• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
29 Қазан, 2010

5+ ТМД елдерінің парламентарийлері Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығына осындай баға беруде

646 рет
көрсетілді

“ЕҚЫҰ және ТМД: жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар” атты халықаралық парламенттік конференцияның қатысушыларына Құрметті халықаралық парламенттік конференцияның қатысушылары! ХХІ ғасырдың басы халықаралық қатынас­тар­дың бүкіл архитектурасының елеулі де терең өзгерісімен аталып өтті. Халықаралық ұйымдардың тығыз үйлестірілуі мен белсенді ын­тымақтастығы оның аса маңызды элементі­не айналуда.  Мұндай өзара ықпалдастық ЕҚЫҰ-ның да, сол секілді ТМД-ның да қыз­метіне жаңа тыныс беріп, олардың алдынан жаңа көкжиектер ашады және жаңа бағдарлар белгілейді. ТМД елдерінің ұжымдық қолдауы жағ­дай­ында сайланған ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде Қазақстан өзара түсіністіктің тереңдеуі және Шығыс пен Батыстың арасында сындарлы өзара ықпалдастықтың жолға қойылуы үшін зор жауапкершілікті сезінеді. ЕҚЫҰ кеңістігінде сенім мен өзара тү­сіністік ахуалын қалыптастыруда парламенттік дипломатия айрықша рөл атқарады. Қазіргі уақытта парламентаралық байланыстардың тармақталған желісі қалыптасып, халықаралық парламенттік форумдар жаһандық және өңір­лік саясатта өзі туралы барған сайын нық сеніммен мәлімдеуде. Бүгінде еуропалық қауіпсіздік ұғымы континенттік аядан әлдеқайда алысқа шығып кеткен. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ретінде Қазақстан бұл тезисті  дәйектілікпен және белсенді түрде ілгерілетуде, соның ар­қасында біз қазірдің өзінде Еуратлантикалық және Еуразиялық қауіпсіздік ұғымдарын еркін пайдаланудамыз. Қырғызстандағы ахуалды тұрақтандыру жөніндегі бірлескен күш-жігер қауіпсіздік саласындағы көпжақты өзара ықпалдастықтың үлгісіне айналды. Әлемдік лидерлер мен халықаралық ұйымдардың қолдауы жағ­дай­ындағы Қазақстанның дер кезіндегі іс-қи­мылының арқасында жанжалды асқындырмау мүмкін болды. Біз Қырғызстанның бейбіт демократиялық дамуына одан әрі жәрдемдесу ниетіндеміз. Құрметті конференцияға қатысушылар! Үстіміздегі жылдың 1-2 желтоқсанында Ас­танада ЕҚЫҰ мемлекет басшыларының Саммиті болады. Жоғары деңгейлі Ыстамбұл кездесуінен кейін 11 жыл өткен соң, тұңғыш рет Қазақстан елордасында үш құрлықтағы – Еуропадағы, Азия мен Америкадағы 56 мем­лекеттің және жетекші халықаралық ұйымдар­дың көшбасшылары қауіпсіздік және ын­ты­мақтастық мәселелерін талқылау мақсатымен жиналады. Бұл идеяны ілгерілетуге жәрдем­дес­кені үшін біз парламентарийлерге риза­шылықтамыз. ЕҚЫҰ Саммитін өткізу бізге ортақ құн­ды­лықтар, тең құқылық және өзара сыйлас­тық қағидаттары негізінде Еуратлантикалық және Еуразиялық қауіпсіздік тұғырнамасына деген қозғалысымыздың жаңа стратегиялық бағытын және “жол картасын” анықтаудың бірегей тарихи мүмкіндігін береді. Сіздердің конференцияларыңыздың қо­ры­тындылары да ЕҚЫҰ-ның өзекті проблема­ла­рын шешуге деген ізденістерге жәрдемдесіп, парламентийлердің заң шығармашылық қыз­метінде жүзеге асатынына сенімдімін. Сіздерге жемісті жұмыс және табыстар тілеймін! Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ. _______________________ Келген күннің кешінде, “Мос­ква” қонақ­үйіне орналаса салы­сы­мен теледидарды қосып қой­ғанымыз сол еді, осындағы “100 ТВ” деген  арнаның жаңалықтар қыз­меті хабарының үсті­нен түс­ке­німіз. Алғашқы сюжеттерінің бірінде арна жүргізушісі: “Ертең Санкт-Петербургте Тәуелсіз Мем­лекеттер Достастығының Пар­ла­менттік Ассамблеясы өзінің 50-ші, мерей­той­лық пленарлық мәжілісі­не жиналады”, деп жатты. Қарадай қысылып қалдық. Бұл жайдан ха­бар­сызбыз. Мұндайда дереу кінә­ліні іздей қоя­тын әдетпен Мәжіліс баспасөз қызметінің же­текшісі, бел­гілі журналист Сайын Шай­мер­­денді ойлап: “Мұны неге ес­керт­пеген? Мерей­тойлық мәжіліс екенін білгенде Ассамблеяның бұған дейін тындырған шаруа­лары­нан жақ­сы­рақ хабардар бо­лып келуге тырысар едік қой”, деп жатырмыз әуелде. Артынша тағы ой­лай­мыз: “Оу, бұл қалай елуінші мәжіліс бола қа­ла­ды? Біз білгенде Ассамблея жылына екі рет, көк­темде, күзде бас қосатын сияқты еді ғой. Әлде алғашқы жылдарда, әбден қалыптасып кеткенше қазіргіден жиірек жиналған ба?” деп. Сөйтсек, тележүргізуші қа­телескен екен. Бұл басқосу ТМД Парламентаралық Ассамблея­сы­ның 35-ші пленарлық мәжілісі болып шықты. Мейлі. “Осал өмір емес қой 35 жас”, деп Мұқағали айтқандай, отыз бес рет бас қосу да оңай емес. Бүгінгі таңда түрлі елдер парламентарий­лері­нің арасындағы үнқатысудың маңызы ерекше, өйткені мұндай үнқатысу ауқымды мін­деттерді шешудің оңтайлы жолдарын қарас­тырады, экономи­ка­лық, саяси және діни кедер­гі­лерді жоя отырып, халықтар мен мемлекеттер арасында өзара түсі­ністік пен ынтымақтастық орна­тудың пәрменді тетігіне айналады. Бұл орайда Қазақстан парламен­таризмі егдейген елдерге тән іс-қимылымен көзге түсіп келеді. Жа­қында Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық ұйымы Пар­ламенттік Ассамблеясының Па­лермода өткен күзгі мәжілісіне қатысқаны­мыз­да Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы табысты төр­аға­лығының бір сыры ел пар­ла­ментарийлерінің белсенділігінде, жауапкершілігінде деген ой да ортаға салынған. Бізбен сұхбат кезінде ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы Төрағасының орын­басары Александр Козловский: “Қазақ­стан делегациясының мына мәжілістерде қа­тысуын-ақ ай­тайық­шы. Қай мәжіліске де, көктемгісі болсын, күзгісі болсын, Қазақстан белсенді түрде қаты­сады. Талқылайды, пікір қо­сады, қажет жерінде айтысады”, деген еді. Осындай белсенділікті, осын­дай жауап­кер­ші­лікті біз Қазақстан Парламенті делегация­сы­ның ТМД Парламентаралық Ассамблея­сы­ның іс-шараларына қатысуынан да көреміз. Пар­ламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамед­жанов бас­таған делегацияның Нева бой­ындағы осы сәулетті қалаға ұдайы келіп, кеңестен кейінгі кеңістік елдерінің  заң шығарушылық тә­жірибесін өзара алмасу тұрғысы­нан көп шаруа тындырып жүрге­нін білеміз. Әсіресе бізде қабыл­данған талай заңдардың ТМД кеңіс­тігінде модельдік