“Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының “Қадірлі менің қарттарым” акциясы аясында Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданынан ел ордасын көруге келген қырық бес соғыс және еңбек ардагері мен қаладағы “Ардагер” клубының мүшелері Мәжіліс үйінде болып, еліміздің ең жоғары заң шығарушы органының қызметімен танысты. Оларды Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Темірболатов қарсы алып, палатаның заң шығарушылық қызметі жайында әңгімелеп берді.
Қонақтар Парламент Мәжілісі үйін аралап, палатаның жалпы отырыс залында болды. Депутаттардың заңмен жұмыс істеу орындарымен танысты.
* * *
Жақында Аягөз қаласынан 29 теміржолшы Астана қаласына келді. Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов Аягөз қаласынан келген теміржолшыларды Мәжіліс үйінде қарсы алды.
Депутаттың арнайы шақыруымен Шығыс Қазақстан облысынан келген еңбек ардагерлері елорданың көрікті жерлерін аралап көрді. Атап айтқанда, шығысқазақстандық қонақтар Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мұражайында, Бейбітшілік және келісім сарайында, “Нұр Астана” мешітінде, “Атамекен” Қазақстан картасы этномәдени орталығында және “Думан” ойын-сауық орталығында болып, үлкен әсер алғандарын баяндап берді.
Астанаға келгендердің арасында темір жол саласында 30-40 жылдай еңбек етіп, құрметті демалысқа шыққандары да бар. Соның ішінде зейнеткерлер Қаһарман Садықов, Мақсұт Тәпенов, Харида Тұрарбекова, Дәметкен Құжаханова елімізге еселі еңбек сіңірген жандар.
Кездесуде Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Парламенттің құрылымы, Мәжілістің заң шығару тәжірибесі жайлы айтып берді. Елбасының парламентшілердің алдына қойған міндеттеріне тоқталып өтті.
Кездесуде Фарзангүл Әмірханова мен Нұрбану Асубаева “Нұр Отан” партиясынан сайланған халық қалаулысына ризашылықтарын айта келіп, туған жерінің тілегін жеткізді.
Айбатыр СЕЙТАҚ, журналист. Суретті түсірген Аманқұл ДҮЙСЕНБАЕВ.
Суретте: аягөздік теміржолшылар депутатпен бірге.