсек, онымызды оқырман жұрт оғаш көрмес деп ойлаймыз. Жасыратыны жоқ, мені өзіме бір жағы аға іспеттес болып келетін Қалекеңмен алғаш етене таныстырған қайын жұртым болды. Өмірлік қосағым Анардың әкесінің туған ағасы Әлім Мұхамеджанов ол кісімен жастайынан ағайын ретінде араласады екен. Келіншегіме енді қосылғалы жүрген шағымда маған сосын Қалтай ағамен танысу табиғи нәрсе болып көрінді. Екі отбасының араластығының күштілігі сондай, артынан сол қадірмен аға біздің үйлену тойымызды өзі бастан-аяқ басқарып шықты. Және басқарғанда қалай басқарды десейші!.. Менің өмірімде осындай іркілмес із, өшпес өрнек, ортаймас орын қалдырған Қалтай аға екінші рет 1992 жылдың желтоқсан айында тағдырымды жаңа арнаға салып беріп еді. Сол кісінің тікелей араласуы арқасында мен сол кезде шетелде арнайы тіркеуден өтіп, еліміздің сырт өлкедегі тілшісі болған бірінші журналисі атандым. Сол тұста түбірі түркиялық “Заман-Қазақстан” газетін басқаратын Қалекең мені осы басылымның Анадолы жеріндегі меншікті тілшісі ету жайын сол жақтағы басшылармен келісіп алды. Мәселе оңды шешілгесін ол мені ертіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдына барды. Мемлекетіміздің басшысы сол жерде менің шетелде тіркелген бірінші қазақстандық тіл­ші екенімді қадап айтып, тірлігіме сәттілік тіледі. Артынша Премьер-Министрдің орын­ба­сары Мырзатай Жолдасбеков пен Қалекең екеуі мені алып, Түркияға ұшты. Онда “Заман” га­зе­тінің қожайыны, бүгінде күллі түрік жұртының рухани ағасы болып отырған Фетһулла Гүлден­нің үйіне барып, мені тапсырып кетті. Қалекең сол сапарында Ыстамбұл университетінде түркі дүниесі жөнінде түрік тілінде тамаша дәріс оқып, ондағы ағайындардың ел-селін шығарды. Ал мен ақыры келіп қалғасын, “Қазақстан” телекомпаниясы, “Егемен Қазақстан” (ол кез­де – “Егеменді”) және “Халық кеңесі” газеттері, ҚазТАГ агенттігі секілді бұқаралық ақпарат құ­рал­дарының да меншікті тілшісі қызметін қоса атқаруға кірістім. Бұлардың бәрінің ақыры менің Анадолы топырағында тоғыз жылдай тұрып, елі­­міздің елшілігінде консул болып қызмет ете­тін дәрежеге дейін жетуіме жол ашып берген-ді. Мен Кіші Азия түбегінде тұрғанымда бұл кісі сонда қаншама рет келіп қайтты. Соның бәрінде де оның жанынан табылдым. Оның түркі топы­рағына келген әрбір сапары біздер үшін үлкен мерекедей көрінетін. Өйткені, ол еш уа­қыт­та да кісімсініп, адамға міндет артпайтын. Оның ау­зынан айтылатын алуан түрлі тәлімді тәмсілдер мен әрлі әңгімелерді естіп, ғибратқа толы сөз­деріне сусынымыз қанып, ұшан-теңіз білімінің бір шетін кертіп жегендей тояттап қалатынбыз. Сол алған мағлұматтарымыздың өзі бізді едәуір биікке көтеріп жіберетін. Кейін бағамдап бай­қасам, Қалекең бұл түпсіз білімнің қайнар көзін өзі ылғи қолынан тастамай оқып жүретін кі­тап­тардан алады екен. Күні бойы жұртпен бірге қау­қылдасып, әзіл-қалжыңын төгіп отыратын оның түнде оңаша қалған сәтінде үзбей кітап оқитынын талай байқадым. Қалағаңның өзі жақсы көрген адамын “Жолбарысым-ай” деп еркелетіні