Агроөнеркәсіптік кешен: өркендеудің өрісті жолы
Осы аптада өткен Үкімет отырысында экономикалық салаларды дамытудың бірқатар жаңа мерзімдік бағдарламалары қабылданды. Соның ішінде Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасының жобасы жайында баяндап берді. Халықтың едәуір бөлігінің басын құрап отырған еліміздегі іргелі саланың қазіргі жағдайы мен даму болашағы көпшілікті қызықтыратын болғандықтан осы бағдарлама жайында әңгіме қозғауды жөн көрдік.
Министрдің айтуы бойынша, Үкімет мүшелерінің назарларына ұсынылып отырған бұл бағдарлама жобасы осыған дейін бірнеше рет әртүрлі деңгейдегі жиналыстар мен отырыстарда жан-жақты талқылаудан өткен. Сондықтан осы жолғы отырыста оның негізгі қағидалары қысқаша ғана баяндалды.
Осы бойынша әңгіме қозғайтын болсақ, бағдарламада қамтылған мәселелер мен жүзеге асырылатын шаралар, жалпы атқарылатын жұмыстар министрлік маңызды деп тауып отырған сегіз бағытқа топтастырылған. Еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніндегі осы бағыттар бойынша қарқынды түрде алға басуды қамтамасыз ету арқылы көзделінетін нақты межелерге жеделдете отырып жетуге екпін түсірілетіндігі белгілі болады.
Осы ретте министр жоғарыдағы сегіз бағыттың әрбірі бойынша жеке-жеке шеберлік-жоспарлар әзірленгендігін мәлім етті. Осы жоспарларға сәйкес еліміздің егіншілік саласындағы әртараптандыру жұмыстары одан әрі тереңдете жүргізіліп, осының негізінде егістік алқаптарының құрылымы ғылыми негізделген деңгейге жеткізілетін болады. Астықтың жалпы өндірісінің орташа жылдық көлемі 17,8 млн. тоннаға, экспорттың мүмкіндігі 6,7 млн. тоннадан 8,6 млн. тоннаға немесе 28 пайызға арттырылып, астық экспортының жалпы көлеміндегі өңделген өнімнің үлесі 32 пайыздан 50 пайызға дейін ұлғайтылады.
Егістік алқаптарын кеңейту және дақылдардың өнімділігін арттыру есебінен майлы дақылдармен және ерте пісетін көкөністермен еліміз өзін-өзі толық қамтамасыз ететіндей жағдай қалыптастырылады. Ал жеміс-жидек пен жүзім өндірісі бойынша ішкі рынок сұранысын қанағаттандыру деңгейі 43 пайызға өседі. Соның ішінде ішкі тұтынудағы отандық қант қызылшасынан өндірілген қанттың үлесі қазіргі 5 пайыздан жоспарланып отырған меже – 17 пайызға дейін көтеріледі.
Бағдарлама бойынша мал шаруашылығын дамытуға баса мән берілмек. Еліміздегі төрт түлік малдың басым бөлігінің жеке қолдарға көшіп, мал шаруашылығы жалпы өндірісінің үй шаруашылықтары деңгейіне дейін ұсақталып кетуіне байланысты бұл салада қысқа мерзім ішінде айтарлықтай жетістіктерге жетудің, саланың сапалы дамуын қамтамасыз етудің өте қиынға түсетіндігі белгілі. Біз мұны өткен жылдар тәжірибесінен көріп отырмыз. Осындай күрделі жағдайға байланысты министрліктің осы саладағы жедел дамуға мүмкіндік беретін бағыттарды айқындай отырып, негізгі күштерді солай қарай шоғырландыру арқылы саланың сапалы даму базасын қалыптастырып алуға көп көңіл бөліп отырғандығы сезіледі. Мал шаруашылығы саласында мемлекеттің көмегімен бірқатар инвестициялық жобалардың қолға алынуы, бордақылау алаңдарының, тауарлы сүт фермаларының, асыл тұқымды шаруашылықтардың қалыптастырылуы, ет комбинаттары мен құс фабрикаларының салына бастауы осыны әйгілейтіндей. Ендігі кезекте осылардың қолдауына сүйене отырып, еліміздің мал шаруашылығындағы аса іргелі жоба ретінде кең ауқымды селекция жүйесін құру, мал шаруашылығындағы тұқым асылдандыру жұмыстарын бір жүйеге сала отырып, осы салаға бөлінетін қаржының тиімділігіне жету ісі басталып та кетті.
