• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
12 Қазан, 2010

Әлем өткен аптада

483 рет
көрсетілді

ДАУҒА ПАРЛАМЕНТТЕР ҚОСЫЛДЫ Ресей және Беларусь прези­денттерінің бір-бірін ғайбаттаған мәлімдемелерінен кейін бұған екі ел парламенттері де қосылды. Ал­дымен РФ Мемлекеттік Ду­ма­сы “Ресей-Беларусь қарым-қа­тынасындағы жағдай туралы” мәлімдеме жасап, өз прези­дент­терінің пікірлерін қолдап шықты, қарсыластарын кінәлады. Бұдан кейін Беларусь Ұлттық жи­налысының Өкілдер палатасы мен Республика кеңесі екі “одақ­тас мемлекет” арасындағы қа­рым-қа­тынасқа арналған шұғыл отырыс өт­кізді. Бұлар да өз пре­зидентінің пі­кірлерін қайталады. Екі жақ та тү­сі­ністіктен бұрын айыптауды көздеген. САЯСАТҚА ОРАЛМАҚ Пәкстанның бұрынғы прези­денті Первез Мушарраф саясатқа қайта оралмақ ниетін мәлімдеді. Ол Лондонда жүріп “Бүкіл­пәк­стандық мұсылман лигасы” пар­тиясын құрған көрінеді. Ондағы мақсат – елдегі 2013 жылы өте­тін сайлауға азаматтық саясаткер ретінде қатыспақ. Оған дейін ол алдымен Пәк­станға оралуын заңдастырса жөн. Президенттіктен түскен соң ол ерікті қуғын ретінде Лондонға кет­кен. Еліне келсе, қудалануы мүмкін. АТАСЫНАН АУМАЙДЫ КХДР баспасөзінде Ким Чен Ирдің биліктегі мұрагері саналып жүрген кіші баласы Ким Чен Ун­ның ресми суреті жарияланғанда, жұрт екі жайға таңданды: бірін­шіден, бұл сурет оның бұрынғы суреттерінен біршама өзгешелеу, екіншіден, ол корейлердің ұлы көсемі Ким Ир Сенге өте ұқсас. Оңтүстіккорейлік журналис­тер­дің ойынша, ол өзіне пласти­калық операция жасатып, түрін мемлекеттің негізін құрған ұлы атасына ұқсатқан көрінеді. Бұл оның беделін көтермек. САЛЫҚ ПОЛИЦИЯСЫ КЕРЕК Мұндай құрылымның қажет­тігін Еуроодақ кеңесі мойындауға мәжбүр: салықты төлемейтін алаяқ­тардың қулық-сұмдығының сал­дарынан жыл сайын 200 мил­лиард доллардай қаржы жинал­май қалады екен. Бұл – салық түсімінің 10 пай­ыздайы. Соны ескеріп, Еу­ро­одақ салық полициясын құру жө­ніндегі Еуропарламенттің ше­ші­міне қосы­латынын мәлімдеді. Салықтың жиналуын енді Еуро­па­да арнайы полиция бақылай­тын болады. ЕЛІНЕН КЕТІП ЕРЛЕДІ Ресей ақпарат құралдары өз­дерінен шетелге кеткен ғалымдар Андре Гейм мен Константин Но­воселовқа физика саласында Но­бель сыйлығы берілгенін шула­тып хабарлап жатыр. “Біз әлем­дегі ең ақылдылар екенімізді тағы да дәлелдедік”, дейді “КП”. Сол “ақылдылар” өздерінен не­ге кетіп, шетелде жүргенін, же­тіс­тікке сонда жеткенінің себебін де айтса, мағлұмат дәлірек болар еді. ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АПАТ Венгрияда алюминий өндіре­тін ірі зауытта болған жары­лыс­тан улы қалдық сақталған ре­зер­вуар бүлініп, 700 мың текше метр қызыл шлам біраз елді мекенге ағ­ып кеткен. Малды былай қой­ған­да, адамдар қаза болып, көп адам химиялық күйікке ұшыраған. Алғашында ел үкіметі жағдай­ды бақылауда ұстап отырмыз, улы зат Дунай өзеніне құйыл­май­ды десе де, ақпарат құралда­ры шын мәнінде қызыл шлам өзенге жет­кенін хабарлады. Вен­грия Еуро­одақтан көмек сұрауға мәжбүр. СЫЙЛЫҚ – ДИССИДЕНТКЕ 2010 жылғы бейбітшілік жө­ніндегі Нобель сыйлығы қытай жа­зушысы, диссидент Лю Сяо­бо­ға берілді. Ол 1989 жылғы Тянь­­анмэнь алаңындағы қарсылық акциясын әзірлеуге қатысып, содан бері адам құқы жөніндегі күреске қатысып келеді. Былтыр “мемлекеттік билікке қарсы әрекеті үшін” 11 жылға сотталған болатын. Бұл сый­лық­ты берудің саяси астары бар еке­ні даусыз. Қытай сыртқы істер министрлігі оған сыйлық беру Нобель принциптеріне қайшы деп мәлімдеме жасады. МИГРАЦИЯ ТЕЖЕЛГЕН Кедей елдерден байырақ ел­дерге миграция соңғы отыз жыл­да екі есе өскен екен. Ал өткен жылы ол айтарлықтай тежеліпті. Сарап­шылар мұның себебін эко­но­микалық дағдарыстан із­дейді. Көп елдерде жұмыс орны азай­ған. Ол көп адамды жұмыс­тан шығаруға мәжбүрледі. Қысқа­ра­тын алдымен мигранттар. Әйтеу­ір жұмыссыз жүретін болса, сырт­тан гөрі өз елі қолайлы бол­са керек. Сонан соң қазір көп ел мигранттарға қатысты саясатын қатайтып отыр. Әзірлеген Мамадияр ЖАҚЫП.