• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
25 Қыркүйек, 2010

Өркениетті күрес ізашары

1985 рет
көрсетілді

Көрнекті қоғам қайраткері Бақытжан Қаратаевтың туғанына 150 жыл толуына орай Ақтар түрмесінің жалғыз кісілік ка­ме­расында сарылып жатқан қарт Қа­ра­таев өзіне өзі: “Большевизм өкімет ба­сында қала ала ма? – деген сауал қой­ды. Артынша: “Ол, меніңше, өздерін өз­дері өкімет еткендердің тіршілігі тоқ­тағанға дейін билікте тұра алады!” – деп өз сұрағына өзі еңсе көтере жауап берді. “Өздерін өздері өкімет еткендер” д­е­­гені – өзін абақтысына жауып тастаған казак әскери үкіметі... Қапаста қажып, бостандықты аңсап за­рыққаннан бері серігі етіп келе жат­қан күнделігі беттеріне ол одан әрі: “Боль­шевизм сахнадан ауыспалы кезең­нің міндетін өтеп барып кетеді, ол өз орнын бейбіт, жасампаз және атап айту керек, социалистік тұрпаттағы өкімет­терге береді. Әзірге большевизм күллі ескі әрі іріп-шіріген дүниені күйретуші мәнінде әрекет етуде. Ал жасампаздар – басқа адамдар болады...”, – деп жазды. Бәрімізге мәлім, большевиктер партиясы билікте жетпіс жылдан астам уақыт тұрғаннан кейін ғана тұғырынан тайған-ды. Төңкеріспен бастаған әкім­шілік ғұмырын төңкеріспен, абыройсыз доғарған. Сондықтан да, осынау би­леуші партия хақында Бақытжан Қара­таевтың 1918 жылы жазып қалдырға­нының, қазіргі дәуір биігінен қарағанда небір ойға жетелейтін қызық пайым-болжам екені дау тудырмайды. Ал большевизмнің күні түптің-тү­бінде өткінші болатындығы хақын­дағы бұл сөздерді жазып отырған тұтқын Ба­қыт­жан Қаратаевтың өзі де большевик болатын. Ол, өлкеге ірі демократ, қоғам қайраткері, халық мұңын жоқтаған ел ағасы, абзал азамат ретінде әйгілі ақбас қарт, Оралдағы большевиктік совдептің жұмысшы, шаруа, солдат депутаттары облыстық кеңесінің мүшесі әрі әділет комиссары ретінде тұтқындалған еді. 1918 жылғы наурыздың 28-інен 29-ына қараған түні Орал казактарының әскери үкіметі (войсковое прави­тельство) қалада контрреволюциялық төңкеріс жасады. Соның алдында ғана Мәскеуде жұмысшы, шаруа және солдат депутаттарының төтенше ІV бү­кіл­ре­сейлік съезі жұмыс істеп, Брест бітімі туралы келісімді мақұлдаған-ды. Съезге делегат болып қатысып қайтқан Орал совдепі атқару комитетінің төра­ғасы Петр Иосифович Дмитриев об­лыс­тық съезде арнайы баяндама жа­саған бола­тын. Орал кеңестерінің съезі Брест бі­тіміне қолдау көрсеткен қарар қа­был­да­ды. Сондай-ақ, тап сол тұста өтіп жат­қан Орал казактарының съезіне өкілдер жіберіп, Кеңес өкіметін мой­ындауға ша­қыр­ды. Белгілі мөлшерде совдеп құра­мы­на сайлауға өз ара­ла­рынан мүше бо­луға лайықтылар тізімін беруді ұсынды. Алайда әскери үкімет совдептің ұсы­ны­сын ерсі көріп, қабыл алудан бас тартты. Бақайшағына дейін қаруланған казактар Орал қаласындағы көне шіркеуге жиылып, большевиктерге қарсы қасық қаны қалғанша күресуге ант ішісті... Әскери үкімет совдеп мүшелерінің көпшілігін төңкеріс жасаған алғашқы түннің өзінде-ақ ұстап үлгерген-ді. Қа­ладан большевиктердің аз ғана бөлігі қа­шып шыға алды. Сол азшылық ішін­де Әділет комиссары Қаратаев та бар-ды. Бірақ, көп ұзамай, ақ казактар оны өз по­селкесіндегі үйінде жатқан жері­нен тұтқынға алды да, Оралға әкеліп абақ­тыға жапты. Содан