Бағдарлама бойынша таяудағы бес жылдың ішінде асыл тұқымды малдардың орташа үлесін қазіргі 6 пайыздан 14 пайызға дейін жеткізу көзделінген. Құс шаруашылығы бойынша асылдандыру істерінде импортқа тәуелділіктен құтылудың нақты жолдары айқындалған. Сөйтіп, ендігі кезекте ет, сүт, құс еті мен жүн өндірісіндегі ауылшаруашылық құрылымдарының үлесі едәуір ұлғая түсетін болады. Сиыр етінің, қойдың биязы жүнінің жыл сайынғы экспортқа шығатын мөлшері өседі. Ішкі тұтынудағы құс еті импортының үлесі қазіргі 58 пайыздан 25 пайызға дейін немесе 2 есеге төмендейді.
Елдің эпизоотиялық ахуалы толығымен қамтамасыз етіледі.
Еліміздегі егін, мал, құс шаруашылықтарының қаншалықты сапалы даму деңгейіне көтерілгендігін көп жағдайда қайта өндеу саласының мүмкіндіктері айқындайтыны түсінікті. Өйткені қайта өңдеу саласы ауыл шаруашылығындағы бастапқы өнімдердің негізгі тұтынушыларының бірі ғана емес, сонымен қатар сол өнімдерді өңдеп, қайта тарату ісінде негізгі рөл атқарады. Агроөнеркәсіптік саланың даму бет-бейнесін, өндіріс мәдениетін айқындайды. Тұтынушы халық агроөнеркәсіптік кешеннің даму жағдайын қайта өңдеу саласы ұсынған өнімдерге қарап бағалайтындығы да шындық.
Бағдарлама бойынша бұл саланы одан әрі алға жылжыту ісі қолға алынбақ. Егер жинақтай айтатын болсақ, осы саланың ішкі тұтыну рыногын тауарлармен қамтамасыз етудегі үлесін қазіргі 68 пайыздан 80 пайызға дейін көтеру көзделінген. Соның ішінде ет, сүт, жеміс және көкөністің өңделген өнімдерінің үлестері өседі.
Ал балық шаруашылығы саласының алдағы бес жыл ішіндегі қол жеткізуі тиіс негізгі межесі – балықты жасанды жағдайда өсіруді қазіргі 500 тоннадан 6 мың тоннаға немесе 12 есеге ұлғайту арқылы республика тұрғындарын балық өнімдерімен бекітілген нормативтерге сәйкес қамтамасыз ету болып табылады.
Жоғарыда келтірілген даму межелері төмендегідей шараларды ұйымдастырып, орындау арқылы қамтамасыз етіледі.
Біріншіден, агроөнеркәсіп кешенінің басым бағыттары бойынша тиісті инвестициялық жобалар жүзеге асырылады.
Екіншіден, егіншілікті әртараптандыруды ғылыми негізде жүргізу арқылы жоғары сұранысқа ие дақылдар алқаптары ұлғайтылып, ылғал сақтау технологиялары мен суарудың озық түрлері, оның ішінде, әсіресе, тамшылатып суару әдістері мен саланы кеңінен химияландыру жұмыстары жүзеге асады.
Үшіншіден, малдың генетикалық әлеуетін арттыруға күш салынады. Ол негізінен 2 бағытта жүргізілмек. Біріншісі – мал басын көбейтудің биотехнологиялық әдістерін кеңінен қолдану мен репродукциялық, селекциялық мақсаттарға пайдалану үшін асыл тұқымды мал басын сырттан әкелу. Екіншісі – ірі көлемді селекция бағдарламасын жүзеге асыру.
Төртіншіден, шағын тауар өндірушілерді кооперация негізінде біріктіру арқылы өндірісті ірілендіру, азық-түлік кластерлерін қалыптастырып халықаралық талаптарға сәйкес азық-түліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесін құру болып табылады.
Осы жоғарыда аталған тетіктерді жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік қолдау шараларының ынталандыру мүмкіншіліктерін барынша пайдалануға ерекше көңіл бөлінетін болады. Бағдарламаны іске асыру үшін алдымыздағы 5 жылда 1 трлн. теңге талап етіледі. Өйткені басқалай шығындарды былай қойғанның өзінде көзделініп отырған мақсаттар мен бағыттарға оған қатысушыларды ынталандыру ісін қамтамасыз ету үшін мемлекеттен бөлінетін субсидиялардың үлесін 20 пайыздан 25 пайызға дейін көтеру жоспарланған.
