• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
30 Қазан, 2010

Елім менің, жерім менің – Қазақстан!

1148 рет
көрсетілді

Өңірдегі жастар фестивалінің қорытынды жиыны осылай аталып, баршаның елжандылығын айшықтады Аты – алаш, сүйегі – ағаш, шаңырағы биік, киіз-туырлықты халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа ұлықтап жеткізген өнегелі сөзі – еліңе елеулі, халқыңа қалаулы бол деген қара­пай­ым болса да, мағынасы терең баталы сөзі­мен өрілгендігі. Тәрбиенің сол бағыты бүгінгі жаһандануға беттеген тұста өзгеше реңкімен ерекшеленіп, Елбасының “Қазақстан-2030” Стратегиялық бағдарламасы мен жыл сайынғы Жолдауларына байланысты тапсыр­маларды олар­ға жеткізу мен отансүйгіштік рухта тәр­бие­леуге арналған фестивальдердің аудан, қала­лар­да жан-жақты қолдауға ұласқа­нын айтуға болады. Бағалы бастаманың қоры­тынды мерейі Талдықорған қаласындағы “Же­тісу” стадио­нын­да жалғасып, өңірдегі 35 мың­ға жуық жас­тар өкілдерінің қатысуымен ерекше әсерде өткізілді. Қоғамның қозғаушы күші – жастарды туған елі мен жерін сүюге, қазақстандық патриотизм­ді қалыптастыруға, еліміздің рәміздерін құрметтеуге тәрбиелеу мақсатындағы рухты көтеретін жа­лынды шақырулар алаңның әр тұсында орна­ластырылса, көк туымыз биікте желбіреді. Осы сұ­лулық жүректері жалындаған жастардың қуа­нышты сәтімен өріліп, алға қойған мақсат ай­қындала түсті. Сондай-ақ VІP мін­бер форумның эмблемасымен көмкерілсе, сол және оң қанатта “Қазақстанның әлемдік абыройы – ЕҚЫҰ”, “Мемлекеттік рәміздер – елдігімнің айбыны”, “Елбасының саясатын қолдаймыз”, “Біз әрдайым біргеміз”, тағы бас­қа ұрандар әр жастың көңіліне ұялап, шуақ шашты. Екі жылдан бері ұйымдастырылған фо­румды өткізудің жаңа үрдісі қалыптасқан. Облыстық ішкі саясат басқармасы биыл аудан, қалаларда 18 жастар фестивалін өткізсе, ондағы ай­тылғандар 365 мыңнан астам жас буынның жүрегіне жол тапты деуге болады. Мәдени шара мыңдаған адамның еліміздің Әнұранын шырқауымен, аудан, қалалардан келген жастардың салтанатты шеруімен өрнек­телді. Форумға Қазақстан Республикасы Пре­зи­денті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің мең­ге­рушісі Дархан Мың­бай, облыс әкімі Серік Үм­бетов қатысып, жастар тәрбиесі мен ке­ле­шегінің маңызды екендігін тағы бір дәлелдеді. Ашық алаңға үкілі домбыралы 300 күйші шығып, “Балбырауын” күйін балқытса, 3 мың жас “Қаражорғаны” мың бұралып биледі. Жас­тар сап түзеп, достықтың, бірліктің үлгісімен арнайы көркі көз тартатын автокөліктер бастаған топта әндетіп, ұрандатып бүгінгі бей­біт өмірді паш етіп өтті. Шеруді биыл апаттан жандары жараланған Ақсу ауданының жастары бастаса, Талдықорған қаласының студенттері мен өскелең ұрпағы жалғастырды. Көпшілікпен қа­тар, айтулы жиынға облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы, Азаматтық альянс, тіпті осы өңірдегі дәстүрлі дін өкілдеріне дейін бас қо­сып, жарасым тапты. Бұл бүгінгі ашық­тықтың, төзімділік пен бірліктің айғағы. Бикен Римова атындағы облыстық драма театрының әртістері театрландырылған қойылым арқылы “Жеті жар­ғыны” қабылдау тарихы мен оның Ата Заңға дейінгі кезеңді, батырлар қолындағы егеулі найзаны көкке көтерілген Көкбайраққа, жау­дан қорғаған қалқанның Елтаңбаға айналғаны жұрт назарына ұтымды ұсынылды. Фестиваль