• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
22 Қазан, 2010

ҮКІМЕТ “Егемен Қазақстанның” апталық қосымшасы

366 рет
көрсетілді

Ғарышқа қарай қарыштау Ғарыш қызметін дамытудың жаңа бағдарламасы қабылданды Елбасы алға қойған үлкен мақсат – еліміздің индус­трия­лық-инновациялық дамуын іске асыруда ғылымды және жоғары техно­логияларды кең көлемде қажет ететін ғарыш қызметін қа-лып­тастырып, дамытудың ма­ңызы ерекше. Ғарыш саласын Қазақстан үшін әрі таныс, әрі бейтаныс сала деп айтуға болады. Таныс дейтініміз инфрақұрылымдық ерекшелігі мол, әлемдегі алдыңғы қатарлы деп табылатын көптеген дамыған елдердің маңдайына бітпеген Байқоңыр ғарыш айлағы біздің Қазақстанның аумағына ор­наласқан. Бұл құрылым еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Ресеймен арадағы күрделі ке­ліс­сөз­дердің барысында біздің елдің меншігіне өтті. Ал бей­таныс дей­тініміз Кеңес Одағының тұсында оны пайдалану мәселесі Мәс­кеудегі орталықтың еншісінде болды да, бұл істен біздің еліміз тысқары қалды. Сондықтан оны меңгеретіндей кадрлар бізде өсіп жетілмеді. Еліміз өз тәуелсіздігін ал­ғаннан кейін осынау техно­ло­гия­лық тұрғыдан аса күрделі кешенді игеру саясатымен қа­бат­тастыра отырып отандық ғарыш саласын қалып­тастырып, дамы­тудың аса күрделі міндеті алға қойылды. Бұрын тісіміз батпаған сала болғандықтан оны дамы­ту­дың алғашқы ба­ры­сында аздаған әттеген-айларымыз болғанымен қазір бұл іс те бірте-бірте алға басып келе жатыр деп айта ала­мыз. Қазіргі күндері Талғат Мұ­сабаев бастаған еліміздің Ұлттық ғарыш агенттігі осы саланы Ре­сейдің және басқа да тәжірибесі бар елдердің технологиялық әріптестігіне сүйене отырып жаңа белеске шығару жөнінен күрделі жұмыстарды жүргізу үстінде. Алдыға жаңа міндеттер қойылып, оған қол жеткізудің әдіс-тәсілдері айқын­далған. Бұлардың барлығы ғарыш саласын дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған жаңа салалық бағдарламасында көрініс тапқан. Бұл бағдарлама Үкіметтің осы аптада өткен отырысында қаралып, қолдау тапты және жақсы бағаға ие болды. Отырыста аталған бағдарлама жөнінде баяндама жасаған Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орын­басары Мейірбек Молдабе­ков­тің айтуы бойынша бағдарлама ор­ындалған жағдайда төмендегідей нәтижелерге қол жететін болады. Біріншіден, 2015 жылға қарай ғарыш қызметіндегі жалпы қо­сым­ша құнның өсімі 85 млрд. теңгеге жетеді. Екіншіден, аталған мерзімге қарай қызметтің экспорттық өсімі 15 млрд. теңгеге дейін жетеді. Үшіншіден, спутниктік бай­ла­ныс қызметіне деген ел сұ­ранысын қанағаттандыру көрсеткіші 80 пайызға дейін жоғарылайды. Со­нымен қатар жоғары дәлдіктегі спут­никтік навигациялау (Қа­зақ­стан аумағын қамту көрсеткіші) 30 пайызға жетеді. Төртіншіден, Жерді қашық­тық­тан зондтаудағы ғарыш аппа­рат­тарынан алынатын деректер үлесі 50 пайызға дейін жетеді. Міне, осындай көрсеткіштердің нәтижесінде бағдарламадағы алға қойылған негізгі мақсат – Қа­зақ­станда толыққанды ғарыш сала­сын құрудың бірінші кезегін қамтитын шаралар кешені жүзеге асуы тиіс. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін мынандай міндеттерді шешу көз­деліп отыр. Біріншіден, нысаналы мақ­сат­тағы ғарыш жүйелерін жасау және оны пайдалану. Осы үшін “KazSat-2” және “KazSat-3” байланыс ғарыш аппараттарының жүйесі құ­ры­латын болады. Сонымен қатар жерді қашықтықтан зондтауға ар­налған ғарыштық жүйе құрылады. Екіншіден, жер бетінде ор­наласатын ғарыштық ин­фра­құ­ры­лымды дамыту. Осы үшін “Бай­қоңыр” ғарыш айлағында эко­логиялық тұрғыдан қауіпсіз болып табылатын “Бәйтерек” ғарыштық зымыран кешені және ғарыш аппараттарын құрастыру мен сынау мақсатындағы жаңа кешен құрылады. Үшіншіден, ғарыш қыз­метінің ғылыми және ғылыми техно­логиялық негізін дамыту. Төртіншіден, кәсіби ка­дрларды даярлау және олар­дың біліктілігін арттыру. Бесіншіден, ғарыш са­ласының шарттық, құ­қықтық және нор­мативтік тех­никалық негіздерін әзірлеу. Міне, осы міндеттер жүзеге асқан жағдайда Қазақстанда ТМД елдерінде бұрын-сонды болмаған қазіргі замандық технологияларға не­гізделген жаңа өндіріс орны, яғни инновациялық деңгейі жоғары жаңа кәсіпорын құрылып, ол тиісті салаға маманданған кадрлармен қамтамасыз етілуі тиіс. Бағдарлама жүзеге асқан жағдайда Қазақстанда ғарыштық техникалар мен технологиялардың жаңа үлгілері жасалатын болады. Сонымен қатар еліміз жаңа бағыттағы қол­данбалы ғарыштық ғылыми зерт­теу­лерді жүргізу ісіне қатысатын болады. Әрине, еліміз үшін тың қызмет саласы болып табылғандықтан ол бағдарламаны жүзеге асыру үшін Ресеймен өзара тиімді