• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
09 Қараша, 2010

Қазыналы өлке өнеркәсібінің қарашаңырағы

464 рет
көрсетілді

Маңғыстау облысы – мұнай кен орындарын игеруге отандық және шетел инвестицияларын көптеп тартудың нәтижесінде еліміздегі қарқынды дамып отырған өңірлер­дің бірі. Республикамызда өндірілетін мұнайдың үштен бір бөлігі осы аймақтағы мұнай компанияла­рының үлесіне тисе, “Маңғыстаумұнайгаз” акционерлік қоғамы Маңғыстау мұнай өнеркәсібінің қарашаңырағы деп есептеледі. Бүгінде компания мұнайдың аймақ бойынша 31 пайызын, ал республика бойынша 9 пайызын өндіреді. Мұнай өнеркәсібі Қазақстанның жалпы экономикасының дамуына зор қуат беретін саланың ең ірісі әрі бірегейі болды және болып қала бермек. Еліміздегі мұнай саласының даму тарихы “Маңғыстаумұнайгаз” акционерлік қоғамының тыныс-тір­шілігімен тығыз байланысты. Бұдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын, яғни 1961 жылдың шілдесінде Жеті­бай кен орнындағы нөмірі 6-шы ұң­ғы­дан атқан тұңғыш мұнай бұрқағы мен 1962 жылы Өзен кен орнынан алынған мұнай бұрқағы бұл өлкеде көмірсутектің мол қоры бар екенін айғақтап, Маңғыстау тарихының жаңа, жарқын беттерінің бастал­ға­нын паш етті. Сөйтіп, бұл өңірде жа­ңа кен орындары ашылып, аймақ­тың өнеркәсібін дамыту ісі басталды. Қаламқас кен орны – “Маңғыс­таумұнайгаз” акционерлік қоғамы­ның құрылымындағы ең ірі өндіріс­тік нысан болып табылады. Акцио­нерлік қоғамға тиесілі бүкіл өнімінің 70 пайыздан астамы аталған кеніште өндіріледі. Облыс орталығынан 280 шақырым қашықтықта орналасқан бұл кенорнының тез игерілуі Маң­ғыс­тау өлкесінің әлеуметтік-эконо­микалық дамуына тың серпін беріп, орталықтан шалғай елді мекендерді өркендетуге, халықтың әл-ауқатын, мәдени-тұрмыстық жағдайын көте­руге айтарлықтай ықпал етті. Айта­лық, 1981 жылы салынған 3-ші са­нат­тағы Ақтау – Қаламқас жолы об­лыс орталығын тек Қаламқас кен ор­нымен жалғап қана қоймай, со­нымен бірге Маңғыстау, Түпқараған аудан­дарындағы, Бозашы түбегіндегі ау­ыл­дармен қатынас орнатуға ықпал етіп, халық игілігіне пайдаланылып келеді. 2009 жылдың 25 қарашасында Алматы қаласындағы Қазақстан қор биржасында “ҚазМұнайГаз” ұлттық мұнай-газ компаниясы мен Қытай Халық Республикасының СNРС ком­паниясы арасында аталған ком­паниялардың бірлескен кәсіпорны Mangіstau Іnvestments B.V. арқылы “Сентрал Азия Петролеум ЛТД” ком­паниясынан “Маңғыс­таумұнай­газдың” 100 пайыздық жай акция­ларын сатып алу мәмілесі аяқталды. Акционерлердің әрқайсысы 50 пайыздық үлеске ие болып, пайданы тең бөлісетін болды. “Маңғыстаумұнайгаз” АҚ-тағы кадр мәселесіне келетін болсақ, ком­панияда жұмыс жасайтын мамандар­дың жалпы санының 95 пайызы қа­зақстандық үлесті құраса, жұмысшы­лар­дың