• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
29 Қазан, 2010

Әлеуметтік бағдарламалар әлеуеті: білім беру

1341 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев бір сөзін­де: “ХХІ ғасырда білімін дамыта алма­ған елдің тығырыққа тірелері анық” деген еді. Осы ойды айта отырып, Мемлекет басшысы отандық білімнің әлеуетін арттыру үшін әр жыл сайын қолдан келер барлық мүмкіндікті жасап келеді. Соның бір дәлелі – соңғы 2 жылдағы аталмыш салаға бөлінген қаржыны мы­салға келтірер болсақ, 2008 жылмен салыстырғанда, 2009 жылы бөлін­ген қаржы 9,5 пайызға артыпты. Яғни, 641,1 миллиард теңгеден 702 миллиард теңгеге көбейгені бұл сөзімізге дәлел болады. Сол секілді Отанымыз адам дамуы индексі бойынша да алдыңғы орыннан көрінсе, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту да оң нәтижесін беріп отыр. Ал Елбасы биылғы Жолдауында дәйектеп берген “Балапан” бағдар­ламасы осыған дейін шешімін таппай келе жатқан көп түйткілге нүкте қойып, бүл­діршіндерді балабақшамен толық қамтамасыз етуге жол ашады. Білім жүйесін ақпараттан­дыру, 12 жылдық оқуға көшу, бала­лардың құқығын қорғау, ауылдық мектеп­тердің ажа­рын ашу, оқулық сапасын арттыру мәселелері де оң шешімін таба бастады. Мұндай әлеу­меттік бағдарламалар әлеуетінің игілікті қа­дам­дары туралы ма­териалдар топтамасын тө­менде қалың жұртшылыққа ұсынып отырмыз.

