• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
21 Қазан, 2010

Тағдыр тауқыметі және адам бақыты

1161 рет
көрсетілді

Есімі елдің есінде Қазақ ауылдарында қарапайым болса да халықтың қалаулысына айналған құрметті адам­дар болады. Ресми атақ-дәрежелері бол­ма­са да, дөй бастық болып дүниенің тұтқасын ұстамаса да ауыл-аймағы, ел-жұрты олар­ды хан көтеріп сыйлайды. Ел ішіндегі бе­реке-бірліктің ұйтқысы да солар. Елдің құ­ты мен қыдыры да солар. Нақ сондай ізгілік қасиетке ие болған ақжолтай адамдардың ті­ле­гі қабыл болады. Осы сөздердің кәміл шын­дығына біз бұл күндерде тірі болса сек­сеннің сеңгірінен асып, шөбе­релерін сүйіп отыратын, артына үлкен өнеге-ғибрат қал­дырған қазына қарттарымыздың бірі, Алатау баурайындағы жыр атасы Жамбыл ауданына қарасты Қастек ауылының тумасы Мұса Ыдырәліұлы ақсақалдың өмір тарихының мысалдарынан қанығып, көз жеткізер едік. Сайдың тасындай төрт ағайынды жігіттің ең кішісі Ыдырәлі ерке әрі батыр мінезді, еш­те­ңеден тайсалмайтын ер көңілді болады. Қас­тек маңының лаң салғыш казак орыстары ау­малы-төкпелі заманның аласапыран бір тұсында сәйгүлік атын тартып алып кетеді. Бұл қорлыққа төзбеген Ыдырәлі тоқта­ту­шыларды тыңдамай, жалғыз өзі соңдарынан қуады. Тең емес шайқаста жарадар болып, ел­сізде қалып, сүйегінен сыз өтіп, суық тиіп, дерт жабысады. Байларды кәмпескелеп, елден берекені кетіріп бу-ду болып жатқан бір ызы-қиқы уақыт. Сондай кезде бір жас­та­ғы Мұса әкеден айырылады. Бір кездегі дәурені жүріп тұрған Бектас бо­лыстың толықсыған бекзат қызы, ай ди­дар­лы жас сұлу, анасы Ләтәй үш баламен жесір қалады. Өр кеуде басылып, еңсе түседі, кө­ңілінің көгін қайғы бұлты торлайды. Ол за­ман­ның әйеліне жалғыз өмір кешу жол да емес, қол да емес. Сондықтан Ләтәй Әбікен Жау­ғашов деген Ыдырәлінің бір аталас ағайынымен тұрмыс құрады. Сөйтіп, Ыдырәлінің ұлы енді Мұса Әбікенов болып шы­ға келеді, өмір бойы осы фамилиямен өте­ді. Отыз екінің ашаршылығына ұласқан ауыртпашылық жылдар. Өкіметтің өкімі қа­таң, заңы қатал. Колхоз басқармасы болып жүрген жерінен аяқ астынан бір болмашы кінәрат табылған Әбікен сотталып, Қарағандыға жер аударылып кете барады. Лә­тәй тағы да бір күйеуден өлі, екіншісінен тірідей айырылып, үш баламен артында еңіреп-жылап қала береді. Бір жылдай уақыт өткенде Қарағандыдағы Әбікеннен хабар келеді: “Үш баланы алып, таудан асып, Қыр­ғыз­станға жет. Алла жазып, таяуда мына шең­гелден аман-есен құтылсам, сол жаққа ба­рып өзім тауып аламын. Қазақстанда өмір-тыныштық болмайды”. Осы хабарды алғасын Ләтәй қанша қиын болса да, белін бекем буынып, үлкенірек екеуін жетектеп, емшектегі қызын қолына алып, қырғызға қарай жол жүреді. Әлшай 12-ден асқан естияр, Мұса жетілер шамасында бол­са керек. Ашаршылықтың әлі де басыла қой­маған кезі. Жол бойы, қуыс-қуыста ісіп-кеп­кен, өлген адамдар. Жүректі ұшыратын не­бір