бар еді. Бұл кісі өзіңе қарап, көтеріңкі дауыспен осылай деп тұрғанда, тұла бойың шымырлап, өзіңді шыны­мен аң біткеннің ең қайраттысы – шерідей кө­ріп қалатының рас. Бұл сөз, әсіресе, мен секілді елден жырақ жүрген жігіттерге қатты әсер ететін. Осыдан келіп, ұлағатты ұстазды еске алғанда, оны осы бір ауыз сөзімен қоса сағынаты­ны­мыз­ды аңғаратынбыз. Сондықтан да тіршілікте та­ғы­лымын көріп, тәлімін алған ардақты аға ба­қи­лық болғанымен, оның емен-жарқын жүзі мен жайдары күлкісі санадан сызаттап шығар емес. Біз Қалағаңның шығармашылығы туралы сөз қозғағанда, ең алдымен оның бітімі бөлек дра­ма­тург екенін ауызға аламыз. Драматург болған­да да, ол Мәскеудегі атақты мемлекеттік театр өнері институтын тәмамдаған тұңғыш кәсіби қазақ драматургі. Оның қазақ драматур­гия­сындағы қайталанбас тұлға екенін қаламының қарымын бірден осы жанрға аударып, содан еш ауытқымай өткенінің өзі танытады. Ол әдебие­тіміздегі өзге қаламгерлер сияқты драматургияға поэзия мен прозадан келген жоқ, өзінің ілкі білі­мін бірден әлемдік театр өнері тарихы мен теориясын түбегейлі зерттеп-білуге арнады. Ол осы қасиетінің өзімен де өзгелерден оқ бойы озық тұр. Сонымен бірге бұл жанрды басқа саламен араластырмады. Қалтай-драматургтің тағы бір ұлылығы және артықшылығы, ол – қазақ драма өнеріне коме­­­­дия деген жанрды өзгеше бір қырынан алып келді. Бұл ретте оның 1958 жылы жазылып, ке­ле­сі 1959 жылдың ақпанынан бастап қазақ сах­на­ларында қойыла бастаған “Бөлтірік бөрік ас­тын­да” атты тырнақалды комедиясы драма­тург­ті бір­ден даңқ­қа бөледі. Әйткенмен, көре ал­май­тын күншілі көп қоғамда жастар тақырыбын әдемі әжуамен қаузайтын осынау туындының басына да бұлт үйірілмеуі мүмкін емес екен, көп ұзамай комму­нистік партия идеологиясының отын үрлеп жүр­гендер оны мүйіздеуге көшті. Орталық Коми­тет­т­ің сол кездегі хатшысы К.Жан­ділдиннің ау­зы­мен айтылған сын мазмұны “ұлтшылдық са­рыны басым”, “тілдер арқылы ұлттарды қарсы қою әрекеті бар”, “коммунизм құрылысшылары – со­вет жастарына жабылған жала” деген сипатқа құрылды. Мұны аз десеңіз, қазақ театры мен киносының корифейі жазған “Өнерлі жасқа өткір сын” атты мақаласы комедияның басына үйірілген бұлтты одан бетер қоюлатып жіберді. Осыдан кейін белгілі қаламгер Тахауи Ахтанов­тың “Жас адамға жанашыр сөз” деп аталатын мақаласы жарияланып, ол жас авторға біраз демеу болғанымен, сыннан біржола арашалап ала алмады. Тек дауға әйгілі Мұхаң – Мұхтар Әуезов араласқаннан кейін ғана істің беті бері қарап, аяздың зәрі сынған еді. Ол жазған “Бұл күлкіге дән ризамыз” атты мақаладан соң пьеса республика театрларына еркін жол алып, жарты ғасырдан астам уақыт бойы қойылып келді. “Бөлтірік” кейін тоғыз тілге аударылып, әлем жұртына да мәлім болып кетті. Осы бойда ұлы Мұхаң айтқан “анық талантты табыстың” жәй сөз болмағанын шығармашылық шабыты­мен дәлелдей білген Қалағаң 1960 жылы “Құда­ғи келіптіні”, 1962 жылы “Қуырдақ дайынды”, 1964 жылы “Өзіме де сол керекті” дүниеге кел­тіріп, сусамырдай