БАҒДАРЛАМА БАҒЫТЫ

білім сапасын арттыру, мұғалім беделін көтеру

“Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаты білім жүйесінің бәсекеге қабілет­ті­лі­гін арттыру, экономиканың орнықты өсімі мен азаматтардың әл-ауқаты­ның артуын қамтамасыз ететін адамдық капиталды дамы­тып, заман талабына сай түбегейлі жаңартуды көздейді. Бұл реформа мен жаңару­дың негізгі бағыттары қандай дегенге келсек, білім мене­джментін жақ­сарту, педагог мәрте­бесін арт­тыру мемлекеттік қолдау­ды күшей­ту, шағын жинақты мек­теп­тердің даму стратегиясын жүзеге асыру, “Бала­пан” мемлекет­тік бағ­дарлама­сын іске асыру арқылы мек­тепке дейінгі тәрбие мен оқы­ту­ды толық қамту, 12 жылдық білім беруге көшу мәселе­лері қарастырылған. 2020 жылға дейінгі бағдарламада көрсетілген міндеттерге сәйкес еліміздің орта білім беру ұйым­дарын 12 жылдық оқыту үлгісіне толықтай көшіру жүзеге асырылып, құзыреттілік тәсіліне негізделген бұл білім жүйесінің жаңа стан­дартын әзірлеу және енгізу жан-жақты жоспарлануда. Білім беру стандарттарының өзгеруі білім берудің жаңа маз­мұнын әзірлеуді талап ететіні бел­гілі. Жаңа білім беру мазмұнының базалық принципі – әрбір мектеп­те тұлғаның адамгершілік-рухани қасиеттерін дамытуды ынталан­дыратын ізгілендірілген білім беру ортасын құру: өзін-өзі тану, өзін-өзі анықтау және өзін-өзі жетілдіру. Білім беру ұйымдары мен отбасы­ларда адамгершілік-рухани мәде­ниеттің жоғары деңгейіне қол жеткізілетін болады. Қазақстанның жаңа мектебін ұйымдастыру идеясы білім берудің мақсаттарын қайта қараудан тұра­ды. Бұл оқыту пәндерінің маз­мұнын, технологиясын, құрылы­мын, басқаруды, оқулықтарды, қаржыландыруды, тағы басқаларды жаңартуға мүмкіндік береді. 12 жылдық оқыту моделіне көшуге дайындық шеңберінде қызметтің негізгі бағыттары айқын­далып, ауқымды жұмыстар жүргі­зіл­ді. Соның қатарында жалпыға міндетті білім берудің “Негізгі ережелері”, “Бастауыш білім беру” стандарты бекітілді. Негізгі орта, жалпы орта білім берудің мемле­кет­тік жалпыға міндетті білім беру стандарты, бастауыш, негізгі және орта мектептің оқу бағдарламалары әзірленді. Білім беру мазмұнын жаңарту бір жағынан, оқушының оқу жүктемесін азайту, екінші жағынан қоғамдық және жаратылыстану ғылымдары жетістіктерімен байыту, кіріктіру және пәнаралық байланыс арқылы іске асырылады. Оқыту технологиясы туралы айтар болсақ, саралап және жекелеп оқытуға, бейіндік оқытуды енгізуге ерекше назар аударылатын болады. Білім берудің жаңа моделіне көшу процесін ғылыми-әдіснама­лық және оқу-әдістемелік қамтама­сыз етуде іске асырылған жұмыс­тар: бірінші, 12 жылдық білім беру­дің, бейіндік оқытуды дамыту тұжырымдамалары; екінші, білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау жүйесінің ережесі; үшінші, оқу-тәрбие процесін, білім берудің негізгі деңгейіндегі оқушылардың бейіналды дайын­дық­тарын ұйымдастыру жөнінде әдістемелік құралдар мен ұсыным­дар әзірленді. Бұл құжаттар педагогикалық және ғылыми қоғамдастықта кеңінен қаралып, талқыланды. 12 жылдық оқу жүйесі сапалы кәсіптік және техникалық білім беру мүмкіндігіне жол ашады. 2015-2020 жылдар арасында кәсіптік-техникалық білім берудің стандарт­тары, оқу бағдарламалары мен жоспарлары еңбек нарығының талаптарына сай қайта құрылым­далу мектеп пен жұмыс берушілер арасында іскерлік қарым-қаты­насты нығайтып, екі жақты сұраныс артады. Сонымен бірге, аталған бағдар­ламада шағын да жинақы мектеп­тер­де білім сапасын арттыру мәсе­ле­сін шешу жан-жақты қарасты­рылу үстінде. Мысалы, Ы.Алтын­сарин атындағы Ұлттық білім беру академиясының базасында шағын да жинақы мектепті дамыту орта­лығы, мұғалімдердің біліктілігін жетілдіруді жүзеге асыратын инс­титуттар базасында 14 өңірлік бө­лім­дер ашылып, шағын да жинақы мектеп қызметінің типтік ережесі әзірленетін болады. “Мектебі жоқ елді мекендерде тұратын білім алушылар мен тәрбиеленушілерді мектепке дейін және кері қарай тегін және қауіпсіз тасымалмен қамтамасыз ету” стандарты әзірле­неді. 2011 жылдан бастап оқушы саны 10 және одан да көп шағын, жинақы мектептер жаңа модифика­­циялық компьютерлермен, кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіледі. “Е-learnіng” электронды оқыту шеңберінде қашықтықтан оқыту ұйымдастырылады. 