• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
08 Қазан, 2010

Өнер

881 рет
көрсетілді

“ҚҰЛАНСАЗДЫҢ” ТҰСАУЫН КЕСКЕН ӘСЕТ ЕДІ Ежелден қызыр дарып, бақ қонған жыр алыбы Жамбыл жері рухани өнердің қазынасындай. Жетісу ақындарының алтын діңгегі Сүйінбайы, Нұрғиса мен Әсеттей сазгері, Балғабек Қыдырбекұлы, Сейдахмет Бердіқұлов тәрізді ұшқыр ойлы қаламгерлері, кейінгі толқын ізбасарлары бар киелі мекен. Мұның өзі мәдени өнердің ошағына айналған Алматыға таяу орналасқандықтан да шығар күні бүгінге жастар өнер әлемінен өзіндік орын тапқаны. Осындай талантты жастардың басын қосқан “Құлансаз” ән-би ансамблінің көрерменмен қайта қауышуын да жұртшылық жылы қабылдады. Ұжым күні кеше еліміздің бас қаласы Астанадағы талғампаз көрермен алдында өнер көрсетті. Осыған орай аудан әкімі Махаббат Бигелдиевке жолығып, ой өрбіткен едік. – Ауданымыз өнерден де, таланттан да кенде емес. Рухани өмір­де өзіндік қолтаңбасы бар. Қызырлы мекенде туып, өскені­міз­ді мақтан тұтамыз. Өйткені, әкем Сәдуақас белгілі сатирик Оспанхан Әубәкіров, жазушы Жә­нібек Кәрбозиндермен қатарлас жүрген, қаламы қарымды жур­на­лист еді. “Құлансаз” ансамблінің 30 жылдан соң қайта жаңғырып, халықпен қауышуын ерекше атар едім. 1980 жылдардың басында қазақ­тың талантты композиторы Әсет Бейсеуов пен режиссер Төлеу Қосановтың басшылығымен “Құ­лан­саз” ансамблінің негізі қалан­ған болатын. Өнерлі жастардан құралып, ұлттық өнерге негіз­дел­ген ансамбль репертуарында халық әндері мен күйлері, Қазақстанның әйгілі күйшілері мен ақын-жы­рауларының шығармалары, таны­мал композиторлардың еңбектері мен халық билері кеңінен орын алған еді. Құрамында Дабыртай Сейполдаев, Марат Әбдіқадыров, Базарбай Кәрбозов, Кеңес Керім­баев, Сарагүл Машақова, Зәуреш Ерғалиева, Нәсілхан Мұстапаева, Сағымбек Малтабаров, Базаркүл Әжіқожаева, Алтын Әліпбаева, За­ғира, Жазкен Жұмабековтер, Ержан Қосбармақов, Ұлжан Айна­құлова, Шора Кәстекбаев, Ман­зура Әбдірахманова, Дүйсебай Шаш­тайұлы, Молдахан Саркөбе­нов, Шекер Сәрсенбиева, Айман, Шолпан Дәуітова сынды тағы да басқа өнер саңлақтарының есімі халыққа кеңінен таныла бастаған-ды. Ансамбльдің шығармашылық жолы Монғолия, Ресей, Украина, Түркіменстан, сондай-ақ Қазақ­стан­ның өзге де облыстары мен аудандарындағы өнер сапар­лары­мен жалғасын тауып, 1983 жылы “халықтық” атағын иеленген. Осы­лайша халыққа танылған ан­сам­бль араға бірнеше жылдар са­лып, тоқырау кезеңін басынан өткерді. Ауданға қызметке та­ғайын­далғаннан “Құлансазды” неге жандандырмасқа деген ой келді. Оның жүзеге асуына облыс әкімі Серік Әбікенұлы барынша қолдау көрсетті. Осылайша кешегі “Құлансаз” құрамы толығып, ре­пер­туары жаңаланып, материал­дық-техникалық базасы нығайып, көрерменмен қауышты. Ан­сам­бльдің көркемдік жетекшілігін жер­лесіміз, “Дарын” мемлекеттік жас­тар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының ең­бек сіңірген әртісі Ержан Қос­бар­мақов қолына алды. Дарынды жан қысқа мерзімде үлкен дайын­дық­пен ансамбльді киелі сахнаға қайта алып шықты. “Құлансаз” халық­тық фольклорлық-этнография­лық ән-би ансамблі өзінің 