ол түрмеден 1919 жылғы қаңтардың 24-інде, Орал қаласын ақтардан Қызыл Армияның атты әскері азат еткенде бір-ақ босанды. Тұтқындалған күні өзінен жауап алған әскери үкімет тергеушісіне Ба­қыт­жан Бисәліұлы казактар төңкері­сінің заңсыздығын әшкерелеп жауап берген-ді. Оны ә дегенде ату жазасына кесу ұйғарылған еді, алайда, билік оның өлкедегі беделін ескермей тұра алма­ды... Содан ол жылға жақын жеке ка­мерада қамаулы жатты. Сонда да, сағын сындырмай, күнделігіне: “...Мен әскери үкіметке Қазан революциясы мен Кеңес өкіметін казактар мүддесі үшін, өзара қырқыс пен қантөгісті болдырмау үшін мойындауды ұсынамын”, – деп жазды. Ол жаңа үкіметті жұмысшылар ғана емес, сан миллион шаруа құлшына қол­да­­ғанын, казачествоның бұл нөпір күш­ке қарсы тұруға шамасы жет­пей­тінін айтты. Сонау қалың бұқара қаһарын көріп-тани білуге өзін абақ­тыда ұстап отырғандарды шақырды. “Егер өзіміздің туған Кеңес өкіметіміз бар болса – Екінші Николай немесе Керенский, не­месе тіпті Құрылтай жи­налысы (Учре­ди­тельное собрание) қай сайтаныма керек!” – деп ағынан жа­рыла жазыпты осынау қарт тұтқын Ке­ңес өкіметі жау­ларының түрмесінде жатып, дәптерінің беттерінде. Мұнысы, әрине, жәй тебіреніс емес-ті. Қаратаев Кеңес өкіметін тұтқынға түсуден көп бұрын насихаттап жүрген. Сондықтан, түрмеден шығысымен, оны сөзбен де, қарумен де қорғауға білек сыбана кірісті. Орал облыстық кеңе­сінің қазақ бөлімін басқарды, қазақ жі­гіт­терінен ерікті атты әскер бригадасын ұйым­дастырды. Шығыс майданы құра­мын­дағы төртінші армияның қазақ бри­гадасында саяси бөлім бастығы болды. Қоршауда қалған Орал қаласын азат етуге қатысты. “Қаратаев жолдас алғаш­қы қазақ қызыл гвардияшылары мен қы­зыл партизандарының бірі еді”, – деп жазды ол қайтыс болғанда, 1934 жыл­ғы 27 тамызда “Актюбинская правда” газеті. Қызыл партизан Қаратаев азамат со­ғысының от-жалынын кеше жүріп, болашақ Қазақ автономиясының мәсе­лелерін көтерген ұйытқы топ құра­мын­да бірқатар елеулі іс тындырды. 1919 жыл­ғы 24 шілдеде Ресей Федерация­сы­ның Халық Комиссарлары Кеңесі оны Қазақ өлкесін басқару жөніндегі Әс­ке­ри-революциялық комитетінің мүше­лігіне тағайындады. Бір қарағанда, текті тұқым өкілінің жарлы-жақыбайлар жағына ойланбас­тан шығып, жаңа өкімет үшін жан аямай күресуі таңқалдырады. Кезінде оны сон­дай көзқарасы үшін алаш қай­рат­кер­лері ұнатпаған-ды. Ол жайында шет­елден Мұстафа Шоқаев та жағым­сыз сөздер жазды. Большевик Қаратаев та алаш­тық­тар ұстанымын қабыл алған емес. Алайда оның бұл әрекетінде түсінуге болмайтындай еш оғаштық жоқ еді. Қаратаевтың дүниетанымы осы жолға оны саналы түрде алып келді... Бақытжан Бисәліұлы Әбілқайыр ханнан тікелей тараған бұтаққа жатады. 1860 жылы Орал облысындағы Дәу­летжан сұлтанның шаңырағында дүние­ге келген кішкене Бақытжанды үлкен әкесі (Әбілқайыр ханның немересі, Нұралы ханның баласы Қаратай ханның ұлы) Бисәлі сұлтан бауырына басқан көрінеді. Жас сұлтан әуелі ауыл мек­те­бінде, сосын Орынбор гимназиясында оқи­ды. 1886 жылы императорлық Санкт-Пе­тер­бург университетінің заң фа­куль­тетіне түсіп, оны 1890 жылы, бетіне “ИСПУ. 1890. Каратаев” деп аты жазыл­ған кіші алтын медальмен аяқтап шығады. Қаратаевтың азаматтық көзқа­ра­сы шәкірт шақтарында, жас кезінде, сол тұстардағы окиғалар сырын зерек түсіну орайында қалыптасты. Оның мектеп пен гимназияда оқып жүрген жылда­рында патша әкімдері өмірге енгізген, қазақ тұрмысына қолайсыз тиген, халық қаламаған реформаларға орай үлкенді-кішілі толқулар туған болатын. Басқару лауазымдарынан аластатылған төре тұ­қым­дарының жай-күйі, ондай шараның себеп-салдары, отарлық езгіден күйзел­ген ел тіршілігі, т.