• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
26 Қазан, 2010

Кнут ВОЛЛЕБЕК: Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін одан әрі нығайта түсу маңызды

412 рет
көрсетілді

ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының “Егемен Қазақстан” газетіне сұхбаты 2007 жылдың аяғында, ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің Мадридтегі кеңесінде Қазақстанның Ұйымға 2010 жылы төрағалыққа сайлануы жөнінде шешім қабыл­да­на салысымен Венаға, ЕҚЫҰ-ның штаб-пәтері орналасқан қалаға барып қайтқанымыз бар еді. Сонда бұл Ұйымның қауіпсіздікке бай­ланысты қару-жарақты бақылау, алдын алу дипломатиясы, сенімді нығайту шаралары, адам құқы, сайлауды байқау, сондай-ақ эконо­микалық және экологиялық қауіпсіздік сияқты кең ауқымды мәселелерінің бел ортасында аз ұлттардың хал-жайы да тұратынын көргенбіз. Мысалы, Албанияда сығандардың өмір сүру жағдайын жақсартудың ұлттық стратегиясы қабылданыпты, соған орай ЕҚЫҰ сығандарды бір жерде тұрақтап тұруға, бір жерден дауыс беруге, балаларын мектепте оқытуға үгіттеп жүр екен. Ұлт саясатына, яғни ең шетін мәселеге қатысты мұндай жұмыстардың бәрін ЕҚЫҰ-ның лауазымды тұлғасы – Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссар басқарып, үй­лестіріп отырады. Этносаралық шиеленіс­тер­дің қақтығыстарға ұласып кетуінің алдын алуда Жоғарғы комиссар мандатының маңызы үлкен. Біздің бүгінгі сұхбаттасымыз – Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Кнут Воллебек 1946 жылы Норвегия астанасы Ослода дүниеге келген. Кәсіби дипломат. 2007 жылы осы қызметке тағайындалғанға дейін К.Вол­лебек Норвегияның АҚШ-тағы елшісі мін­детін атқарған. Оның саясаткер ретіндегі биік бе­лесі – 1999 жылы Норвегия ЕҚЫҰ-ға төр­аға­лық ететін тұста өз елінің Сыртқы істер министрі қызметінде Ұйымның Ыстам­бұлдағы Саммитінде төрағалық жасағандығы. Кезінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуден кейін Жоғарғы комиссардың Қазақстандағы этностық азшылықтардың құқын қамтамасыз ету ісінде мемлекеттік саясаттың тиімді жүргізіліп жатқанын, ғылым, білім және тіл саясаты салаларындағы жобаларды жүзеге асыруда ЕҚЫҰ-мен белсенді ынтымақтастық орнатылғанын атап айтқаны есімізде. Воллебек мырза Қазақстанда талай болған. Соңғы рет Астанада кеңдік пен кемсітпеушілік жөнінде ЕҚЫҰ аясында жоғары деңгейдегі конференция ұйымдастырылғанда келген. Бейбітшілік және келісім сарайының бірінші қабатында “Егемен Қазақстан” газетінің Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп ұйымдастырған “Қазақстан – достық пен келісім мекені” атты фотосурет көрмесін де тамашалаған. – Құрметті Воллебек мырза, сұрақтарыма жауап қайтаруға ықыласпен келіскеніңіз үшін рах­мет. Сөз басында Сіз ЕҚЫҰ-ның Ұйымға мүше елдердегі аз ұлттардың құқын қорғау ісін­дегі атқаратын рөлін сипаттап бермес пе екенсіз? – ЕҚЫҰ қай кезде де аз ұлттарға қатысты саясаттың халықаралық үлгі-қалыптарын тал­дап жасаумен айналысатын түйінді ұйым­дар­дың бірі болып келген. Бұл істе ЕҚЫҰ-ның 1990 жылғы Копенгаген құжаты айрықша із қалдырды. Сол құжатқа сәйкес Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссардың күш-жігері ондағы міндеттемелерді орындауға және ха­лық­аралық