Тәтті деген ауылда (Жамбыл облысы, Меркі ауданы) дүниеге келген осы бір талантты қазақ баласының сол қолының салалы саусақтарынан төгілген ғажап күйлерді тұңғыш рет Түркияда естідім. Рухыңды оятып, делебе қоздырар күйлердің кереметіне сүйсініп, адам сол қолымен де осыншама сұлу дыбыстар тудыра алады екен-ау, деп ойлауым мұң екен, қасымда отырған адам: “Нұрғиса Тілендиев те солақай күйші болған ғой” деп сыбыр ете қалды. Күйшінің аты Мұрагер екен – Мұрагер Сауранбаев.
Өндірдей қазақ баласы күн сайын кешкілік түрік дәмханасында шай ішіп отырып, алуан сарындағы күйлерді домбырамен бебеулеткенде ен далада қазақтың мың тұлпары дүркірей көшіп бара жатқандай көрінетін. Жаныңа дәру болар домбыраның үнін мұнарасы айға асылған Айя София да, мың жұмбағын ішіне бүккен Топқапының сарайлары да мүлгіп тыңдап тұратындай еді.
Түрігі бар, басқа да сан мыңдаған шетелдік туристері бар шаһардың бір бұрышында Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Нұрғисадай дала тудырған дарындардың шығармалары шалқығанда айналадағылар қос ішектің құдіретімен төгілген күй-шежірелерді ұйып тыңдап, қошеметтерін аямаушы еді. Мұрагердің айналасындағы қазақтың қыз-жігіттері домбыра мен Мұрагерге көрсетілген зәредей жасандылығы жоқ құрметті бүкіл ұлттық мәдени мұрамызға жасалынып жатқан алғыстай қабылдап жүрдік. Шашауына шаң жұқтырмаған Шәмшінің шабытты әндеріндей, түріктің ішінде де “Үскі дараны” білмейтіні некен-саяқ. Мұрагер осы мұңды ғазалды домбыраға салғанда кардаштарымыз ішкен асын жерге қойып, жанымызға жетіп келеді. Бір кезде олар жүрек шымырлатар әнге қосылып кеткендерін байқамай да қалады. Домбыраға Ақеркенің (Тәжібаева) қобызының үні қосылғанда тіпті керемет.
Ал біз қазақтың сүйріктей керім ұлы домбыраның қос ішегімен жанына жұртты жинап, құрметке бөленіп, Қазақстан деген елден келгенін – қазақтың баласы, қолындағы аспабы – қазақтың домбырасы екенін айтады.
Мұрагермен мұнан кейін де өмір соқпақтарында сапарлас болып келеміз. Қара домбыраның қасиеті қазақ баласын әлемнің әр түкпіріне жетектеп, ұлттық мұраларымызды насихаттатумен келеді. Солақай күйшіге сондайда тағы бір тәнті болатының, ол шетелдіктер алдында күйді нәшіне келтіріп тартып қана қоймайды, тарихын да ағылшын тілінде тамаша баяндап өтеді. Содан кейін өзіне ғана жарасар еркелікпен, кейде өндірдей келбетіне қона қалар аса байсалдылықпен күй атасы Құрманғазыны, кеше ғана өнерсүйер қауымды қамықтырып кеткен Тілендиевті қайта тірілткендей, күйлерді кезегімен төге жөнеледі.
Мұрагер Сауранбаев Алматы қалалық “Көкіл” музыка мектебінің түлегі, ҚМЭБИ-ге грантпен қабылданып, үздік бітірген. Бүгінгі таңда Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Жастар әкімшілігінің төрағасы.
Өнер іздеген, білім қуған жігіт жетістіксіз де емес. Республикалық 2003 жылы “Жас музыкант” байқауының жеңімпазы атанса, 2002 жылы Голливудта өткен халықаралық өнер додасының алтын медалін жеңіп алды. Араға бес жыл салып Н.Тілендиев атындағы республикалық байқаудың бас жүлдесін иемденді. Өткен жылы ғана Мұрагер республикалық “Жастар” сыйлығының “Жыл таланты” номинациясы бойынша жарқ ете қалды.
Мұрагер ұстаздарым дегенде алдымен Абдулхамит Райымбергенов пен Айгүл Үлкенбаеваны алға салады. Алайда, қандай да бір табыстарға жету үшін өмір деген мұғалімнің өзінен тынымсыз үйрене беру қажеттігін түйсінетін талант иесі мына жалғанда жолыққан жақсы адамдардың бәрін ұстаз деп танып, тағылым алып жүретінін аңғарасың.
Бүгінде домбыраны ДЭККО стиліне салып, музыкалық мұраларды шоу-бизнеске бағындырған күйшілерді күндіз шам алып іздеудің қажеті жоқ. Қазақ өнеріндегі бұл сүрлеу әлі күнге өнертанушылар мен жұртшылықтың арасында екіұдай пікірталас тудырып келе жатқанын білеміз. Осы мәселеге орай Мұрагер:
– Уақыт өзінің дегенін жасайды. Бұл үдерісті құптауға да, құптамауға да болады. Жастар ДЭККО стиліндегі “Адайды” тыңдағанда арқаланып кетеді. Аталмыш бағыттағы кез келген күйді сүйсініп тыңдайды. Ал аға буын өкілдері домбыраның табиғи үнін бұзып аламыз деп бұл идеяға қарсы шығып жүр. Бұл мәселеге бір жақты қарауға болмайды. Бұл бағыттың арқасында жастар емес, ұлттық өнерді түсіне бермейтін жандар да домбыраға басқаша көзқараспен қарайтын болды. Екінші жағынан, ырғақты бұзып алмау керек. Ата-бабаларымыз аманатқа қалдырған домбыраның қоңыр үні кең ауқымды, белгілі бір нотаға, заңға бағынбайды. Жылдам басталып, жәй бітуі мүмкін. Ал классикалық музыкалар, эстрада бір ырғаққа сай келеді. Оған күйді сыйдырғанда табиғи болмысы өзгеріп кететінін айтпай қалуға болмайды. Меніңше, күй өз қалпында орындалсын және оның эстрадалық әрлеуі ырғақты бұзбайтын болса – онда ол құлаққа жағымды естіледі, – дейді.
Бір қызығы, Мұрагер домбыраны 5 сыныптан кейін ғана қолға ұстап көрген. Өнер әлемінің талабына салсаңыз, бұл болашақта музыкант боламын деген талапкер үшін тым кеш деседі. Оның үстіне Мұрагердің әке-шешесі де өнер ауылынан емес. Домбыраны ары-бері тыңқылдатып, әуестеніп жүргенін байқаған анасы оны сондағы музыка мектебіне береді. Бірақ, көп ұзамай Сауранбаевтардың отбасы Алматыға көшіп келеді.
Жазмыштың жетегі шығар, өнер үйрену үшін “кексе” болып қалған 6 сынып оқушысы Райқұл Молдыбековтің қолына түскен. Райқұл атамызды білетіндер оның бөлек болмыстағы ұстаз, ғажайып күйші екенін бағалайды. Ал қағілез баланы ол кісі өзіндік ерекше тәсілдермен күйшілікке баулыған. Осыдан кейін көзге түсе бастаған талантты шәкіртті концерттердің бірінде “Көкіл” музыка мектебінің директоры Абдулхамит Райымбергенов байқап, осы мектепте күйшіліктің қыр-сырын тереңірек меңгере бастайды.
Мұрагердің өзге үйренушілер сияқты алғашқыда халық күйлері “Келіншек”, “Еркем-айды” орындап, 2000 жылы “Балақай” байқауының жеңімпазы атанады.
Міне, сол домбыраның арқасында күй аталарының киесімен Мұрагер дәстүрлі орындаушылардың байқауында әлі күнге дейін дара көзге түсіп келеді. Дүниенің әр қиырынан дәм, қолпаш пен қошемет бұйырып жатса – домбыраның арқасы, өнердің қолдағаны деп біледі.
“Қаншама өнер көрсетіп жүрсем де, домбыраны дәл қазақтың өзіндей ешкім тыңдай да, түсіне де алмайды. Өзгелер таң қалады, тәнті болады, қос ішекті аспапты қолына алып, тыңқылдатып көреді. Бірақ, қазақтай оның тілін түсінбек емес”, дейді Мұрагер.
Мектептегі бала күнінде есімі ерсілеу естілетін сияқты болып көрініп, “Мура” деп замандастарымен танысып жүргенін күліп еске алатын күйші жігіт уақыт өте келе әкесі өзіне ерекше есім сыйлағанын түсініп, тіпті осы атқа лайық болуға ұмтылып та келеді.
– Үлкендер күй тыңдап болғаннан кейін риза болысып, Мұрагер десе мұрагер бол! Нұрағаңның мұрагері бол! – деп бата берісіп жатады, – дейді ол. – Өкінішке орай, Нұрғиса ағамызды тірісінде көзіммен көріп, батасын ала алмадым... Дегенмен, 2007 жылы Қаратауда Н.Тілендиев атындағы республикалық байқау өткелі жатқанын естіген Мұрагер осыған әбден дайындала бастайды. Нұрғиса Тілендиевтің репертуарын алып, күй шерту әдісін, болмысын дендеп зерттеп, дәстүрлі орындаушылардың додасында бағын сынап көрмекке бел байлайды. Нәтижесінде, бас жүлдені жеңіп алған Мұрагер осы байқаудың темір тұлпарын мініп Алматыға арқаланып, абыроймен оралады.
Таяуда Мұрагер Сауранбаев Тараз қаласында өзінің тұңғыш концертін берді. Туған жеріне өнерімен тағзым етті. Домбырасын көтере келіп, алғашқы ұстаздарының, дос-жаранның, өскен өлкенің батасын алды.
Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.