2011-2015 жылдар аралығында өңірлердегі аудан орталықтарында 160 тірек мектебін ашу көзделуде. Тірек мектебі дегеніміз – базасына шағын, жинақы мектептер бірік­тірі­­летін жалпы білім беру ұйымы. Әр­бір тірек мектепке бірнеше шағын жинақы мектеп бекітіледі. Шағын жинақы мектептегі балалар жылы­на 3 рет (оқу жылының басында, ортасында және аяғында) 10 күннен тірек мектебіне келіп білім алады, сол жерде аралық және қорытынды аттестаттаудан өтетін болады. Сессиялардың ара­сындағы білім беру шағын жинақы мектеп­тің өзінде ресурстық орта­лық мұғалім­дерінің қатысуы­мен қашықтықтан білім беру арқылы өткізіледі. Соны­мен бірге, шағын жинақы мек­теп оқушыларына білім беру­мен қоса басқа да әлеуметтік қызметтер: медициналық тексеру, қосымша білім беру көрсетіледі. Бағдарламада мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарына сапалы қызмет көрсету мәселесі де қарастырылған. Осы игілікті іске 2015 жылға қарай мектепке дейінгі жастағы балалардың 70 пайызы қамтылса, 2015 жылдан кейін 5-6 жастағы балаларды мектепалды даярлықпен толық қамту міндеті алға қойылып отыр. Бүгінгі күнде республикада 5429 мектепке дейінгі ұйымда 397,5 мың бала тәрбиеленуде. Соңғы 3 жылда 538 бірлікке балабақшалар саны артып отыр. Сонымен қатар, жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар желісінің өсу динамикасы байқалуда. Бүгін 311 жекеменшік балабақшада 27079 мың бала тәрбиеленуде. Мемлекеттік “Балапан” бағдар­ламасын іске асыруда биыл мектеп­ке дейінгі ұйымдарға қосымша 89732 орын енгізу жоспарланған болатын. Бұл мектепке дейінгі балалардың 48%-ын қамтиды деген сөз. Мемлекеттік Бағдарлама бо­йын­ша 2020 жылға қарай қалада да, ауылда да балабақша тапшылығы толықтай шешімін табады. Мек­тепке дейінгі мекеменің мемлекет­тік, жекеменшік, отбасылық және ведомствалық түрлері болады. Жеке меншік балабақшаларды ашу Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан об­лыстарында және Астана, Алма­ты қалаларында жақсы жолға қойыл­ған. Елімізде арнайы білім беру 37 арнайы балабақшада, 101 түзеу мектептерінің балабақша­ларындағы 240 арнайы топ пен жалпы білім беретін 1098 арнайы сыныпта жүзе­ге асырылуда. Ар­найы топтар мен сыныптардың ашылуы есебінен даму мүмкіндік­тері шектеулі бала­ларды біліммен қамту 2009 жылмен салыстырғанда 3,4%-дан 41,4%-ға көбейді. Республикада дамуында ауыт­қуы бар балаларға диагностика жасайтын және кеңес беретін, ме­ди­циналық-педагогикалық-психо­ло­гиялық қолдау көрсететін 56 психологиялық-медициналық-педа­гогикалық консультация жұмыс жасайды. Туғаннан бастап 6 жасқа дейінгі балаларға арналған 129 инклюзивті білім беру, 123 психо­логиялық-педагогикалық түзеу кабинетінде, 15 оңалту орта­лығын­да, 345 логопед пункттерінде оларға көмек көрсетілуде. Педагог мәртебесін көтеру ба­ры­сында 2013 жылдан бастап вау­чер­лік жүйе арқылы педагогтің бі­лік­тілігін арттыру; бейіндік мектеп үшін педагог-магистрлерді дайын­дау жүйесін жетілдіру; 2015 жылы айлыққа үстеме ақша қосу, мұғалім жалақысын еліміздегі орта­ша дең­гейдегі жалақы мөл­шеріне жеткізу; “Болашақ” бағдарламасы арқылы жаратылыстану-математи­калық бағыттағы пәндерді ағыл­шын тілін­де жүргізетін мұғалім­дер­ді дайын­дау жан-жақты қарасты­рылуда. Осы арада нақтылай түсетін бір мәселе, педагог мәртебесі “Білім туралы” Заңға арнайы тарау болып енгізілгені еді. Осыны мұғалімдер қауымы әр кез еске сақтап, өз құ­қық­тарын қорғауға мүмкіндіктері бар. Қазіргі кезде педагогтарға кө­терме ақы төлеу, тұрғын үй алу үшін ұзақ мерзімге жеңілдетілген несие беру, барлық мұғалімдерді тегін медициналық тексеруден өт­кізу, білім беру гранттарын таға­йындау, ауылдық жерлерде тегін ком­муналдық қызмет көрсету, жал­ақыға 25 пайыз үстеме ақы төлеу мәселелері тиянақты шешілуде. Атап айтсақ, 2005 жылдың 1 шілдесінен бастап бюджет саласы қыз­меткерлерінің еңбекақысы, оның ішінде мұғалімдердің жал­ақысы 32 %-ға, 2007 жылы 30 %-ға, 2009 жылы 25 %-ға, 2010 жыл­дың 1 сәуірінен бастап 25 %-ға өсті. Кезекті еңбек демалысын алған кезде мемлекеттік білім беру ұйым­дарының мұғалімдеріне жылына бір рет сауықтыруға жәрдемақы бері­луде. Бастауыш сынып мұғалім­дері­нің апталық жүктемесі 20 сағаттан 18 сағатқа азайтылған болса олардың жал­ақысы 10 пайызға өсті. Ауылдық елді мекендерге жұ­мыс істеу үшін келген жас маман­дарға Үкіметтің 2009 жылғы 18 ақпандағы №183 қаулысының негі­зінде 70 еселік айлық есептік көр­сет­кішке тең сомада көтерме жәр­демақы, тұрғын үй сатып алу үшін әлеуметтік қолдауға – 630 еселік айлық есептік көрсеткіштен аспай­тын сомада бюджеттік несие берілуде. Қай дәуірде болмасын, жас ұр­паққа сапалы білім үйретіп, зама­нына сай лайықты тәлім-тәрбие беріп балапандай баулыған ұстаздар қауымы жоғарыда айтқан мерейлі міндеттерді де абыроймен атқарады деп сенеміз. Мұғалім беделін биік­тетуге, ұл мен қыздың өсіп, өркен­деуіне бағытталған мұндай жобалар мен мемлекеттік бағдарламалардың өркениет жолына бет алған қоғамда маңызы үлкен деп білеміз. Нұрғали АРШАБЕКОВ, Білім және ғылым ми­нистр­лігі Мектепке дейінгі және орта білім депар­та­ментінің директоры.