Бағдарламаның тағы бір ерекшелігі, ол өңірлік бағдарламаларды жергілікті жерлердегі нақты жағдайлармен тікелей үйлестіру негізінде, басым бағыттар бойынша құрылатын болашақ агроқұрылымдар мен азық-түлік кластерлерінің жобаларының жиынтығы ретінде әзірленіп отыр.
Сөйтіп, еліміздің агроөнеркәсіптік кешені алдымыздағы жылды жаңа бағдарламамен бастамақ. Онда көзделінген межелер мен мақсаттар Елбасының Үкіметке жүктеген тапсырмасына сәйкес заман ағымынан туындап отыр. Бұл бағдарлама Үкімет отырысында толықтай қолдауға ие болды.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.
* * *
ИНДУСТРИЯЛЫҚ ДАМУ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРГЕ БАСТАЙДЫ
Жылы шырайлы кездесулер есте ерекше қалады, көпке дейін ұмытылмайды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қызылжар өңіріне жасаған әр жұмыс сапары осындай тағылымдарға толы. Солтүстікқазақстандықтардың Елбасын әркез асыға тосатыны да сондықтан. Президент биыл Қызылжар өңіріне егін орағына жаппай аттаныс кезінде келіп, жағдайды өз көзімен көрді. Облыста атқарылған игі істерге ризашылығын білдірді. Ұжымдардағы емен-жарқын кездесулер, Қазақстанның келешегін ойлап, кеңінен толғап айтқан сөздері айрықша әсер қалдырды. Танап бастарындағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен жүздесуі айрықша есімізде қалды. Сын кезеңде қолдап, көмек көрсетуі орақтың ұйымшылдықпен өтуіне өз ықпалын тигізді. Осы жолы да солтүстікқазақстандық диқандар жанқиярлықпен еңбек етіп, ірі астықты өлкенің атын әйгіледі. Ауа райының өте күрделі жағдайына қарамастан гектар түсімділігі 10,5 центнерден айналып, 4,1 миллион тонна ризық жинап алынды. Бұл – еліміздегі ең жоғары көрсеткіш. Мұның өзі Президенттің агроөнеркәсіп кешенін үнемі қолдауының арқасында ауыл еңбеккерлерінің ауыл шаруашылығы саласын түбегейлі реформалауды бастан өткеріп жатқанын айғақтаса керек. Әлемдік қаржы дағдарысы кезеңінде дұрыс шешімдер қабылдау экономикамызды тұрлаулы етіп, дамудың даңғыл жолына түсірді.
Қызылжар ауданы екі жыл бойы облыстың жарыс көшін бастап келеді. Былтыр астықтың түсімділігі 18 центнерден айналса, биыл 14 центнерден асты. Ортақ табысқа біздің шаруашылықтың қосқан үлесі зор. Соңғы 20 жылдың ішінде астықтың орташа шығымдылығын 20 центнерден төмендеткен емеспіз. Көп танапты ауыспалы егіс жүйесін қолдану, парлы алқаптар қалдыру нәтижесінде гектар өнімділігі 15-20 пайызға дейін көбейді. Егіншілікке жаңа технологияларды енгізбейінше бәсекеге төтеп беру мүмкін еместігіне тәжірибеден көзіміз әлдеқашан жеткен. Бүгінде ескірген техникалармен жер өңдеуді, тұқым себуді, астық жинауды айтудің өзі ыңғайсыз. Шаруашылықты техникалық жағынан қайта жарақтандыру бүгінгі өмір талабынан туған қажеттілік екенін ерте сезініп, облыста “Джон Дир” секілді тұқым себу кешендерін, астық жинайтын комбайндарды алғаш қолдандық. Көктемгі-күзгі дала жұмыстарының дені осы заманғы техникалармен атқарылады. Тәуекелі мол өңірде топырақтағы ылғал қорын сақтау технологиясын кеңінен енгізудің игілігін биылғыдай құрғақшылық жылы көп көрдік. Өзім отыз жылдан аса ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп келе жатқандықтан еңбектің, маңдай тердің, нанның қадір-қасиетін жақсы түсінемін. “Не ексең – соны орасың” деп тегін айтылмаса керек. Күтімі келіссе, жер-ана қашанда жомарт. Соңғы жылдары АӨК-ке бұрын-соңды болмаған қаржылық демеу көрсетілді. Үкіметтің қолдау шаралары, техникалық және технологиялық жағынан жаңаруы, инвестициялардың құйылуы, жеңілдікті субсидиялардың берілуі оны жетекші салаға айналдырды.
