• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
22 Қазан, 2010

Дүбірге толы дүние

363 рет
көрсетілді

Ресей НАТО мен Еуроодаққа кіре ме? Әр кез Ресей НАТО мен Еуроодаққа кірсе, әлемдегі халықаралық ахуал күрт сауығар еді деген пікір айтылады. Жақында ресейлік саясаткер, Мемдуманың вице-спикері, РЛДП көсемі Владимир Жириновскийдің осы тақырыпқа байланысты әңгімесі мәселеге қайта назар аудартты. Жұрт Жири­нов­скийді орыс шовинизмі ру­хында сөйлеген арсын-гүрсін сө­зі­нен біледі. Бас­қалар ойын ішіне жасырып, сол ойын үнде­мей жүзеге асыр­ғ­ысы келсе, бұл адам ашық айтады. Айтқанда Ресейдің басқаларды билеп-төстегенін, сол үшін өктем әрекеттерге барғанын қалайды. Біздің жерімізге де көз алартқаны есімізде. Ол орыс сол­даты етігін Үнді мұхитына жуаты­нын да айтқан. Ол үшін соған дейінгі елдерді олар басып алуы керек, әрине. Сол Жириновский бұл жолы басқаша сөйледі. Басқаша бол­ғанда, бұрын Ресей ешкімнің алдында ықпауы керек, басқалар өз елінің дегеніне көнсін десе, енді керісінше, бұрын қас дұш­пан саналып келген әскери НАТО одағына, экономикалық Еуро­одақ құрылымына кіруді ұсынды. Жалпы, көптен бергі әлемдегі үлкен қайшылық – Еуропа мен Ресейдің, НАТО мен Ресейдің арасындағы қайшылық. Ал НАТО-ны алсақ, оған АҚШ пен Канада сияқты алыптар да кіреді. Сонда әлемнің көптеген елдерін біріктіретін әскери одақ бір жақ та, Ресей – бір жақ. Тіл табыс­пай келеді. Айып кімнен дегенде, бір жағын атап көрсету де қиын. НАТО – кеше КСРО бас­та­ған социалистік жүйе елдеріне қар­сы құрылған ұйым. Олардың ай­туынша, сол жүйеден келер қауіп­тен қорғануды мақсат етеді. Социалистік жүйе де күйреді, оның негізі болған КСРО да күйреді. Бірақ НАТО тарқамады. Неге дегенге жауаптары дайын – сол КСРО-дан қалған мұрагер бар, ол – Ресей. Сол күйреген дер­­­жа­ваның барлық әскери әлеуе­тін сақтап қалған – ядро­лық қару­ы шаш етектен, мұздай қару­лан­ған әскері миллионды алқымдайды. Шынында да, Ресей бас­қаларға қауіпті ме? Қа­рым-қа­ты­насы­мыз жа­ман емес ел ту­ралы, ТМД дей­тін құры­лым­ға біріккен ел ту­­ралы сон­дай деу қиын. Бірақ осы Ресейден қауіп­­­теніп, НАТО-ны паналаған елдер көп. Олардың көпшілігі күні кеше Ресеймен одақтас бол­ған елдер. НАТО-ға мүше болып, сол елдер өздерін бүгін қауіпсіз санайды. Ертерек қамда­нып, мүше болып үлгер­генде, ай­та­лық, Молдавия өзінің бір бөлі­гінен, ал Грузия Ресеймен соғы­сып, Абха­зия мен Оңтүстік Осе­тиясынан айырыл­мас еді дегенді де жұрт айтады. Жалпы, НАТО-ға кірген, Еуро­одаққа кірген елдердің жағ­дайы жаман емес. Ең алды­мен кепілді қауіпсіздікке жетсе, одан кейін алдыңғы қатарлы эконо­микалық кеңістікке еніп отыр. Дәл осындай кеңістік Ресейге де қажет-ақ. Оны басқа емес, бүгін­ге дейін Батысқа жаны қас болып келген, орыс шовинизмі­нің туын көтеріп келген Владимир Жири­нов­ский де мойындайды. Батыс Ресейге көмектесуі керек, дейді ол қазір. “Жедел түрде НАТО-ға, Еуроодаққа, Шенген аймағына, еуро аймағына кіргенді” қалайды. Көбіне жосықсыздау, арсын-гүрсін сөйлейтін осынау қайрат­кердің ұсыныстарына ұйыған­дық­тан да емес, жалпы осы мәсе­ленің қозғалғанына назар ауда­рып отырмыз. Шын мәнінде Ба­тыс пен Ресейдің арасындағы қарым-қатынас түзелсе, бүкіл әлем айтарлықтай сауығар еді. Ол Ресейдің НАТО-ға кіру түрінде бола ма, жоқ одақтасу түрінде бола ма, ортақ қауіпсіздік үшін күш біріктірер болса, бейбітші­ліктің