үлгі ретінде қабылданғанын мақтанышпен айтуға болады. Қазақстан Пар­ламентінің негізінде заң шы­ғарушылық қыз­меттің тәжірибесі бірнеше рет қарастырыл­ға­нынан да хабардармыз. Соның өзінде де биыл­ғы келістің жөні бөлек. Біріншіден, Санкт-Петербургте бір мезгілде бірнеше ұйымның жиы­ны, атап айтқанда – ТМД Пар­ламент­ара­лық Ассамблеясының, ЕурАзЭҚ Парламент­ара­лық Ассам­блеясының, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының Парламенттік Ассамблея­сы­ның іс-шаралары қатар өтіп жатыр. Екіншіден, біз бұл іс-шараларға ТМД аумағындағы эконо­ми­касы қуатты, саясаты салиқалы ел, қа­дірлі Қазақстан ретінде ғана емес, Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйымының биыл­ғы төрағасы ретінде де қатысып отырмыз. Сон­дық­тан Астанадан аттанарда әуежай басындағы адам­ның қарамы қалыңдығына да, мұнда осы күндерде көрме ұйым­дастырылатынына да, концерт қойылатынына да  онша таң­дан­ған жоқ­пыз. Осындай шалқып тұрған шағымызда біздің бойы­мызға бәрі де сыяды. Санкт-Пе­тербургтегі алқалы жиын бас­талатын күні Қа­зақстан деле­га­циясы мүшелерінің жыр алыбы Жамбылдың ескерткішіне гүл шоқтарын қой­ғаны да жарасып тұрды. Жамбыл социализмді жырлады ғой, оның көсемдерін мақтады ғой, ол жүйенің тарих көшіне ілесе алмағанын көзіміз көрді ғой дейтіндер осы қалаға бір келіп қайтса, мұндағы тұрғын­дар­дың ақын атамызға құрметін көріп қайтса басқаша сөйлер еді. Оның үстіне қай заманда да суреткер туын­ды­сы кімге арналғанына емес, қалай жасалғанына қарап бағаланады. Лениннің ісін жал­ғастыру­шылардың шаруаны солай жүргізгеніне Жам­былдың еш­қан­дай кінәсі жоқ. Ақын өзінің алды­на қойылған көркемдік міндетті қалай орындаған – мәселе осында. Бұл тұрғыдан қа­ра­ғанда Жамбылдың Ленинге арналған өлең­дерінің тас бұлақтың суындай құйылып келген көркемдігі, сөз­дерінің суреттілігі, сыр­лылығы, саздылығы, ұйқастарының шы­мыр­­лығы, ком­позициясының жұ­мырлығы әлемдік поэзия­дағы мадақ жырларының классикалық үлгі­лерінің қатарына қосылатыны күмәнсіз. “Жарайды, тақырыптан ауыт­қымайық” деп Сәбең айтпақшы, енді мұндағы іс-шараларға ке­лейік. Сейсенбі мен сәрсенбіде не­гізінен са­рап­шылық-консульта­ция­лық кеңестердің, жұмыс топта­рының, тұрақты комиссиялардың отырыстары өткізілді. Қазақстан Парламентінің депутаттары А.Би­жанов, И.Әміров, Б.Бек­жа­нов, У.Қоңырбаев, Е.Мұқаев, К.Бұр­ханов, С.Жал­мағамбетова, Қ.Бисе­нов, Ә.Жолшы­бе­ков, Б.Әлімжа­нов, А.Башмаков, Е.Иманқұлов, В.Доскалов қатысқан ол оты­рыстарда сот құ­рылысы, судьялар мәртебесі, қауіпсіздік пен қор­ғаныс, әлеуметтік-экономикалық дамудың құқықтық мәселелері, мәдениет, ақпарат, туризм, спорт, халықаралық ынтымақтастық,  аграрлық саясат, табиғи ресурстар, кедендік реттеу ісіндегі модельдік заңдар, ғылым мен білім мәсе­лелері талқыланды. Қай-қай­сы­сында да маңызды мәселелер талқыланды. Мысалы, Мәжіліс депутаты, экология және табиғат­ты пай­далану мәселелері жөніндегі комитеттің төр­ағасы Ерлан Нығ­матулин қатысқан оты­рыста Орталық Азия елдерінің, соның ішінде  Қазақстанның Аралды