с.с. көз алдында көл­беңдеген сан-алуан сү­рең­сіз жәйт біткен оқу-білімге талпынған жас сұлтанды ойға батырмай қойма­ғаны хақ. Университет қабырғасында жүрген шағында Санкт-Петербургтегі студент­тік жиындар мен толқуларға қатысып тұ­руы да көп нәрсені анғартса керек. Оған инс­­пектор әлденеше мәрте ес­керту жа­сап, бұдан былай ондай рұқсат етіл­меген жиналыстарға қатысуға тый­ым салып отырған. Зерттеуші Мұстафа Ыс­мағұлов кезінде оның студенттік іс-қа­­ғазында сондай екі қолхат сақтал­ғанын жазған-ды. Отарлаушы және отарланушы жұрт өкіл­дерінің ара-қатынасын ол жас­та­йы­нан сарапшыл, аңғарымпаз, сыншыл көңілмен бағамдап жүрген. Бұған Қа­ратаевтың қолжазбаларының біріндегі мына жолдар куә: “...киргиз-қайсақтар неліктен орыс чиновниктері мен меке­мелеріне келгенде жалған сөйлеуге жә­не алдауға бейім деген сұраққа Арғын руындағы төменгі шекті бұтағының беделді қазағы, Шеген батырдың не­мересі Қорғанбек Бірімжанов 1886 жылы, менің Петербург университетінің студенті кезімде, Торғай облысының әскери губернаторы генерал-лейтенант Барабашқа менің көз алдымда былай деді: “Қазақ халқының даналығы айта­ды, егер сен орыс чиновнигіне шын кө­ңіл­ден, жүрегіңмен ақтарылып шын­дық­ты айтсаң, ол саған сенбейді, ал егер сен оған қиыстырып тұрып, шебер тілмен өтірік айтсаң, құлай сенеді”. Қор­ғанбек Бірімжановтың бұл сөздері ақиқат болғандықтан да, царизм чиновнигінің бетіне түкірілген терең де ащы әжуаға толы қақырық еді...” ИСПУ-ді тәмамдаған соң Бақытжан Қаратаев Правительствующий (билік айтушы, басқарушы) сенаттың екінші департаментіне қызметке қалдырылады. Бұл оқиғаны “Дала уәлаяты газеті” қазақтар үшін үлкен жетістік ретінде қуана жариялайды. Алайда Басқарушы сенат Қаратаевты өзінің айбарлы қабырғасында ұзақ ұстамай, Кутаиси қаласына тергеуші етіп жібереді. Бұл жәйт 1891 жылғы Дала ережесінің қабылдануымен тұстас келеді. Содан Бақытжан Бисәліұлы қазақ­тың көшпенді тұрмысына жаңа лаң әкелген ереже күшіне еніп болған соң, 1897 жылы ғана грузиндер ортасымен қоштасып, туған жеріне оралды. Еліндегі қызметін ол халықка заң тұрғысынан жәрдемдесуден бастайды, заң қызметтерін атқарып, қорғаушы болып істейді. Одан біртіндеп ағарту ісіне араласа келе, қоғамдық-саяси жұ­мыспен кең көлемде шұғылдануға бет бұрады. Империяның жоғарғы кең­се­сінде, сондай-ақ Грузия сынды өзге де отар өлкесінде қызмет атқару арқылы көзі ашылып, ысыла түскен қоғам қайраткерін патша өкіметінің жоспарлы түр­де жүзеге асырып келе жатқан отар­лау жұмыстарының қазақ халқы үшін қайғылы салдарлары: жердің тарылуы, дінге, оқуға, күнкөріске айтулы қысым көрсетілуі қатты толғандырады. Қаратаев патшаның 1905 жылғы “17 ақпан рескриптіне” сәйкес, петиция науқанына қатысты. Шілдеде бір топ ұлт депутациясын бастап барып, Екінші