сусап отырған қазақ сахнасын комедияға қарық қылды да тастады. Драматург Қалекеңнің бұдан кейінгі қалам қарымын басқа қырынан танытқан туындысы, сөз жоқ, “Жат елде” драмасы. Ол 1964 жылы Жазушылар ода­ғында үлкен талас үстінде өмірге жолдама алды. Онда да тағы бір классик жазушымыз Ғабит Мүсі­реповтің зор беделі арқасында талаудан аман қалып, 1966 жылы Әуезов театрының сах­на­сына шықты. Ал осының алдында өтпей қал­ған “Біз пе­ріште емеспіз” драмасы жазушының қаншалықты жүйкесін жұқартып кеткені оның өзіне ғана мәлім. Ақырында отыз жылға жуық уақыт сөреде сүр­лен­ген бұл драма 1988 жылы жарыққа шықты. Бұ­лардың арасында сонау отыз жетінің зобалаңында әкесі атылып кеткен Қале­кең үшін “Жат елденің” жарыққа шығуы үлкен жеңіспен пара-пар еді. Сол қайран әкесіне ұқ­сағысы келгені себеп, Қалекең нағыз дегдар да, діндар да адам болған. Қалекеңнің әкесі Мұха­мед­жан заманында “Қара молда” деген ныс­пы­сымен атағы Арқа мен Сырға қатар танылған кісі еді. Атамыз кезінде Бұқара шәріптегі Мір-Араб медресесін түгесіп, Құран Кәрімді жатқа айтатын қари атанған. Діни ғұламалығы арқа­сында әлгіндей лақап ат алыпты. Сондықтан өз кіндігінен тараған үш ұлына Әбиболла (Әби), Қалиолла (Қалтай), Ибраһим (Қырғызбай) деген аттар берген. Халқына қадірлі болған Қара молда кеңес өкіметі құрылғаннан кейін де мешіт-медресе ұс­тап, Сырдың бойындағы жұрт арасына иман­ды­лықтың нұрын себуге септік етіпті. Заманын­да өзі секілді ескіше білім алған ғұлама ақын Тұр­ма­ғамбет Ізтілеуовпен жақсы араласып, оған парсы тілінен “Шаһнамені” аударып шығуды ұс­ын­ған да осы Мұхамеджан қари деген дерек бар. Осы өңірден шыққан белгілі ақындар Асқар Тоқ­мағамбетов мен Қуаныш Баймағамбетовтің біз сөз етіп отырған Мұхамеджан атадан тәлім мен білім алғанын тарих біледі. Сол ғұлама кісі 1937 жылғы 22 сәуірде “халық жауы” деген жал­ған жаламен қамалады. Сол кезде Әби – он, Қал­­тай – сегіз, Қырғызбай 3 жасар балалар екен. Осы тұста қарындастары Рыскүл емшектегі нә­ресте көрінеді. Ал тұтқындалған уақытында 49-ға енді іліккен Мұхамеджан атамыз қайтып елді көрмеген. Осы ретте жазушы Әбіш Кекілбаев куәлік ететін мына оқиға да оқырманды бей-жай қалдырмас деп ойлаймыз. Алпысыншы жылдары Жазушылар одағында бір жиналыс өтеді. Кенет мінбеге Қасым Тоғызақов шығады да: “Осында Қалтай Мұха­меджанов бар ма? Бар болса, тұрсын­шы!”, – дейді. Залдың бел ортасынан Қалтай аға түрегеледі. “Кешір, бауырым, – дейді сонда Қасекең. – Мәскеудегі онкүндікте маған Жамбылдың қасында жүріп, тілмаштық етуді тапсырды. Келгесін ұзақ жүргіз­бей, ұстап әкетті. Бір күні құлқын сәріден бә­рімізді абақ­тыдан айдап шықты. Ащы ішектей шұбатылып, сапқа тұрғызды. Бірінші тізбектегілер тап сол арада біздің көзімізше оққа ұшты. Екеуінің есімін ұмытпап­пын. Біреуі Қарағандының бір ауданының бірінші хатшысы Ахметов деген еді. Екіншісі алдыңғы күні ғана Сыр бойынан айдап әке­лінген ақ сәлделі хазірет. Аты – Мұхамед­жан. Мына тұрған Қалтайдың туған әкесі. Ме­нің көз алдымда жендет оғынан