құтқару, қорғау, сақтау ісіндегі та­быстары әңгіме арқауына ай­налды. Әсіресе осы шаруаның бәрі­нің үйлестірушілік, ұйым­дастырушылық қызметін атқарған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем экологиясын жақсартуға қосқан үлесі ха­лық­аралық қоғамдастық тарапынан қандай биік бағаға да лайықтығы ерекше айтылды. Иә, қазірдің өзінде Аралдың жиегі бір кездегі ше­гініп кеткен жерінен талай шақырымға бері жа­қындағаны, Кіші Аралда балық аулау қайтадан жолға қойылғаны қалай айтсақ та ауыз толты­ра­тындай жетістік. Же­тістік демекші, осы күн­дерде Тав­рия сарайының Күмбезді залында “Тәуелсіз Қазақстан: қалыптасу мен даму бе­лестері” аталған фото­көрменің ұйымдасты­ры­луы да орынды шықты. “Сіздердің назар­ла­ры­ңызға ұсынылып отырған фотокөрмеде біздің жаңғыру жыл­дарымыздың келбетін көрсететін фотоматериалдар қойылған. Біздің еліміздің қалыптасуы мен дамуы­ның арқауы осы заман­ғы конс­ти­туционализм, демократиялық мем­лекеттілік, белсенді азаматтық қоғам, атымен жаңа экономика­лық құрылым, тәуелсіз елді одан әрі нығайтудың сараланған сая­саты болды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баевтың сарабдал да салиқалы саясатының арқа­сында Қазақстан барлық атри­буттары түгелденген толыққанды егемен мемлекетке айналды”, деді көрмені ашарда Орал Мұхамед­жанов. Рәсім кезінде сөз сөйлеген Ресей Федералдық Жиналысы Федералдық Кеңесінің Төрағасы Сергей Миронов Қазақстанның қазіргі жарқын жетістіктері жай­ында жақсы айтты. “Қазақ хал­қында “Если прошли десять че­ловек – останется след, если прошли сто человек – останется тропа, если прошли ты­сячи человек – останется дорога” деп келетін мақал бар. Қазақстан халқы өзінің ұйым­шыл­дығымен болашаққа жол салып жатыр”, деді Сергей Михайлович. “Мәтел – сөздің мәйегі” дейтін халықпыз ғой, сонда да мыңдаған мақалдың бәрі есте тұра бере ме, жөпел­демеде қазақшасы ауызға түспей, айтылған күйінде қағазға түсіріп отырмыз. Мәжіліс Төрағасының ТМД парламентарийлерінің ара­сында беделі биік екендігіне осы күндерде бірнеше рет көз жеткізе алдық. Орал Байғонысұлының Мәжі­ліс­ті қайта-қайта басқарған­дағы көп қырлы қызметі, әсіресе ТМД Парламентаралық Ассам­блеясының мәжіліс, отырыстарын­дағы жемісті жұмысы лайықты бағаланды: сәрсенбі күні Ресей Мемлекеттік Думасының Төрағасы Б.Грызлов Президент Д.А.Мед­ведев­тің тап­сыруы бойынша Орал Мұхамеджановқа Ресей-Қазақстан парламентаралық ынтымақтас­тығын дамытуға қосқан үлкен үлесі үшін Ресей Феде­рациясының “Достық” орденін табыс етті. Осы орайда кеше Таврия сарайының Дума залында сенатор Қуаныш Сұлтановқа “Содружество” ордені тапсырылғанын да айтайық. Мұн­дай марапатқа Мәжіліс депутат­тары Валерий Котович, Тито Сыздықов, Нұрдәулет Сәрсенов те ие болды. Мәжіліс Төрағасының белсенді қызметі сәрсенбі мен бейсенбідегі ресми кездесулерден де келісті көрінді. Беларусь Республикасы Ұлт­тық жиналысының Өкілдер палатасының Төр­ағасы Владимир Андрейченкомен кездесу кезінде Орал Мұхамеджанов ТМД бой­ынша да, Кеден одағы бойынша да әріптес елге алда тұрған пре­зидент сайлауының ашық та әділ өтетініне сенетінін білдірді. Ұлттық жиналыс­тың Өкілдер палатасының 14 қыркүйекте кезек­тен тыс шақырылған бесінші сессиясында Беларусь Президентін сайлауды биылғы 19 жел­тоқсанда өткізу жөнінде шешім қабыл­данғанын есіңізге сала кетейік. В.