Николай патшаның қабылдауында болды. Онда қазақтардың діни иланы­мын қорғауға бағытталған және жо­баланып жатқан өкілдік жиынға қазақ халқының өкілі де жіберілуін сұраған өтініштер білдірді. Сол жылдың соңына қарай Оралда “бес облыс делегаттары съезін” өткізуге мұрындық болды. Жел­тоқ­санда тұңғыш Қазақ саяси пар­тия­сын құрды. Әйгілі “17 қазан манифесі” жария болған тұста, орталықта ұйысқан конституционалист-демократтар пар­тия­сының бағдарламасы қазақ партия­сы ұстанымының негізіне алынып, оның жер жөніндегі тараушасы қазақ мұңына лайықталып қайта тұжырым­далды. Алай­да қазақ конституцияшыл-демо­кратта­рының бұлай етіп өзінше дер­бес­тік көрсетуі Питердегі кадеттер мен олардың баспасөзінде қатты сынға ұшырады. Бақытжан Қаратаев 1907 жылдың басында екінші мәрте шақырылған Мемлекеттік думаға Орал облысы қа­зақ­тарының атынан депутат болып сай­ланды. Дума жұмысына қатысу үшін Пе­­тербургке жүрер қарсаңында ол бас­пасөзде өзінің ұстанымын – империя парламентінде қазақтар атынан өкілдік еткенде атқармақ болашақ депутаттық және қоғамдық-саяси қызметіне бағ­­дарлама іспетті мақаласын жария етті. Оны Орынбор қаласының татар со­циал-демократтары шығарып тұрған “Орал” газетінің бетінде “Орыс хал­қына ашық хат” деген тақырыппен 1907 жылғы 7 ақпанда бастырды. Мұнда ол орыс шаруаларының қазақ жеріне көшірілуіне байланысты билік тара­пы­нан кеңінен жол беріліп келе жатқан заңсыздық­тарды ашып көрсетті. Қа­за­қ­тар­дың ата-баба қонысынан, тіпті, тұр­ғын жайла­рынан зорлықпен қуылу­ын, кейде жеке меншіктеріндегі малда­рын да күштеп тартып алудың орын алып отырғанын, сондай өрескел қы­лықтар сал­дарынан қантөгіске апарулы қақ­тығыстар жиі байқалып жүргенін айтты. Бейбіт қазақ халқының заңды ашу-ызасын туғызып тұрған әлгіндей жәйт­терді байыппен саралай келіп, орыс парламентіне мүше ретінде Пи­терге аттанғалы отырған осынау қазақ уәкілі: “Біз бұларды орыс халқына жаулық қарым-қатынаста болғандықтан емес, достық көңілден айтып отырмыз, – деп жазды. – Орыс халқы бізге дұшпан емес, біздің онымен ортақ дұшпанымыз бар, ол – патшалық самодержавие-дүр... біз былай ойлаймыз: ең алдымен Ре­сейдің өз ішінде жеке адамдарға, ка­бинетке, монастырьларға бөлінген және басқа да жер-су жерсіз шаруалардың қо­лына берілуге керек, ал күллі ел бо­йын­ша жер біткен халық меншігі ре­тінде танылуға тиіс. Бұл үшін елдің барша жоғарғы өкіметі халықтың өз қолына өтсін. Самодержавие биліктен кет­пе­йінше – жер мәселесі оң ше­шіл­мейді, сон­дықтан да біз жер үшін кү­рес­ті Ресейдің барлық халқымен бір­лесіп жүргізу ниетіндеміз”. Осы сөздерінен Бақытжан Бисә­ліұлының революцияға дейінгі де, одан кейінгі де іс-әрекеттерін айқындаған мақсатын айқын аңғаруға болады. Көп­шілікке мәлім, ол ІІ Мемлекеттік ду­маның пленарлық мәжілістерінде де, өзі мүше болған аграрлық және басқа комиссияларда, одан тысқары, үкімет мекемелерінде де зор қажыр-қайратпен қа­зақ халқының мұң-мұқтажын жоқ­та­ды. Өзінің 1907 жылғы 16 мамырда Мем­лекеттік дума мінбесінен сөйлеген атақ­ты сөзінде орыс шаруаларының ба­сына түскен жағдайды қазақ де­путат­та­рының түсінетінін, жандары шын аши­ты­нын ескертті. Сондықтан да, ша­руа­лар ахуалын жақсарту мәселесін олар­дың