• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
16 Қазан, 2010

Таланттылар тынысы кеңісін десек

541 рет
көрсетілді

Дарынды жастардың авторлық бағдарламаларын іс жүзінде пайдалану үшін инвесторлар керек Ел ішінде қашанда ерек қабілет иелері аз болмаған, қазір де аз емес. Алайда, дүниеге жаңалық енгізе алатын дарындар қашанда мемлекеттің қолдауы мен көмегіне зәру. Бұл күндері   еліміздің аймақтарында “Болашақ жастар үшін” жобасының аясында жастардың инновациялық белсенділігін арттыруды мақсат тұтатын білім беру семинарлары мен кездесулер басталды. Бұл семинарлар студенттер мен жоо түлектерінің авторлық жоба­ларын кәдеге асыру мен дамытуды, идеяларымен бөлісуді, тұсаукесер­лерін өткізіп, тұлға ретінде қалып­тасудың жөн-жобасы жөнінде кеңес беруді көздейді. Ал­ғашқы семинар Алматыдағы М.Ты­нышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академия­сында өтті. Аталмыш жобаны ха­лық­аралық “Болашақ” стипендия­сы иегерлерінің ассоциациясы алға жылжытатын болады. Алғашқы кездесудің өзі талант­ты жастарды еліміздің барлық түкпірінен табуға болатындығын көрсетіп берді. Мәселен, І.Жан­сү­гіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің екінші курс сту­денті Руслан Бутин тамаша жетіс­ті­гімен көзге түсті. Талдықорғандық жігіт компьютерлік қарақшылықтан қорғайтын өзіндік бағдарлама жа­саған екен. Ал мамандар жаңа бағ­дарламаны бес ай бойы сынақтан өткізгенде “бұза алмаған”. Қазір­гідей ақпараттық технологиялар заманында хакерлік “шабуыл­дар­дан” орасан шығын көріп отыр­ған мекемелер жеткілікті болып тұрғанда, Русланның жаңалығы бағдарламашылар үшін аса өзекті болып табылады.  Сондықтан Руслан Бутин өз жаңалығын жария етіп, семинарда мамандардың қо­шеметіне ие болды. Алайда, дәл Руслан сияқты жастарға тек қол­паш жасау аздық етеді. Оның ав­торлық бағдарламасын іс жүзінде пайдалану үшін инвесторлар керек. Жеке өзі ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жобаны қолда­нысқа енгізе алмайтыны аян. “Бо­лашақ” ассоциациясының атқару­шы директоры Жанна Төлегенова Руслан Бутиннің басқа да жоба­лары бар екендігін алға тартып: – Біздің мақсатымыз – жас­тарды инновациялық жобаларын алға жылжытып үйренуге машық­тан­дыру. Және дәл осындай идея­ларға зәру инвесторлар мен ком­панияларды табу да аса маңызды, – деді. “Болашақ” ассоциациясының көздегені де осы. Мәселен, “Бола­шақ” бағдарламасымен Лондонда­ғы “Cass Busіness School” оқу орнында білім алған, қазір “Ақыл-кеңес консалтинг” ЖШС бас ди­рек­торы  Дәуіржан Ауғамбай: – Біздің қауымдастық Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің базасында “Жас маман” атты студенттердің эконо­микалық бюросын құрды. Осының арқасында жастарымыз ірі ком­паниялардың топ-менеджерлерімен кездесіп, қаржы және экономика тақырыптарына байланысты лек­цияларын тыңдап, мемлекеттік және коммерциялық ұйымдарда тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алуда. Бұл бастамалар олардың өмір­де өз орындарын тауып, тұрақ­ты жұмыс табуына көмектеседі, – дейді. Ендігі жерде мұндай семинар­лар Астана, Шымкент, Өскемен, Көкшетау қалаларында жалғасын таппақ. “Болашақ жастар үшін” жо­басының аясындағы кездесу­лерде индустриялық-инновациялық даму саласының сарапшылары, ор­та және шағын бизнестің өкілдері, мемлекеттік саясаткерлер дәріс беретін болады. Семинар кезінде талантты жастар кәсіпкерліктің, инновациялық технологиялардың қыр-сырын меңгеріп қоймай, қажет деп тапса – ақпараттар легіне бейім­делуді, сараптамалық ой түю­ді, шешендік өнерді де үйренбек. Ал семинар кезінде тамаша жобаларымен, авторлық идеялары­мен дараланған жастардың жұмыс­тары индустриялық-инновация­лық даму бағдарламасының аясын­да жүзеге асыруға ұсынылмақ. Айнаш ЕСАЛИ. Алматы.