ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА БЕЛЕСТЕРІ
Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері Кеден одағына біріккені белгілі. Кеден одағына ену кез келген мемлекет үшін пайдалы, алыс-беріс кезінде жеңілдіктер болады, сауда-экономикалық ынтымақтастық дами береді. Өскеменде сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі VІІ Қазақстан-Беларусь үкіметаралық комиссиясы жұмыс істеп, жаңа белестерді анықтап алды.
Қонақтар “Алтай” технопаркіндегі жәрмеңкені тамашалады. Мұнда екі мемлекетте шығарылатын ауылшаруашылық тауарлары, техникалары, басқа да заттар қойылған. Қазақстан мен Беларусь арасындағы сауда-саттық соңғы жылдары құлашын кеңге сермеп келеді. Атап айтқанда, тек биыл Белоруссияға экспорт көлемі 419,3 миллион АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 3,4 есе өскен. Ал көрші елден бізге 273,3 миллион АҚШ долларының өнімдері келіп, бұл көрсеткіш биылдың өзінде 62 пайызға өскен.
Екі мемлекет арасындағы сауда-саттық жөніндегі комиссияның мәжілісі “Алтай” технопаркінде өтті. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев келген қонақтарды құттықтап, осы жерде жақында ғана Қазақстан мен Ресей Федерациясы президенттері Н.Назарбаев пен Д.Медведевтің жетекшілік етуімен ірі инвестициялық форумның өткенін тілге тиек етті. Өңір басшысы Шығыс Қазақстанның серпінді жобалары жайлы айтып берді. “Казцинк”, Үлбі металлургия зауыты және Өскемен титан-магний комбинаттарында жаңадан зауыттар мен өндіріс орындарының ашылуы нәтижесінде экономиканың қарыштап алға басқанын да назардан тыс қалдырмады. Семейдегі “СемАЗ” зауыты беларустармен бірігіп еңбек етудің нәтижесі. Биыл Могилев облысының іскер адамдары Шығыс Қазақстан облысына келіп, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени байланыстар бойынша бірқатар келісімдерге қол қойды.
Комиссия мәжілісінде бірқатар мәселелер талқыланды. Мәселен, ауыл шаруашылығы дақылдарын сорттау, төтенше жағдайлар жөнінде тәжірибе алмасу, өрт сөндіруді жетілдіру жайлы да пікір алмасылды. Жыл аяғына дейін 60 қазақстандық Беларусь Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты мамандықты жетілдіру институты базасында арнайы жаттығудан өтпек. Өрт сөндіруге арналған арнайы жабдықтармен жабдықталған көліктерді пайдалану жағы да назардан тыс қалған жоқ. “МАЗ” автокөліктері базасында құрастырылған жаңа техниканы сатып алу да ойластырылды.
Беларусь Премьер-министрінің орынбасары И.Бамбиза мен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев кездесіп, бірқатар маңызды мәселелерді талқылады. Туризмді дамыту, экономика мен сауда-саттықты өркендетудің жолдары қарастырылып, келісімге келді. Жетінші Үкіметаралық комиссияда бірқатар құжаттарға қол қойылды. Қазақстан мен Беларусь арасындағы қарым-қатынас жаңа белестерге аяқ басты. Алдағы уақытта бірлескен форумдар, семинарлар мен жәрмеңкелерді өткізудің пайдалы екеніне көз жеткізді. Беларусь елінен келген қонақтар ҮМЗ, “Азия Авто” зауыттарында, “Өскемен құс фабрикасы” мен “Шығыс-сүт” серіктестігінде болып, мұндағы жаңа технологиямен танысты.
Оңдасын ЕЛУБАЙ.
Шығыс Қазақстан облысы.
* * *
МИНИСТР КЕМШІЛІКТІ КӨРСЕТТІ
Қаржы министрі Б.Жәмішев, Президенттің Парламенттегі өкілдігінің басшысы А.Бейсенбаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Б.Нұрымбетов бастаған республикалық ақпараттық-насихаттық топ “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалында өңірдегі мекеме, кәсіпорын басшыларымен кездесу өткізді.
Кездесуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауындағы негізгі басымдықтар жайлы әңгімелеген Б. Жәмішев олар экономиканы дағдарыстан кейінгі дамуға әзірлеу, үдемелі индустрияландыру және инфрақұрылымды дамыту есебінен экономиканың орнықты өсіміне қол жеткізу, адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін болашаққа белсенді инвестиция салу, қазақстандықтарды сапалы әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету, ұлтаралық келісімді нығайту болып табылады, – дей келіп, облыстың экономикалық әлеуеті жөнінде өз ой-пікірлерімен бөлісті.
Министрдің айтуынша, облыстың экономикалық әлеуеті орасан зор. Бірақ жемісті нәтижеге қол жеткізу жағы сылбыр. Облыс экономикалық даму жөнінен республика бойынша көш соңында келеді. Министр бұған мысал ретінде, 2009 жылдың қорытындысында облыстан шыққан және орта бизнес субьектілерінен түскен корпоративтік салық бар болғаны 838 миллион теңгені құрғанын, ал бұл еліміздегі ең төмен көрсеткіш болып саналатынын жеткізді. Оның айтуынша, облыс шағын және орта бизнесті дамытуда артта қалып отыр.
Министр аймақтағы артта қалушылықты үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыру арқылы да еңсеруге болатынын, “Жол картасы” бағдарламасының жұмыссыздықты жоюдағы оң ықпалын және “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” автожолының экономикалық тұрғыдан көп пайдасы бар екенін де тілге тиек етті.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Жамбыл облысы.
* * *
МАҚСАТ – ӘЛЕМДІК ТАЛАПҚА САЙ КӨЛІК ЖАСАУ
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру ісінің көш басында “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясы тұр. Бір идеяның айналасына топтасқан жүз елу мыңнан астам еңбеккердің мақсат-міндеті абырой биігінен төмендеп қалмай, қашанда компанияның атағын жоғары ұстау. Осы орайда елімізді әлемдік талапқа сай, соңғы үлгідегі сапалы көлік мәшинесімен қамтамасыз етіп отырған “Астана локомотив құрастыру зауыты” АҚ президенті Мейрамғали Тілеужановпен әңгімелесудің сәті түскен еді.
– Мейрамғали Шөпшекбайұлы, елімізде локомотив құрастыру ісі қашан басталды?
– Жасыратыны жоқ, Кеңес Одағы тарағаннан кейін темір жолды материалдық жағынан бір орталықтан қамту үдерісі үзілді. Әр мемлекет өз күнін өзі көре бастады. Қайта құрылымдалған темір жол саласында да көптеген техникалардың тозығы жетіп, ескіре бастады. Оны сатып ала қоюдың да реті қиындап кетті. Ескі техникаларды жамап-жасқай беру де жылжымалы құрамның қозғалыс қауіпсіздігіне зиян келтіріп жатты.
Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен “жығылсаң – нардан...” дегендей, әлемдегі ең ірі локомотив жасайтын кәсіпорындарды іздестіре бастадық. Оны мұхиттың арғы жағынан таптық. Ұзақ жылдарға арналған келісім-шарт жасастық.
2008 жылы көктемде тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш локомотив зауытының қадасы қағылды. Ал 2009 жылғы шілденің 3-інде республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзі салтанатты түрде тұсаукесер рәсімін өткізіп, мәшине құрастыру зауытының еңбеккерлерін құттықтады.
Біздің зауыттың құрылысы рекордтық мерзімде аяқталды. Соңғы технологиямен жабдықталған кең әрі ауқымды цехтарда жұмыс істеген зауыт еңбеккерлері ғана емес, оны тамашалаған қонақтардың да жүрегінде “осындай зауыт сала алады екенбіз-ау” – деген мақтаныш сезімі ұялайды.
Бүгінде зауытты Қазақстан инженериясының шынайы авангарды деп қысылмай айта аламыз. Металл өңдеудің, ауыр мәшине жасаудың озық технологиясы, түрлі ұлт өкілдерінен жасақталған инженер-мәшине құрастырушылардың командасы әлі де талай биіктерді бағындыра алады.