тұрған аудандарында жерді пай­далану мүмкіндіктерін кеңейту арқылы шешуге ықылас білдірмейтін Думадағы оңшылдарға өздерінің ұқсағылары келмейтінін айта келіп: “Мемлекеттік дума мынаны есте ұстасын – Ресейдің өз ішіндегі... жүз отыз мың помещик мүддесін қорғау үшін шаруаларды қазақ жеріне көшіріп, оларды ренжітуде, – деді. – Мемлекеттік думаның есінде болсын, қазақтар шаруалардың жер мұқтажын қанағаттандыру мақсатында жеке иеліктердегі жерлерді күштеп бөліп алуды қалайтын барлық оппози­циялық фракцияларға әрдайым бүйрегі бұра қарайды. Бірақ мынаны ойлаңыз­дар, қазіргі таңда осынау помещиктерді құтқару үшін қазақтарды жерінен ғана емес, тұрған үйінен, жалғыз баспа­на­сы­нан күштеп шығарып жіберіп жатыр”. Екінші Думаға келген бетте ол мұ­сылмандар фракциясына тіркелген-ді. Қазақ істерін заң жолымен шешуге ты­­рысқан белсенді әрекеттерін “3 маусым төңкерісінен” кейін де, ІІІ жә­не ІV Мемдумалардағы мұсылман фрак­­циясы мен тобы арқылы жасап тұрды. Әйгілі Столыпин реакциясы тұсын­да қазақ даласына келіп қоныстану­шы­лар саны күрт артып, шұрайлы жер­ле­рінен айрылған жергілікті халықтың ахуалы нашарлай түскен-ді. Қазақтар­дың тек қана жер тістеп аман қалуына бола­ты­нын, сондықтан тездетіп оты­рықшы өмірге көшуін Қаратаев сол шақ­та қатты насихаттады. Ол ауылдас­тардың заң пұрсат ететін мөлшерде, ұйысушылар санына қарай жер телімін кескізіп алып, сосын соны қауымдасып пайдалануын орынды деп білді. Қоныс­тарынан жаппай қуып жіберуді көздеген үкімет саясатына жем болмай, төтеп беру, тіпті қарсы тұру жолы, оның ой­ынша – әркімге тиесілі 15 десятиналық нор­ма­мен егістікке жарамды жерді бөлгізіп алып, қауым болып иеленуде жатыр. Мұндай әрекет белгілі бір ауыл­дар то­бы­ның егін егуге қолайлы алқап­­ты игеруіне заң тұрғысынан ерік береді, ал телімдер арасындағы егістікке жара­майтын жерлерге мал жая беруге болар еді деп пайымдады ол... Патша үкіметінің әріден ойлас­ты­рылған жоспармен жүргізілуі қатыгез отар­лау саясатының құрбаны болудан сақ­тарлық тәжірибені Қаратаев өзі көрсетті. Ол 1910 жылы Орал облы­сын­дағы Жымпиты үйезінің Шідерті бо­лысындағы сегіз көшпенді ауылдың адам­дары үшін жер кестіріп алып, әрі диқан, әрі малшы тірлігін үйлестіре жолға қойған отырықшылар поселкесін сал­ды. Бұл қыстақтың экономикалық тыныс-тіршілігі туралы, сондай-ақ жал­пы қазақ халқын өз жерінде орнық­ты­рып қалуға жерді қауымдасып пай­далану кепіл болады деп есеп­теген Бақытжан Бисәліұлының саяси-әлеу­меттік көзқарастары жөнінде зерттеуші-экономист Мұхамбетқали Жақсәлиев жи­на­ған мол материал мен қо­рытқан тұжырымдар аса қызықты және әлі мәнін жойған жоқ. Шынында, 20 ғасырдың ба­сында, патша үкіметінің отар­шыл­дық шарала­ры үдеп бара жат­қан шақта, халықты қол­да­ныс­тағы заң ауқымында көшпен­ділік өмір салтын өзгертуге, мал басын азайтып, оның өнімділігін арт­ты­руға, егіншілікпен, саудамен ай­налысуға, бі­лім алып, ғылымның қыр-сырын иге­руге үндегені сұл­тан Қаратаевтың бірін­ші кезекте бұқара қамын ойлаған көре­ген қайраткер екенін дәлелдей түседі. Халықты пайдалы іске жұ­мыл­ды­руда дүркіндік басылым насихатының айрықша пәрменді боларын анық ұққандықтан, қазақ зиялылары ұлттық газет-журналдар ашуды қолға алғаны