Президент өз Жолдауында экономиканы әртараптандырудың басым стратегиялық бағыт-бағдарларын белгілеп, АӨК-ті дамытудың негізгі жолдарын да айқындап берген болатын. Біріншіден, еңбек өнімділігін арттыру. Ең төмен еңбек өнімділігі ауыл шаруашылығында. Бар-жоғы 3 мың доллар төңірегінде. 2014 жылға таман еңбек өнімділігін кемі екі есеге ұлғайту міндеті тұр. Бізде жағдай басқаша сипатта. Бір жұмыс істеушінің жылдық еңбек өнімділігі республикалық деңгейден 2-2,5 есе жоғары. Егіншілікпен қатар мал шаруашылығын өркендетуді ойластырғанда өндіріске озық технологияларды енгізуден бастадық. Сүт фермаларына Канададан 800 сауын сиыр әкелінді. Осы заманғы құрал-жабдықтар орнатылды. Қанатқақты жобаның іске асуы саланың дамуына қуатты серпін берді. Облыста тұңғыш рет әр сиырдан жылына орта есеппен 6 мың литр сүт сауылды. Былтыр бұл көрсеткіш 7 мың литрді құрады. Сүт өнімдерінің 30-дан астам түрін шығаратын зауытымызды еуропалық стандартқа көшірілгелі сұраныс тіпті жоғарылады. Өнімдеріміз сапалы әрі бәсекеге қабілетті болғандықтан жұртшылық үлкен ықыласпен сатып алады. Еліміздің бірқатар аймақтарына жөнелтеміз. Жұмысшылардың жалақысы өсіп, тұрмысы жақсарды. Қолға алған индустриялық-инновациялық жобалардың бірі – астық қабылдайтын заманауи кәсіпорын салуымыз. Сыйымдылығы – 30 мың тонна. Құрылысы аяқталуға жақын. 40 адамды жұмысқа орналастырдық.
Екінші, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайы. Жолдауда айтылғандай, алдағы 4-5 жылда азық-түлік тауарлары ішкі рыногының 80 пайыздан астамын отандық тауарлар құрауы тиіс деген талап орындалатын меже. Біздің картоп өсіруде голландық әдісті енгізгенімізге он бес жылдай болып қалды. “Екінші нанды” облыс орталығы тұрғындарына қолжетімді бағамен ұсынып жүрміз. Былтыр “Қызылжар” коммуналдық базарымен келісім-шарт жасасып, 500 тонна картоппен қамтамасыз еттік. Биыл шығымдылықтың төмендігіне қарамастан 300 тонна өткізуге келістік. Сол сияқты көкөніс түрлерін де өсірумен айналысамыз. Тұрақтандыру қорына да астық тапсырып жатырмыз.
Үшінші, экспорттық әлеуетті іске асыру. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз да қыруар. Мәселе санда емес. Алдымен сапаға, сосын қалай сатуға келіп тіреледі. Үш мемлекеттің ортақ Кеден одағы, рынок көзінің көбеюі, Қазақстанның астықты сыртқа шығаратын бес елдің қатарынан нық орын алуға ұмтылысы мақсатты да жүйелі жұмысты талап етеді. Серіктестік оны орындауға тас-түйін дайын. Қолайлы сәттерді тиімді пайдалана білуіміз керек.
Бәсекеге қабілетті өнім өндіру, аз шығынмен жұмыс істеу, кірісті көбірек алу ұдайы назарымызда. АӨК-ті жедел индустрияландыру, ертеңгі технологияға көшу – Елбасы талабы осы. Индустриялық даму жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын қазірдің өзінде айқын сезініп отырмыз. Оған егіншіліктегі және мал шаруашылығындағы және қайта өңдеу саласындағы табыстарымыз айқын мысал.
Геннадий ЗЕНЧЕНКО, Қазақстанның Еңбек Ері, “Зенченко және К” командиттік серіктестігінің бас директоры.
Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданы.
