• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
08 Қазан, 2010

Дүбірге толы дүние

514 рет
көрсетілді

АҒАЙЫННЫҢ АРАСЫН ӨЗІМШІЛДІК АЖЫРАТАДЫ Қазір Ресей Федерациясы мен Белоруссия бас­шылары арасындағы кіркілжің мемлекеттік сипат алып бара жатқаны айқын. Және бұл екі ел арасындағы қарым-қатынасқа айтарлықтай нұқсан келтіретіні де даусыз. Ең алдымен, Белоруссия пре­зиденті Алек­сандр Лукашен­ко мен Ресей пре­­зиденті Дми­трий Медве­дев­тің бірін-бірі ғай­баттап жат­қаны мемлекет­тік қайраткер­лердің деңгейіне келе қоймайды, бойларына жараспайды. Екі жақ ұрысса, оның бір жағы дұрыс болуы мүмкін емес деген сөз бар. Дұрыс жақ сол ұрысқа жол бер­мес еді дейді. Әсіресе, мемлекет­тік деңгейдегі басшылар дау-дамайға бармаса керек-ті. Оның үстіне Ресей мен Белоруссия рес­ми түрде біріккен ел саналады, ортақ құрылымдары да бар. Халықтарының туыстық, тарихи жақындығы өз алдына. Бір жағы ғана емес-ау, екі жағы да сол туыстық пен жақындықты сақтау үшін барын салатын жөні бар-ақ. Осынау келеңсіздеу дау-да­май­да олардың бірін ақтап, бірін даттаудан аулақпыз. Туысқан екі ел басшылығы арасындағы ай­тыс-тартыс біраздан бері созы­лып келеді. Оған әртүрлі жағдай арқау болды. Бұрынғы­ларын тіз­бе­леп жатпай, соңғысына тоқ­талайық­шы. Бұл өзі Ресей мен Грузия ара­сындағы жосық­сыз соғыстан кейін пайда болған Аб­хазия мен Оңтүстік Осетия дей­тін құры­лым­дарды тәуелсіз мем­лекет ретінде тануға байланысты өрбіді. Ресейдің ақпарат құралдары сол “мемлекеттердің” тәуел­сіз­дігін тануға кезінде А.Лукашенко сөз берген екен, енді тайқып кет­ті деп шулады. Сол шуды Кремль­­дегілер де қолдағандай болды. Әйтпесе, қойыңдар десе, ақпарат құралдары жым болары да анық. Шуласа, шулай берсін деп, қоя салмай, Лукашенко да оларға біраз тұздықты сөздермен жауап қайырды. Оған өз кезе­гінде Ресей жағы “Кресный бать­ка” теле­фильмі­мен жауап қатты. Содан кейін бе­ларусь басшысы сөз тал­ғаған жоқ, “Кремль­де­гі мисыз­дар” де­генге дейін бар­ды. Одан ке­йін Медведев те қа­рап отыра ал­ма­ды, өзінің бей­не­мәлім­деме­сінде беларусьтік әріптесін жер-жебіріне жеткізіп “сипаттады”. Осыдан не шықты? Бір-бірі­нің абыройын төкті. Абхазия мен Оң­түстік Осе­тия­ны тануға кел­сек, бәлкім, ке­зінде “ет қы­зуы­мен” Лука­шенко сөз бер­ген де шы­ғар, олар­ды та­нимыз деп абы­рой тап­пай­тынын аң­ғарған соң, одан бас тартқан шы­ғар. Со­ған бола оны ғайбаттайтын нау­қан ұйым­дастыру керек пе еді? Лукашенко да дауды жалғас­ты­рамын деп, Медведевтің аузы­нан оған сыр етіп айтқан Ельцин, Пу­тин тура­лы пікірлерін жұрт естіді. Ал Медведев сыр сақта­майтын адам екен деген атақ алары анық. Бір ыңғайсыз жағдай: осының бәрі Белоруссиядағы президент сайлауы қарсаңында болып жатыр. Сол сайлауға ықпал ету де көңілде жүр ме екен деген ой ке­леді. Ке­зінде Д.Медведев Украи­на пре­зиденті В.Ющенкоға сай­лау қар­саңында хат жазып, оның беделін түсіруге, сайлауда жеңі­ліске ұшы­рауына біршама “үлес қос­қаны” бар. Осы әдіс Лука­шен­коға қарсы пайдаланылып отырған жоқ па екен, дейді сая­сатшылар. Қазірдің өзінде Лука­шенконың оппонент­тері бұған қуана үн қосып жатыр. Беларусь президенті де қарап жат­қан жоқ. Өзінің ресейлік әріп­тесі­нің айт­қандарын қарсы аргу­мент ретінде пайдаланып үлгерді. Де­ген­де, Лукашенко Ющенко емес екенін, бұл елде Януковичтің де жоқ­тығын еске алған жөн-ау. Минск пен Мәскеу арасын­дағы дау-дамай екі ел арасындағы қарым-қатынасқа ғана емес, олар­­мен байланысы бар басқа елдер­дің де қарым-қатынасына сал­қынын тигізуі әбден мүмкін, дейді жұрт. Әсіресе, Кеден ода­ғына мү­ше біздің елімізге біраз қолай­сыздық туды­руы мүмкін деген пікірлер де негіз­сіз