мәлім. Бақытжан Қа­ратаев әуелі 1911 жылы Ордада, ұзамай Оралда шығып тұрған “Қа­зақ­стан” газетінің ұйым­дастырушысы әрі қамқоры болды. Ара­ға аз уақыт салып, Троицкіде “Айқап” журналы шыға бас­тағанда қуанышын білдіріп, шы­ғару­шыларға телеграмма жіберді. Сондағы Қаратаев сұлтанның жеделхаты көшірме түрінде Орталық мемлекеттік мұрағатта сақтаулы тұр. Ол өзінің қоғамдық-саяси және эконо­ми­калық ой-пікірлерін, өзін толғандырған өзге де мәселелерді осы атал­ған екі басылымда және бұлардан кейін шаңырақ көтерген “Қазақ” га­зе­тінде, сондай-ақ “Фикер” (Пікір), “Құяш” (Күн), “Вақыт” (Уақыт) секілді татар ті­­лінде жарық көрген баспасөз құ­рал­дары беттерінде де үзбей ортаға салатын. Патша үкіметі Бақытжан Би­сәліұлын сенімсіз адам деп білді. Құпия полиция тыңшылары арқылы оның әр басқан ізін аңдып жүретін болды. Қа­ратаев өзін аңдушыларға, заңгер ре­тінде, әрине, ілік бермеуге тырысты. Се­ріктеріне де сондай ақыл айтып жүр­ді. 1913-1914 жылдары қазақтың жігерлі жас зиялылары ел тағдырын әңгіме етерлік құрылтай шақыру қа­жет­тігін жиі көтерген. Белгілі демократ, ел сыйлай­тын аға ретінде, Бәкеңнен кеңес сұра­ған. Сонда Бақытжан Қаратаев олардың бастамасын қызу қолдай оты­рып, құ­рылтай өткізу үшін жергілікті өкі­меттің рұқсатын алу қажеттігін, яғни заңды­лық­ты сақтап барып, халық мұңын ор­та­ға салатын жиналыс өткізуге қол жет­кізгеннің дұрыс болмағын ескерткен-ді. Жаманды-жақсылы заңдары бола тұра, соларының өзін дұрыс сақтамау, қажет етсе мақсаттарына қарай бұрып алу, әлде мүлдем белінен басу дегеніңіз, өкінішке қарай, империядағы үйрен­шікті шаруа-тын. Қаратаев әділеттілік жо­лындағы күресінде үкіметтің осы кем­шілігін нысанаға алып отырды. Әсіресе, 1916 жылғы 25 маусымдағы май­данның қара жұмыстарына бұра­таналарды шақырған белгілі патша пәр­ме­ніне жауап ретінде туған толқулар се­бебін ол жоғарғы орындардың заң­сыз­дыққа жол беруінен көрді. ІV Мем­ле­кеттік дума төрағасына, соғыс және ішкі істер министрлеріне тапсырған “Қа­зақ­тар жайындағы естелік жаз­ба­сында” ол заңның бұзылған жерлері мен олардың салдарларын талдай келіп, қазақ жігіттерін соғыс құрылыстарына алуды мүлдем тоқтатуды, немесе шақыру мерзімін кейінге қалдыруды талап етті. Шешімталдығын ол мұсылман­дар­дың 1917 жылғы Мәскеу съезінде де көр­сетті. Ақпан револю­ция­сы тудырған жаңа саяси ахуалда өткен Ресей мұсыл­мандарының бұл съезі Уақытша үкімет­ті қолдап, орыс-герман соғысын жеңіс­ке жеткенше жалғастыру жағын айта бастаған. Ұйымдас­ты­ру­шы­лардың пікі­ріне Бақытжан Бисәліұлы қо­сылмады. Ол биліктен кеткен патша әкім­шілігі бастаған, елді күйзеліске ұшыратқан соғысты шұғыл доғару қажет деп білді. Өз ойында қала беретінінің белгісі ретінде, жиһангершілік соғысты тоқтату керектігін бұрыннан көтеріп жүрген большевиктер партиясы қата­рына кірді. Бұл 1917 жылдың мамыр айы болатын. Содан, большевизм ұранымен оншақты жыл қызмет етті. Қарт қайраткердің азамат соғысын­да сіңірген еңбектері мен Қазақ рево­лю­ция­лық комитетінің мүшесі ретіндегі қызметін академик Салық Зиманов өз кітаптарында тиянақты саралап тал­даған. Ал оның әр кезеңдегі саяси-құ­қық­тық көзқарастарын қадірменді ака­де­миктің шәкірті профессор Сәкен Өз­бекұлы