• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
21 Қазан, 2010

Тұрақты даму мен өсу сынақтары

607 рет
көрсетілді

Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ – Венадан. Астана Саммиті қарсаңында Венада өтіп жатқан ЕҚЫҰ Шолу конференциясы екінші бөлімінің күн тәртібінде 19 қазанда дағдарыс кезеңіндегі экономикалық-эколо­гия­лық салалардың маңызы, сон­дай-ақ Ұйым өңірінде қауіпсіздікті нығайтуда жаһандық сынақтарға қар­сы тұру мақсатындағы ынты­мақ­тастықты дамыту және оның жолдарын іздестіру тақырыптары тұр. Мұның өзі ЕҚЫҰ-ға қаты­су­шы мемлекеттер экономикалық-эко­логиялық өлшемдерде қол жет­кіз­ген нәтижелерді шолудың ма­ңыз­дылығын көрсетсе керек. Қазақстан дипломаты Ерболат Сем­баев атап көрсеткеніндей, “Ұй­ым аясында Бонн құжатынан бас­тап стратегиялық маңызы зор Ма­ас­трихт құжатына дейін осы екі саладағы қазіргі бар қағидаттар мен міндеттемелерді ЕҚЫҰ мүшелері­нің орындауына шолу жүргізу ай­рықша қажет”. Бұл тұрғыда энерге­тикалық қауіпсіздік, көші-қон, тұ­рақты даму және көлік қауіпсіздігі секілді салалардағы бірлескен жұ­мысты нығайту мүмкіндіктерін қа­растыру керек. Ал бұл тақырыптар биылғы жылы ЕҚЫҰ-ның эконо­ми­калық және экологиялық фо­ру­мының тақырыбы болып табылады. Экономикалық-экологиялық про­блемалардың ЕҚЫҰ қызметін­дегі басқа бағыттарға мүмкін бо­ла­тын ықпалын, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықпен күрес және лайық­ты басқару, лас ақшаларды тазалау мен лаңкестікті қаржыландыру се­кілді салалар арасындағы тығыз бай­­ланысты ескере отырып, жаңа сы­нақтарға, соның ішінде транс­ұлттық сипаттағы сынақтарға тиімді қарсы тұру бірлескен жұмысты қажет ететіні атап өтілді. ЕҚЫҰ-ның экономикалық жә­не экологиялық қызметінің үй­лес­тірушісі Горан Свиланович жаңа сы­нақтарға барлық өлшемдерді қам­ти отырып, қарсы тұру жол­да­рын іздеудің маңызды екендігін атап көрсетті. “Экономикалық-эко­логиялық өлшем ЕҚЫҰ-ның ын­ты­мақтастыққа негізделген қауіп­сіз­дікке деген жалпыға ортақ көз­қарасының әрдайым ажырағысыз бөлігі болып келді”, деді ол. Шынында да жаһандық эконо­ми­калық дағдарыс кезеңінде қай кездегіге қарағанда да халықаралық және өңірлік ұйымдар, сондай-ақ үкіметтік емес құрылымдар мен іс­кер­лік топтар арасындағы ынты­мақ­­тастықтың ЕҚЫҰ өңірінде өр­кендеу мен тұрақтылық үшін ай­рық­ша мәні бар екені ерекше өткір көрінді. Мүше мемлекеттердің міндеттемелерін орындауы мен экономикалық-экологиялық қыз­­метті нығайту мақсатында алға іл­герілеу жолдарын анықтауын шолу бүгінгі таңда айрықша өзекті болып табылады. 26 қазанға дейін созылатын Шо­лу конференциясында қарасты­ры­лып жатқан экономикалық та­қы­рып мөлдірлікті арттыру, сы­­бай­лас жемқорлықпен, лас ақшаны та­за­лаумен және лаңкестікті қаржы­лан­дырумен күресті күшейту жолы ар­қылы лайықты басқаруды нығай­ту; көлік және энергетикалық қау­іпсіздік; көші-қон; технологиялық инновация мен жаңғыртуды дамыту арқылы тұрақты даму мен эконо­ми­калық өсуді қамтамасыз ету; сон­­дай-ақ әлеуметтік даму мәселе­лерін қамтиды. Астана Саммиті қарсаңында ма­ңыздылығына айрықша мән беріліп отырған осы шараның экологиялық бөлігі барысында экономикалық бас­қару мақсатындағы әлеуетті ны­ғайту; қоршаған ортаны қорғау; та­биғат ресурстарын тұрақты пай­да­лану және оны басқару; қоршаған ортаның ластануына, жер ресурс­та­рының бүлінуіне жол бермеу; эко­логиялық тәуекелдер, табиғи және техногендік апаттар тақырыптары талқыланатын болады. Шолу конференциясының бұ­ған дейін өткен бірінші бөлімінің жә­не қазір Венада болып жатқан екінші бөлімнің қорытындылары 1-2 желтоқсанда болатын ЕҚЫҰ Сам­­митінің барысындағы пікір­та­лас­қа негіз қалайтыны сөзсіз.