шәйіт бол­ды”. Екі беті күлдей бо­лып, көгіс тартқан Қалағаң сол бойда сүлесоқ орнына шөге кетеді... Бұдан өткен қасірет болар ма! Асыл туған Қалекеңнің арғы ата-бабалары да аруақты кісілер еді. Оның төртінші атасы атақты Күдері болғанын айтсам, жаңалық аша қоймас едім. Мұны бүгінде Қалтай жөнінен титтей хабары бар кез келген адам біледі. Кезінде Ұлбикемен айтысып, тарихта тағы бір аты қал­ған сол Күдеріден туған Нарботаның сөз ұс­таған әйгілі би болғанынан да көп адам хабар­дар. Ал одан өнетін Нұреке біздің Қалекеңнің атасы, яки әкесінің әкесі еді. Ол ел ұстаған пір болса, одан шыққан Мұхамеджанның кім бол­ға­нын Сырдың жұрты бүгінде түгел білетін бол­ған. Осындай ортаның бесігінде тербелген Қал­тай аға бес уақыт намазын қаза жібермеген сопы бол­маса да, исламның барлық шарт­тары мен қағи­даттарын өте жақсы білетін нағыз ғұлама еді. Осы ғұламалық дегеннен шы­ғады, бір жолы кеңес заманында Иранға жазушылар сапында ба­рудың сәті түскен Қалекең онда та­баны тиген бойда кітап дүкен­дерінің біріне кіріп, әйгілі Қожа Хафиздің: “Агар он турки Шерозй ба даст орад дили моро, Ба холи ғиндуеш бахшам Самарқанду Бухороро” деп гүжілдеп қоя бе­реді. Сол жерде асыл туған Қа­ле­кең осы шумақтың алдымен ор­ыс­ша нұс­қасын: “Дам турчанке из Шираза Самар­канд, а если надо, – Бухару! А в благодарность жажду родинки и взгляда”, деп заула­тып алады да, артынша Әбіраш Жәмішев тәр­жіма­сын­дағы: “Мен Шираздың пәк сұ­лу­ын тәңіріме теңер ем, Бір меңіңе Самарқан пен Бұ­ха­раны берер ем” деген жолдарды тағы арқы­ратып өтеді. Ши­раз­дың Шамсут­дин Хафизінің мына ғазелін түп­нұс­қа бойынша оқыған қаймана қазаққа аса разы болған сатушы әй­елдер сол жерде Қа­лекеңе сұ­раған кітаптарын тегін ұстатып жібереді. Асыл ағамыз өзінің мұндай білімділігін қан­дай бір қысталаң кезде де қиыннан қиыстырып сөз тауып, тұйықтан шығып кете­тіндігімен талай мәрте дәлелдеген. Соның бір мысалын оның жа­нында көп жүрген інілерінің бірі, өзі де ғажайып ғалым Мұхтар Құл-Мұхаммед былай баян етеді. Қалекеңнің жетпіс жылдық мерейтойы 1999 жылдың жазында, уақытынан бір жыл кейін аталып өтеді. Тараздан бастау алған той Түркістанға эстафета берген кез. Сол жолы Ясауи атындағы халық­аралық қазақ-түрік университетінің лық толған акт залында көсіліп сөйлеген Қалекеңді үзілісте жасамыстау келген түрік профессоры кес-кестеп: “Сайын Қалтай-бей! Сөзіңізге бек риза болдым. Нағыз ғұлама екендігіңізге еш шүбәм қалмады. Бірақ осы айтқандарыңыз қазақ жастарының құлағында қалатынына күмәнім бар. Айна­лаңызға қара­ңызшы: қазақ қыздарының бәрі ашық-шашық жүреді. Шаш пен көйлектің етегін қысқартқаны өз алдына, кейінгі кезде кіндігін жалаңаштауды әдетке айналдырды. Ал осының бәрі сіз айтқан ұлттық дәстүр, діни жоралғы­ларға үйлесе қояр ма екен”, – деп күтпеген жерден тосылтпақшы болады. Көңілі су сепкендей басылған қаламгер аға сонда еңсесін түсірмей көтеріңкі үнмен: “Жастық шақ тіршіліктің көктемі ғой, ал көк­темде тіршілік атаулы түріктің түкті кілеміндей