• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
14 Қыркүйек, 2010

Апта айшықтары

367 рет
көрсетілді

Жұмыс орындары ұсынылуда Сарыағашта аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мұрындық болуымен “Бос жұмыс орындары” жәрмеңкесі өтті. Ұсынылған 220 жұмыс орнының 161-і иесін тапты. Бөлімнің есебі бойынша, тамыз айына дейін 3489 жұмыссыз тіркелсе, енді оның 2347-сі жұмысқа орналасқан. Бұған қоса 455 адамға қоғамдық ақылы жұмыс ұсынылып, 85-і кәсіби оқуға жолдама алған. Елбасының тікелей бақылауындағы “Жол картасы” бағдарламасы бойынша 700-ден астам жас тағылымдамадан өткізуге жіберіліпті. Сөйтіп, ауданда осындай нақты жұмыстар жасалып жатыр. Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы. Он алтыншы банк отау тікті Облыста екінші деңгейлі банк бөлімшелерінің саны көбейіп, 16-ға жетті. Оның ашылу салтанатына аймақ басшысы Серік Біләлов қатысып, жаңа ұжымға табыс тіледі. Ол өз сөзінде  7 айда облыс экономикасына 25 миллиард теңге инвестиция құйылғанын, мұның өткен жылға қарағанда 14 пайызға көп екенін атап өтті. Коммерциялық банктер тарапынан берілген несиелер мөлшері 28 миллиард теңгеге жеткен. Соның нәтижесінде биыл жоспарланған инвестициялық жобалардың 6-уы жүзеге асқан. “Delta Bank” АҚ басқарма төрағасының орынбасары Инесса Ким банк активінің 42 миллиард теңгені құрайтынын, елімізде 11 филиал жұмыс істейтінін жеткізді. Ұлттық Банк облыстық бөлімшесінің директоры Жомарт Қажырахымов кәдесый жасады. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы. Жарқын... көз жасына сенбейді Жамбыл облысына қарасты Сарысу ауданының Ақтоғай ауылында дүниеге келіп, кейін Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтты бітірген Жарқын Өтешова соңғы 20 жылдан бері Мәскеу қаласында тұрады. Өткен аптада ол туған жеріне келіп қайтты. Бірақ құрқол емес, жылдар бойы жүрегін түрткілеген сезімдерін жырға айналдырып, “Мәскеу: өмір өзен” деген кітапқа сыйғызып әкелген. – Әуелі өзіміздің Ақтау қаласында мұғалім болдым, ал Мәскеуге ауысқаннан кейін сондағы “Қазақ тілі” қоғамдық қорында қызмет еттім. Қазір қор төрағасының орынбасарымын, бос уақытта жыр жазамын, – деді ол “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалында және Тараз мемлекеттік университетіндегі жыр-сұхбатқа арқау болған ғибратты кездесулерінде. Халқымызда “қыз бала ең болмағанда бір ат дорба жемге жарайды” деген сөз бар. Ал Ж.Өтешова болса, іргелі екі мемлекеттің арасына дәнекер болып, елдік мәні бар үлкен істерге мұрындық болып жүр. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы. Саламатты өмір салты үшін Өткен аптада облыс орталығында облыстық әкімдіктің қолдауымен “Дұрыс тамақтан. Спортпен шұғылдан” атты ұранмен денсаулық фестивалі ұйымдастырылды. Фестивальға оқушылар, студенттер, спортқұмар қала тұрғындары қатысты. Спорт мектептерінің оқушылары, бишілер және көркемөнерпаздар ұжымдары өнер көрсетті. Жаяу жүгіріс марафоны өтті. Жасөспірімдерді, жастарды спорттық секцияларға шақыру мақсатында көрмелер, денсаулық шыңдауға арналған спорттық тауарлар жәрмеңкесі болды. Дәрігерлер кеңестер берді.Саламатты өмір салтын қалыптастыру жайында танымдық кітапшалар тегін таратылды. Сенбі күні  аудандар орталықтарында, ауылдарда  спорт түрлерінен жарыстар  ұйымдастырылды. Павлодардағы орталық алаңда, стадиондар мен парктерде демалыс уақыты отбасылық денсаулық фестивалі ретінде аталып өтті. Фарида БЫҚАЙ, ПАВЛОДАР. Байыпты байқау жарияланды “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы облыстық филиалының мемлекеттік тілге деген көзқарасын  “бәрекелді” деп қабылдауға болады. Әрдайым игілікті істерге ұйытқы  болып жүретін филиал “Тілге – құрмет, елге – құрмет” тақырыбында байқау жариялап, оның ережесін бекіткенін жұртшылық  жылы қабылдады. Байқауда бес номинация бойынша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің үздік шығармалары мен интернет-ресурстар арқылы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, танымдық фильм, оқулықтар, кітап,  мәдени-көпшілік және басқа жобаларға қомақты жүлделер тағайындалды. Ұсынылатын материалдардың маңыздылығына, ақпараттардың безендірілуіне талап жоғары екендігі жария етілді. Күмісжан Байжан, Алматы облысы. Сақшылардың жанашырлығы Қаладағы Затон полиция бөлімі мемлекеттік тілді дамытуға көптен бері көңіл бөліп келеді. Мұнда іс қағаздарын жүргізу мемлекеттік тілге көшіріле бастағанына да біраз уақыт болып қалды. Осындай оңды талпыныс нәтижесінде осындағы басқа ұлт өкілдері де қазақ тілінде сөйлей бастады. Бірақ, бір қуанарлық жәйт сол, бөлім барға қанағат жасап отырған жоқ. Соның айғағындай жуырда мұнда мемлекеттік тіл жағдайына арналған дөңгелек үстел өткізіліп, нақты шаралар қабылданды. Тәртіп сақшыларының бұл игі қадамын тек құптаған жөн. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, СЕМЕЙ. Мұнайшылар қайырымдылығы Облыстық балалардың құқығын қорғау департаментінің тапсырмасымен “Торғай Петролеум” акционерлік қоғамы тұрмысы төмен отбасыларының  36 баласына киімдер үлестіріп, ақ дастарқан жайды. “Торғай Петролеум” АҚ-тың атқарушы директоры Сағит Алтынбеков жас өркендерді жаңа оқу жылымен шын жүректен құттықтап, сый-сияпат ұсынды. Ал оқушылар мұнайшыларға ән мен биден шашу шашып, сәбилік сезімдерін жеткізді. Сондай-ақ “Отанымыз – Қазақстан” тақырыбында суреттер салып, мұнайшыларға тарту етті. Балалардың туындылары компанияның мұрағатында сақталатын болмақ. Еркін ӘБІЛ, Қызылорда.