– Осы зауыт туралы айтылғалы бері ағылшынша “Evolutіon” деп сайраумен келеміз. Орысшасынан да жаңылмаймыз. Жаңа өзіңіз айтқандай, тәуелсіз еліміздің тұңғыш локомотив зауыты болғандықтан неге қазақша баламасын таппадыңыздар?
– Мұныңыз өте орынды базына. Бірақ біз алдымен осы жобаны Америкадан атан түйедей қалап алғандықтан, оның бастапқы атын бірден жойып жібергіміз келіп отырған жоқ. Оның тағы бір себебі – аты әлемге танылған компанияның өнімі өзінің бренді. Сонымен бірлесе отырып, өз төл туындымызды шығара алсақ, сол кезде оны “Тұлпар” дейміз бе “Құлагер” дейміз бе, ыңғайлы ат табармыз. Әзірге “Evolutіon” қазақша айтқанда, бәйгенің басын “шаппай бер” деп тұрған компания.
Осы орайда бұл техниканың басқалардан ерекшелігін айтайын. Магистралдық жүк тепловозы ТЭЗЗА “Evolutіon” басқа локомотив түрлеріне қарағанда, экономикалық жағынан тиімді және экологиялық жағынан барынша таза. Жылу отынын да аз тұтынады. Тепловоз кабинасы санитарлық-гигиеналық талапқа сай. Ауабаптағышы бар. Бақылау және қорғау жүйесі микропроцессорлық ССА бағдарламалық аппарат кешенімен автоматты түрде орындалады.
– Осы бесінші буынды тепловоздың жылына қаншасы шығарылады?
– Зауыт іске қосылғалы бері 16 локомотив құрастырылып, ТМД рыногына экспортқа шығару үшін Ресей Федерациясы темір жол көлігі сертификаттау регистрінің сараптауынан өткізілуде. Толық қуатында жұмыс істегенде зауыттың жылдық өнімі 100 магистралдық, 50 маневрлік тепловозды құрайды. Биылғы жылы 30 данасын шығаруды жоспарлап отырмыз. Оның сегізі экспортқа бағытталған. Келесі жылы 69 данасын шығаратын болсақ, оның 20-сы алыс және таяу шетелдерге арналмақ. 2014 жылы жүзге жеткізетін түріміз бар. Ал, 2015 жылдары оған қосымша 50 маневрлік тепловоз құрастыруды жоспарлап отырмыз.
– Қазір зауытта қанша адам еңбек етеді?
– Зауытта жоғары білімді мамандар еңбек етеді. Мұнда конструкторлық және технологиялық бюро бар. Мамандар “General Elektrіc Transportatіon” зауытында АҚШ, Мексика, Австралияның басқа да компанияларынан біліктілік тәжірибесінен өтуде. Қазір негізгі жұмысты атқарып жатқан тепловоз қаңқасын құрастыру цехының өзінде 104 адам еңбек етеді. 2014 жылға қарай кәсіпорында 700-дей адам жұмыс істейтін болады.
– Үкімет тапсырмасы бойынша елімізде барлық кәсіпорындарда қазақстандық үлесті ұлғайту шарасы жасалып жатыр. Осыған орай қандай жұмыстар атқарудасыздар?
– Қазіргі уақытта біз отандық өнім өндірушілерді көптеп тарта бастадық. Соның бір көрінісі – жақында 35 отандық компанияның өкілдерімен жүзбе-жүз кездестік. “Локомотив құрастыру зауыты” АҚ “Шығысмашзауыт”, “Петропавл ауыр мәшине жасау зауыты”, “Петропавл ауыр мәшине құрастыру зауыты” акционерлік қоғамдарымен екі жақты келісімдерге қол қойды. Отандық өнімдердің сапасы “General Elektrіc” компаниясы басшылығын да қанағаттандырып отыр. Мысалы, Теміртаудың темірінен жасап шығарған 30 тепловоз платформасына осыдан екі ай бұрын “General Elektrіc” компаниясынан сапасы өте жақсы деген сертификат алдық.