* * *
ҚАМБАДАҒЫ АСТЫҚТЫ КҮЗДЕ САНАЙДЫ
Үкімет оны сатып алу жоспарына өзгеріс енгізді
Мемлекет сатып алатын азық-түлік бағытындағы бидай көлемі бұрынғы болжанған мөлшерден екі есеге азайып, бір миллион тонна болып белгіленді. Мұны Ауыл шаруашылығы министрлігі мен “ҚазАгро” ұлттық холдингі мемлекеттік қорда бұдан артық астық ұстап тұрудың қажет еместігімен түсіндіреді.
Министрліктің есебі бойынша, үстіміздегі жылғы астық көлемі егін орағы науқаны алдында айтылғандай, бункерлік салмақпен 13,5 млн. тонна болғалы отыр. Өткен аптаның басында барлық егістік алқаптың 97,9 пайызы жиналып алынды. Орташа өнімділік гектарына 8,7 центнерден келуде. Әзірге алынған астықтың жалпы көлемі 13,2 млн. тоннаға жетті. “Былтырғы жылдан ауысатын астықты есепке алғанда, осы жиналған өнім өзіміздің ішкі тұтынымымыз бен 7-8 млн. тонна мөлшеріндегі экспортты қамтамасыз етуімізге толығынан жетеді”, – деп мәлімдеді Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев селекторлық кеңесте.
Шынында да өткен жылы елімізде орасан зор өнім жиналған еді. Былтыр солардың айтарлықтай бөлігі сатылмай қалды. Оның қоры тіпті бізге қажетті мөлшерден де едәуір көп, қазір қамбаларда 2,9 млн. тонна артық астық бар. Мамандардың есебінше, тек осы қордың өзі республиканың жыл бойғы ішкі тұтынымы үшін молынан жетеді. Қазақстанда жан басына шаққандағы тұтыну нормасы жылына 167 кило ұнды құрайды. Салыстырмалы түрде айтсақ, Ресейде бұл мөлшер 103 килодан аспайды.
Ақиқатына келгенде, “Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы” АҚ-тың бидайды мемлекеттік сатып алу көлемін азайту жөніндегі шешімі де негізінен осы есептеулерден ұйысқан ұйғарым болып табылады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, бізде қазір былтырдан қалған 1,45 млн. тонна, бұрнағы жылдан бергі 290 мың тонна, мемлекеттік қордағы жарты миллионға жуық, бұрын жасалған меморандум бойынша Қазақстан Астық одағы дайындаған 691 мың тонна астық сақтаулы тұр.
– Осылайша баланстың кіріс бөлігінің активі 3 млн. 966 мың тонна астықты құрайды, – деген тұжырым жасайды министрліктің жауапты хатшысы Евгений Аман. – Осы көлем еліміздің 2011 жылдың қазан айына дейінгі ұнға сұранысын жабуға толық жетеді.
Ал бидайдың мемлекеттік сатып алу бағасы бұрынғы қалпында, оның тоннасы 26,5 мың теңгеден алынуда. Ол қазіргі таңдағы рынок бағасынан айтарлықтай төмендігіне қарамастан, “ҚазАгро” бағаны көтерудің еш мәні жоқ деп санайды. Ұлттық холдингтің басшысы Асылжан Мамытбеков астық сатып алу мәселесіне орай арнайы өткізілген баспасөз мәслихатында сатып алу бағасының тамызда белгіленгенін және оның сол кездегі нарыққа сәйкес келгенін айтты. Рас, бүгінгі рынокта баға көтеріліп тұр, бірақ ертең қайтадан түсіп те кетуі мүмкін ғой. Сондықтан Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы белгілеп берген баға бидайдың сатылатын ең төменгі шегін білдіретін өзіндік деңгей болып табылады. Еліміздің элеваторлары нанның құнын ұстап тұру үшін ұнды да рынок емес, осы мемлекеттік сатып алу бағасы бойынша сатады.
Осымен бір мезгілде биржалардағы астықтың сатылу бағасы төмендей бастайтынын “ҚазАгро” холдингіндегілер ғана айтып отырған жоқ. Өзі атап өткендей, ішкі және сыртқы жағдайларға талдау жасаған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов те осындай пікірге келген екен.