* * *

БҰЛАҚ КӨРСЕҢ – КӨЗІН АШ

Қостанайда математика пәні бойынша дарынды балаларға арналған алғашқы семинар өтті

Әрбір талантты, дарынды бала халқымыздың алтын көмбесі секілді. Онан қалды әрбір кіш­кентай дарын – ертеңгі жанартау. Оның ешкімге ұқсамайтын еңбегі­мен, жаңалығымен елімізді, тіпті әлемді таңғалдырмасына кім кепіл. Алайда, халқымыз “бұлақ көрсең–көзін аш” деген қағидасын ұста­нып, дарынды балаларды тәрбие­лемесе, олардың білімін ұштамаса, көселмеген шоқтай таланттың өшіп қалуы да талас тудырмайды. Осы жөнінде биылғы оқу жылы қарсаңында ұстаздардың тамыз мәслихатында Қостанай облыстық білім басқармасының бастығы Сәуле Бөрібаева ханым бір бастама көтерген еді. – Облыс мектептерінде өте қабілетті оқушылар аз емес. Бірақ олар өздерінің сорпасына өздері қайнап жүре береді. Қазір жаңа техника, технология уақыты. Да­рын­ды оқушылардың білімін ұш­тау үшін оларды жинап, семинар, арнайы оқулар сияқты шаралар өткізгеніміз дұрыс болар еді. Биыл­ғы оқу жылында осы жұмыс­тың ыңғайын келтіру керек. Жас дарын­ның жүрегіндегі шоқты үрлеу біздің, ұстаздар қауымының қасиетті парызы болуы тиіс,–деген Сәуле Бөкейханқызы ұстаздар алдында. Міне, білікті басшы бекер айт­паған екен, Қостанай қаласының сыртындағы “Жайлау” демалыс үйіне облыс аудандары мен қала­ларындағы мектептердің 8-11 сыныптарында оқитын 100 оқушы жиналды. Олардың барлығы да математикадан аудандық, облыс­тық, тіпті алды республи­калық олим­пиадаларға қатысып, жүлде­гер болып жүрген өрендер. Ал матема­тик оқушылардың алдында мектеп мұғалімдері емес, Алма­ты­ның, Ресейдің Челябі қаласы­ның және Қос­танайдың жоғары оқу орын­дарын­дағы математика ка­федра­лары­ның жетекші оқытушы­лары төрт күн бойы дәріс оқыды. Оқушы­лар күндіз пән бойынша жұмыс істеді де, кешке олар үшін сауық кештері ұйымдастырылды. Ондағы ойындардың өзі таза математика бағытында құрылды. – Семинар қостанайлық бала­лар­дың математикадан қабілеті өте жоғары екендігін көрсетті. Олар­дың арасында мектеп бағдарлама­сын ғана емес, одан да күрделі тап­сырмаларды орындағандары болды. Мұндай кез­десулердің болашақ математиктерге берері көп,–дейді математикадан халық­аралық олимпиадалардың жүлде­гері, халықаралық математика олимпиадасының еліміздегі бас координаторы Дәмер Елеусізов. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай.