Қазіргі таңда Қызылжардағы ауыр мәшине жасау зауытына локомотивке қажет бөлшектер жасатуға тапсырыс бердік. Оның жалпы бағасы бір млрд. теңгеден асады. Ал, бір жылдың ішінде Теміртаудан үш млрд. теңгенің темірін сатып алдық.
Қысқа мерзімді бағдарламаға орай, кәсіпорында отандық өнім өндірушілердің үлесін 2015 жылға қарай 52 пайызға жеткізуді межелеп отырмыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.
Астана.
* * *
КІТАПХАНАЛАР ДА ЕҢСЕ ТҮЗЕУДЕ
Өткен жылдары қаладағы орталық кітапхананың екі бірдей филиалы “Жол картасы”бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуден өткізілді. Бұрын олардың жағдайы тіптен де қиын еді. Енді, міне орталық кітапхананың бас корпусына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіле бастағанына үш айдан асып барады. Ал оған мұндай жөндеу жұмыстары жүргізілмегеніне 34 жыл болған екен.
Алдында кітапхана филиалдарын жөндеуден өткізіп алған аталмыш мекеменің байырғы басшысы Бақжамал Башарханова бұдан кейін де тыным таппай өз дегеніне жеткен. Одан кейінгі жерде 23 милион теңге тұратын тендерді ұтып алған жергілікті “Бел-Каз” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі іске кірісіп кеткен. Содан бергі мерзімде негізгі жұмыстар жүзеге асырылып үлгерілді. Кітапханашылар да бар жұмысты құрылысшылардың мойнына арта салмай, жөндеу жұмыстары барысында кітап қорының аман сақталуы үшін оларға барынша қолқабыс, көмектерін көрсетуде.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Семей.
* * *
АГРАРЛЫҚ САЛАДАҒЫ ИНТЕГРАЦИЯНЫҢ ТИІМДІЛІГІ
ТМД аясында экономиканың аграрлық секторындағы интеграцияны қалыптастыру мен дамыту аса өзекті мәселе болып отырғаны белгілі. Интеграциялық үдерістің негізінде құрылған құрылымдардың тәжірибесіне сүйенсек, олардың тұрақтылығымен, өміршеңдігімен және экономикалық тиімділігімен еркекшелетіні байқалады.
Достастық елдерінің ұлттық экономикасы жүйесінде ауыл шаруашылығы ІЖӨ құрылымында едәуір үлесті алатыны байқалады. Мысалы, Ресейде ІЖӨ-дегі ауыл шаруашылығының үлес салмағы 2000 жылы 7,6 % болса, 2005 жылы – 5,2 %, ал 2008 жылы 4,5 %-ға дейін төмендеген. Қазақстанда сәйкесінше – 8,7 %, 6,5 %, 5,6, 6,5 %; Украинада – 9,6, 9,2, 8,6 % және Беларусь мемлекетінде 11,6%, 7,5 %, 8,3 % деңгейінде болған. Егер бұл саланың халықты азық-түлікпен, өндірісті шикізатпен қамтамасыз ететінін ескерсек болашақта оны басымдықты дамыту қажет.
Сонымен қатар, саланың әлеуметтік аспектілерін де атап өткен жөн. ТМД-ның көптеген елдерінде ауыл шаруашылығы басты жұмыс беруші сала болып табылады. Мысалы, жаһандық урбанизация үдерісіне қарамастан, ТМД елдері халқының көп бөлігі ауылдық аймақтарда тұрады және сонда жұмыс істейді. Мысалы, Қазақстанның ауылдық аймақтарында халықтың – 43%-ы, ал Тәжікстанда 73%-ы тұрады.
