Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылы Қазақстан халқына арнаған “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу–Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында ірі өндірісті дамытуға, жаңа индустриялық-иннновациялық дамуды жүзеге асыруға басымдық берген болатын. Қостанай облысында үстіміздегі жылдың алғашқы жартысында экономиканың әр саласында 6 инвестициялық жоба жүзеге асты. Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігіндегі металл прокаты зауыты, “Қарасу ет” ет өңдеу кешені, облыстағы заманауи құралдармен жабдықталған бірнеше сауын фермалары осының айғағы. Жыл аяғына дейін тағы да осындай бес жоба халық игілігіне айналмақ. Өңірдің экономикалық-әлеуметтік түлеуіне тікелей ықпал ететін инвестициялық жобалардың облыс қана емес, республикалық маңызы да салмақты.
Апта басында облысқа келген республикалық ақпараттық-насихаттық топ сапарының аясында Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Берік Камалиев еліміз экономикасын өрге сүйрейтін ірі өндіріс және өнеркәсіп орындары қатарынан табылатын бірнеше кәсіпорында болды. “Өркен” ЖШС-ның Лисаков филиалы оншақты жылдан бері темір кенін байытудың жаңа технологиясымен жұмыс істеп келеді. Кәсіпорынның жыл басынан бері өндірген өнім көлемі өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда артпаса төмендеген жоқ. Оның байытқан темір кені “Миттал Стил Теміртау” АҚ үшін бағалы шикізат болып отыр. “Өркенде” мыңнан аса лисаковтықтар жұмыс орнын тапқан. Мұнда жұмысшыларға әлеуметтік жақсы жағдай жасалған.
Облыс өңірінде боксит өндіру өткен ғасырдың елуінші жылдарынан басталған. Қазір “Қазақстан Аллюминийі” АҚ-тың бөлімшесі болып саналатын Краснооктябрь боксит кен басқармасы жұмыс сипатын да, әдісін де жаңартқан. Соның арқасында өткен жылға қарағанда тауарлы кен өндіруді біршама арттырып отыр. Боксит кені Павлодар қаласындағы “Қазақстан Алюминийі” АҚ-қа жеткізіліп, одан экономиканың түрлі саласына өте қажетті қалайы өндіріледі.
Краснооктябрь боксит кен басқармасының жөндеу-механикалық зауыты Лисаков қаласындағы ырғақты жұмыс істейтін кәсіпорынның бірінен саналады. Ірі өндірістің жұмысы, тек қуатты техникаларға негізделген. Осы орайда, даладағы кен қазу ісінің қадамы жөндеу-механикалық зауытындағы жұмысшылардың біліктілігіне тікелей байланысты. Кен қазған қандай озық техникаң да сыр бермей, сынбай тұрмайды. Ал оларды уақтылы іске қосқанда ғана алыптың адымы жиілейді. Сонымен қатар, зауытта темір жол құрамалары, кен таситын электрлі мәшинелер жөнделіп, қатарға қойылады, көзге көрінбей тұрып-ақ іс тетігіне айналатын қосалқы бөлшектер дайындалады.
– Зауыт бүгінде лисаковтықтардың нәпақасын тауып отырған береке, құтты орын, мұнда ең білікті токарьлар, слесарьлар, дәнекерлеушілер, механиктер және тағы басқа да техниканы тамаша меңгерген мамандар жұмыс істейді. Нарықтың заңы солай, кәнігі мамандардың арқасында ғана кәсіпорын бәсекенің алдына шығады,–дейді зауыт директоры Виктор Буданов.
Ақшаңқан тартқан Лисаков қаласының дәулетін де, сәулетін де келістіріп тұрған кәсіпорынның бірі “АрайХолдинг” АҚ-тың аты бүгінде республикадан тыс жерлерге де мәлім. “Алтын өмір” ЖШС осы холдингтің құрамына кіреді. Алкогольді және алкогольсіз сусындар өндіретін кәсіпорын сапаның биік белестерін бағындырды. Ол ИСО-9001, ИСО-14001, ИСО-22000 халықаралық сапа стандарттарына қол жеткізіп, сапа менеджменті жүйесіне көшті. “Алтын өмірдің” сусындарын Қарағанды, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстары және республикамыздың басқа да аймақтары алады.
Соңғы жылдары экономиканың өрлеуі, инвестициялық жобалар қатарының көбеюі арқасында қатар жатқан Лисаков, Рудный қалаларының тынысы кеңейіп келеді. Инвестиция тартумен жұмысын бастаған кәсіпорындар осы қалалардың әлеуметтік жағынан жақсаруына ықпал етсе, сонымен қатар, базар сөрелерінің молшылығын жасауды да өз иығына салған. Мысалы, Рудный қаласының іргесіндегі “Жас қанат-2006” құс фабрикасы үстіміздегі жылдың алғашқы жартысында өмірге жолдама алған инвестициялық жобаның бірі. Заманауи жабдықтармен жабдықталған кәсіпорындағы жұмыстың барлығы дерлік автоматтандырылған. Тауыққа жем әзірлейтін құралдардың өзі бір цех, тіпті шағын кәсіпорын міндетін атқарады. Үлкен қаланы кәсіпорын жұмыртқамен және құс етімен қамтамасыз етеді. Оның сыртында жүз қаралы рудныйлық жаңа технологиямен жұмыс істейтін құс өсіруші болып шыға келді.
Облыстың бір шалғайында жатқан екі қаланың экономикалық өрлеу өрнектері осындай.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
ҚОСТАНАЙ.