қорқынышты жағдайлар. Бір асуға жеткенде әбден титықтап әрі шөлдеп, сол арада тыныстауға аялдайды. Содан қол­да­ры­на шәугім ұстатып, Әлшай мен Мұсаны сонау төмендегі шатқал сайдың табанындағы бұ­лақтан су әкелуге жібереді. Балаларды суға жі­бергені де сол, қараса, шуылдап бір топ сы­ған келе жатыр екен. Киімдері жалба-жұл­ба, түрлері қорқынышты, жақ сүйектері ады­ра­йып арсиған, көздері құтырына аш­қа­рақ­та­нып қарайды. Әлгілер келе әй-шәй жоқ, емшектегі балаға жармасады. Ләтәй да жан дау­сы шығып қарсыласып бағады. Әйтеуір араларындағы адамдық ұсқынын сақтаған бір ең­гезердей орыс нәрестені жегізбей, “бұл бір жа­пырақ ет қайсыңа жетеді, алда бірдеңе кезігер” деп үгіттеп, аштықтан көздері қа­рауытқан қорқаулардан қорғап алып қа­лады. Тобыр енді тоқтамай әрі қарай асып жүріп кетеді. Ләтәй болса, су алып келуге кеткен қос құлыншағы аналар көзден таса болғанша ке­ліп қалмаса екен деп мазасызданып қатты үрейленеді. Жүйкесін тоздырған осы соқ­қы­дан кейін жүрегіне кесел байланады. 1949 жы­лы қайтыс болған Ләтәй апа жүрегімнің дерті қатты шошынғаннан сонда жабысып еді деп абысын-ажындарына айтып отырады екен. Не керек, арып-ашып, ақыры Қыр­ғыз­стан­ға жетеді. Бірақ уағдалы жерлерге, барда-бар­дың астына алып хабар айтқан күйеуі Әбікен келе қоймайды. Үш бала мен Ләтәй бей­шараның жағдайы қиындай түседі. Ақырында, мүлдем тығырыққа тірелгенде он үш жасар қызы Әлшайды Таубай Кигізбаев де­ген бір ауқатты қырғызға беріп, жан сақ­тай­ды. Ел басына түскен осы ауыртпашылық заманды сол уақыттардағы жеті-сегіз жастағы жас бала Мұса көріп өсті, ащы сабағына қан­ықты, өзі де қыршын кезінен-ақ қара­ғайдың қар­сы бұтағындай шымырланып жетілді. Жас бала жаңағыдай тіршілік тайта­ла­сында анасына қолғанат, серік бола білген. Ер баланың бір қа­сиеті сол ғой. Қасында қаршадай болса да Мұсаның жүргені Ләтәй анасына да қайрат-жігер берерліктей әрі медет, әрі жұ­ба­ныш еді. Бұл екі ортада Әбікен сот-мотынан құтылып, Қазақ­станға, ауылға келіп, әйелі мен ба­ла-шағасын келген-кеткен кі­сі­ден хабар салып, енді мұнда кел­сін деп тағы шақыртады. Ал “сендер үшін жаным садақа” деп қырғызда қалған Әл­шай әпкесі өзінің ниеті мен маң­дайына қарай құдайдың рахымы тү­сіп бір жақсы адамға тап болған екен. Жоғарыда айтқан Тау­бай оны әуелі біраз уақыт тәр­биелеп, қызындай мәпелеп ба­ғып-қағады. Сосын бәлиғатқа толғасын некесін қидырып әйел қы­лып алады, өмір бойы ер­ке­ле­тіп, бетіне жел боп тимей жақсы көріп, желкілдетіп ұстайды. Әлшай әрбір көктем шыққан сайын екі атқа ұн, тамақ, сүр ет, қа­зы-қарта, жал-жаясын бөк­те­ріп, басқа да сый-сияпат, базарлықтарын алып, жыл құс­та­ры­мен бірге туған елге жетеді екен. Әрбір көктемде туыс-туғандар, бүкіл ауыл боп енді келіп қалар деп қырғыз жаққа қа­райлап Әлшайды күтіп жүреді. Жамбыл ау­да­нының тұңғыш әкімі, қазақтың ардақты аза­маттарының бірі