Ұлттық экономиканың дамуына ауыл шаруашылығының ерекше ықпал ететін факторларының бірі, ол – осы саланың мультипликативті әсер етуінде болып отыр. Мысалы, Ресейдің салааралық балансындағы мәліметтер бойынша, елдің ауыл шаруашылығы саласында 1 рубльге өндірілген өнім көлемі экономиканың мәшине жасау, химия, қазба байлықтар өндіру, көлік және байланыс сияқты басқа да аралас салалары өнімдерінің қосымша 1,16 рубль деңгейінде өндірілуін қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, ауыл шаруашылығында өндірілген әрбір миллион доллар өнім көлемі басқа аралас салада 23 қосымша жұмыс орнын ашуға септігін тигізеді екен.
Достастық мемлекеттері арасында экономикалық және интеграциялық байланыстар дамығанымен, экономиканың аграрлық секторындағы үйлесімді жүйе әлі де толық қалыптаспаған. Сондай-ақ, ТМД елдерінің агроөнеркәсіп кешендерінің даму деңгейлері бірдей еместігі байқалады. Бір елдерде ауылшаруашылық және азық-түлік өнімдері өндірісінің салыстырмалы түрде жоғары екендігі, ал басқа елдерде азық-түліктік ресурстарға және мал шаруашылығы саласына арналған жем-шөп базасына деген тұтыну көлемінің едәуір бөлігі импорт арқылы толтырылатындығы байқалады.
ТМД-ның аграрлық саласындағы интегация ауылшаруашылық өнімдерін өндіруді үйлестіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және олардың экономикасының нақты секторындағы АӨК-ті әртараптандыру мүмкіндіктерін кеңейтеді. Сонымен қатар, аграрлық саладағы интеграция жаһанданудың теріс салдарын жою және ішкі рынокты сыртқы бәсекелестерден қорғауға септігін тигізеді.
ТМД елдері орасан зор жер, еңбек және материалдық ресурстарға ие. Сондықтан, олардың ауыл шаруашылығының негізгі өнімдеріне және сол өнімдердің өңделген түрлеріне деген қажеттіліктерді толық қамтамасыз етуге және әлемдік рынокқа сол өнімдердің экспортын ұйымдастыруға мүмкіндігі бар.
ТМД елдерінің аграрлық саласының ішкі өзара қарым – қатынастарын жүйелі түрде дамытуда олардың аумағында әлі де болса өнім өндіруде тәуекелділіктің және өндірілген өнімнің өзіндік құнының жоғарылығын ескеру қажет. Мәселен, ТМД елдері ауылшаруашылық өнімдерінің ішкі тұтыну бағасын дамыған елдердің ұқсас тауарларының бағасымен салыстырғанда жоғарылығы байқалды.
Достастық елдерінің аграрлық саласының тұрақты дамуына Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені оң әсерін тигізбек. Еліміз әлемнің басты аграрлық шикізат өндіруші 25 елінің қатарына кіреді. Сонымен қатар, ауылшаруашылық мақсатындағы, дәнді дақылдар және картоп егетін жер көлемі бойынша басты аграрлық шикізат өндіруші 10 елдің қатарында тұр. Сарапшылардың бағалауы бойынша, республиканың ресурстары халықтың қазіргі азық-түлікті тұтынуы көлемінен 3 есе артық өндіруге жетеді.
Достастық елдер рыногында Қазақстан бір жағынан ауылшаруашылық өнімдерінің сатушысы, екінші жағынан сатып алушы болып келеді. Елімізде ауылшаруашылық өнімдерінің негізгі экспортталатын түрі дәнді дақылдар болып табылады. Әлемде ТМД елдерінің ішінде Ресей, Украина және Қазақстан астықтың ірі экспорттаушылары қатарында. Бұл елдердің 2000-2008 жылдар аралығында аталған ауылшаруашылық өнімінің ортақ экспорттық әлеуеті әлемдік рынокта, 6%-дан 24%-ға жетіп 4 есеге артқан. Қазақстандық астықтың көп бөлігін Әзірбайжан, Беларусь, Ресей, Украина, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан, сонымен бірге, алыс шетелдер сатып алады. Ауылшаруашылық өнімдерінің өндірістік өңдеуден өткен түрлері бойынша экспорт көлемінің арту тенденциясы байқалады. Мысалы, 2008 жылы Қазақстан әлемдегі ұн өнімін экспортқа шығарушы ірі елдердің бірі болды. Еліміздің дайын кеспе (макарондық) өнімдерін экспортқа шығаруға да мүмкіндігі жоғары.