құлпырып, бар бояуы бетіне шықпай ма? Гәп тіршілік көктемінің махаббат деген қан база­рында, сіз айтқандай, ашық-шашық емес, менің ақын досым айтқандай, асып-тасып жүрген жастарда емес, гәп солардың ашық-шашық жүрген жерін сығалап жүрген сіздерде ме деп ойлап қалдым”, – дейді ғой. Мына сөзден кейін ері мойнына түскен әлгі оқытушы бірден мүсәпірдің күйіне көшіп, тілсіз қалады. Қалекеңнің өзі һәм шығармашылығы туралы сөз қозғағанда, тоқталып өтеуге болмайтын бір сүбелі дүниесі, әрине, “Көктөбедегі кездесу” екені анық. Оның туу тарихының өзі тұтас жыр. Бұған себеп сол уақытта Мәскеудің “Совре­мен­ник” театрының тізгінін ұстаған Галина Волчек есімді режиссер болғанын біреу біліп, біреу білмес. Ол өзінің текке келмегенін білдіру үшін репертуарды жаңаша құруды ойлап, тың туынды жазып беруді Шыңғыс Айтматовтан өтінеді. Бірақ, Волчектің идеясын құп көргенімен, Шықаң драматургия жағына келгенде осалдау еді. Сосын ол өзінің ежелгі досы Қалтайды көмекке шақырады. Сосын Қалекеңнің пьесаны қазақша бастан-аяқ бір өзі жазып шығуына тура келеді. Ол мұны бас-аяғы 11 күннің ішінде тәмам қылады. Ал Шыңғыс сол пьесаны орыс­шаға аударып, бас тақырыбына жапонның Фуд­­зи тауының атын келтіреді. Шымырлап бойға жайылған драманы енді Волчек жерге түсірмей қағып алып, бірден сахнаға аттанды­рады. Бұл 1972 жылдың бедері еді. Содан кейін туындыны Рига, Вильнюс, Таллин театрлары жапатармағай қояды. Оны келесі жылы Вашинг­тонның “Арена стенш”, Лондонның “Ханстед” театрлары сахналапты. Бұдан кейін ол Варшава, Будапешт, Пловдив, Стокгольм, Хельсинки, То­кио, Бомбей секілді 19 шетел сахналарында зор табыспен атап өтіліпті. Бұл жерде анық қадап ай­­­татын бір нәрсе, “Көктөбедегі кездесудің” бірден-бір жалғыз авторы Қалтай Мұхамеджанов екені дау туғызбайды. Адалына келгенде, Ш.Айт­матовты аудармашы ретінде ғана қара­с­тырған абзал. Кезінде мұны Шыңғыстың өзі де мойындаған. Ойдан тағы бір ой туып отыр. Бір күні Дін­мұхаммед Қонаев ағамыз Қалекеңді кабинетіне шақырады. “Кіріп отырған үйіңіз тұрған жерге жаңа құрылыс түседі. Бұрынғы екінші хатшы­ның пәтеріне көшсеңіз қайтеді?” – дейді ол салған бойда. Бұған Қалағаң үндемей желкесін сипайды. “Неге ойланып қалдыңыз, Қалеке?” – дейді Димекең. Сонда Қалағаң: “Қайдан білейін, Димеке! Бұрын бірінші хатшы тұрған үйде тұрып ем. Енді екінші хатшы тұрған үйге көшеді екенбіз. Сөйте-сөйте, тіпті төмендеп кетіп жүр­ме­сек, жарады!” – депті. “Түу, қожеке-ай, қай­да­ғыны айтады екенсіз?! Өйтіп, қобал­житын еш­т­еңе жоқ, баяғы сол Қалтай қалпы­ңызда қаласыз ғой!” – деп Димекең де кеңк-кеңк күліпті... Сол үлкен кісі айтқандай, Қалағаң сол қал­пында қалды. Қаншама уақыт өзгергенімен, ол өзгермеген күйі кетті. Өмірден бұрала біткен емендей қалпымен өтті. Сөйтіп жүріп, әу бастан әлеуметшіл болып қалыптасқан ағамыз қоғам өміріне бел­сене араласып, дәулетіміздің дер­бес­тігін нығайтуға өмірі біткенше үлес қосты. Ержан УӘЙІС, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Қызылорда.
Соңғы жаңалықтар