егжей-тегжейлі қарастырды. Аталған ғалымдардың және өзге де зерттеушілердің жазғандарынан туатын жалғыз ғана ой сол, Бақытжан Қаратаев халқына әрдайым пайдалы болу жо­лын­да адал еңбек еткен үлкен қайрат­кер еді. Ол ел қамы үшін компартия мү­шесі де болды, тек кейінірек, 1927 жы­лы, әлде большевиктер ісіне көңілі тол­ма­ға­н­ынан ба, әлде, 1934 жылы қайтыс бол­ғанында шыққан некрологта көр­сетілгендей, жасы ұлғайып, белсенді жұ­мысқа араласа алмаймын деп есеп­те­генінен бе, партия қатарынан шығып кетті. Халық ұмытпайтын соңғы бір ерлігі – 1932 жылғы жазда Қазақстанның “жар­­ты патшасы” Филипп Голощекин­ді ашаршылық қырғынын жасаған қыл­мыс­ты саясатын бетіне басып, Ақтөбе вок­залы алаңындағы дүйім жұрт көзінше айыптағаны... Өмірінің соңғы жылдары ол ғылыми жұмыспен шұғылданды. Артына мол мұра қалдырды. Оның өлкедегі азаттық қозғалыстары жайындағы тарихи шо­луы бүгінде ғылыми айналымға енген. Орта­лық мемлекеттік мұрағатта арнайы “Қа­ратаев қоры” бар, зерттеушіге мұн­дағы құжаттар мен материалдардың револю­ция тарихынан көп мағлұмат берері сөзсіз. Бақытжан Қаратаев – қазақ тари­хын­дағы ірі тұлғалардың бірі. Алайда он­ың есімі мен қызметі әлі де өз дең­гейіне лайықты бағасын ала қойған жоқ. Оған Кеңес өкіметі тұсында ұзақ жыл­дарға созылған тарих ғылымындағы бұрмалаулар себеп болды. Әкесінің революциялық қызметін жұртшылыққа бұрынғы партия тарихы инс­титутының ғалымдары қате түсін­діріп жүргені жайында кезінде Зейнеп Бақытжанқызы Қаратаева әлденеше мәрте мәселе көтерген болатын. Зейнеп апайдың сондай өтініштерінің бірі 1985 жылдың соңында республикамыздың ең жоғарғы санаттағы өкімет органында қалай қаралғанына осы жолдар авторы куә болған еді. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының тапсыруына орай Қа­зақстан Компартиясы Орталық Ко­митеті жанындағы Партия тарихы инс­титуты хатты тексеріп, 1986 жылғы 16 сәуірде жауап қайтарды. Сонда сол тұс­тағы ең құзырлы ғылыми мекеме аса бе­делді басшысының қолымен: “Пар­тия та­рихы институты Қазақстан Ком­пар­тиясы Орталық Комитетінің тап­сыр­масына орай, Б.Б. Қаратаевтың қы­зы­ның арыздарын талдаумен әлденеше рет шұғылданды”, – дей келіп, оны “Қа­­зақ­станның Октябрь кезеңіне де­йінгі феодал-бай интеллигенттері ли­де­рінің бірі, кадет партиясының мүшесі болған”, – деп өмірдерегін бұрмалаң­қырай сипаттады. Одан, айыптаған сарынмен: Қа­ратаев “1905 жылғы шілдеде қазақ бай-фео­далдары мен кадеттерінің деле­га­ция­сын басқарып, ІІ Николай патша­ның мұрагерінің тууымен құттықтауға бар­ды. Қабылдау кезінде патшамен бірге суретке түсті”, – деп хабарлады. Дұ­ры­­сын­да, патшаның қабылдауына мұ­ра­гердің жасқа толуын сылтауратып кіріп, қазақ өмірі үшін өзекті мәселелер көтерген-ді... Ал оның жер мәселесіндегі ұста­ны­мына: “Аграрлық мәселеде царизмнің отарлау саясатын қуаттады”, – деген сөздермен, көпе-көрнеу бұрмаланған баға берді. Қаратаевтың 1907 жылы ІІ Мемлекеттік дума мінберінен патша үкіметінің қазақты жер-суынан күштеп айырып жатқан отаршылық іс-әре­кет­терін бар дауыспен әшкерелеуі, 1910-шы жылдары белгілі қазақ қоғам қайраткерлері Барлыбек Сыртанов пен Әлихан Бөкейхановқа үкіметтің пере­селен қорларын жасаудағы қиянат­тары жайында күйініп