шымылдығын облыс әкімі Серік Үмбетов ашты. Әрдайым жас ұрпаққа айтар ұтымды ойын тәлімді өмірлік тәжірибесімен ұштастыратын басшы биылғы форумның қорытындылауымен құттықтады. Жастар аға ұрпақтың өнегелі ісін алға апаратын қоғамдағы үлкен күш екенін білесіңдер. Облыс тұр­ғындары арасында жастар қатары 633917 санын құрайды. Биыл өңірдегі жастар саясатына бюджеттен 66 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Әлеуметтік маңызды бағдарламаларға 15 млн. теңге қарастырылса, үш жылдан бері жас­тар мен студенттер қоғамдық көлікте тегін жүреді. Биыл осы мақсатқа 138,8 млн.теңге, әлеуметтік жағынан жеткіліксіз қамтылған отба­сылары мен жетім балалар арасында жоғары білім алғысы келген 349 жас облыс әкімі­нің грантымен таңдаған оқу орындарында білім алуда. Жоғары оқу орындарын бітірген 1822 жас маман биыл облыстағы мекеме, ұйым­дарда “жастар тәжірибесінен” өтті. Жетісу жерінде жанамын деген жүрекке от бе­ріліп, боламын деген дарындылардың жо­­лын, ба­ғын ашуға бар мүмкіндік бар. Об­лыс­тық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған шараның мақсаты жастарды елжандылық, халқымыздың салт-дәстүрін құрметтеуді, өз ша­ңырағынан бас­тап, адами қасиеттерді қа­лып­тастыруды, сала­матты өмір салтын, кісілік пен кішіліктің бар белгісіне қол жеткізуді алға қояды. Бұл мақ­саттың орындалғанына өңір­лер­ден халықтың мыңдап жиналғаны, әр жастың жүзін­дегі қуаныш сезім дәлел болғандай. Бұған дейін Райымбек ауданында өткен фес­тивальге жоғары баға берген Президент Әкім­шілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дархан Мыңбай бұл жолы да Жетісу жеріндегі жас­тар саясатындағы оң бастамаларға тоқ­талды. Осындай ұтымды шара өзге облыстарға да үлгі болса игі еді, деген ойын айта келе, маз­мұны мен өткізілуі өзгеше мерекеге ұйытқы бол­ғандарға алғысын білдірді. Қазақтың Көкбайрағын көкке көтерген, ауыр атлетикадан алтын медальдар алуға айту­лы үлес қосқан жетісулық штангашыларға сый-құрмет көрсетілді. Түркияда өткен дүниежүзілік до­дада әлем чемпионы атанған Майя Манеза мен Светлана Подобедоваға 2 миллион тең­геден, Владимир Седов пен Зүлфия Чиншанло және олардың жаттықтырушыларына, грек-рим күресінен Олимпиада жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаевтың бапкері Азамат Көкебаевқа қо­мақты ақшалай сыйлықтар берілді. Өңірдегі жастар фестиваліне белсене атса­лыс­­қан аудан мен қалалардағы ішкі саясат бас­қар­малары да сыйлықтармен марапатталды. “Елім менің, жерім менің – Қазақстан!” фес­ти­валінің қорытындысында Талдықорған қа­ла­сы бірінші, қарасайлықтар екінші, еңбек­ші­қа­зақ­тықтар үшінші орындардан көрініп, “ГАЗель” шағын автобусы мен “Нива” авто­кө­­ліктерінің кілттері салтанатты түрде тапсырылды. Фестиваль аяқталған сәтте аспанда қалық­та­ған тікұшақтан құттықтау парақтары жауса, аспан­ға атылған қызылды-жасылды шашулар жұрт көңілін асқақтата, тасыта түсті. Бұл тәу­елсіз еліміздің сын­дарлы саясатын, келешекке деген баянды бағдары мен өмірімізге лайықты өрендер тәрбиелеудің жарқын көрінісі екенін дә­лелдеген шара болды. Сөйтіп, жетісулықтар ал­дағы күндеріне нық қадам жасады деуіміз керек. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы. ---------------------------- Суретте: жастар форумынан көрініс.