Андрейченко Мәжіліс Төраға­сын келесі жылдың екінші жар­тысында ресми сапармен келуге шақыруын тағы да қуаттады. Ресей Мемлекеттік Дума­сының Төрағасы Борис Грызловпен кездесуде ел парламенттерінің екіжақты қаты­настардың барлық қырлары бойынша тиімді ынтымақ­тастықты одан әрі дамыта түсуге ұмтылысы қуатталды. Ресей Федералдық Жиналысы Фе­де­ралдық Кеңесінің Төрағасы Сергей Миро­новпен кездесуде биылғы 1 қаңтардан бастап құрылған Кеден одағының бірыңғай сауда сая­сатын жүр­гі­зу­дегі артықшылықтары разылық­пен айтылып,  Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының әлеуетін арт­тыра түсудің маңызы атап өтілді. Қырғызстандағы қанды қырғын халықаралық ұйымдардың осын­дай дағдарысты кезеңдерде әлде­қайда ілкімді болғаны жөн екенін көрсетті. Төрағаның өз әріп­тестерімен кездесулерінің бәрінде де Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығын айрықша жемісті деп қазірдің өзінде бағалаудың артық­тығы жоқтығы айтылды. Кеше таңертең Орал Мұхамеджанов ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы Төраға­сының орынбасары Воль­фганг Гросрукпен кездесті. Жур­налистермен қысқа сәттік жүз­десуде В.Гросрук Қазақстанды ЕҚЫҰ-дағы тамаша табысымен құттықтады. Бұлай дегенде Қазақстан Ұйымның 11 жылдан бері шақырыл­маған Саммитін ұйымдастырудың орайын келтір­генін ғана айтпайтынын, біздің еліміздің төрағалық ұғымына соны сипат бергенін де ескеретінін білдірді. “Егер Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығын бес баллдық жүйе бойынша бағаласақ, мен бұл төрағалыққа “5+” бағасын қояр едім. Қазақстан ЕҚЫҰ қызме­тінің тың тынысын ашты. Осы ұйым құрыл­ғалы бері жұрт­шылық санасында ЕҚЫҰ қыз­меті тек саясатпен ғана байланыс­тырылып кел­ген еді, Қазақстан Ұйымның экономикалық-эколо­гиялық себетіне ерекше көңіл бөлуге мәжбүр етті”, деді Орал Мұхамеджановпен кез­десуден кейін Украина Верховная Рада­сы­ның Төрағасы Владимир Литвин. Кеше Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдер Пар­ла­ментаралық Ассамблеясының отыз бесінші пленарлық мәжілісі болды. Ол жиын және Санкт-Пе­тербургте біз үшін басты оқиғаға айналған Қазақстанның Еуро­падағы қауіпсіздік және ынты­мақтастық ұйымына төр­ағалығына арналған халықаралық парламент­тік конференция жайында газеттің келесі нөмі­рінде әңгімелегелі отырмыз. Қазірге конферен­цияға қатысушыларға Қазақстан Рес­публика­сының Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың, Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевтің құттықтау-үндеулер жолдағанын (Елбасымыз үндеуінің мәтіні газеттің бірінші бетінде бөлек жарияланып отыр – Ред.), кон­ференцияда Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұ­хамеджанов баяндама жасағанын ғана айтумен шектелейік. Сауытбек АБДРАХМАНОВ, “Егемен Қазақстан” – Санкт-Петербургтен.