• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
16 Қазан, 2010

Елдік туралы еңбек

686 рет
көрсетілді

Еліміз Конституциясының қабылданғанына тура 15 жыл толуы қарсаңында осы оқиғаға орайлас сыр шертетін бір толымды туынды баспа жүзінен жарық көрді. Оны атының өзінен асқақ­тықтың айба­ры еседі. Бір қараған­да, “Хақ пен халық” деген атауы тым жоғары ке­ңістіктен естіліп тұрғандай көрі­нетін бұл кітап беттерін парақтап оқи келгенде, осы тақырыпты дұ­рыс еншілеп отырғанын байқата түседі. Хақ пен халық қашанда бірге. Алайда, осыны түсіну үшін, осы қағидатқа жету үшін адамзат бала­сы өзінің осы кезге дейінгі эво­лю­циялық өсу жолдарында қаншама дүрмекті дүрбелеңдер мен зорай­ған зобалаңдарды басынан өткерді десеңізші! Біз сөз етіп отырған кітап тарихтың сонау қыртысты қой­науларынан таспа тартып, әң­гіменің өзегін осылардың жайын баян етуден бастайды. Белгілі маман Серікқазы Кәкі­балановтың редакциялық жетек­ші­лігімен жарыққа шыққан бұл ең­бек төрт автордың –Н.Қалиев, С.Мұсатаев, А.Нүкенов, Н.Сейдин сынды ғалымдардың бір жағынан өз елін өзі билеуге деген хақын жү­зеге асырған қазақ халқының бүгінгі жетістіктері мен сәтсіз­діктерін тарихи тұрғыдан зерде­леу­ге, екінші жағынан билік тізгінін өз қолына алған тұтас қоғам мен мемлекеттің конституциялық да­муын егжей-тегжейлі қарастыруға арналған мақалалардың жиынты­ғы­нан құралады. Олар төрт тарауға біріктірілген. Кітаптың “Қазақ елін қарыштатқан қағида” атты бірінші тарауы, міне, біздің бүгінгі Ата Заңымыздың алғашқы алғы­шарттары болып табылатын хан­дық дәуірлеріміздегі заңдар жи­нақтары жайынан толғана сыр шертеді. Арғы бастауы Түрік, Түр­геш, Қарлық, Қыпшақ дәуірлері­нен бұлақ көзін тартатын бергі Қазақ хандығы тұсындағы “Қасым ханның қасқа жолы”, “Есім хан­ның ескі жолы”, сосынғы Әз-Тәукенің атақты “Жеті жарғысы” заңдары осы өткелекті жолдардың өзексіз өтпегенін көрсетеді. Бұдан бөлек, “Күлтөбенің басында күнде жиын” құрған қазақ хандары мен билері қазақы дәстүрмен ауызша ше­шім шығаруда үлкен мектеп қа­лып­тастырған. Одан да бергідегі азат­тықтың амалын арқалаған алаш­тықтар ісі де қазақтардың еркін­діктері мен бостандықтарын сақтап қалуға барынша аянбай жасалған қарышты қадамдардың бірі болды. “Егемендікті еселеудің есебі” деп аталатын екінші бөлім, өзінің аты­нан байқалып тұрғандай, дербес мемлекет пен оның инсти­тут­тарының қалыптасуын жан-жақты саралай көрсете отырып, бүгінгі күннің нақтылы шынды­ғына жүгі­неді. Онда елдегі билік­тің үш тар­мағы туралы сөз бола келіп, олар­дың арасындағы қоғам­дық қаты­настарды реттеуші Конс­титуция­ның рөліне айрықша назар аудары­лады. Тарауда егемендік алған еліміздің кешегі Одақ құ­рамындағы басқа республикалар сияқты бірден халықаралық қауым­­дастыққа қызу араласып кет­­кені баяндалады. Сол аралас­тықта жас мемлекеттің беде­лін көтеріп, пози­циясын ны­ғай­туын­да Консти­туция­ның атқарған рөлі аз болған жоқ. Бұл үрдіс мемлекеттің сан-салалы жақтарын жетіл­діру­мен бірге, бірінші кезекте оның саяси жүйесін ретке келтіру тала­бын қойды. Осы орайда демо­кра­тия принциптерінің негізгі эле­менті болып табылатын биліктің бөліну жүйесін де айқындап, тиісті ретке келтіру қажеттілігі туын­дайды. Еңбек бұл жұмыстардың қалай жүзеге асырыла бастағанын тиісті деректер арқылы одан әрі терең­дете әңгімелеп кетеді. Ал бұдан кейінгі екі тарауда қабыл­данғанына 15 жыл толып отырған Конститу­ция­мыздың ұңғыл-шұң­ғылы түбе­гейлі зерттеледі. Олар Ата Заңы­мыз­дың әлеуетін барын­ша молы­нан ашып көрсетеді. Қазіргі Конс­ти­туцияның өмірлік қажетті­ліктері мен өзектілігі мемлекетіміз бен қоғамымыздың бүгінгі даму ерекшеліктері арна­сынан қарас­тырылады. Айналып келгенде, кітап елдік туралы еңселі еңбек болып шыққан. Жалпыға түсінікті тілмен жазылған жинақы жинақтың тілі тартымды, дерегі терең. Сон­дықтан да қызықты оқылады. Серік ПІРНАЗАР.