құқықтық үлгі-қалыптарға негізделген жазбаша нұсқаухаттар беруге шоғырланды­рыл­ды. Екінші жағынан, менің құзыретімнің аясы күш қолданатын қақтығыстардың алдын алуға бағытталған. Егер мен аз ұлттардың мәселелері­мен байланысты қақтығысты едәуір елеулі қатері­ бар деп санасам, онда мұны ЕҚЫҰ Тұ­рақты Кеңесінің қаперіне жеткізуге мін­дет­ті­мін. Бұл парыз аз ұлттарды қорғаудың халық­аралық қауіпсіздік ығытындағы іргелі гума­нитарлық немесе құқық қорғау қағидаттарын барынша дәл айқындайды. ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар істері жөніндегі Жо­ғарғы комиссарының жұмысы бүгін де осы қызмет лауазымы тағайындалған 1992 жылғы­дай көкейкесті екендігіне сенімім кәміл. Өкініш­ке орай, ЕҚЫҰ аумағында аз ұлттар мен оларды қоршаған қоғамдардың арасындағы шиеленіс әлі де сақталуда, ол тіпті ашықтан ашық қақтығысқа ұласып кетуі де мүмкін, мысалы, 2008 жылы Грузияда және жақында ғана Қырғызстанда осылай болды. – Этностық қақтығыстардың себебін анық­тау және ЕҚЫҰ елдерінде этностық сантүр­лі­лікті қолдаудың оңды үлгілерін насихаттау жөніндегі жұмыстың маңызы қандай? – Этностық қақтығыстардың себебін ай­қын­дау, ең алдымен, әртүрлі этностық қауым­дастықтар арасында сенімді қалпына келтіру үшін қажетті. Менің жұмысым себептерді ай­қындауға бағытталған. Себептерді айқындаған­нан кейін ғана мәселені шешудің жолдарын табудың мүмкіндігі ашылады. Бұған аз ұлт­тар­дың жергілік­ті және орталық заң шығарушы органдардың, сондай-ақ сот, полиция, жергілік­ті, орталық атқарушы органдардың жұмысына қатысуын қамтамасыз ету де кіреді. Сынға алынуға бейім тұратын тағы бір маңызды сала білім беру мен аз ұлттардың ана тілін қолдануы, сондай-ақ өздерінің мәдени және діни төлтумалылығын еркін таныту мүмкіндігі болып табылады. Басты міндет – таласты мәселелерді айқындау және оларды ахуал ушығып, саясат сахнасына экстремистер шығып кетпей тұрғанға дейін шешу. Әрине, ЕҚЫҰ елдерінде қоғамның этностық сантүрлілігін қолдаудың оңды мысалдары да бар. Қашанда істелгеннен гөрі артығырақ жа­сау­ға болады дегенімізбен, ЕҚЫҰ елдерінің та­лайында аз ұлттар балаларын білім жүйесіне кі­ріктіру жөнінде тамаша жұмыс жүргізіліп жатыр. Мен Ұйымға мүше елдерге жасаған сапарларым кезінде балалардың бірнеше тілді оқып-үйренуінің көптеген оңды үлгілерін көрдім. – Биылғы маусымда Қырғызстанның оң­түс­тігінде орын алған этностық тәртіпсіздіктерге байланысты Сіз не істедіңіз? – Егер есіңізде болса, мен Қырғызстандағы этносаралық қақтығыс жөнінде 12 маусымда-ақ дабыл қақтым. Ондағы істің жайы нашарлауына мен көктемнен бастап алаңдап жүр едім, қо­лымда бар мәліметтерді Тұрақты Кеңестің қапе­ріне бірнеше рет жеткізгенмін. Мен Қырғызстан Президентінің ниетін өте бағалаймын және соңғы парламенттік сайлаудың бейбіт жағдайда өткеніне толық қанағаттанамын. Алайда біз өзіміздің қырағылығымызды қауіпсіздіктің алдамшы сезімімен бұқтырып тастамауға тиіспіз. Жағдай әлі де онша тұрақтала қойған жоқ, ал саны аз өзбек ұлтын қуғындау мен кемсіту жалғасып жатыр. Қауіпсіздік жөніндегі өңірлік ұйым ретінде ЕҚЫҰ мұндайлық өткір шиеле­ніс­пен бетпе-бет келгенде алдымен нақты әрі дер кезінде қолға алынған іс-қимылды жүзеге асыру керек. – Қазақстанның