• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
15 Қазан, 2010

Төрт ойыннан – төрт жеңіліс

417 рет
көрсетілді

Сейсенбінің түнінде Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясында Германия командасымен “Астана-арена” стадионында кез­дес­кен Қазақстан құрамасы 0:3 есебімен күйрей жеңілді. Осымен аталмыш турнирдің биылғы жыл­ғы кестесінде белгіленген төрт ойынын түгел өткізген футбол­шыларымыз олардың барлығын жеңіліспен бітірді. Сонымен, он ойында бір гол да соға алмай, өз қақпамыздан 10 доп өткізіп, турнир кестесінің ең кейінгі орнында қалдық. Ал келер жылы өзімізде екі ойын ғана өткіземіз. Австриямен және Әзір­байжанмен. Қазақстан құрамымен өткізген матчта Германияның бас жаттық­тырушысы Йоахим Лев өзінің сүйікті 4+4+2 схемасын қолданды. Бұл жүйені әлемнің соңғы чем­пионы Испанияның да пайдала­натыны белгілі. Бірақ немістер түзілімінің испандар құрған тап осы тәсіл тәртібінен елеулі ерек­шелігі бар. Бұл тәсілге сәйкес, немістер алаңның ортасында таза тіректі екі жартылай қорғаушы ұс­тайды да, соның әсерінен шабуы­­лы аса қауырт көріне қоймайды. Алайда, бұл алдыңғы шептегі қалған төрт ойыншының ғана шабуылға шығуын қамтамасыз етпейді. Мұның есесіне қаптал­дағы қорғау­шылар сәл қолайлы мүмкіндік туған сәтте бүкіл алаңды көктей өтіп, атойлап алға тартады да, шын мәнінде схемада көрсетілмеген екі шеткі шептегі шабуылшының міндеттерін ат­қарып кетіп тұрады. Бұл екеуінің қаупі сонда алаң ортасындағы жартылай қорғаушы әрекетінен де өткір шығады. “Неміс мәшинесі” кешегі өткен кездесуде осы әдісті әредік пайдаланып отыр­ды. Со­ның әсерінен біз Фи­липп Ламды да, Бастиан Швайнш­тайгер­ді де, Томас Мюллерді де, Месут Өзилді де шабуылдың ши­рыққан шебінен жиі көріп отырдық. Жалпы, іріктеу турнирі шең­берінде өткен төрт матч бойынша біраз ойларды жинақтауға болады. Оларға жасалған талдау құрама­ның келесі жылғы ойындарына оң өзгерістер жасай алып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Серік ПІРНАЗАР. ________________ Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.