* **

ЖЕТІЛДІРІЛУ ҮСТІНДЕ

Білім және ғылым министрлігі 2010 жылғы 11 тамызда “Егеменді Қазақстан” газетінде жариялаған “Ұлттық бірыңғай тест нәтижесі қашан талапкер білімінің көрсеткіші болады?” атты мақалаға қатысты мына жайды хабарлайды. Әлемдік тәжірибеде оқушы­лардың білім деңгейін таразы­лаудағы озық технология болып саналатын ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі елімізде 2004 жылдан бері қолданылып келеді. Осы уақытқа дейін жыл сайын аталған жүйе жетілдіріліп, техникалық, мазмұндық жағынан толығып отырады. Тестілеу жүйесін білім беру үрдісіне ендіру және қолдану ая­сында Ұлттық тестілеу орталы­ғы­ның ұйымдастыруымен тест тап­сырмаларын әзірлеушілер мен са­рап­тамашыларға Ресей Феде­рация­сының тестолог ғалымы, педагоги­ка ғылымдарының док­торы, профессор Вадим Аване­совтың қатысуымен оқыту семи­нарлары өткізіліп тұрады. Бұл семинарларда әзірлемешілер мен сараптамашылар бір немесе бір­неше дұрыс жауабы бар, Барокко стиліндегі, логикалық, гетеоро­ген­дік, ситуациялық, тіркес­ті, фасет­тік, сәйкестікті анықтауға арналған тест тапсырмаларымен қатар, көп сатылы және логика­лық тест тап­сырмаларының құрылымы, ерек­ше­лігі туралы білімдерін жетілдіруде. Сонымен қатар, шет елдердегі білім деңгейін саралаудың жаңа форматтағы тест тапсырмаларын талдау, қолданысқа енгізу бары­сында ұлттық білім беру сапасын бағалау және Әлемдік даму банкі­мен бірлесіп ҰБТ-ның мазмұнын жетілдіру, бақылау-өлшеуіш құжаттарын әзірлеу және кәсіптік тест әзірлеме­шілерін даярлау мақсатында АҚШ-тық тестолог Марк Зелман­ның оқыту семи­нарлары өтуде. 2008-2009 жылдардағы оқу-әдістемелік құралдардың соңына бір немесе бірнеше дұрыс жауап­тары бар тест тапсырмалары, ал биылғы, яғни 2010 жылға арнал­ған оқу-әдістемелік құралдарда логикалық тест тапсырмалары үлгі ретінде енгізілген болатын. Бір немесе бірнеше дұрыс жауап­тары бар тест тапсырмалары және логикалық тест тапсырмалары құрастырылып зерделеу өткізіліп, оқушылар мен ата-аналардың көзқарастарына сараптама жүр­гізілуде. Тест тапсырмаларының жаңа түрлерін ҰБТ-да қолдану бола­шақ­тың еншісінде. * * * ОҚУЛЫҚ ОҢАЛАДЫ Миллиондаған ұл мен қызға білім үйрететін төл оқулықтарымыз туралы әр алуан әңгімелер аз айтылып жүрген жоқ. Алқалы жиындар да өтеді. Тарау-тарау әңгімелер де айтылады. Бірақ жетістігі мен кемшілігі айтудай айтылғанымен, сапасы жақсарды деген түйінді сөзді әлі естігеміз жоқ. Жақында Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың төрағалы­ғымен республикалық кеңес өткізілді. Оған елуден астам баспа басшылары, оқулық және оқу әдістемелік кешендердің 540 авторы, оқулықтарға сараптама жасаған мамандар, педагогтар қатысты. Кеңесте бар мен жоқ әңгіме арқауына айналып, оқу-әдістемелік кешеннің мазмұны мен тақырыбына баса назар аударылды. Бағалаудың дәстүрлі критерилері сараптауға салынып, нарықтық нақты жағдайға бейімдеу мәселесі сөз болды. Баспагерлер оқулықтардың мазмұны мен полиграфиялық безендірулері жөнінде ой-пікірлерін ортаға салды. Сол секілді заман талабына сай электрондық білім беру мәселесі де сөз болды. Әсіресе, дайындалған оқулықтарды сараптамадан өткізу жөніндегі әр алуан пікірлер кімді де болса ойға қалдырары анық. Шындығына келсек, оқулық ұжымдық еңбек. Авторлар жазады не