қатынас­тар­ды бекіту және басқа да елдермен халықаралық ынтымақтастықты қалып­тастырып, дамыту жұ­мыстары одан әрі жалғаспақ. Сонымен бағдарлама біздің еліміз үшін жаңа да қажетті техно­ло­гиялық міндеттерді шешуді көз­деп отыр. Бағдарламаның болжамды нәтижесі 2015 жылғы ЖҚҚ өсімі 85,0 млрд. теңгеге жетеді 2015 жылғы экспорт өсімі ке­мінде 15,0 млрд. 7 теңгені құрайды Спутниктік байланыс арналарында ел сұранысы 80 пайызға қанағат­тандырылды Жоғары дәл­дік­ті спутниктік на­вигация (Қа­зақстан аумағын қамту) –30 пайыз­ға жетеді Жерді қашықтықтан зондтау бойынша ғарыш аппаратынан алынатын деректер үлесі 50 пайызға жетеді. Сұңғат ӘЛІПБАЙ. Байыпты бағдарлама өмірді өзгертті Мемлекет басшысының Жолдауында тапсырылған “Жол картасы” бағдарламасы дағдарыс кезеңінде қабылданған оң шешім екендігін бүгінгі уақыт дәлелдеді. Ол халықтың әлеуметтік жағдайын жаңа сатыға көтерді. Көптен бері жөнделмеген жол, мәдени-тұрмыстық орындар қалпына келтірілсе, қаншама адам жұмыспен қамтылды, қаншасы қолайлы кәсіпке даярлықтан өтті. Бағдарлама аясында өңірде атқарылған жұмыс атап айтуға тұрарлық. Мемлекет басшысы әрдайым халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге ерекше назар аударып, нақты тапсырма беруі барысында елімізде оң өзгерістер орын алғанына күн сайын көз жеткізіп келеміз. “Жол картасының” жүзеге асырылуы еңбек рыногының тұрақтануына ықпал етумен қатар, халықтың әлеуметтік ахуалына оң әсерін тигізді. Бағдарлама барысында жұмыссыздық мәселесі шешімін тауып, әрбір елді мекендегі мәдени, әлеуметтік маңызды нысандарды жөндеу мен қалпына келтіруге мүмкіндік туды. Облыс бойынша жұмыссыздық деңгейі 6,5 пайызға дейін төмендеуі осының нақты көрінісі. Өңірде “Жол картасы” бағдарламасының 4 инвестициялық бағытымен 303 жоба қамтылып, жүздеген жұмыссыздар жұмысқа орналастырылды. Аталған бағдарламаның ел экономикасының дамуындағы ықпалы мен маңыздылығы ескеріліп, Елбасы ағымдағы жылы да оны жалғастыруды тапсырды. Биыл “Жол картасын” іске асырудағы негізгі мақсат – халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау бойынша қол жеткізілген көрсеткіштердің төмендеуіне жол бермеу мен оны тұрақтандыру. Ол негізінен өз шешімін тапты. Облыста инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға 12,7 млрд. теңге бөлінді. Оның 4,2 млрд. теңгесі жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылса, барлығы 230 әлеуметтік маңызы бар жобалар іріктеліп, нәтижесінде 14137 жұмыс орны құрылды. Мәселен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйелерін жөндеу, дамыту бағытындағы 71 жобаға 5,5 млрд.теңге, жол жөндеу жұмыстарындағы 51 жобаға 2,4 млрд. теңге, мектеп, аурухана және басқа әлеуметтік нысандарды жөндеуге 2,7 млрд. теңге, ауыл, кент, селодағы әлеуметтік нысандарды жөндеуге 2,1 млрд. теңге игеріліп, 3110 жұмыс орындары ашылғанын айтуға болады. Жыл басынан барлығы 230 жоба іске асырылып, бүгінгі күнде олардың 160-ның тиянағы кел­тірілді. Олардың ішінде тұрғын үй-коммунал­дық ша­руашылық жүй­е­­сіндегі 37 нысан, 50 жол, 43 білім беру, денсаулық сақтау, әлеу­меттік-мәдени ны­сан­дар, қала және ауыл­дың 30 әлеуметтік-мәдени орындарын жөн­деу мен қайта қал­пына келтіру бағытын­да­ғы жұмыстар бар. Атал­ған жобаларда 14137 жұмыс орны құ­рылып, 13870 адам жұмысқа орна­ласты. Өңірде “Жол картасы” шеңберінде қалпына келтіруді қажет ететіндер арасынан әлеуметтік маңызы бар күрделі нысандардың іріктелуі аса маңызды десек, 2009 жылы бағдарлама аясында бөлінген 12,7 млрд. теңгенің 4,8 млрд. теңгесі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жобаларға жұмсалды. Нарықтық қатынастар енген жылдардан бергі кезеңде жөндеуден өтпеген жылумен қамтамасыз ету нысандары қолға алынды. Нәтижесінде Қапшағай қаласындағы қазандық және жылу жүйелері, 10 жыл бойы тоқтап тұрған Талдықорған қаласының орам қазандығы мен орталық қазандығы, Іле ауданы Өтеген батыр кентінің жылу жүйелері, Қарасай ауданы “Алтын-Ауыл” шағын ауданының қазандығы сияқты маңызды нысандар қалпына келтірілсе, биылғы жылы 2 млрд.