30 жылдық шығармашылық мерей­тойын туған жер төсінде дүбірлете атап өткенін де айта кетсем деймін. Бүгінде ансамбль құрамында 50-ге жуық дарынды жастар мен өнер саңлақтары еңбек етеді. Ұрпақтар үндестігін сақтаған ан­самбльдің құрамы бұл күнде Да­нияр Сқақов, Алма Аманжолова, Айым Қоғамова, Аяулым Сәді­ға­лиева, Жанель Сембаева, Айзат Қарабекова, Марта Төлепберген, Алмас Жұмағалиев және тағы да басқа көптеген талантты жастар­мен толықты. Ансамбль репер­туа­ры халық әндері мен күйлеріне, Сүйінбай мен Жамбылдың, Нұр­ғиса мен Әсеттің, ақындар Есен­құл Жақыпбеков, Орысбай Әбділ­даев, Рәтбек Терлікбаевтың, саз­гер­лер Жолдасхан Құрамысов, Бауыржан Есебаев және Талғат Сем­баевтың Отанға, елге, жерге деген асқақ рухқа толы шығар­ма­ларына, ұлттық нақыштағы би­лер­ге негізделіп, кемелдене түсті. Елбасының Жетісу өлкесіне жұмыс сапарында “Құлансаз” ансамблі өнер көрсетіп, өз бағасын алды. Тіпті, ансамбльдің жекелеген орындаушылары филармонияның танымал әншілерінен кем емес­тігін жұртшылық жиі айтып жүр. Марат Әбдіқадыров пен Базарбай Кәрбозовтың дуэті тыңдарман қауымның көз алдына ағайынды Рашид пен Мүсілім Абдуллиндерді елестетеді десем, ел ішінде талай-талай да­рынды да, талантты жандардың бар екенін “Құлансаз” дәлелд­еген­дей. Ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғала­ры мен Жетісудың танымал ақын-жырауларының шығармаларын дәріптеп, ұлттық өнерді насиха­т­тай­тын “Құлансаз” ансамблі ал­ғашқы концертін шілде айында жер жәннаты Жетісу өлкесінің өнерсүйер қауымына арнаған еді, енді міне, елордадағы көпшілікті әсем ән мен күміс күйге бөледік. Бұл Астананың 10 жылдық мерей­тойы мен Қазақстанның Еу­ро­падағы қауіпсіздік және ынтымақ­тастық ұйымына төрағалық ету мәртебесіне деген жамбылдық­тардың тартуы десек те болады. Әруақты бабаларын, ақ жау­лықты аналарын, ержүрек батыр­ла­рын, арқалы ақындарын, тәуел­сіз елін, туған жерін, елінің даң­қын, дәстүрі мен салтын Сүйін­байдың сазымен, Жамбылдың әнімен, мың бұралған биімен, күмбірлеген күйімен жырлаған “Құлансаз” елорданың еңселі жұр­ты мен алқалы әлеуметіне ән мен жырдан шашу шашты. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы. * * * ТОҚСАНДА САХНАДАН ТҮСКЕН ЖОҚ Семей жұртшылығы Қазақстанның халық әртісі Күләш Сәкиеваның 90 жылдық торқалы тойын салтанатты жағдайда атап өтті. Өнер тарланының есі­мін көрермен қауым ең алдымен театр актрисасы ретінде жақсы біледі. Өйт­кені, ол осы саналы өмірінде 150-ден астам рөлде ойнаған екен. Күләш Сырымбетқызының Семейдегі Абай атындағы сазды-драма театрында еңбек ете баста­ғанына да алпыс жылға жақындап қалыпты. Оның осы жылдар ішінде ондаған жас таланттарды өнер әлеміне баулып ұшырғаны өз алдына бір әңгіме. Сондай ең­бектерінің нәтижесінде Семей қаласы мен Зайсан ауданының құрметті азаматы атанып отыр. Республикамыздың өнерсүйер қауымы Күләш апайдың есімін тамаша әнші ретінде де жақсы біледі. Жоғалып бара жатқан бірнеше халық әндерін Қазақ ра­дио­сының алтын қорына жаздыр­ған да осы кісі. Кеңес заманында бұл кісінің орындауындағы сол әндер өз алдына жеке пластинка болып шыққаны да бар. Міне, осындай жан-жақты өнер иесін көрермен, тыңдарман қауым әлі де ұмытпаған екен. Абай атындағы театрда өткен ме­рей­той кешіне халық көптеп жи­налып, ақ тілектер молынан ақта­рылды. Кеш барысында спек­такль­ден үзінділер көрсетіліп, ән­дер шырқалды. Мерейтой иесін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы келіп құттықтады. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Семей. * * * ЖЫР ҚАНАТЫ ТАЛМАҒАН Кеше Конгресс-Холда Алматы облысы Жамбыл аудандық “Құлансаз” фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблі “Жетісудың желпіген самалы” атты өнер кешін ұсынып, өңірдегі шығармашылық ұжымдарының елордада өтетін мәдени шараларын қайта жаңғыртқандай әсер қалдырды. Әр өңірдің ежелден тереңнен бастау алып жататын қайнар көзі, тұма бұлағы, тарихи таңбасы мен рухани тамыры өзге жерлерге қара­ғанда бөлек өрнекпен нұрланып көз тартатын, құт дарыған, құлаш жайған, құдіретті өнер қонған киелі топырақтары болары хақ. Жетісу­дай жер жәннатында мұндай киелі жерге жыр алыбы Жамбыл мен Сүйінбайдай дүлдүлдер дүниеге кел­ген өңірді жатқызсақ, оған сірә, осыдан отыз жыл бұрын құрылып, бүгінде облыс әкімінің қолдауымен қайта жаңғыртылған “Құлансаз” ансамблінің өнері қай жағынан да дөп келетіндей. Алатаудың асқақ­ты­ғын еңісіндегі түйе өркеш шың­дары анық ұқтырып, жаздыкүнгі жайлаукөл кешінің тамаша бір ме­зетін көз алдыңызға әкелетін көрі­ніспен басталған  кешті Марта Тө­леп­берген мен Аяулым Сәдіға­лиева­ның Т.Әлімбекұлының “Жыр­шы­лар толғауымен” өрбітуі өте әсер­лі жетті. Бас-аяғы он үш адамнан ғана құралған фольклорлық-этногра­фия­лық ансамбльдің әрбір мүшесі “Қарасай” Нұрғиса Тілендиевтің “Ата тол­ғауы”, “Бооуырлаштар” күй­лерін мінсіз тартып, кәсіби ше­берліктері кәдімгі республикалық дең­гейдегі айтулы өнер ұжым­дары­мен тең түспесе, кем түспейтінін көрсетті. Ерлан Байбазаров пен Дана Есен­әлиеваның домбыра мен қо­быз­дың үнін көкейге қондырып, Н.Ті­лен­диевтің “Аққу” күйін бұ­рын-соңғы үлгілерді қайталамай, тың қырынан ойнап шыққаны жас­тардың бастап­қы сарынға бай­лан­бай, керісінше өз тараптарынан қай күйді де байы­тып, жаңғыртып тар­туға құштар екендіктерін аңғартып тұрды. Әсі­ресе, Ерлан Байбазаров Н.Тілен­диев­тің әйгілі “Әлқисса” күйін орын­дағанда, көрермен саң­лақ күй­ші­нің сахнадағы бейнесі мен дүбір­лі үнімен қайта қауыш­қан­дай бір желпініп қалған. Әдетте хас та­лант­тар тек Алматы мен Ас­та­нада ғана жүреді деп ойлаймыз. Бірақ әр кез осындай өңірден кел­ген өндірдей жастар өнерлерін ор­таға салғанда, бұл ойымыздың жаң­сақ екенін ұғамыз. Жетісу өнердің жерұйығы іспетті. Ар жағына үңіле түс­сең, небір дауысы жаһұт ән­ші­лер мен қасиетті қара домбыраны қолына алғанда саусақтары бір-біріне жұқ­пай, ойнақшып, бейнебір бәйгедегі жүйріктей құйқылжи жөнелетін күйшілер кезігеді. К.Әзірбаев атын­дағы әншілер бай­қауының, “Ша­быт” халықаралық жастар фес­ти­валінің лауреаттары Да­нияр Сқа­қов, Марта Тө­леп­бер­ген мен Аяу­лым Сәдіғалиеваның Арқа, Батыс пен Жетісу дәстүрлі ән мектеп­тері­нің таңдаулы жырлары­нан кесте­ле­ген ән дестесі олардың бір ғана мақаммен шектелмей, елі­міз­дің әр өңірінде орындалатын дәстүрлі шы­ғармалардың шырқын бұзбай шыр­қай алатынын аңғартты. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ержан Қосбармақов Т.Әлімбекұлы­ның “Қазыбек бидің толғауын” орындағанда, дәстүрлі ән өнері тек саз бен сөздің үйлесімі ғана емес, халыққа ғибратлы ой айтатын, жұрт­ты ынтымақ пен бірлікке үн­дей­тін өнегелі төр екенін ұққандаймыз. Биші қыздардың ақ қайыңдай майысып, “Биші қайыңды”, “Тұмар қыздың биін”, “Халықтар достығы” топтама биін ұсынғаны мұнда би өнерінің әжептәуір дамып қалғанын ұқтырды. Айта кететін айрықша бір нәрсе – фольклор­лық-этнографиялық ансамбльдің өнері де, үстеріндегі ұлттық киім үлгілері де қай елдің сахнасында көр­сетсең де, мақтаныш етуге лай­ық екені. Кеш соңында В.Ники­тин­нің “Астана” әнін орындаған Жанель Сембаеваның жалынды үні Жетісу өңірі эстрадалық жұлдыз­дар­дан да кенде еместігін көр­сет­кен. Бірақ та , “Бәрін айт та бірін айт” демекші, эстрада, би, толғау, қазіргі заманғы әндер болсын, Же­тісудың тек өзіне ғана тән болып келетін тәтті әуен мен жұмсақ әуез үрдісін үзбей жалғасты. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ. * * * АҚЫН САЗЫНЫҢ САРҚЫЛМАС САРЫНЫ “Шабыт” сарайында белгілі композитор Серік Еркінбековтің домбыра мен симфониялық ор­кестрге арналған “Шәкәрім” атты тың туындысының тұсау­ке­сері өтті. Халқының рухани мұратына қызмет еткен ұлы тұлғалардың тағ­дыры мен тағылымы туралы ке­сек-кесек көркем туындылар дү­ниеге келіп, қазақ мәдениеті мен өнерінің көші кешегі бабалар сарыны ізімен заңғар биікке көте­рілуіне куәміз. Дарабоз ерлер бей­несі заманауи тілмен өрнектеліп, шалқыма күйлердің шартарапқа жайылуы дәстүрлі музыка мен клас­сикалық жауһарларды барын­ша жақындатып, бірегей үнге жұ­мыл­дыруда. Ұлттық музыка қо­рында мұндай симфониялық шы­ғармалар саусақпен санарлық қана. Сол санатты “Шәкәрім” симфо­ния­сы толықтырып, ақын бейнесі тағы бір жаңа қырынан ашыла түсті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Абзал Мұхит­диновтың жетекші­лігі­мен Қазақ ұлттық өнер уни­вер­ситетінің сту­денттік симфониялық оркестрі орындаған шығарманы жұртшы­лық бір деммен тыңдады. Ком­позитор Серік Еркінбеков пен осы симфонияның жазылып, жарық көруіне бірден-бір себепші болып, демеушілік еткен меценат, Шә­кә­рімнің ұрпағы Медғат Құл­жа­нов баспасөз мәслихатына қа­ты­сып, Шәкәрімнің өлеңдері мен әндері арқау болған туындының ерекше­лік­тері туралы әңгімелеп берді. Ал, композитор С.Еркін­бе­ковтен жаңа симфония туралы ай­тып беруін сұрағанымызда: “Оған мен Шәкә­рімнің өзінің біраз әндерінің әуе­нін таңдап алдым. Сол себепті де классикалық музы­калық аспаптар­ға негізделген ор­кестрге қазақтың қара домбы­расын қосып, сим­фо­нияға барын­ша ұлттық бедер бе­руге талпынып бақтым” деген. Халқымыз мақтан тұтар тарихи ірі тұлға әдебиет пен өнерде талай мәрте тұшымды жырланды десек, енді міне, музыканың шыңы са­на­ла­тын симфония тілімен төгіліп, халыққа қайнарлы бұлақтай жетіп отыр. Е.Брусилов­ский­дің “Құр­ман­ғазы” мен “Тәттімбеті”, Ғ.Жұ­банованың “Жігері”, Қ.