марқұм Жүсіпәлі Нү­ке­таев та: “Әлшай әрбір төркіндеп келген са­йын біздің ауылда той болушы еді” деп өзі­нің де балалық шағын бір қимастықпен еске алып отыратын. Сонда базарлықтан ешкім ес­керусіз қалмайды екен. Туысқа деген қыз ба­уырмалдығының қылаусыз үлгісі осын­дай-ақ болар. Германиямен соғыс басталғанда Мұса дәл 13 жаста. Жаз уақытысында әйелдер Қас­тек­тің жоғарғы жағында егістік басында, пішен шабуда болатын көрінеді. Мұса бала соларға күнбе-күн сусын, тамақ апарады. Сондай түс­кілік мезгілдерде қазақтың сол мұңлық әйел­дері бір уақыт тыныс алып отырғанда әр­қайсысы өз мұңдарын шағып, майданда жүр­ген ер-азаматтарын еске алып, сыңси жы­лап, көз жастарын сығып, шерлерін басады. Ылғи осылай. Осы әңгімелерді елеусіздеу ғана, байқатпай Мұса тыңдап отырады екен де, сосын бір жақтан сап етіп шыға келіп, ту­ра сахнадағыдай, әрбір әйелдің кейпіне кі­ріп, бейнесін салып, нағыз әртісше әзілдей әжуалап ойнап беретін көрінеді. Жаңа ғана жы­лап-сықтап, қайғыға батып, қапаланып отырған әйелдер қыран-топан күлкіге қарық боп, мәз-мейрам көңілденіп қалады екен. Сөй­тіп, бала да болса, апа-жеңгелерінің қамкөңіл күйлерін тамыршыдай тап басқан сер­гек сезімді, зерделі Мұса соғыс кезінде ел ба­сына түскен қайғыны жеңілдетуге аз да бол­са септігін тигізіпті-ау. Соғыс аяқталғасын табиғатынан зерек, тумысынан сергек Мұса ҚазПИ-ге оқуға түседі. Бірақ отбасы жағдайына байланысты оқуды бітіруге мұрша-мүмкіндігі келмейді. Өзінен кейінгі іні-қарындастарына қа­рай­ласып, қамқорлығына алуы қажет болады. Сондықтан ол аяқталмаған жоғары білімімен ауылдық кеңес хатшысы қызметіне тұрады. Ізденімпаз жігіт бұл жұмысты шыр үйіріп алып ке­теді. Ауыл адамдарының анықтама, құжат, ке­рек қағаздарын реттестіріп, құрақ ұшып, елгезектік танытып, аз-ақ уақытта алғысқа бөленіп, ақсақалдардың “өркенің өссін!” де­ген ақ батасын алады. Көңілі жарасып, ауыл­дың Жұмагүл деген бір адал сүт емген, тәр­бие көрген сүйкімді қызына үйленеді. Мұсекең 1957 жылы Амангелді ауылында бау-шарбағымен үй салып, түпкілікті орнығу үшін сонда көшіп келеді. Өзі жақсы кісіге қай жерден де бір орын табылады емес пе, мұн­дағы басшылар оны қуана-қуана, дереу фер­ма меңгерушісі етіп қояды. Мұса жаңа жұ­мысқа дағдысы бойынша жанын сала кі­рі­сіп, ферманы өрге бастыра бастайды. Ешқандай ғылымсыз-ақ, қазағымның қа­шан­ғы тәжірибесімен, қолдан күнделікті сұ­рыптау арқылы мал тұқымын асылдандыруды қол­ға алады. Сүтті сиырларды бөлек бағымға қойып іріктейді. Не керек, Мұса басқарған фер­ма да көп ұзамай ауданда алдыңғы қа­тарға шығады. Сол жылдары әрбір ауылдың өзінің диірмені, май зауыты болатұғын. Осы май зауытына берілетін сүттің майлылығына дейін Мұсекең өзі қадағалап тұрды. Әбіке Үмбетов досы Прудки-Аққайнарда, Мұсекең Амангелдіде ферма меңгерушілері болып, ынтымақты бәсекемен еңбек көрігін қыздырып, күллі аудан бойынша дүрілдеп тұр­ған күндер-ай десеңші! Әсіресе, соғыстан кейінгі төрт-бес жылда ел ішіндегі дау-дамай, өкпе-наз, ағайын ара­сын­дағы кикілжің болыңқырап тұрды. Жастайынан билікке араласып, әділ төрелік ай­туға үйреніп бейімделген Мұса сельсовет хат­шысы кезінде соларды ешқашан ауданға, үкі­мет сотына асырмай, өзі шешіп отырған. Оның сөзіне ел тоқтап, айтқан сөзіне құлақ асқан, ақылын тыңдаған. Тіпті соғыс кезінде күйеуі өлді деп қате қара қағаз келген ке­лін­шек­тер күйеуге шығып кетіп, содан соң ал­ғаш­қы жарлары оралған кезде туындаған түр­лі жағдайларды да ушықтырмай, ортақ та әділ мәмілені таба білген. Сол себептен де Мұ­саны ел бұрынғы заманның лақабымен “болыс” деп атап кеткен екен. Ол кезде кең­се­сі Прудкиде орналасқан Қастек селолық советіне Шиен, Самсы, Үңгіртас, Қарақастек, Амангелді сияқты көптеген ауыл­дар қараған ғой. Мұсекең сол арадағы ха­лықтың барлығының тілін тапқан, жанын ұқ­қан, құрметіне бөленген. Үлкен бастық болмай-ақ үлкен істер атқаруға бо­латын­ды­ғы­ның, халықтың мұң-мүддесіне қызмет етудің үлгісін көрсеткен. Өстіп жүргенде Мұсаға бір көлденең пәле килігеді. Оның себебі, ферма меңгерушісі бо­лып жүргенінде колхозбастық тізеге салып, есеп бергенде, тумаған 104 бұзауды туды деп қо­сып артық жаздырып жіберткізеді. Ауылға ре­визия, тексеріс келіп, мал санағын жүргізген кезде жаңағы жалған 104 сиыр жоқ бо­лып шығады. Бар пәле осыдан басталады. Мұсаның ісі аудандық партия комитетінің бюросында қаралады. Байқаса, басшылардың қабақтары қату. Содан өзінің басына бұлт үйірілгенін сезеді. Әрине, өлер жерін Мұса да біледі, ашықауыз аңқауың ол емес. Бұл әуелде кол­хоз басқармасы есепке 104 бұзауды қосып жазып жалған мәлімет бер дегенде көн­бе­ген. Бірақ анау өңмеңдеп қоярда-қой­мағасын: “Олай болса, солай істе деп қолхат бер” деп колхозбастыққа қолхат жаздырып ал­ған. Өзі де “әй, осы жағдай түбінде не болар екен?” деп сезіктеніп, қолхатты жо­ғалт­пай, жыртып тастамай, ұқыптап сақтап жү­реді екен. Алайда, бұл қағазды тап қазір сі­лікпелеп жатқан бюро мүшелеріне көр­се­тейін десе, бұлардың сұрын көріп, әділет­сіз­діктің, мұны құрбандыққа шалған қиянаттың болмай қоймасын сезеді. Сөйтеді де өзінің алдамайтын ішкі бір ақыл-түйсігімен бюродан жақсылық күтуге болмайтынын біліп, қолхатты оларға көрсетпейді. Су түбіне кетіп бара жатқанда қарманған талдай – жалғыз үміті, бір жапырақ қолхатты құртып, жойып жіберер деп те қорқады. Сөйтіп, іштей қайсарланып, өзінің жазықсыздығын дә­лелдейтін қағазы төсқалтасында болса да оны шығармай, қиын сәтте керемет сабыр сақ­тап, Мұса бюроның алдында қасқайып тұра берді. Бюро аямайды. Жер-жебіріне жете сіл­кі­леп ұрсып, партиялық тұрғыдан қатаң жаза қолданады. Сұңғыла Мұсекең де іс насырға шауып бара жатқанын байқап іші қылп ете қа­лады. Сол кездегі тәртіп бойынша ау­парт­ком бюросынан жаза тартып шыққан адамды есік алдында екі милиция күтіп тұрып, қолын қайырып алып кетеді екен. Мұса бұл құ­қай­ды да біледі. Бірінші хатшының кабинетінен шыға сала әлгілерге: мен дәретханаға барып келе қояйыншы дейді. Милициялардың “жә” дегенін естісімен, қос өкпесін қолына алып, көшелердің бұралаң-бұрылыс, қаға беріс қуыстарымен құлдилап қасқа жолға шығып, “Алматы қайдасың?” деп тартып кетеді. Содан бір жанашырдың зыр жүгіріп септесуімен сол кездегі Алматы облыстық пар­тия комитетінің бірінші хатшысы, алаш­тың ардақты азаматы Мәсімхан Бейсе­баев­тың қабылдауына кіреді. Мәсекеңе барлық әңгі­мені түк қалдырмай айтып береді. Өзінің де әбден есі шыққан, түрі қашқан, иманы ұш­қан. Аз күнде ұнжырғасы түсіп, жадап-жү­деп қалған екен. Осының бәрін аңғарған алды кең, парасаты мол, зиялы азамат Мәсекең байыптай қарап, Мұсаның адалдық-ақ­тығына сенеді, баяғы қолхатты өзіне алып қалады. Сосын: “Ау, сені мына түріңмен Ал­матының милициясы да ұстап алып жауып қойып жүрер. Ақшаң бар ма өзі? Шаштаразға барып, жуынып-таранып, жөнге кел. Мен оған шейін тиісті орындармен сөйлесемін. Бәрі дұрыс болар. Бірақ мәселең біржақты болғанға дейін ауылыңа барма, қонақ үйден шықпа”, деп Мұсаның қолына өз қал­та­сы­нан алып ақша ұстатады. 2-3 күннен кейін обкомға қайтадан барса, 104 сиырдың дауы басылып, біржайлы болған екен. Құдай ғайыптан кездестірген ғайып-ерен, қырық шілтен іспеттес Мәсекеңдей мейі­рімді қамқоршысына алғысын жау­ды­рып, Мұса тасқын көңілмен ауылға қайтады. Келсе бір ғаламат, “Мұса 104 сиыр қарыз бо­лып қамалып жатыр” дегенді естіген бүкіл ауыл-аймақ, ағайын-туған жалма-жан тез­детіп мал жинаған. Сөйтіп, үкіметке 104-тің орнына 105 сиыр қылып өткізіп те жіберіпті. Со­дан Амангелді ауылының жігіттері артық бір сиырды айдап келіп Мұсекеңнің босап қал­ған қорасына кіргізіпті. Қазақ ауыл­да­рын­дағы сол кездердегі сондай ынтымақ пен бірлік үлгі етерлік бір ғанибет емес пе. Қанша жыл қойма меңгерушісі болғанда да бір жаман аты шықпады, арына кіршік жұқ­тырмады, ішіп қойды, жеп қойдыдан таза бол­ды. Зейнетке шыққасын да іссіз, босқа қа­рап отыра алмады. Себебі, белсенді қарекет сүйекке сіңген дағдысы еді. Содан ком­пар­тия тарап, Кеңес өкіметі құлап, Тәуелсіздік ор­нап, нарық заманы келгенде Мұсекең “кетігін тауып қаланған кірпіштей”, өз ор­нын тағы тапты. Сол кездегі уақыт та­ла­бы­мен орайласа құрылған Еңбек ұжымдары кеңесінің төрағасы болып, замана ағы­мын­да­ғы үдерістерге араласты, көптеген көкейкесті шаруаларға кірісті. Бастық сай­лан­са да, басқа шаруашылық мәселелер ше­шілсе де әйтеуір осынау қоғамдық ұйымның келісімінсіз ешкім ештеңе істей алмады. Жер­гілікті билік орындары Мұсакеңнің ту­ра­шылдығын, халық арасындағы беделінің үлкендігін, міне, осы тұста да бір байқады. Соның бір парасын Жамбыл ауданының тұң­ғыш әкімі, өзі де аймаңдай азамат, марқұм Жү­сіпәлі Нүкетаев айтып мәз боп отырушы еді. Бірде аудан әкімдігі Амангелді ауылында бір ірі мәселені шешпекші болған кезде жа­ңа­ғы еңбек ұжымдарының кеңесі қарсы боп отырып апты. Амангелдінің жерінен Аққайнарға азырақ ауыстырмақшы болған ба, әйтеуір, сондай бірдеңе. Ауданнан ана бастық, мына өкіл келеді. Бұлар көнбейді, бергізбейді. Жоғарыдан қысып бара жат­қа­сын аудан да тыныш ұйықтатпайды. Ақыры, Мұса бастаған Ешкібай, Нүске, үш ақсақал аудан әкімі Жүсіпәліге келеді. Өздері түнеріп, қабақтарын қарс жауып алған дейді. “Бұл шалдарды не істеймін енді?” деп іштей Жү­се­кеңнен де маза кетеді. Содан ізетпен қарсы алып, сыйлап төрге шығара, жарқын күліп, жай­дарман сөйлесіп, өзінің барлық дип­ло­матиясын салып, ақсақалдарға ол мәселенің мән-жайын түсіндіріп айтып, бұл менің де құзырымдағы мәселе болмай тұр, мен десеңіздер бір ашуларыңызды қиыңыздар, бірақ бұдан ешкімге қиянат жасалмайды деп ағынан жарылғанда шалдар да икемге келе бастайды. “Е, айналайын-ай, әлгі өкілдерің өкіреңдемей баяғыдан бері осылай демей ме, дікілдеп миды жемей” деп ендігі жерде, аза­мат­­тың алдына кесе-көлденең тұрмайтын­да­рын білдіреді. Мұса ағаның балажандылық мейірімі де жатқан бір ғажап болатын. Біреулер ұл тап­па­дың деп әйелдерімен дүрдараз боп қыры­лы­сып жатса, ол “Менің жалғыз қызым 10 ұлға татиды” деп жайраңдап, қанаттанып оты­ратын. Рая Мұсақызы да әкенің сол сенімін ақтап келеді. Өнегелі тәрбие көр­ген­дігін, тектілік тұрпатын таныта білді. Мұғалімдіктен бастаған қызметі мектеп директорлығына, аудандық оқу бөлімінің мең­герушілігіне ұласты. Жүсіпәлі ағалардың ықылас-қалауымен Жамбыл аудандық мәслихатын басқарды. Талғардың да ер қызы саналады. Мұнда көп жыл бойы аудан әкі­мі­нің орынбасары болып абыройлы еңбек етті, әлеуметтік-мәдени дамуға үлес қосты. Қа­зір Талғар аудандық мәслихатының хат­шысы. Мұсекең Түзел деген нағашы әпкесіне: “Ойпырмай, құдай Жұмагүлден үш күн бұ­рын алса екен деп тілеп отырмын” депті. “Жә, қайдағыны айтпашы” деп ренжиді Тү­зел әпкесі. Содан Мұса аға 28 мамыр күні еш­бір ауырмай-сырқамай бақи сапарына ат­та­нып жүре беріпті. 31 мамыр күні жерлейді. Өзі айтқандай, сол күнгі асына бүкіл ағайын-туыс, ауыл-аймақ, құда-жекжат, немере-шө­бе­ре бауырлар – бәрі-бәрі бірі қалмай түгел жи­налады. Ел нөпір, асы ырғын болады. 31 ма­мырға өзі ел-жұртты түгел жинаймын деп жүр­ген, құдай тілегін қабыл еткен кісі ғой деп қауым-халқы осы күнге шейін таңғалады. Мұсекеңнің артына өрнекті де көрнекті із етіп қалдырған үрім-бұтақ, ұрпағына жан қо­сағы Жұмагүл шешей бүгінге дейін басие болып, бақытқа бөленіп, құдайдан солардың ті­легін тілеп отыр. Мұса аға бауырына салып ба­ласы етіп алған Ақабайдың тұңғыш ұлы Өмірбек Амангелдідегі қара шаңырағына ие бо­лып, ошақ отын өшірмей, түтін түтетуде. Құдайым әркімнің де тілегін дәл осы Мұса ағаның тілегіндей етіп қабыл еткей... Қорғанбек АМАНЖОЛ.