ұлы қорғаны тұрғызылар еді. Қарулануға жұмсалып жатқан орасан қаржы адам игілігіне жұмсалар еді... Грузия президенттік-парламенттік республикаға айналады Қазір Грузия – президенттік билік сипатындағы ел. Енді екі жарым жылдан кейін, яғни 2013 жылы ол президенттік-парламенттік елге айналады. Жақында парламентте ел конституциясына енгізілген өзгерістер соны негіздеп отыр. Бұл елде би­лік үшін күрес қашанда айрық­ша өткір сипатта өрбиді. Тәуел­сіз­дік алғалы бері мұнда біраз адам билік тіз­гінін ұстаса, солар­дың бәрінің тағдыры қилы-қилы жағдайға барып тірелді. Тәуелсіздік дүрбелеңімен билікке келген Звиад Гамсахур­дия ақырында одан қашып құ­тыл­ғандай болса, оның орнын бас­қан кәнігі саясаткер Эдуард Шеварднадзе де таяқталып қуыл­ды. Жең­гендердің салтанатымен билікке келген Михаил Саакаш­вилиге де бұрынғы достары қазір жауға айналған. Бәрібір, ол биліктен кеткісі жоқ. Бүгінгі конституцияға жа­салып жатқан өзгерістер де соның бір жолы іспеттес. Әңгіме мынада. Саакашвилидің прези­дент­тік мерзімі 2013 жылы бітеді, одан әрі сайлануға құқы жоқ. Сонда ол билікте және қолында айтарлықтай күші бар билікте қалай қалады? Соған бүгінгі конс­­титуцияға жасалынып жат­қан өзгерістер жеткізеді. Ел пре­зиденттік-парламенттік билікке көшсе, нақты билікке үкімет басшысы ие болады. Саакашвили сол қызметті көздеп отыр. Мұны қазақша айтқанда, қашпаған қысырақтың қымы­зына қызығу деуге де болар. Бірақ бүгінгі заманда оны ұйым­дастыруға әбден болады. Оған Ресей – жарқын мысал. Путин президент кезінде өзін үкімет басшысы болатынын заңдасты­рып қойған еді, солай болып шықты да. Саакашвилидің одан бір өзгешелігі – үкімет өзі барған кезде қазіргіден әлдеқайда күшті­рек болады. Ол конституцияға бүгінгі өзгерістерде белгіленген. Бұл өзгерістерге парламент қалай келісті дегенге келсек, Саакашвилидің мықты айлакер саясаткер екенін мойындаған жөн болар. Қай жер­де де пре­зи­дент­ке қарсы күштер оның би­­­лігін шек­теу­ді, пре­зиденттік билік­тен пар­ламент­тік билік­ке кө­шу­ді талап етеді. Саакаш­вили сол талапқа көнгендей болып, олар­дың қолымен от көсе­ді. Кейін, сәті түссе, сол өз­геріс­тердің қы­зы­ғын да өзі көрмек. Парла­мент­те президент­тік билікті шектеп, парламентке көбірек билік беру жөніндегі ұсыныс оңай өтті. Дауыс берген­дердің 112-сі ұсы­нысты қолдап, тек 5 адам ғана қарсы шықты. Саакашвилидің қарсыластары конституцияға өзгеріс енгізіп, президенттің өкілдігін шектеп, атқарушы билік – үкіметтің өкілдігін өсіргенде, парламенттің де қолында аз билік қалатынын аңғармай қалды. Сөйтіп, бұл өзгерістер жүзеге асқан кезде көп билік үкіметке көшпек. Ал сонда үкімет тізгінін Саакашвили ұстамақ ойда. Оған дейін әлі екі жарым жыл бар. Президенттің өкілеттігін шектеу де содан кейін басталады. Әзірге бар билік Саакашвилидің қолында. Конституцияға енгізіл­ген өзгеріс кезең-кезеңімен жүзе­ге аспақ. Ол қазіргі билікке ба­рын­ша қолайлы жасалған. Әрине, әр ел билік түрін өздері таңдайды. Өтпелі кезеңде, ел басына сын туғандай кезеңде биліктің бір қолда шоғырланғаны жөн деген де бар. Парламенттік билік, демократия жағдайдың қалыптасқан, дамудың айқын арнасы ашылған кезіндегі сәндей көрінеді. Грузия сондай кезеңге жетті дегенге де көңіл сенбейді. Ал ол бір адамның ыңғайына қарай жасалып жатса, одан елдің мүддесіне нұқсан келуі мүмкін-ау дейсің. Мамадияр ЖАҚЫП.