құрастырады, оны арнайы ақша бөліп, сараптаудан өткізетін мамандар. Бұл екі баспалдақтан сүрінбей өткендер баспаның “табал­дырығын” аттайды. Ол арада редакторлар оқып, кемшілігін автор­лар­мен кеңесе отырып түзеп, өндіріске жібере­ді. Бір таңқаларлығы, осы сүзгі­ден кейін де басқасын айтпағанда, стилистикалық және орфо­графиялық қателердің кездесетіні өкіндір­мей қоймайды. Мұндай қателерге кім жауап беруі керек? Осыған қарай отырып, оқулық сапасына нұқсан келтірген адамдар айтылуы керек секілді. Және бір айтарымыз, оқулықты жазу кезінде ғалым – әдіскер – білім-білігі мықты мұғалім кеңесе отырып орындаса, тиімді болар ма еді. Жалпы, оқулық жазудың қиын екенін мықты мамандар әр кез айтып жүреді. Ал ұрпақ тағдыры­нан бұрын өзінің абыройын көтеру мақсатында талпына­тындар, кітап сыртында аты-жөнінің тұрғанын мәртебе санайтындар да кездесіп жатады. Оқулықтағы кемшілік осындай жағдайда орын алатын тәрізді. Тағы бір айтарымыз әрбір оқулық­тың салмағы ғылымда дәйектелген оқушы жасына лайықты болуы десек, кейбір оқу кешендерінің талапқа сай келмейтін ауырлығы бүлдіршін­деріміздің иығын “жаншып”, тірсегін дірілдете­тінін көріп жүрміз. Қалай десек те тәуелсіз елдің болашағы, алдыңғы толқынның ертеңгі ізбасары саналатын жас ұрпақтың ой-санасына лайықты оқулық әзірлеу мәселесін бір ізге сала­тын уақыт жеткен секілді. Бұл үшін алды­мен ауыл-қала балаларының талап деңгейі қалай, қандай бағыт-бағдар олардың көңіліне қонымды, санасына сіңімді дегенді саралай келіп, бұрынғы бар тәжіри­бенің жақсы жақтарына, ілікке ілінетіндеріне ілтипат таны­тып, әлемдік үдерістер­дің үлгісімен ұштас­тырып, әлеуметтік зерттеулер жүргізіп барып оқу­лық жазсақ, ондай оқулық алдымен оқу­шыға одан кейін ұстазға, ата-анаға тиімді болатынына иманымыз кәміл. Жоғарыдағы алқалы жиынға көптен бері оқулық шығарып келе жатқан Мәскеу баспаларының өкілдері де қатысып, атап айтқанда: “Просвещение”, “Дрофа”, “Мнемозина” редакторлары өз ой­ларын ортаға салды. Қорытындысында еліміздің білім ве­домство­сының басшысы Б.Жұмағұлов ұлттық оқулыққа ерекше мән беруді қозғағандардың пікірін мұқият тыңдап, оған оң тұжырымын білдіріп, балама оқулықтар жасауды жетілдіру, ол үшін бәсекелі орта қажет екенін атап өтті. Алты мыңнан астам оқулықтар мен оқу-әдіс­темелік кешендердің ішінде жақсы баға алған­дары аз емес. Олар оқушылардың өскелең ой-өрісін ескере отырып, түсінікті тілмен жазыл­ған және жақсы безендірілген. Осы үлгіні темірқ­азық етіп ұстауымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, отандық оқулықтарды жасаушылар мен оның авторлары баспагерлермен шығарма­шылық тұрғыда жұмыс істеуі керек, деді. Ол бұдан кейін жаһандану дәуірі алдымызға жаңа талаптар қойып отырғанын, оқулықтарды басып шығаратын базаны жетілдіру, сапасы уақыт талабына сай келмейтін дүниелердің мазмұнын жариялы түрде жұртшылыққа жеткізу үшін оны министрліктің веб-сайтына орналастыру керектігін де алға тартты. Оқулық авторлары мен сарапшылардың, баспагерлер мен полиграфистердің елдік істе бірлікте жұмыс істеуі оң нәтиже беретінін, алдағы уақытта бұл ұрпақ тағдырын айқындайтын құндылыққа ерекше мән берілетінін, осы игілікті шараны жүзеге асырған азаматтарға материалдық жағы­нан ынталандыру болатынын да атап өтті. Сүлеймен МӘМЕТ.