Қожамья­ров­тың А.Розыбакиевке арналған 1-ші симфониясы сияқты еліміз­дің айтулы симфониялық оркес­трлері орындап жүрген інжу-мар­жандар қатарына тағы бір ұлттық сим­фо­нияның келіп қосылғаны қуа­нышты жәйт. Бұл кеште ХХ ғасырдың озық ойлы дарынды ақыны әрі ком­по­зиторы Шәкәрім Құдайбер­ді­ұлы­ның тағдырын ашатын біраз нө­мір­лер ұсынылды. Ақынның өлең­дері оқылды, поэтикалық қойы­лым мен әндері орындалды. Бел­гілі қоғам қайраткері Сиязбек Мұ­қашев, Қазақ ұлттық өнер уни­вер­ситетінің ректоры Айман Мұса­қо­жаева, меценат Медғат Құлжанов өмірі азаппен өткен тылсым тұл­ғаның тағдыры мен және осы та­қырыпты талғаммен біршама алға оздырған автор жайындағы ой-пі­кірлерімен бөлісті. Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов Шәкәрімнің “Адамдық борышың” өлеңін оқыса, виолончельде ой­наушылардың “Жас өркен” ан­самблі Абайдың “Айттым сәлем, қаламқас”, Әбілхан Нұрболат Шә­кәрімнің “Анадан алғаш туғанда” әндерін әдемі орындады. Композитор қазір шығар­ма­шы­лық жағынан өзінің нағыз кемел­дену ­кезіне жетті десек, артық айт­паған болар едік. Оның симфо­ниялық, аспаптық музыка­сы Еуро­па елдерінің сахналарын кең шар­лағаны автордың шы­ғармашылық кеңістігін айқындар тағы бір ай­рық­ша қыры дер едік. “Отан таңы”, “Мәңгілік алау” “Минарет” балеттері туралы ойлар бұған дейін де азды-көпті түйін­делсе, ал “Ал­тын Арқа” симфо­ниялық, камера­лық және халық аспаптары ор­кестрі мен хорға, бес орындаушыға арналған монумент­алдық шығар­ма­сы, органға, со­листер мен сим­фониялық ор­кестрге арналған “Көк минареті”, сонымен қатар во­калдық шығар­малары мен театрға, киноға жазған музыкалары әлі де болса толық­қанды зерде­леу­ді қажет ететіні түсінікті. Ал, “Шәкәрім” симфониясы­нан С.Еркінбековтің стиліне тән тамаша әуезділікті, кең құлашты лирика мен философиялық терең­дік­ті, жаңа музыкалық тіл мен ұлттық қайнарды анық аңғарамыз. Екі бөлімді шығармада жалғызілік­тің мұңы, өмірге деген құштарлық пен соның жолындағы күрес, ға­рышқа ұшып кеткендей әсер қалдыратын арман, ақын толғауы, Шәкәрімнің қажылық жолындағы Шығысқа саяхаты, өткені мен бү­гінгі күн тынысы, бәрі-бәрі ком­по­зитордың өз басынан, ішкі жан-дүниесінен өткендей толғанады. Өзі айтып өткендей, симфония Шәкәрімнің әндерінен алынған, негізгі үш музыкалық тақырыпқа сүйенген. Біріншісі – “Анадан алғаш туғанда” атты әнінің әуезді әуені негізгі партия болып сана­лады. Екіншісі, музыкалық үндеу Шәкәрімнің “Сәлемде Әбдіғали бауырым жалғызға” деген әнінің ал­ғашқы үш нотасынан тұрады. Кіріспе бөлімде басталып, әр кө­ріністе бірнеше рет қайталанып оты­рады. Ол шығарманың соңын­да арка функциясын орындайды. Үшіншісі, қосымша партия, бұл музыкалық тақырыптың бастауы ретіндегі лирикалық әуездегі “Мұхамеджан әні” еді. Симфонияда қайталанатын тағы бір музы­ка­лық көрініс – ішекті аспаптардың пицикато­сын­да орындалатын “кеңістік” әуені. Ал, сим­фониялық оркестрге дом­быра үнінің қосылуын қазіргі ке­зеңдегі қазақ композиторларының жаңа дыбыстық, ырғақтық ізденіс­теріне жат­қы­зуға болады және еуропалық жанрға ақын тол­ғауы, жыршы әуені ұлттық бояу қосып тұрғандай. С.