Кеше Сербия Республикасының Президенті Борис Тадич Парламентке келді. Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов мәртебелі мейманмен кездесті. Тараптар Қазақстан мен Сербия арасындағы ынтымақтастық байланыстың жаңа деңгейге көтерілетініне сенім білдірді, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Мәжіліс Төрағасы екі ел Президенттерінің кездесулері қос мемлекеттің саяси және сауда-экономикалық, гуманитарлық саладағы қарым-қатынастардың жандануына серпін беретінін атап өтті. “Астана қаласында Сербия елшілігі ашылатыны дипломатиялық қызметтің жедел жүргізілуіне ықпал ететін болады. Қазақстан Сербияны маңызды экономикалық әріптес деп есептейді”, – деді О.Мұхамеджанов.
Тараптар Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіндегі басты ұстанымдар, Астанада желтоқсан айында өткелі тұрған ЕҚЫҰ-ның Саммиті туралы пікір алмасты. “Қазақстан – жедел қарқынмен дамып келе жатқан ел. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен болған кездесуіміз жоғары деңгейде өтті. Осы сапардан алған әсерімді еліме, серіктестеріме жеткіземін. Мен Парламент ғимаратына үлкен ықыласпен келіп тұрмын. Өйткені, өзім де кезінде парламентші болғанмын. Және де өзіңізді Сербия еліне келуге шақырамын”, – деді Борис Тадич.
Мәжіліс Төрағасы мәртебелі мейманға еліміздің атына айтқан жылы лебізі үшін ризашылығын жеткізді.
Сербия Республикасының Президенті Мәжілістің құрметті қонақтар кітабына тілегін жазып, қолтаңбасын қалдырды.