– Мен мұндай ойға астық төңірегіндегі дағдарыстың кең ауқымды көкейкесті мәселе емес, Ресей Федерациясында өнімнің төмен болуына байланысты экспортқа тыйым салу мен алыпсатарлыққа қысым жасауға байланысты туындаған белгілі бір өңірлерді шарпитын дағдарыс екеніне көзім жеткеннен кейін келіп отырмын, – деді Кәрім Қажымқанұлы селекторлық кеңес үстінде. – Қазір баға басқа бағытқа бара жатыр, әлі-ақ көрерсіздер, ол арзандау жағына қарай бет бұрады...
Үкімет басшысы осы жерде отандық астық сатушылардың қазіргі қалыптасып отырған ахуалға бейімделулері керек екенін ескертті. Бүгінде тіпті көрші елде астық тапшылығы орын алып жатқанына қарамастан, Қара теңіз және Балтық порттарында да, Ресей рыноктарында да Қазақстан бидайы бәсекеге қабілетті бола алмай тұр. Біздің астықтың баратын бағыттарын Орталық Азия мен Ауғанстан ғана құрайды. Рас, бұлардың қатарын кейінгі кездері Әзірбайжан мен Грузия толықтыруы мүмкін. Бірақ олардың көпке ұзамайтынын экспорттаушылардың өздері де сезіп отыр. Қазақстан Астық одағының басшысы Нұрлан Тілеубаев биылғы жылы астық өндірушілер мен оны ұстаушылардың барлығы өсірілген өнім үшін айтарлықтай жоғары деңгейде ақша қаражатына ие бола алатынын айтады. Бірақ біздің қойған бағамыз шетелдерге астық шығарғысы келетін алыпсатарлық рыноктарды біртіндеп шығарып тастай бастайды.
Н.Тілеубаев осы ретте ендігі салмақты ұнға салу керек екенін тілге тиек етеді. Астық одағының есебі бойынша, биылғы жылы “таза бидайдан гөрі ұнның экспорты әлдеқайда жоғары” болмақ. Бүгінгі болжам оның дәндік эквиваленті 3,8-4 млн. тонна мөлшерінен табылатынын, яғни осынша көлемде тартылған бидайға тең келетінін білдіреді.
Үкімет қазіргі таңда өз тарапынан Қазақстан астығының Парсы шығанағы елдеріне жетуі жолдарын қарастырып жатыр. Осыған байланысты араб елдеріндегі әріптестермен бірнеше келісім жүргізілгенін алға тартқан Кәрім Мәсімов “Енді бір жылдан кейін бәрі де жақсы болады, біз Иранмен арадағы темір жол құрылысын аяқтаймыз. Болат жол пайда болған сәттен бастап біздің астығымыз шығанақта бәсекеге қабілетті болып шыға келеді”, – дегенді жеткізді. Ал Парсы шығанағындағы Қазақстанның астық қоймасы Біріккен Араб Әмірліктері мен Иорданияның бірінде салынады. Үкімет басшысы кеңесте аталмыш қойманы осы елдің қайсысында салған тиімді болатынын жеделдетіп зерттеуді тапсырды.
Осылайша қамбадағы астықты санайтын да шақ келіп жетті.
Серік ПІРНАЗАР.
* * *
“ЭКСПО-2017”: БОЛЖАМ ШЫНДЫҚҚА АЙНАЛУЫ МҮМКІН
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері халықаралық деңгейдегі конференциялар мен түрлі маңызды жиындарды абыроймен өткізіп келеді. Оған таяуда Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммиті де дәлел бола алады. Енді солардың қатарына 2017 жылы өтетін “ЭКСПО” халықаралық көрмесі қосылуы мүмкін.
Жуырда осы мәселе бойынша Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова Халықаралық көрме өткізу бюросының бас хатшысы Висенте Гонсалес Лоссерталеспен кездесті. Астанаға ресми сапармен келген жоғары дәрежелі мейманмен бірге Халықаралық көрмелерді өткізудің үйлестірушісі А.Ангель мен еліміз тарапынан Астана қаласында халықаралық “Экспо-2017” мамандандырылған көрмесін өткізуге өтініш беруші Бас кеңесші Х.Корреас болды. Елімізге арнайы сапармен келген қонақтардың басты мақсаты – Астана қаласының “Экспо-2017” көрмесін өткізуге құқық беретін өтініш берген еліміз басшылығы ниеттерінің шынайылығына көз жеткізу.