* * *

БАСТАУЫШ – БІЛІМ БИІГІНІҢ БАСПАЛДАҒЫ

Теміртау қаласында қазақ мектептерінің қатары жылдан-жылға ұлғайып келеді. Бұрын мүлдем жоқ болатын. Метал­лург­тер шаһарында өзім сабақ бе­ретін №8 мектеп жаңадан ашыл­ған мемлекеттік тілдегі білім орда­ларының бірі. Ол қазір теміртау­лықтарға жақсы танымал. Осы заманғы оқу құрал-жабдық­тарымен толық жасақталған. Білікті мұғалімдер сапалы білім беру мен тәрбиені санаға сіңіру жолындағы ізденістері арқылы ата-аналар мен оқушылардың құрметіне бөленуде. Осындағы бастауыш сынып­тарға сабақ беріп келе жатқаныма біраз жыл болып қалды. Кейінгі кездегі жағымды бір құбылыс – өзге ұлт жеткіншектерінің де қазақ балаларымен бірге оқуға ынта-ықы­ласының өсе түсуі. Соның жарқын айғағы менің сыныбымда Аня Холькина есімді орыс қызы үздік оқып жүр. Бұдан үш жыл бұрын оны әжесі Наталья Ефи­мова жетек­теп әкелген болатын. Талабы таудай шәкіртім ана тілімізді тез үйренді. Бүгін де кейбір құрбы-құрдастары­нан да артық мүдірмей сөйлейді. Мұны айтып отыруымның бір себебі, мемлекеттік тілде оқуға бар­лық ұлт ұландарын тартуға мүмкін­дік бар. Соған ниет таныту­шыларды қолдап, қамқорлықты күшейте түсу қажет. Бұл бағыттағы үгіт-түсінік жұмыстарын жан-жақты жүргізудің де ықпалы үлкен болары даусыз. Бастауыш білім – білім биігіне баспалдақ. Мен сол жауапкер­шілікке кір келтірмеуді бір сәт те естен шығарған емеспін. Ж. МАНАПОВА, бастауыш сынып мұғалімі. Теміртау қаласы.