Аграрлық саладағы интеграциялық үдерістерді жетілдіру және астықты сатып алу бойынша сауда операциялары мен баға құру жүйесін оңтайландыру мақсатында Қазақстан және Ресей 2009 жылдың басында ортақ сауда биржасын құрды. Құрылған “Еуразиялық сауда-саттық жүйесі” АҚ-тың 60%-ы ресейлік “РТС” ЖАҚ-қа, ал 40%-ы Алматы өңірлік қаржы орталығына тиесілі. Астық пен ұнның 90% өткізілетін Қазақстан-Ресей тауар биржасын құру интеграция жүйесінің тиімділігінің ұтымды нәтижесі болып табылады.
Аграрлық саладағы интеграциялық үдерістер аймақаралық деңгейде де, ауылшаруашылық өнімдерін өңдейтін ортақ кәсіпорындар қызмет ететін шекарадағы облыстарда да дамуда. Мысалы, Ресейдің ТМД шекарасында жатқан 27 субъектісінің 11-і Қазақстан облыстарымен шектеседі. Қазақстан мен Ресейдің шекаралық саудасы жалпы сауданың 70 %-ын құрайды.
Қазақстанда ауылшаруашылық компанияларының негізгі қорларына жұмсалатын инвестициялардың жартысы астық саласына келеді. Соның нәтижесінде Украина, Беларусь және баска да ТМД елдерінде активтері бар ресейлік ірі сауда-өндірістік компаниялары аймақаралық аграрлық компанияларды құру үшін қазақстандық активтерді де сатып алуға мүдделі болып отыр. Қазақстанда мұндай интеграциялық бірігулердің оң тәжірибесі бар. Ресей, Беларусь, Қазақстан және Литва рыногында жұмыс жасайтын, негізгі қызметі астық өндірісі, оны сақтау, өңдеу және өткізу болып табылатын ресейлік “Настюша” компаниясының Қазақстанда 200 мың га егістігі, 12 ауылшаруашылық кәсіпорны, 16 элеваторы және 1 шошқа кешені бар.
Қазақстан да өз кезегінде Ресейдің агроөнеркәсіп кешендеріне мүдделі. Мысалы, 600 мың га жер қоры бар, 500 мың тонна астық (көбінде 4-ші және 5-ші кластағы бидай) алатын, республикадағы 3 ірі астық өңдеуші компаниялар қатарына кіретін “Иволга-Холдинг” компаниясын айтуға болады. Компания құрамында Ресейдің (Орынбор, Челябі және Курск) 10 элеваторы қызмет атқарады. Интеграция негізінде басты астық өндіруші елдердің (Ресей, Украина, Қазақстан) альянсын құрған жағдайда сыртқы рынокта дәнді дақылдарға жоғары баға қою мен олардың өзара бәсекеге түспеуін қамтамасыз етер еді.
Достастық елдеріндегі интеграциялық үдерістердің перспективалы болашағы ет-сүт өнімдері рыногына да қатысты. Құс еті экспортын дамытудың жақсы болашағы Қазақстан, Ресей және Украинада бар. Қазақстан 2014 жылға қарай ет экспорты көлемін 64 мың тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Қазақстан 2009 жылы 900 мың тоннаға жуық таза салмақты ет өндіргенімен, оның өндеуге жіберілгені 22% ғана. Ресей жылына 1700 мың тонна ет тұтынады, оның 700 мың тоннасы – сиыр еті. 2010 жылы 19 сәуірде Қазақстан және Ресейдің ауыл шаруашылығы министрліктері әріптестерінің мәжілісінде Кеден одағы ережесіне сай ет және басқа да мал өнімдерін өткізу бойынша әкімшілік-ұйымдастырушылық жұмыстар жүйесін оңтайландыру мақсатында нақты жоспарлар жасалынды.