Кездесу барысында Лоссерталес “ЭКСПО-2017” көрмесін өткізуге байланысты Қазақстан Үкіметі жүргізіп жатқан ұйымдастыру жұмыстарына қанағаттанғандықтарын жеткізді. Сондай-ақ өз тарапынан Астананың халықаралық бейнесінің неғұрлым дәл жүйесін жасақтаса, ол соғұрлым Халықаралық көрме бюросына мүше елдердің дауысын көп алуға мүмкіндік беретіндігі жөнінде кеңес берді. Астананың өтініш беруі Қазақстандағы барлық ұйымдардың басын біріктіретін ұлттық идея сияқты болуы тиіс, деп атап өтті ол. Тараптар Астана, Эдмонтон және Льеждің бәсеке барысындағы артықшылықтарын есепке ала отырып, өтінішке дайындықтың ықтимал сценарийін талқылады. 2017 жылғы халықаралық көрмені өткізу құқығына ие болу үшін Канаданың Эдмонтон және Бельгияның Льеж секілді қалалары бәсекеге түсуі мүмкін. Ал жеңіске әлемдік қауымдастыққа көкейкесті, тамаша тақырып ұсынып, сол бойынша ақпараттық-имидждік жұмысты жоғары деңгейде өткізуі арқылы ХКБ-ға мүше 156 елдің көпшілік дауысына ие болған ел қол жеткізеді. Еліміз ХКБ-ға 1997 жылдан бастап мүше. Қазақстан “ЭКСПО” көрмелеріне 2005 жылдан бастап қатысып келеді. Атап айтсақ, Жапонияның Аичи қаласында өткен “ЭКСПО-2005”, Испанияның Сарагосындағы “ЭКСПО-2008”, Қытайдың Шанхайындағы “ЭКСПО-2010” көрмелеріне қатысып, жоғары нәтижелер көрсетіп келе жатыр. Испанияда өткен көрмеде 104 елдің ішінен дара шығып, 3-орынға ие болған еді. Астанада өткізу бастамасы осыдан кейін алғаш рет көтерілген болатын. Ал нақты өткізу туралы идея Елбасымыздың “ЭКСПО Сарагоса-2008” барысындағы ресми сапарында жарияланды. 2010 жылдың 1 шілдесінде ХКБ-ға мүше елдердің Париждегі штаб-пәтерінде өткен Бас Ассамблея отырысында Қазақстанда көрме өткізу туралы ресми түрде өтініш берілді.
Қазақстан 2017 жылы өтетін халықаралық көрме тақырыбын “Болашақ энергиясының дамуы. Энергетиканың жаңа түрлері” деп нақтылап үлгерді. Астана “ЭКСПО-2017” көрмесін өткізу құқығын жеңіп алған жағдайда Қазақстанға Экспоорталық құрылысын салу мақсатында көлемді инвестиция тартылмақ. Көрмені өткізуге жасақталатын инфрақұрылым оның жоғары деңгейде өтуіне ғана емес, кейін де қаланың инфрақұрылымы мен коммуникациясына қызмет ете беретін болады. Сондай-ақ жаңа бизнес-орталықтар, қонақ үйлер мен көрме кешендері құрылысы жоспарлануда.
“ЭКСПО-2017” көрмесінің Астана қаласында өткізілуі Қазақстанның шетелдердегі имиджі мен танымалдылығын арттыра түседі. Ал ЭКСПО-дан қалатын мұра Астананы халықаралық ірі, көрмелік және ақпараттық-тұсаукесер, таныстыру алаңы ретінде қарастыруға мүмкіндік беретін болады. Бәсеке жеңімпазы 2012 жылғы желтоқсанда өтетін ХКБ Бас Ассамблеясының кезекті отырысында анықталады. Ал оған дейін еліміз 2012 жылы Оңтүстік Кореяның Есу қаласында және Италияның Милан қаласында 2015 жылы өтетін көрмелерге қатысатын болады. Ғажайып көрменің мән-мағынасы мен маңыздылығы жайында газетімізде кезінде талай рет жазылды да. Әлем елдерінің әлеуеті мен экономикасын, бет-бейнесін, салмағын көрсететін ең тамаша көрмені осы шара өтетін ел азаматтарының екі мәрте көру-көрмеуі екіталай. Өйткені 156 елдің ішінен іріктеліп барып, оған қоса әр 2-3 жылда 1-ақ рет өтетін шараның қайта айналып келуі үшін өте ұзақ уақыттар қажет...
Венера ТҮГЕЛБАЙ.