29 қыркүйек күні Астанада, Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың төрағалығымен Әдебиет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасының 2010 жылғы Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның қорытынды отырысы болып өтті.
Отандық шығармашылық зиялы қауымнан құрылған комиссия мүшелері алдында сөз сөйлеген Мемлекеттік хатшы бұл сыйлықтың мәні мен маңызына тоқталып, таңдау жасаудың жауапкершілігі мен мақсаты туралы айтты. Мәдениет министрі М.Құл-Мұхаммед іріктеліп алынған шығармалардың үш айлық мерзімдегі талқылану барысы жөнінде хабарлама жасады. Комиссия мүшелері ойларын ортаға салып, кеңінен пікір алысты.
Отырыс қорытындысында Комиссия мүшелері жасырын дауыс беру арқылы Елбасының қарауына бекітуге ұсынылатын үміткерлерді анықтады.
Дәстүр бойынша Мемлекеттік сыйлық лауреаттарын марапаттау Тәуелсіздік күні қарсаңында өтеді. Оны жаңа лауреаттарға Елбасының өзі тапсырады.