* * *

БАЛАБАҚШАСЫ ЖОҚ, ЖҮЗ БАЛАСЫ БАР АУЫЛ

“Жол картасы” бағдарламасынан үміттері бар

Бұл ауыл Қаратерек деп атала­ды. Мыңнан аса халық тұратын ауылға Орджоникидзе және Тіктоғай атты бөлімшелер қарайды. Осы үш ауылдағы қазақ арасында 16 орыс, 4 украин, 5 беларусь, 7 татар, бір шешен қалыпты. Дастар­қан мол. Мал-жан, бала-шаға аман. Жолдары жөнделіп, таза ауыз суға да қолдары жетіпті. Мектепке Сан­дуғаш, Арайлым деген жас мұғалім­дер келіпті. Оларды қолдап үй-қаражат беріліпті. Дәрігер Алмагүл Базарова басқаратын емхана жұмы­сы талапқа сай. Тұрғындарды алаң­датып отырғаны – өткеннен қал­ған құры­лыстар: аурухана, балабақ­ша, тұрғын үйлердің бос тұрғаны. Бұл “Жол картасы” бағдарламасы үшін жаңа ғи­марат салып әуреге түспей-ақ, нағыз іздегенге сұраған. Бала­бақша ашылса, ауылдың 100 баласы қуа­нышқа бөленіп, әрі бірқатар адамға жұмыс орындары табы­лар еді. Айт­пақшы, жекешелендіру жылдары балабақша үйін сатып ал­ған шаруа қожалығының басшысы Оразбай Құрманов жиырма жыл уақыт өткенде тұрғындарға тегін қайтарып беріпті. Ауылдастары ризалықтарын білдіріп, ештен кеш жақсы деп отыр. Бәрі жабылып бәленбай жыл бос тұрған үйдің төбесін күл-қоқыс­тан тазалапты. Ендігі көмек – “Жол картасынан” болса, қараусыз қалған үйдің іші-сыртын жөндеп, балабақшаны қалпына қайта келтіргенге біраз қаражат көзі керек дейді. Балабақшаның кезінде “Қарлығаш” деген атауы болыпты. Осы ауылға барғанымызда ата-аналар Ризагүл Спанова, Айман Арын, Тұрсын Маржан, Дина Божа­қан, Қизат Шаймарданов, Анар Балмағанбетқызы және басқа­лары “Қарлығаш” ұясына қайта оралса екен деген тілектерін билік орындарына жеткізуімізді өтінді. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар облысы, Май ауданы.

* * *

ТАЛАНТТАР ТАҒЫЛЫМЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев егемен еліміздің дарынды жастарына жол ашу мақсатында арнайы Жарлық шығарып, 1998 жылы “Дарын” орталығын құрған еді. Содан бері, 12 жыл ішінде еліміздің талантты жастары төрткүл дүниеде үздіксіз өтіп келе жатқан білім сайысында 170-ке жуық алтын, 193-тен аса күміс, 220-дай қола медальға ие болды. Сонымен қатар, орталық өз Отанымызда да жүзден жүйріктер арасында халықаралық жарыстар өткізуді дәстүрге айналдырды. Соның ең бастысы елордада ма­те­матикадан өткен 51-ші халық­аралық олимпиада дер едік. Жүз­ге таяу мемлекеттің ішінен топ жарып 5-ші орынға көтері­луіміз, 3 алтын, 2 күміс медальды иеле­нуіміз жастарымыздың ерек­ше дарыны мен қарымын көрсет­ті. Мұндай жанарыңа қуаныш ұяла­татын, Отаныңның абыро­йын асыратын игілікті істер алда­ғы уақытта да жалғасын таба береді. Тілдаш БИТУОВА, Республикалық “Дарын” ғылыми-практикалық орталығының директоры.