Еркінбековтің “Шәкәрім” симфония­сында ат тұяғының дү­бірі алыстан келіп жақындаған сай­ын, біртіндеп саябырсып кетіп бара жатқан керуенді елестетеді, көп дауысты шу, сонорлық, клас­тер­лік дыбыстар, тіпті сталиндік қуғын-сүргіннің дүрбелеңі, Шы­ғыс тақырыбы, шөл даладағы жа­зира­лы жазық бәрі-бәрі көз алды­ңыз­дан көлбей ағады. Мұнда Еу­ро­па пен азиялық мәдени кеңістік, тарихи естелік пен бүгінгі күн күңгейі керемет тілмен өрілген десек болады. Тойжан ЕГІНБАЕВА, музыкатанушы, өнертану ғылымдарының кандидаты, ҚазҰӨУ-нің профессоры. * * * РУХАНИ КЕЛІСІМ – БЕЙБІТШІЛІК КЕПІЛІ Бүкіләлемдік Рухани мәдениет форумы жақында өз жұмысын бастамақ Ұйымдастыру комитетінің тең төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Төлеген Мұхамеджановтың хабар­лау­ынша, елордада өтетін бұл ша­раға әлемге танымал саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен шығармашылық өкілдері зор көңіл бөліп, жоғары баға беріп отыр. Қазақ елінің әлемдік беделін көтеруде бұл шараның алар рөлі жоғары екенін ескерсек, форумға қатысатындар қатарында Абдел­ла­тиф Арабиат (Иордания) – Иор­да­ния парламенті төменгі палата­сы­ның бұрынғы төрағасы, Абдул Филал-Ансари (Ұлыбритания) – Ага хан университетінің про­фес­со­ры, философия ғылымдарының докторы, Абдул Хамид Алази (Ау­ғанстан)-Америкалық ұйым – Бүкіләлемдік Ауғанстанмен әріп­тес­тіктің келісім-шарт және ма­мандар бөлімінің менеджері, Абдул­карим С.С.Абухасан (Палес­тина)-Bіer Zeіt университетінің профессоры, PhD, Абу Барк Андерс Ригер (Алмания)-заңгер, Еуропадағы Мұсылмандар одағы­ның төрағасы, А.Николас Брод (АҚШ)-актер, Ахмед Абдаллах (Кения)-елші, БҰҰ маманы, БҰҰ-ның Сомалидегі арнайы өкілі, халықаралық Африка баспасөзі консультативті кеңестер одағының мүшесі, Алан Делла Награ (Фран­ция)-Caprіccі Fіlms, режиссер, Албайрам Назен (Сирия)-Тарикат Накшбанди Шейхы, заң ғылым­дарының докторы сынды танымал тұлғалар бар. Әлемнің рухани зиялы қауымын бір арнаға тоғыстыру, сол арқылы рухани мәдениеттің жекелеген та­рам­дарының ыдыраған күш-жігерін бірыңғай одаққа біріктіруді көз­деген алқалы жиынды Қазақстан­ның әлемдік саяси беделін тағы бір қырынан көрсетер маңызды шара десек, форумда адамзат өркениеті­нің барлық өзге де құндылықтары, келісім идеалы, тату-тәтті көршілік, зорлық-зомбылыққа қарсылық, ақыл-ой салтанатына сену мұраты туралы танымал саясаткерлер мен қо­ғам қайраткерлері, дін өкілдері мен журналистер пікір талас­тырмақ. “Дүниежүзілік рухани мәдениет форумы және оның рухани-адамгершілік негізін құрудың өзекті қажеттілігі”, “Билік және Ар” және “Саясаттың мемлекеттік этикаға айналу жолдары туралы” атты та­қы­рыптарды қамтыған кең ауқым­ды баяндамалармен қатар, “Әлем кескінін түсінудің қазіргі заманғы дүниетанушылық, пәлсапалық негіздері”, “Экология, этика және азаматтық қоғам” сынды секциялар жұмыс жасамақ. Нақтылап айта кететін жайт, форум жұмысы 2010 жылдың 18-і мен 20-шы қазанға дейін Астана қаласында өтеді. Дүниежүзілік фо­рум – әлемдік тәжірибеде ең ал­ғаш­қы болып органикалық түрде руха­ни мәдениеттің қос қанаты – діни руханият және зайырлы руха­ниятты біріктіретін қасиетті енші­леп отыр. Және де, осы рухани ағым синтезін жасау және осы арқылы адамзаттың болашаққа баратын сара жолын ашатын жаңа білім алуға кепілдік береді. Бүгінгі таңда құрамына Ресей, Қазақстан, Еуропаның өзге де елдерінің көрнекті ғалымдары, мәдениет және өнер қайраткерлері, сондай-ақ гуманистік бағыттағы саяси қайраткерлер тартылған ұйымдастыру комитетінің жұмысы басталып та кетті. Қазақстандағы форумды ұйымдастыру комитетіне ҚР Парламент Сенатының депута­ты, Төлеген Мұхамеджанов жетек­ші­лік етуде. Сонымен, форумның негізгі кеңсесі Қазақстанның мем­лекеттік құрылымдары негізінде Астана қаласында қоныс теуіп, Мәс­кеу мен Еуропада екі штаб құ­рылған болатын. Еуропадағы штаб­тың жетекшісі болып В.Агустат мырза жұмыс жүргізіп, қазақ же­рін­де өтетін бұл шараға еуро­па­лықтардың қатысуын ұйымдас­ты­ру­да. Мәскеудің жаһандық микро­мәдени стратегиялар орталығы жа­нынан құрылған ресейлік штабқа Ю.И.Бокань төрағалық етуде. Тәуел­сіз қазақ елінің игі бастама­сы­мен ұйымдастырылып отырған дүниежүзілік ауқымдағы шара ба­рысында алқа отырыстары, дөң­ге­лек үстелдер, семинарлар, кон­фе­ренциялар және екі жақты кез­де­су­лер өтеді. Жұлдыз ҚАБДУЛЛАЕВА. * * * АДАЛ АСТЫҢ НӘРІ АРТЫҚ Қазақта халал түсінігі көп жағдайларда ақ, адал деген түсінікпен астасады. Әсіресе, тағамға байланысты нақты екі мағынасы бар. Оның бірі мұсылман дінінде рұқсат етілген жануарлар етін тағамға пайдалану болса, екіншісі адал малды Алланың атымен бауыздай отырып сою. Өлексені асқа пайдалану харам саналады. Алайда әлемде “халал” сөзі тек осы екі түсінікпен шектелмейді екен. Оның көптеген нәрселерге байланысты өз мағынасы бар көрінеді. Осынау шектелген түсінікті кеңейту мақсатында қазанның 7-9 күні аралығында “Экспо Даму” көрмелік компаниясы, Қазақ­стан­ның халал индустриясы ас­со­циа­циясы және Халықаралық экология академиясы мекеме­сімен бірге “Kazakhstan Іnterna­tіonal Halal Expo 2010” мен “Kaz­Food 2010” көрмесін өткізді. Көрмеге 11 мемлекеттен келген 70-тен астам компания қатысты. Олардың қатарында АҚШ, Малайзия, Біріккен Араб Әмір­ліктері, Египет, Сингапур, Чехия, Ресей, Беларусь және өз еліміздің компаниялары бар. Көрмені тамашалаушылар назары­на халал стандартына сәйкес азық-түлік өнімдері, сусындар, ас қоспалары, орамалар, ыдыс-аяқ, қонақ үйлер, туристік агенттіктер, Исламдық қаржыландыру, Халал сақтан­дыру, мұсылман киімін шығару­шылар өнімдері ұсынылды. Халал ұғымы Алла тағала адамзат бала­сына рұқсат еткен нәрсенің барлығын білдіреді. Халал өнімі табиғи, таза және қоршаған ор­таға деген мейірімімен өзгешеле­неді. Сондай-ақ, жаһандық брендке айналған бұл белгінің 6,6 млрд. адамға қызмет ете алатын әлеуеті бар үлкен өндіріс екенін біреу білсе, біреуі білмейді. Халал стандартына халық ықыласы қашанда жоғары. Өйткені оның тазалығы күмән келтірмейді. Көрменің ашылуына “Нұр Отан” ХДП хатшысы Қайрат Сатыбал­ды, Индустрия және жаңа тех­нологиялар вице-министрі Нұрмұхаммед Әбдібеков, Сібір федеральдық округының бас мүфтиі Әнуар қажы қатысты. Венера ТҮГЕЛБАЙ.