қоғамда ұлтаралық келісімді сақтау жөніндегі тәжірибесін Сіз қалай баға­лай­сыз? Осы жөнінде біздің Үкіметімізге болашаққа деп қандай ұсыныс-кеңес берер едіңіз? – Мен Қазақстанда жалғыз ғана сәйкестік жасамай, мәдени сантүрлілікке қажет кеңістікті қамтамасыз ету міндеті алға қойылғанын қол­дай­мын, мұның өзі сіздердің елдеріңіздің төл­тумалылығын айқындайды. “Ел бірлігі доктринасының” қабылдануы менің ерекше қызығушылығымды туғызды, өйт­ке­ні бұл доктрина азаматтық сана-сезімді, бар­лық қазақстандықтардың мәдениеті мен тілдерін қорғап, дамытуды көтермелейді. Аз ұлттарды осындай консультацияларға тартуды жалғастыру қажет, соған қоса Қазақстан халқы Ассам­блея­сының рөлін одан әрі нығайта түсу маңызды. Мен Қазақстан Үкіметінің алдағы кезде де әртүрлі этностық және тілдік топтарды білім, тіл саясаты арқылы қоғамға кіріктіре түсу саясатын жүргізуді жалғастыратынына, сондай-ақ аз ұлттардың қоғамдық өмірдің барлық салаларына сайма-сай қатысуына, өкілеттілік алуына көмектесе беретініне сенемін. – ЕҚЫҰ-ның кеңдік пен кемсітпеушілік жөніндегі жоғары деңгейдегі конференциясында аз ұлттардың құқын қорғауға елеулі көңіл бө­лінді. Сіз Астанадағы осы кездесудің қоры­тындыларын қалай бағалайсыз? – Сол іс-шарада азшылықтың құқын қорғау мәселелері қаралғаны мені қуантады. Мұн­дай пікірталастар тиісті мәселелердің ма­ңыздылығын арттыруға пайдалы. Келіссөз­дерден кейін мемлекеттер аз ұлттарға қатысты өздеріне қабылдаған міндеттемелерін орындау жөнінде нақты істерге көшуі керек. Мен сондай-ақ төзімділік теңдестірудің құрамдас бөлігі ғана болып табылады деп санай­мын. Мен сізге қатысты төзімді болуым мүмкін, бірақ ол әзірше мен сіздің өз тіліңізді қолдану құқыңызды құрметтеймін деген сөз емес. Бұл заң сіздің өз балаларыңызды өзде­рінің ана тілінде оқи алатын мектепке беру құ­қы­ңызды қорғай қояды деген де сөз емес. Бұл биліктің жергілікті және мемлекеттік ор­гандарында сіздің мүддеңізді білдіретін адамдар қазірдің өзінде бар деген де сөз емес. Мұның бәріне көптеген міндеттемелерді мойынға алу және үкімет тарапынан да, үкіметтік емес субъектілер тарапынан да бар күшті сала жұмыс істеу арқылы ғана қол жеткізуге болады. Менің ойымша, бұл бағытта ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің барлығына әлі көп шаруа ат­қаруға тура келетінін әділдік үшін айтқан жөн. Сөз бар ма, мұндай мәселелердің ашық тал­қыланғаны, қолда бар тәжірибені бөлісіп, туындаған мәселелерді қарастыруға мүмкіндік болғаны қай кезде де жақсы. – ЕҚЫҰ-ның алдағы Астана Саммиті Хельсинки Қорытынды актіне қол қойылуының 35 жылдығы тұсында өткізіледі. Бұл Саммит Ұйымның дәстүрлерін қалай жалғастыра алады деп ойлайсыз? – Астанадағы Саммит ЕҚЫҰ мемлекетте­ріне қазіргі жағдайда мығым әрі өз міндеттеріне сайма-сай келетін Ұйымды сақтап қалудың, сондай-ақ жаңа қатерлерге ойдағыдай тойтарыс берудің жолдарын талқылауға мүмкіндік жасайды. Мен Саммитте барлық мүше елдер өздеріне қабылдаған міндеттемелерді орындауға берік ниетін нықтайды деп үміт етемін. Солай еткенде ғана біз 1975 жылғы Хельсинки Қорытынды актінің әрпі мен рухына адал бола аламыз. – Сұхбат бергеніңіз үшін рахмет. Сұхбаттасқан Сауытбек АБДРАХМАНОВ. ГААГА.