емес. Үш одақ­тастың екеуі дау­ла­сып жатса, істен береке кететіні де заңды. Осы жерде Қазақстан сол екі елдің арасына араағайындыққа жүрсе қайтеді деген пікірлер де естіле бастады. Әрине, елдестір­мек үшін елшілік еткен жөн. Бірақ бұ­лардың дауы елдердің дауы емес, көбіне жеке бастың дауына жақын. Жеке адамдардың кірпияз­дық іс-әрекеттері дең­гейіне төмендеп, абырой таппай­тыны және бар. * * * ӨЗІНЕ СЕНІМДІ АДАМ ЕШ НӘРСЕДЕН ҚОРЫҚПАЙДЫ Өткен жұмада Эквадорда мемлекеттік төңкеріс әрекеті жүзеге аспай қалды. Бұған белгілі дәрежеде президент Рафаэль Корреаны халықтың қолдауы және оның өзінің батыл қадамдары себепші болды деген тұжырым жасалып отыр. Әскерилердің бір бөлігі, сон­дай-ақ полиция түгелдей дерлік ел парламенті қа­­былдаған әс­кери­лер мен по­ли­ция­­ға жасалып кел­ген жеңіл­дік­тер­ді жою жө­нін­дегі заңға қар­­­сы­лық ретінде ел астана­сындағы ка­зар­маны және бірнеше әскери ба­заны басып алды, әуежайды да өз қарауына алды. Қолында қаруы барларға қарсы қару қолданған күнде адамдар құрбан болатыны анық. Сонда президент Корреа өзі­­­нің батылдығына, уәжге жүгінді. Ең алдымен, ол көтерілген полицейлерге өзі барды. Басқа біреулер солардан жасырынып, жан сауғалар еді. Корреа қашқан жоқ, қасқайып тұрып тегеурінді сөз айтты: “Егер президентті өл­тір­гілерің келсе, мен алдарыңда тұрмын – бұл сендерге тиімді де­сеңдер, ниеттеріңді жүзеге асы­рыңдар!” – деді. Сөйтіп қана қой­ған жоқ, олардың намысына тиіп сөйледі: “Мұны басқадан күтсем де, полициядан күткен жоқ едім”, – деді. Мұнымен де шектелмей, пре­зидент өз үкіметінің полицияға жасаған жақсылығын еске салып өтті де, “егер өздеріңнің поли­ция­лық борыштарыңа сатқындық жасап, елді қорғансыз қалдыр­ғыларың келсе, солай етіңдер, ал біз – президент пен үкімет – өз міндетімізді атқара береміз”, – деді. Бұл сөздер көтерілісшілерге әсер етпеді деуге болмас. Олар президентке оқ атуға мүмкіндігі болса да, оған бармады. Тек көз ашытатын граната лақтырып Корреаны аяғынан жаралады. Президент медициналық көмек сұрауға мәжбүр болды. Көмекшілері президентті сол полиция госпиталіне жеткізді. Бұл мекеме ол үшін қорғаныс шебіне де айналды. Қарсыластар оның пала­та­сына ша­тыр ар­қылы да түс­пек болды. Сонда да Кор­реа өзін құт­­қару үшін күш қол­дануға нұсқау бермеді. Оның сондағы: “Мен бұл жер­ден не прези­дент бо­лып, не өлік болып шығамын”, – деген сөзі, сірә, кейінгілерге на­қылдай болып қалатын шығар. Ол адам қанының төгілмеуін ойлады. Сөйтсе де, президентті құт­қаруды күшпен жүзеге асыру­ға тура келді. Арнаулы қызметтің 500 адамы полиция қоршауын бұзып, аурухананың бесінші қа­батында “бекініп жатқан” прези­дентті брондалған мәшинеге мін­гізіп алып шықты. Қалай де­генде де, операция өте сәтті өт­кенге ұқсайды. Әдетте мұндай қақ­тығыста құрбандық көп болады. Бәрібір өткен аптаның ая­ғында Эквадорда жөнсіздік сал­дарынан құрбан болғандар бар екен. Он адам қаза тауыпты де­ген хабар таратылды. Солар үшін Рафаэль Корреа елде үш күндік аза тұту жариялады. Жаралан­ғандар саны 200-300-дей делінсе, олардың қатарында елдің сыртқы істер министрі Рикардо Патиньо да бар көрінеді. Төңкеріс әрекетін жүзеге асырт­пау сәтсіздігі Корреаны ха­лықтың қолдауына да байланыс­ты дегенде, жер-жерде бүлікші­лерді қолдағандар болмаған кө­рінеді. Жалпы, былтыр ғана елде референдум өтіп, сонда басым көпшілік Корреаға сенім білдіріп, алдағы 2013 жылғы президент сайлауына жол ашып берген еді. Енді сын кез туғанда да халық оны қолдайтынын аңғартты. Президент те, оның үкіметі де аяқ астынан пайда болған қиын­дықтан айтарлықтай ширығып, біршама саяси ұпай жинап, мар­қайып шықты. Мамадияр ЖАҚЫП.