теңгеден астам қаражат кәріз жүйелеріне бөлініп, осы мерзімге 14 елді мекенде орналасқан 15 нысанның 80,9 шақырымдық кәріз жүйелері және 2 кәріз сорғыш стансасы жөнделді. Сонымен қатар, қазандық және жылу жүйелеріне 1,1 млрд. теңге, электр, газбен қамтамасыз ету жүйе­леріне де қомақты қаржы қарастырылды. Бұлардың барлығы тұтынушыларға сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік туғызса, Көксу ауданы Балпық би кентінде істен шыққан орталық қазандық қалпына келтіріліп, бұл бюджеттік мекемелерді орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу мәселесін түбегейлі шешті. Жол жөндеу жұмыстары барысында 251,9 шақырым жолды орташа жөндеу, 405,5 мың шаршы метр жолға ағымдағы жөндеу жүргізілсе, “Жол картасының” арқасында жөндеуден өтпеген жолдардың тозған бөліктері жаңартылды. Халыққа қызмет көрсететін орындардың талапқа сай болуына да ерекше көңіл бөлінуде. Бағдарлама­дағы үшінші бағыт – мектеп, аурухана және басқа да әлеуметтік нысандарды жөндеуге ауқымды қаржы бөлінгенінің арқасында көп жұмыс атқарылды. Елбасының балабақшалар санын көбейту туралы тапсырмасын орындау үшін нақты жұмыс жалғасып, Ақсу және Ескелді ауданында 2 балабақша бүлдіршіндер игілігіне берілсе, биылғы жылы Іле, Көксу және Қаратал аудандарында 3 балабақша ғимараты жөнделіп, пайдалануға берілді. Іле ауданы, Боралдай кентіндегі жұмыс жасап тұрған 220 орындық “Балдәурен” балабақшасы қалпына келтірілсе, Көксу ауданындағы бұрынғы балабақшаның ғимараты күрделі жөнделіп, 275 сәби қабылданып, 65 адам жұмыспен қамтылады. Сол сияқты Қаратал ауданындағы 240 балаға арналған балабақшаның іске қосылуы 57 адамның жұмысқа орналасуына мүмкіндік беретіні игілікті істер қатарында екендігі сөзсіз. “Жол картасы” аясындағы жөндеу жұмыстарымен 17 мектеп, 6 кәсіптік білім беру ошақтары, 16 емдеу орын­дары, 4 мұражай, 1 қарттар үйі, 7 спорт мектебі сияқты маңызды нысандар қамтылғанын да атап өткен жөн. Аталған бағдарламаға бөлінген қаржының 2 млрд. теңгеден астамы ауылдық жерлердегі елді мекендерге беріліп, 11 селолық клуб күрделі жөндеуден өтіп, 17 ауылдың көшелері жарықтандырылды. 36 балалар алаңқайлары салынып, 6 ауылда мәдени ескерткіштер қалпына келтірілді. Сондықтан 22 ауылда абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі мақсат – жұмыссыздықтың алдын алу мен жастардың кәсіби біліктілігін жетілдіру. “Жол картасын” іске асыру барысында әлеуметтік жұмыс орындарын құру және жастар тәжірибесін ұйымдастыру мәселесі шешімін тапты. Биылғы жылы бағдарлама ауқымын кеңейту жұмыстары жалғастырылды. Республикалық бюджеттен бөлінген 384 млн.теңге шеңберінде облыста 1800 әлеуметтік жұмыс орындарын құру және 1400 жас мамандарды жастар тәжірибесіне жіберу жоспарланса, бұл жұмыстың тиімділігіне көз жеткізілді. Биылғы жылы әлеуметтік жұмыс орындарын құру және жастар тәжірибесін ұйымдастыру үшін кәсіпорын және ұйымдармен бекітілген келісім-шарт қатары 1282-ге жетті. Жыл басынан халықтың мақсатты тобына жататындар арасынан әлеуметтік жұмыс орындарында жұмысқа орналасқандар саны 2075 адамды, жастар тәжірибесіне қатысушы түлектер қатары 1793 адамды құрады. Ал, республикалық бюджеттен осы бағдарламаларға бөлінген қаржының 310 млн.теңгесі игеріліп, олар болашақ мамандықтарына қажетті тәжірибеден өтті. Сонымен бірге, 2010 жылы “Жол картасы” ая­сында кадрларды даярлау және қайта даярлау бағдарламасы да жалғасын тапты. Бағдарлама бо­йынша 4500 адамды оқыту мақсатында респуб­ликалық бюджеттен 562,6 млн.теңге қарастырылып, жыл басынан 26 оқу орындарымен келісім-шарт жасалды. Нәтижесінде, 4500 адам даярлау курстарына жіберілді. Облыста “Жол картасының” жүзеге асырылу ба­рысына нақты бақылау орнатылған және апта сайын оның барлық бағыттары бойынша мониторинг жүр­гізілуде. Сонымен қатар, аудан және қалалар дең­гейін­де “Жол картасын” үйлестіру және мо­ни­торинг­теу жөніндегі комиссиялар жұмыстарын жал­ғас­тырып, қаржының тиімді жұмсалуы бақылауға алынған. “Жол картасы” бойынша 2010 жылға белгіленген жұмыстар Іріктелген жобалар                           230 Бөлінген қаржы                                      12,7                млрд.т.г Ашылған жұмыс                                     14137 орындары Ұмсын БАЛАБИЕВА,  облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік  бағдарламалар басқармасының бастығы. Алматы облысы. Пәтерлер көбейіп келеді Облыс орталығында тағы бір жаңа үй пайдалануға берілді. Ертіс өзені жағалауындағы бұл шағын ауданда соңғы жылдары құрылыс қарқынды жүруде. Мектеп, бала­бақ­ша, емхана салынды. Жуық арада осы жерде кардиологиялық емдеу ор­та­лығы ашылмақшы. Қала әкімі Бақыт­жан Жоламановтың ай­ту­ын­ша, бола­шақ­та бұл жерден жастар мен жасөс­пі­рімдерге арналған “Өркен” ат­ты мектеп пен спорт­тық сауықтыру ке­шені са­лынады. Сонымен қатар бұл жер­де ботаникалық бақ өсірілетін болады. “Құрылыс МҚБ” фирмасы тұр-ғызған осы аудандағы Ткачев көшесі 16-үйде барлығы 72 пәтер бар екен. Егіз балалары бар До­ку­чаевтар отбасы, жас ұстаз Жангүл Бегалы осы үйден жаңа пәтер алды. Бұл үй ипо­текалық несиелеу жүйесі бо­йынша жас отбасыларға, мем­ле­кет­тік қыз­мет­ші­лерге, бюджеттік мекеме ма­мандарына берілді. Мемлекеттік бағдарлама негізінде салынған бас­па­на Қазақстанның  тұрғын үй-құ­рылыс жинақ банкі ұсынған несиелер бо­йынша өткізілді. Үйдің ауласы да тұр­ғындарға ыңғайлы, асфальт тө­сел­ген, балаларға арналған ойын алаңы бар, ал, автотұрақ бөлектеу орна­ла­сып­ты. –Пәтерлер өзіміз армандағандай-ақ жарқырап тұр, іші кең, бұрынғы пә­тер­лерден мүлде өзгеше, дейді тұрғындар. Қа­­ла әкімі жыл соңына дейін облыс ор­­­та­лығындағы Аман­келді-Ворушин кө­­шелері қиылы­сында құрылысы жүр­гі­зіліп жатқан тағы бір көп қабатты тұр­ғын үйдің пайдалануға берілетінін атап өтті. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар. Салаға серпін беретін жоба Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев биылғы Жолдауында эко­номика­ны әртараптандыру жө­ніндегі жоспарларды іске асыру үшін  мем­лекеттік ресурстармен қоса  шетелдік инвестиция­лар­ды тарту арқылы бірлескен кәсіп­­ор­ын­дардың нысандарын салу мін­детін қойған болатын. Индус­триялық даму бағдар­ла­ма­ла­рында еліміздің өңірлерінде  ин­вес­торлар үшін барынша тар­тымды жағдай жасалғаны айт­паса да түсінікті. Бұл орайда, мемлекет-жеке меншік әріптестігі тетігінің зор әлеуеті ескеріліп, жаңа эко­номиканың қозғаушы күші кәс­іпкерлікке үлкен сенім ар­тылып отыр. Әртарап­тандырудың өзегі де – осы сала. Президенттің тәуекелдерді өз мойнына алуға, жаңа рыноктарды игеруге, ин­новацияларға дайын қуатты кә­сіпкерлер табына  сенім артуы бекер емес. Қазақстанда кәсіп­кер­лікті дамыту жөнінде “Биз­нес­тің жол картасы-2020” бағд­ар­ламасының ұсынылуы  ша­ғын және орта бизнестің тұрақ­ты  жұмыс орындарын ашуға, жобаларды қаржыландыруға, экспорттық рыноктарға бәсе­ке­ге қабілетті отандық өнімдерді шығаруға мүмкіндіктер береті­нін ешкім жоққа шығара ал­май­ды. Облыс орталығына таяу орналасқан Петерфельд ауы­лын­да “Биоплант Флора” деген жаңа атауға ие болған органи­ка­лық-минералды  тыңайт­қыш­тар шығаратын зауыт іргетасы­ның қалануы  соның бір ай­ғағы. Бірлескен кәсіпорынның бой көтеруіне  қазақстандық “AKS agro LTD” (президенті Асқар Құлыбаев) және ресейлік “Goldheіn іnvestments lіmіted” (президенті Давит Варагян)  компаниялары мүдделілік таны­тып, 8 миллиард теңге инвес­тиция құйды. Зауыт іргетасының қала­нуына орай өткен  салтанатты ша­рада облыс әкімі Серік Бі­ләлов индустрияландыру карта­сына 27,5 миллиард теңгенің 13 жобасы енгізіліп,  пайдалануға беріліп жатқанын жеткізді. Елбасы тапсырмасына сәйкес аграрлық салаға да иннова­циялық технологиялар дендеп еніп келеді. Шаруашылықтар то­пырақ құнарлылығын кеміт­пеу­дің, ылғал ресурстарын сақтаудың озық әдістеріне көшкен. Енді, міне, астық өндірісінің табыстылығын көздейтін жақсы бастамаға куә болып отырмыз. Облыс еліміз­дегі астықтың үштен бірін өн­ді­реді әрі оны ірі  эскпорт­тау­шы болып табылады.  Жоба салаға үлкен серпін берері сөз­сіз. Асқар Алтынбекұлы  ресей­лік әріптестермен бірігіп қолға алған бағдарламаның өміршең­дігін, орасан зор экономикалық және эколо­гиялық тиімділігін атап  көрсетті. Білікті кадрлар­дың даярла­натынына, жергілікті маман­дардың тартылатынына сенім артты. Мұндай зауыт ТМД кеңістігінде әзірге біреу ғана. Ресейдің Подольск қала­сында жұмыс істейтін  кәсіп­орынның тыңайтқыштары  Жам­был және  Солтүстік Қа­зақ­стан облыс­тарында сынақтан өтіп, жақсы нәтиже берген. Жам­был ауда­нындағы “Агро­техника” шаруа­шылығының бас агрономы Владимир Лобода “Биоплант-Флора” органи­ка­лық-минералды тыңайтқыштар қолданған егістік алқаптарынан мол өнім жи­нағанын тәжірибе ретінде бөлісті. 10 мың шаршы метр алқапты алып жатқан кәсіпорынды салумен  “Лив­кос-Север” ЖШС айналысып, келесі жылы іске қосуға міндеттенген. Бірінші кезегін салуға 1,5 миллиард теңге қаражат жұмсалып,  жылына 12 мың тонна өнім шығара бас­тайды. Толық  қуатында жұмыс істеген жағдайда өнімділік 60 мың тоннаға дейін артады. Оның өнімдері Орталық Азия елдеріне де жөнел­тілетін болады. Ал­ғашқыда 70 адам тұ­рақты жұмысқа ор­наласса, кейін 400-ге д­е­йін ұл­ғайту көз­дел­ген. Өмір ЕСҚАЛИ. Қарқынға қарқын қосылып Ақтөбе қаласы жыл сайын қанатын кеңге жайып, өсіп, өркендеп келеді. Әсіресе, шырайлы шаһарда тұрғын үй құрылысы қалыпты дамуда десек артық айтқандық болмас. Белгілі бір уақытта қаланың бір ауданына ат ізін салмай қалсаң, көп кешікпей зәулім үйлердің бой көтергеніне, бірегей шағын ауданның орын тепкеніне куә боласың. Мұны тұрғын үй құрылысындағы жоспарлы да жүйелі жұмыстың нәтижесі деу орынды. Жақында Ақтөбе қаласының әкімі Архимед Мұхамбетов өткізген кезекті жиналыста үстіміздегі жылы пайдалануға берілетін тұрғын үйлер құрылысы тағы бір пысықталды. Тұрғын үй құрылысы бағдар­ла­масының орындалу барысы туралы хабарлама жасаған қалалық құры­лыс бөлімінің бастығы Бақұзақ Дариннің әңгімесінен аңғарылға­ны, бұл бағытта біраз ілгерілеу бар екен. Үкіметтің басты әлеуметтік міндеттерінің бірі де бірегейі азаматтарды қолжетімді тұрғын үй­мен қамтамасыз ету болып табы­лады. Мұны шешудің жолы – ком­муналдық және ипотекалық тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру, осындай тұрғын үйлерді көптеп салуға қол жеткізу. Мемлекеттік тұрғын үй құры­лы­сы бағдарламасы бойынша биыл республикалық бюджеттен көлемі 7,3 мың шаршы метр ипотекалық тұр­ғын үй құрылысына 471,0 мил­лион теңге қаржы бөлінді. Ал, 5610 шаршы метр жалдамалы тұрғын үйлерге 320,936 миллион теңге қаралыпты. Қазіргі таңда несиелік және жалдамалы тұрғын үйлер құ­ры­лысымен қатар “Болашақ” ша­ғын ауданында мүгедектерге ар­нал­ған 72 пәтерлі коммуналдық тұр­ғын үй салынуда. Республикалық және жергілікті бюджеттен үстіміз­дегі жылғы тоғыз айға бөлінген қаржы толық игерілді. 28678,5 шар­шы метр ипотекалық тұрғын үй не­сиені қайта пайдалану есебінен іске қосылды. Үстіміздегі жылдың мау­сым айында “Жастық” шағын ауда­нында екі қабатты он жеті пәтер пайдалануға берілді. Қала әкімінің мәлімдеуінше, 2005 жылдан бас­талған тұрғын үй бағдарламасы жыл сайын 10-15 пайызға асыра орындалып  келеді. Келесі жылдан бастап “Батыс-2” шағын ауданында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы тұрғын үй салу алғаш рет қолға алынады. 2011-2013 жылдары тұрғын үй құрылысын қаржылан­дыру 8 миллиард теңгеден асып, 93644 шаршы метр тұрғын үй са­лы­нады деп күтілуде. Сонда үш жылда 1410 ақтөбелік баспаналы болады. Қалада биылға жоспарланып, салынып жатқан тұрғын үйлер жыл аяғына таман пайдалануға беріледі. Тұрғын үйлерді пайдалануға беру ең алдымен инженерлік-коммуни­кациялық жүйелердің дайын бо­луына тәуелді. Сондықтан жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлерге ин­женерлік-коммуникациялық жүйе­лерді жүргізуге конкурстар өт­кізілген. Қазір канализация құбыр­ларын жүргізу аяқталған, ал жылу жүйелері желтоқсан айында іске қосылатын болады. Қалада тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізі­луі­не байланысты 11 және 12 шағын аудандарда, шаһардың ескі бөлігін­де жылумен қамту нашарлап кет­кен. Осы мәселені шешу мақса­тын­да “Трансэнерго” АҚ-тың ұсынысы бойынша 312 атқыштар дивизиясы даңғылының автовокзалға таяу тұсынан қуатты арттыратын насос стансасы салынатын болды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы. Жол бойындағы жаңалық елімізде тұңғыш рет жол төсемінің су-жылу режімін ұдайы өлшеп отыратын датчиктер қолданыла бастады “ҚазжолҒЗИ” АҚ мамандары Астана- Бурабай автомагистралінің 7-ші шақыры­мын­да Қазақстанда тұңғыш рет жолдың топы­рақ төсемінің және жол жамылғысының температурасы мен ылғалдылығын өлшеп отыратын арнайы датчиктерін орната баста­ды. Бұл датчиктер басқа елдерде пайдаланы­лып жүрген құрылғылардан артық жетілдіріл­ген. Өлшеулер тәулік сайынғы және жыл бойғы циклде жүргізіліп отырады. Өлшеулер нәтижелері жол құрылымының су-жылу режімінің сипаттамасын алуға және жол құрылымын есептеу тәсілдерін жетілдіру барысында ескеруге мүмкіндік береді. Бұған дейін осыған ұқсас, бірақ бұл деңгейде жетілдірілмеген датчиктер АҚШ, Жапония, Украинаның Киев, Ресей Федерациясының Ленинград және Мәскеу облыстарының жол учаскелеріндегі топырақ төсемдеріне орнатылған болатын. Ондағы бақылаулар нәтижелері топырақтың есепті сипаттамаларын және сол өңірлердегі су-жылу режімін реттеу шараларын дәлірек белгілеуге мүмкіндік берді. Қазақстанда мұндай жұмыстар тұңғыш рет қолға алынуда. Осы өлшеулердің нәтижелері жолды пайдалану барысындағы жол құрылымының уақыт өткен сайынғы өзгерістерінің нақты жай-күйін және олардың пайдаланылу мерзімін анықтауға мүмкіндік ашады, — дейді “Қазжол ҒЗИ” АҚ прези­денті, техника ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Телтаев. Сондай-ақ келешекте мұндай датчиктер республиканың түрлі табиғи климаттық жағдайдағы басқа жолдарына да орнатылатын болады. Жол құрылымдарының жұмыс жағдайын зерттеу мақсатында осындай датчиктерді орнату жөніндегі шешім Көлік және коммуникация министрлігінде автомобиль жолдарын пайдалану мә­се­лелерін талқылау нә­ти­жесінде қабылданған. Авто­мобиль жолдарының мық­тылығы мен ұзақ мерзімге сақталуы негізінен жол жамылғысы мен то­пырақ төсеміне бай­ла­ныс­ты екенін айтады мамандар. Сол себепті де бірдей мате­риал­дар мен құрылғылардың респуб­ликаның әр өңіріндегі қызметі әрқилы болады. Осыған байланысты олар бірқатар міндеттерді шешу керек деп есептейді. Олар – жол құрылғылары мен материалдардың әртүрлі жағдайдағы қызмет ерек­шеліктерін зерттеу, жол құрыл­ғы­ларын қазіргі пай­да­лану жағдайына сәй­кес жобалау, со­нымен қатар жаңа ма­те­риалдар мен тех­но­логияларды зерт­ха­на жағдайында және жолда олардың Қа­зақ­станда пай­да­ла­нылу тиімділігін ан­ық­тау үшін тек­серіп көру болып табы­лады. Осы мақсатпен кейінгі бес жылда топырақты, гео­синтетикалық және жылу сақтағыш ма­те­риал­дар пай­да­ла­нылған асфальт- бетонның жаңа құ­рамдары 30-ға тарта тәжірибелік учас­ке­лерге төселген. Бар­лық сынақ учас­ке­леріне тұрақты мо­ниторинг жүр­гі­зі­ліп отырады. Ол­ардың нәтижелері авто­мо­биль жол­дарын сал­ғанда және жөн­де­генде техникалық және экономикалық жағынан тиімді шешімдерді барынша нақты пайдалану үшін ұсынылуда. Бұл өз алдына жолдардың ұзаққа шыдас беретін төзімділігін арттыруға, сондай-ақ автомобиль жолдарына жұмсалатын бюджеттік қаражатты тиімді пайдалануға мүмкіндік ашады, дейді сала мамандары. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,  Суреттерді түсірген  Советбек МАҒЗҰМОВ. Балқаш көлі қамқорлыққа зәру Қазақстанның шығысында орналасқан Балқаш көлінің бүгінгі ахуалы ғалымдарды ғана емес, көпшілікті де қатты алаңдатуда. Оның өзіндік себептері де жеткілікті. Ең басты күрделілік  Балқаш көлі суының көлемі жыл сайын азайып қана қоймай, со­нымен қоса айдын көлдегі тазалық жағдайы да нашарлай түсуінде болып тұр. Анығырақ айтқанда, өндірістік қалдықтар деңгейінің көтерілуі және өзге де қиындықтар экологтардың бұл бағыттағы қауіп-қатерін ұлғайта түсуде. Ғалымдар Балқаш көлінде қа­лыптасып отырған экологиялық түйткілдің әлемге аты белгілі Арал қасіретін қайталау мүмкін­дігін жасырмайды. Олай болса, Бал­қашты экологиялық зардап­тардан қалай құтқаруға болады? Бұл бағытта бүгінгі күні және келешекте ықпалды қандай іс-шараларды жүзеге асырған жөн?! Алматы қаласында өткен “Іле-Балқаш бассейніндегі су ре­сурстарын басқаруды ин­те­гра­циялау: бірлескен шешімдер және келешектегі жобалар” атты ха­лық­аралық конференцияға қатысушы­лар осы және өзге де мәселелер жөнінде өз ойларын ортаға салды. Халықаралық конференцияға Қазақстан, Ресей, Қытай және Қырғызстаннан су шаруашылығы агенттіктері мен ведомстволар және халықаралық ұйымдар өкіл­дері мен ғалымдар қатысты. Ха­лықаралық деңгей­дегі кездесудің негізгі әрі өзекті мақсаты – Іле және Балқаш көлдері ресурстарын пайдалану және қорғау төңіре­гін­дегі мәселелерді жан-жақты тал­дау. Бұл орайда, әсіресе, Қазақ­стан мен көрші мемлекеттер ара­сын­дағы шекаралық ынтымақтас­тық­тың құқықтық негіздері, со­нымен қатар аймақтағы әртүрлі салаларда суды тиімді пайдалану бойынша озық технологияны қолданудың келешегі де назардан тыс қалмады. Халықаралық жиында Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ре­сурстары комитеті төрағасы­ның орынбасары Оңдасын Жиен­­құлов Қазақстанның көр­ші­лес елдермен шекаралас өзендерде су қорларын қорғау және пай­далану саласындағы ынты­мақ­тастығы төңірегінде баяндады. Оның айтуынша, 2005 жылдың мау­сымы мен 2007 жылдың жел­тоқсан айының соңына дейін Еуро­палық одақ­тың қаржылай көмегі­мен Аймақтық экологиялық орта­лық­­тың Орталық Азияға ар­нал­ған “Іле-Балқаш бассей­нін­дегі интегра­ция­лық басқару жос­парын жасау” жобасы жүзеге асырылған. Балқаш­тағы жағдайдың Арал теңізіндегі қа­сіретті қайта­лай­тындығы туралы дәйекті ескерген Еуроодақ сарап­шылардың және қалың көпшіліктің интеграциялық басқару мен жүйені енгізу туралы ұсынысын қолдаған болатын. Бұл жоба 2009 жылы іске қосылды және ол үш жылға есептелінген. Жобаның негізгі мақсаты – Іле-Балқаш бассейндерінде даму­дың тұрақтылығына қол жет­кізу, су ресурстарын интегра­ция­лық бас­қару принциптерін одан әрі дамыту және аймақта су мәселелері туралы диалогты нығайту. Дегенмен, жоға­рыда аты аталған көлдердегі су қор­­ларын тиімді пайдалану мен бас­қаруда бүгінгі күнге дейін бір­шама кедергілер кездесіп отырған­дығын жиында сөз алған сала бас­шылары мен ғалымдар тілге тиек етті. Мұндай олқылықтардың бірі – су секторына қатысты заңдарды қолдану тетіктеріне байланысты. Ауыл шаруашылығы министр­лі­гі Су қорын пайдалану және қор­ғауды реттеу жөніндегі Іле-Балқаш бассейні инспекциясы бастығының орын­ба­сары Жолдас Аманбаевтың ай­туынша елімізде су заңнамасы та­лап­тары бойынша бақылау жұ­мыстары жүйелі түрде жүргізілуде. – Мемлекеттік инспекторлар заңнамаға орай суды пайдалану, ша­руашылық субьектілері жағ­дайларын бақылауды назардан тыс қалдыр­май­ды. Мәселен, 2009 жылы су заңна­ма­сын сақтау бойынша 228 тексеру жүргізілді. Соның нәти­же­сінде, анық­талған кемшіліктерді жою жөнінде 170 ескерту жасалды. Су заңнамасын бұзушылықтағы не­гізгі және көп­ші­лікке тән ол­қы­лықтардың арасында, ең алдымен суға мемлекеттік меншік талап­тарының өз деңгейінде сақтал­мауы орын алуда. Сондай-ақ, су қорғау аймақтары мен су нысан­дарын жеке және заңды тұлғалардың тұрақты түрде ластауы экологиялық жағ­­дайды одан әрі күрделендіре түсуде. Сондықтан да бұл бағыт­тағы іс-шаралар ықпалдылығын арттыру­дың маңызы зор, – дейді Ж.Аман­баев. Шын мәнісінде де, тіршіліктің қайнар көзі – суды пайдаланудағы көптеген олқылықтар келешекке қауіп-қатер төндіруде. Сала маман­да­ры су нысандары және су қорғау аймақтарында тұрған өндірістік нысандар құрылысының кө­беюіне байланысты өзен­дер мен су қой­мала­рын­дағы ластану деңгейі жыл сайын арта түскенін айтуда. Мәсе­лен, Үлкен және кіші Алматы, Есентай өзенде­рін­дегі судың сапасына олар­дың жанында орналасқан құры­лыстардың қоқыстары кері әсерін тигізуде. Мұндай қо­лайсыз экологиялық жағдай еліміздің өзге де су қойма­ларында жиі кездеседі. Еліміздегі ірі қалалардың бірі – Алматыда және Тал­дықорғанда ауыз судың өндірістік кәсіпорындар мен автомобиль жуу орталық­та­рында техникалық қажет­ті­лік­терге пайдалануына той­тарыс беретін уақыт жет­кен­дігі жиында атап көрсетілді. Бұған керісінше, ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету өте тө­мен деңгейде қалып отыр. Сонымен қоса, селолардағы су жүйелері желілерінің техникалық жағ­дайы да нашар екендігі жасырын емес. Әсіресе, Іле-Бал­қаш ауда­нын­дағы қазіргі таңда қалып­тасып отырған эко­ло­­гия­лық жағдай “Іле-Балқаш бассей­нін­дегі су ре­сурс­тарын ин­тегра­ция­лық бас­қару: бір­лескен шешім­дер мен келе­шек­тегі жо­балар” ха­лықаралық конфе­рен­циясында сөз алған сала маман­дары мен ғалымдар­дың қынжы­лысын ту­дырды. Ғалым­­дардың тұжырымдауынша, суды пай­да­ланудағы тиімсіздік, су ресурс­тарын басқару жүйесі­нің жетілмеуі және су бөлісіндегі мем­лекетаралық түйткілдер экол­о­гиялық пробле­маларға жол ашуда. Ал, бұл мәселенің бағдарламалық нақты шешімінің табылмауы, анығырақ айтқанда, оның жоқтығы түптеп келгенде ұлттық табиғи құн­дылықты жоғалтуға тікелей ықпал ететін экологиялық апатқа апара­тындығы сөзсіз. Экологтар Балқаш көліне уақытында, яғни шұғыл түрде қамқорлық жасап, көмек қолын созбаса ол міндетті түрде Арал қасіретін қайталайтындығын айта­ды. Ғалымдар суының жартысы – тұзды, ал екінші бөлігі тұщы көлдегі қазіргі кезеңдегі өзгерістер туралы ашына хабарлайды. Балқаш көліндегі тұзды су көлемі уақыт өткен сайын азаюда, сондықтан да ең болмаса оны дәл қазіргі қалпында сақтауға тырысу, сол бағытта барлық күш-қуатты жұмсау қажет. Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы. Өңірдің өркендеуіне өзек болған іс Биыл басталып, 2012 жылы аяқталатын болып жоспарланып отырған халықаралық маңызы бар күретамыр – “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” автотрассасын салуға Қызылорда облысы ертерек қам жасады. Осындай алдын-ала ойлас­ты­рылып, тыңғылықты қолға ал­ынған жұмыс бірден жоғары қарқынға қол артты. Аталмыш халықаралық көлік дәлізі жобасының айтарлықтай ауқымды бөлігі – 811,7 шақырымы Қызылорда облысы аумағынан өтеді. Оның жобалық құны 154 млрд. теңгені құрайды. Бұл жол облыстың барлық 7 ауданы мен облыс орталығын қамтиды. Күрежол бітіп, толық іске қосылған кезде аймақтың барлық өңірлерінде өндірілген өнімдер оның бойымен тек республика көлеміне ғана емес, сонымен қатар басқа да шетелдерге тікелей шығуына мүмкіндік алады. Бұл өз кезегінде облыстың эко­номикалық-әлеуметтік өсуінде қомақты серпіліс болар еді. Аталған жобаны қазіргі таңда облыста “Салини”, “Тодини”, “Им­преза” атты 3 италиялық ком­пания және “Аккорд Окан” түрік-әзірбайжан бірлескен кәсіпорны жүргізуде. Шетелдік компания­лармен қатар қосалқы мердігерлер ретінде қазақстандық 24 қосалқы мердігер мекемелер бар, оның 4-і жергілікті жерден қосылып отыр. Жобаға сәйкес жаңадан тағы 4 жол-пайдалану учаскесі мен 4 жол-пай­далану бекеті қатарға қосыла­ды. Со­нымен қатар, барлығы 48 көпір (ұзындығы 350 метрден аса­тын 2 үлкен көпір Сырдария өзе­ні­не), 336 құбыр, 14 жол айрығы, 2 темір жол өткелі және 74 мал өте­тін орын салынып пайдалануға беріледі. Жобаны іске асыру барысында аймақта жаңадан жұмыс орындары пайда болып, орта және шағын кә­сіп­керлікті дамытуға кең жол ашыл­ды. Осы жолды салып жатқан мер­дігерлер 1 айда 11 тонна ет, 48 тонна ұн, 17 тонна сүт, 60 тонна картоп өнімдерін пайдаланды. Ал аталған тауарларды жергілікті өндірушілер жеткізіп беріп, біраз нәпақа тапты. Осылайша жол құрылысы бір ме­згілде облыстағы орта және шағын кәсіпкерлікпен айналысатындар санының көбеюіне, жаңадан жұ­мыс көздері ашылып, бюджетке түсе­тін салықтар көлемінің артуы­на мұрын­дық болып жатыр. Бұдан басқа, жергілікті жерлердегі жеке меншік жер учаскелерінде өсірі­летін бақ­шалық өнімдердің көлемі ұлғайып, жеке қожалықтардың ет-сүт өнімдері мен нан өнімдері көлемін өсіру­леріне оң серпін беруде. Бір тәуірі, жол құ­рылысына қажетті шағыл тас пен құмды қиыршық тас қоспалары жергілікті жердің өзінен шығады. Құрылысшылар оларды Жаңақорған және Шиелі аудандары аумағында орын тепкен карьер­лер­ден тасып алып жатыр. Нақ­тылай айтқанда, осы күнге дейін жобаға қажетті 7,6 млн. текше метр шағыл тастың 1,9 млн. тон­насы, 4,5 млн. тоннаны құрай­тын құмды қиыршық тасты қоспа­ның 1,4 млн. тоннасы даярланған. Жобаны іске асыру барысында 15 250 адам жұмыспен қамтамасыз етіледі деп жоспарланған. Ол жо­ба­ны іске асырудағы басты мін­деттердің бірі болып табылады. Ал бүгінгі күнге 4387 адам жұмысқа қосылды. Оның ішінде 2437 жер­гі­лікті жердің азаматтары болса, олардың 1518-і бас және қосалқы мердігер меке­ме­лерге жаңадан жұ­мысқа алынғандар болып табы­ла­ды. Бұған қоса шетел компания­лары халықаралық стандарттарға сай жол салатын, жол-құрылыс тех­никаларында мол тә­жірибелері бар жергілікті ма­ман­дардың жол-құрылыс техника­ларында жұмыс істеу мен жол салуда мол тәжірибе жинай келе, бұл білімдерін бола­шақта аумақтың жол жұмыстары үшін пайдалана алатынына зор сенім артып отыр. Осынау аса маңызды жобаның тиісті дәрежеде жүзеге асырылуын қамтамасыз ету және бақылау жасау мақсатында Көлік және ком­му­никация министрінің үстіміздегі жылдың 10 қантарындағы №6 бұй­рығымен облыс әкімдігі жанынан көшпелі штаб құрылды. Осы күнге дейін аталған көшпелі штабтың бірнеше рет отырысы өткізілген. Нәтижесінде, 13 мердігер меке­ме­мен арада жол бойындағы 122 то­пы­рақ карьерін пайдалану және барлау жұмыстарын жүргізу мақ­сатында келісім-шарттар жасалды. Сонымен қатар 4 бас мердігер мекемеге облыс аумағынан жобаға қажетті 1480 га құрайтын 404 жер учаскелеріне уақытша өтеулі жер пайдалану құқықтары табысталды. Жобаны қажетті мамандармен қамтамасыз ету мақсатында жер­гі­лікті бюджет есебінен 265 жол са­ласы техникалары мамандарын даяр­лау және қайта даярлау курс­тарынан өткізу жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, облыс әкімдігі тарапы­нан мердігер ұйымдардың жұмыс­шы­ларға жағдай жасауы, жалақы­ны уақытылы төлеуі, коршаған ор­таны қорғау, еңбек қауіпсіздігін қам­тамасыз ету, вах­талық қоныс­тар­да жұмысшылардың тиісті дәре­жеде тұрмыстық және санитар­лық жағдайларын қамтамасыз ету мә­се­лелері бақылауға алынып, бұл ба­ғыт­тағы тиісті ұйымдастыру жұмыстары ретке келтірілуде. Енді нақтылы лоттар бой­ынша атқарылып жатқан жұмыс­тар жайына келсек, олардың 1-5 сандылары бойынша мердігер италиялық “Салини Коструттори С.п.А” компаниясы шаруаны қолға алған. Ол осы жұмыста қазақстандық “ДМСУ-22”, “Каз­Дор­Строй 2005”, “Жы­лыой­Строй­Сервис”, “Дорстрой”, “Стандарт Ойл”, “Вита Дорстрой”, “Шым Шақ НС” және “Инвест” ЖШС секілді барлығы 8 қосалқы мердігер мекемелермен келісім-шарт жасасқан. Бұл бағытта барлығы 408,8 шақырым жол салынады. Осы күнге бұлар 98 шақырым айналма жол салып, 38 шақырым жолдың негізгі қабатын дайын­дады, 26 шақырымға бір қабат асфальт және 8,6 шақырымға екі қабат асфальт қоспасын төсеу жұмыстарын атқарып шықты. Келесі 9-14 лоттар бойынша италиялық “Тодини Коструциони Дженерали С.п.А” компаниясы бас мердігер болып танылды. Ол өзінің қатарына қосымша мерді­гер етіп “УАД”, “Казахдорстрой”, “Сине­МидасСтрой”, “Жанбота­Транс­Сервис”, “Строй мост-2010”, “Ай­қын жол”, “Мехколон­на-13”, “Веста­ТрансСервис”, “Nadex Trade” ЖШС-мен қоса “Каз­се­вавтодор” АҚ сияқты елі­міздің жол салушы 9 мекемесін қосып алды. Оларға 217,8 шақы­рым жол ауқымы тиесілі. Бүгінге дейін 82,2 шақырым жолдың негізгі қабаты дайындалып, 66,4 шақырымға бір қабат және 35 шақырымға екінші қабат ас­фальт-бетон қоспасы төселіп қой­ылды. Бұдан соңғы 7-ші лот бойынша италиялық “Импреза С.п.А.” компаниясы “Қуан КБ”, “Мер Строй” және “Бис КZ” ЖШС секілді қосалқы мердігер кәсіп­орын­дармен бірге жұмыс жасауда. Ал соңғы 6 және 8 лотты түрік-әзірбайжан бірлескен “Аккорд Окан” кәсіпорны жеңіп алып, 107,5 шақырымдық бөлікті жас