хат жазып, көшпелі халықты отырықшы етуге бағытталған іс-әрекеттерге шақырғаны мәлім. Нақ­ты үлгіні оның өзі көрсетті, ауылдас­та­ры­ның басын қосып, поселке салды. Алайда қазақ интеллигенттерінің көбі ха­лықтың дала төсінде, салқын самал өтінде, кең жайлауда мал бағып, қымыз ішіп, көшіп-қонып жүре беруін көш­пен­дінің өзгертуге болмайтын өмір сал­тына балаған. Сондықтан да Қаратаев пен оның жақтастарының бастамасына қолдау көрсетпеді. Есесіне, 10-шы жыл­дары эволюциялық жолмен отырық­шы­лануын серкелері қаламаған көшпенді халық большевиктер 30-шы жылдары революциялық тәсілмен малын сы­пы­рып алып отырықшыландырғанда шы­бынша қырылып, ұлттық апатқа душар болды. Құрметті ғылыми мекеменің осыларды ойға алмай, бейғылыми тұжырым жасағанына қарның ашады... Одан, Қаратаев “1918 жылғы 29 нау­рыздағы ақ казактар төңкерісі кезінде атқару комитетінің басқа мүшелерімен бірге тұтқындалып, 1919 жылғы қаңтарға дейін түрмеде болды”, – деп хабарлай отырып, қызығы, мынандай сөздерімен өкініш білдіргендей болады: “Тұтқынға алынғандардың көпшілігі атылып кетті, бірақ ол тірі қалды”. Тірі қалмау керек еді... Өйткені... “Қаратаев Б.Б. совет құрылысына қатысса да, коммунистік партияның мүшесі болса да, бұрынғы өткен жолы оның идеялық позициясына елеулі әсер етті. Мәселен, ол өз маңына күдікті, Кеңес өкіметіне жағынып, жабылып жүрген феодал-бай элементтерін топтастырды”... Комму­нис­тік идеология көрігін қыздырушы ғы­лыми мекемеге бұл пікірлері жа­ра­сатын да шығар, онда осы екпінмен одан әрі: “Архивте бар құжаттар Б.Б. Қаратаевтың күрделі де қайшылығы мол өмір жолынан өткенін куәланды­ра­ды. Кеңес өкіметін мойындап, РК(б)П қатарына өте тұрып, ол ком­му­нистік партия саясатының дұрыстығына шүбә келтірумен болды, екіжүзді пози­ция ұстағаны да сирек емес. Оның со­вет құрылысына қатысуы екі жылдай ға­на уақытқа созылды. Сосын ол мем­лекет мекемелерінде жұмыс істеуден қол үзіп, жеке адвокатурамен шұғыл­дан­ды, бұрынғы үстем тап өкілдерімен байланыс жасап тұрды, топтық күрестер мен өсектерге қатысты. Ақыры Б.Б. Қа­ратаевтың өзі коммунистік партиямен байланысын толық үзді”, – делінеді... Бұл қорытынды жасалғаны бері ши­рек ғасыр өтті. Тәуелсіздік келді. Атал­мыш мекеме мұрағатқа айналды. Ай­тулы тарихи кезең күн тәртібіне басқа мәселелерді шығарды. Кеңестік дәуірдің тұғыры шайқалғанша жабық жатқан ұлттық мемлекеттілігіміздің Алашорда сынды белесінің қастерлі тарихы жаң­ғыр­­ды. Алаш зиялыларының есімдері аға­­рып, рухани өмірімізге орала бастады. Осының бәрі кезінде алаш пар­тия­сына қосылмаған, Алашорда жайында артына күрделі сыни еңбек қалдырған Бақытжан Қаратаевтың азаматтық тұлғасын жаңаша бағамдау жұмысын кешеуілдетіп келе жатқандай. Бұл іске енді, бәлкім, қайраткердің туғанына 150 жыл толып отырған биылғы мерейлі дата жетегімен назар аударылатын шығар. Өйткені, ол өркениетті күрес жо­лына түскен күллі қазақ саяси кү­рескерлерінің шын мәнінде ізашары болған ерен азамат. Жекелеген алаш қайраткерлерімен арадағы көзқарас алшақтығына қарамастан, оның 20-ғасырдың алғашқы ширегіндегі белсенді саяси қызметімен алаш мұратына, алаш ісіне қосқан үлесі өлшеусіз зор. Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты.