• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
22 Қазан, 2010

Бородулиха қазақылана түсуде

464 рет
көрсетілді

Аудан әкімі Талғат Қасымовпен әңгіме – Талғат Байғалиұлы, ке­зінде сіздердің аудандағы қан­дастарымыздың үлес салмағы он пайызға да жетпеді-ау деймін. Еліміз егемендік алғаннан бергі жерде басқа ұлт өкілдері, әсіресе, неміс ағайындар ауа көшіп, олардың орнына біздің қаракөз қандастарымыз көптеп көшіп келе бастады. Соған орай Бородулиха-Белағаш өңірінде қазақ мектептері ашылып, аудандық газеттің қазақша қосымшасы шыға бастағанын естіп, біліп отырмыз. Ана бір жылы, тіпті мұнда айтыс өткі­зіліпті дегенді де құлағымыз шалған. Аудан өміріндегі сондай жақсы жаңалықтарды өзіңіз таратып айтып берсеңіз қайтеді. – Біздің аудан шын мәнінде этностық құрамы жағынан әртекті. Қазіргі таңда облыс аудандары мен туған жерге ата жұртын аңсап келіп жатқан қандастар есебінен ауданымызда қаракөздер саны арта түсуде. Соның нәти­же­сінде қазақ мектептерінде оқуға тілек білдіруші жеткіншектер де көбейе бастады. Мұның сыр­тында өзге ұлт өкілдерінің балаларын қазақ мек­тептеріне бере бастағаны да шындық. Бү­гінде ауданымызда өз алдына үш қазақ мектебі жұмыс істеп тұр. Бұдан басқа ауданның 35 мектебінде қазақ тілінде оқытатын 80-ге жуық сынып ашылды. Ал тағы бір қуанышты жайт сол, биылғы жаңа оқу жылында аудан орта­лығында жалпы құны жарты миллиард теңгеге жуық 360 орындық қазақ мектебінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Үстіміздегі жылдың алғашқы күнінен бастап мемлекеттік тілде “Аудан тынысы” атты газет шыға бастады. Екінші жартыжылдықтан бастап аптасына екі рет шыға бастаған бұл басылым аудан халқының үлкен сұранысына ие болып отыр. – Қазіргі таңда ауданда мемлекеттік тілді дамыту мақсатында қандай шаралар атқа­рылуда? – Ауданда мемлекеттік тілді дамыту мақ­сатында осыдан екі жыл бұрын мемлекеттік тіл­ді оқыту орталығы ашылған болатын. Содан бе­ріде тіл үйренушілерге арналған үш деңгей­ден тұратын үйірмелер жұмыс істеуде. Сол үйірме жетекшілері аудандық бюджет есебінен еңбекақы алып отыр. Жыл сай­ын мемлекеттік тілге арналған өзге ұлт өкілдері, мектеп оқу­шылары және мемлекеттік қызметкерлер ара­сында “Тіл – дарын”, “Мемлекеттік тіл – мем­­лекеттік қызметте”, “Тіл – дос­тықтың ке­пілі” атты зият­кер­лік сайыстар, “Тілге құрмет – елге құр­­мет”, “Тілге құр­­мет ата тек­тен бас­тала­ды” деген тақы­рып­тарда ак­ция­лар мен ай­лық­тар өт­кізіліп келеді. “Тілдерді қол­­­­­­дану мен да­­мы­тудың 2011 – 2020 жыл­­дар­ға ар­налған мем­лекеттік бағ­дар­ла­ма­сының” жо­­басы да аудан тұр­­­ғын­­дары ара­сында қызу тал­қы­лануда. Бұған қосымша аудан­ның барлық елді мекендерінде жергілікті атқарушы билік органдары, қо­ғамдық бір­лестіктер мен тіл жанашырларының қаты­суымен арнайы дөңгелек үстелдер өткізілуде. – Мемлекеттік тілге көшу бір күнде ше­ші­ле­тін мәселе емес. Туған тілді дамыту үшін оған ең алдымен орта керек екендігі айтпаса да түсінікті. – Дұрыс айтасыз, мемлекеттік тілге кө­шу­дің басты факторы тілдік орта болып табылады. Соңғы санақ мәліметтері бойынша, аудандағы қаракөз қандастарымыздың үлес салмағы 27 пайызды құрап отыр. Бір қуаныштысы сол, ауданға сырттан жыл сайын келіп жатқан жастарымыз әрі білімді, әрі мемлекеттік тілде еркін сөйлейді. Соның нәтижесінде ауданда өткізілетін мәдени, тәрбиелік шаралардың барлығында мемлекеттік тіл, ұлттық ән-билер, халқымыздың салт-дәстүрлері кеңінен қолданыла бастады. Енді сырттан келіп жатқан ағайындар орал­мандар мәселесіне келетін болсақ, Елбасының “Нұрлы көш” бағдарламасының арқасында ауданға шетелден, соның ішінде, әсіресе, көр­шілес Қытай елінен келіп жатқан қандас­та­рымыздың саны уақыт өткен сайын арта тү­суде. Олар негізінен Дмитириевка және Камы­шен­ка ауылдық округтарында тұрып жатыр. Алыстан келген қандастарымыз қазірдің өзінде аудан өміріне қызу атсалысып жүр. Айталық, соның бірі күміс көмей әнші Қажымұқан Мағазбек аудандық түрлі байқауларға қатысып, ойын-сауық гүліне айналды. Ал оның анасы Нағима апай он саусағынан өнер тамған ісмер. Ауданымыздың барлық өнерпаздарын сол кісі киіндірді десек, артық айтқандық болмас. Бас­­қа да сырттан келген ағайындарымыздың қо­лынан шыққан тұрмыстық бұйымдар түрлі этнографиялық көрмелердің көркін келтіруде. – Ертеректе бәрін кадр шешеді деген қанатты сөз болушы еді. Аудандағы кадрлар тіл мәселесін шешуге қабілетті ме? Ауданда іс-қағаздары түгелдей мемлекеттік тілге қашан көшіріледі. Сондай-ақ, жер-су аттарын қазақыландыру мақсатында нендей жұмыстар атқарылуда? Белағаш деген байырғы атауы тұрғанда Бородулиха деген түсініксіз атаудан қашан құтыламыз? – Ауданның жергілікті атқарушы билік ор­гандарында қызмет ететін мемлекеттік қызмет­керлердің барлығы дерлік арнайы тіл үйрету курстарында оқып жатыр. Мұның сыртында олар­дың қатарын мемлекеттік тілде еркін сөй­лейтін жас қызметкерлер толықтыра түсуде. Ал енді іс қағаздарына келсек, жыл басынан бе­рі бізде түрлі деңгейдегі хат алмасу мем­ле­кет­тік тіл­де жүргізіле бастады. Соған орай, іс қағаз­да­рын мемлекеттік тілде жүргізуге арнал­ған әдістемелік семинарларды жиі өткізе бастадық. Енді жер-су, көше аттарын өзгерту жұмыс­тарына келейік. Соңғы кезде ғана аудан орта­лығындағы Крупская көшесі – Тәуелсіздік, Мир – Бейбітшілік, Дружба – Достық болып ауыс­тырылды. Сондай-ақ, М.Әбеулов, Ф. Се­редин сынды Ұлы Отан соғысының батырлары мен Т.Аманов секілді ауданымыздан шыққан атақ­ты ғалымға көше, мектеп аттары берілуде. Ау­данның жер-су аттарын бір күнде өзгерту мүм­кін емес. Соған қарамастан, ол да рет жөнімен іске асырылып жатыр. Айталық, аудан орта­лығы ресми түрде болмаса да Қарағайлы деп атала бастады. Иә, халқымыз көш жүре түзеледі деген ғой. Қазіргі күні елімізде мемлекеттік тілді мең­ге­ру­дің әлеуеті арта түсіп келеді. Оған мемлекет та­­рапынан қолдау жасалып та жатыр. Солайша ту­ған тіл қамқорлықтан кенде емес деп ойлаймын. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен  Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Шығыс Қазақстан облысы.