ТМД елдерінің ет-сүт өнімдерін өндіру салаларын дамыту үшін бірыңғай интеграциялық саясат қалыптастыру қажет. Ол өз кезегінде ет-сүт өнімдерін өндіру және өткізу саясатын бірлесіп жүргізуге және өзара тиімсіз бәсекені болдырмауға мүмкіндік береді. Ресей, Қазақстан және Украинадағы құс етінің экспортының өсу қарқыны әлемдік экспортқа қарағанда жылдам артуда. Бірақ бұл елдердің ішкі рыногы әлі де болса импорттық өнімдермен толтырылады. Бұл жағдай экспорттың төмен деңгейде әртараптандырылғанына байланысты болып отыр. Соның салдарынан еңбек өнімділігі және бәсекеге қабілеттілік төмендеп, өнімнің өзіндік құны артуда. Интеграциялық үдерістерді одан әрі дамытуда Кеден одағының құрылуы маңызды орын алады.
Сонымен, ТМД елдері экономикасының аграрлық саласындағы интеграциялық үдерістерді қалыптастыру мен дамыту еңбек өнімділігінің, өнім сапасының және өнімнің бәсекеге қабілеттілігінің артуына, олардың ұлттық экономикасының тұрақты дамуына мүмкіндіктер береді.
Алпысбай СЕЙДАХМЕТОВ, Т.Рысқұлов атындағы ҚазЭУ-дің “Экономика” кафедрасының меңгерушісі, профессор.
* * *
ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАР ҚАРЫМЫ
Маңғыстау мен Ресейдің мұнайлы аймағы Түмен облысымен өзара байланыс жаңа қарқын алатын болды. Оған облыстың басшылары мен іргелі өнеркәсіп орындарының өкілдерінен құралған делегацияның Түменге ресми сапары кезінде қол жетті. Екі облыстың салалас өнеркәсіп орындарының арасындағы тікелей байланыстарды тұрақты түрде жолға қойып, сауда-экономикалық және ғылыми ынтымақтастықты дамытуды мақсат еткен сапар сәтті өтті. Оның соңында Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен Түмен облысының губернаторы Владимир Якушов ынтымақтастықты дамыта түсуге бағытталған хаттамаға қол қойды. Делегация мүшелері Түмендегі “Сибнефтемаш”, “ГазТурбаСервис” ААҚ-та, Батыс Сібір мұнай және газ инновациялық орталығы мен Сібір ұлттық талдау орталығында, тағы басқа да өнеркәсіп орындарында озық технология, ғылым мен өндірістің өркенді тұстарымен жете танысып, тәжірибе алмасты. Бұл сапарда болашақта мұнай-газ кешендері үшін бірлесе мамандар дайындау жайы да сөз етіліп, Түмендегі қазақ диаспорасының өкілдерімен де кездесу әсерлі болды.
Жоламан БОШАЛАҚ.
Ақтау.
* * *
Орталық мемлекеттік органдардың интернет-сайттары
Қазақстан Республикасының Үкіметі www.government.kz
Ішкі істер министрлігі www.mvd.kz
Қорғаныс министрлігі www.mod.kz
Қоршаған ортаны қорғау министрлігі www.eco.gov.kz
Білім және ғылым министрлігі www.edu.gov.kz
Сыртқы істер министрлігі www.mfa.kz
Денсаулық сақтау министрлігі www.mz.gov.kz
Көлік және коммуникация министрлігі www.mtk.gov.kz
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі www.enbek.gov.kz
Қаржы министрлігі www.mіnfіn.kz
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі www.mіnplan.kz
Әділет министрлігі www.mіnjust.kz
Төтенше жағдайлар министрлігі www.emer.kz
Мәдениет министрлігі www.sana.gov.kz
Байланыс және ақпарат министрлігі www.bam.gov.kz
Ауыл шаруашылығы министрлігі www.mіnagrі.kz
Экономикалық даму және сауда министрлігі www.mіnplan.kz
Туризм және спорт министрлігі www.mts.gov.kz
Мұнай және газ министрлігі www.memr.gov.kz
Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі www.mіt.kz
Статистика агенттігі www.stat.kz