қазақстандық үлесі 100 пай­ыз. Компанияда осы салада көптеген жылдардан бері тер төгіп келе жат­қан тәжірибелі де білікті мамандар жұмыс істейді. Қазір “Маңғыстаумұнайгаз” ак­ционерлік қоғамының мұнайшыла­ры жаңа жағдайда, яғни отын-энер­гетика рыногындағы халықаралық әдістерді меңгере отырып, уақыт та­ла­бына сай техникалық, техно­ло­гиялық мүмкін­діктерді өндірісте кеңінен пайда­ла­нудың арқасында мұнай өндіру көле­мін жылдан-жылға арттыра түсуде. Соның нәтижесінде өткен жылы ком­панияға қарасты кен орын­да­рынан жоспардағы 5 млн 475 мың тон­наның орнына 5 мил­лион 711 мың тонна “қара алтын” өндіріліп, мұ­найшылар мұнай өн­дірудің жы­л­­­дық жоспарын 104,3 пай­ызға орын­­дап шықты. Ал үсті­міз­дегі жылдың 7 айында ком­­пания кеніш­тері 3 млн 312 мың 557 тон­на мұнай өн­дірді. Ұң­ғылардың де­­битін артты­рып, қосымша өнім көзін күшейту мақ­са­тында ком­пания Қазақ­­станда бі­рінші бо­лып мұ­най көз­де­рін үлкен қы­сым­мен жару тәсілін қол­данды. Алғаш рет 1999 жылы Жетібай кен ор­нын­да, ал 2003 жыл­дан бас­тап Қаламқас кені­шін­де қолданылған бұл әдіс қазір кен орында­ры­­ның бәрінде дерлік кеңі­нен жүзеге асырылуда. “Маңғыстаумұнайгаз” компа­ния­сы өндірісті қазіргі заманғы озық тех­­нологиялардың негізінде жаңарту мен жасақтауды үнемі на­зарда ұстап, алдыңғы қа­тарлы өндіріс тәсілде­рі­нің енгізілуіне айрықша мән береді. Соңғы жыл­да­ры өн­діріске енгізілген сон­дай жаңа тәсілдердің бірі – ұңғыға орнатылған те­рең бұрандалы сорап. Со­­нымен қатар ұңғы­лар­ды зерттеу жүйесін ком­пью­­терлендіру жұмыстары да табысты жүргізілуде. Кә­­сіпшілікте ұзақ мерзім­ді­лігі мен беріктігін арт­ты­ру мақсатында болат құ­­быр­ларды шыны-плас­тикалы құбыр­лар­ға ауыс­ты­ру кең көлемде жүргізілуде. “Маңғыстаумұнайгаз” акционер­лік қоғамы өзі­нің кен орындарында қор­­шаған ортаны қорғау заң­дылық­тарының қатаң сақталуын жіті қа­дағалап отырады. Яғни кен орында­рындағы мұнай, газ өндіру көлемін кемітпестен ондағы алаң­дарды лас­танудан тазартып, қалпына келтіру жұмыстарын тұрақты жүр­гізеді. Мұ­най өндіргенде және тау­арлық өнім­дерді алғанда пайда бо­ла­тын май­лан­ған топырақ, мұнай шла­мы тү­рін­дегі өндіріс қалдықтары кәсіпші­ліктердің аумағында арнайы жасақ­талған алаңдарға әкеліп төгі­ліп, сақталады. Акционерлік қоғам тарапынан қоршаған ортаны қорғау мақсатында көптеген нақты шаралар қолға алынып, ауқымды жұмыстар дәйектілікпен жүзеге асырылуда. Мұнай мен газ өндірудегі орасан өндірістік қуат, ірі инвестициялық жо­баларды жүзеге асыру – эконо­ми­калық, саяси және әлеуметтік тұрақтылықты арттырудың, адамдар өмірін жақсартудың сенімді негізі. “Маңғыстаумұнайгаз” АҚ өндірістік нысандар мен жатақханалар, ав-томобиль жолдарын салып, өңірдегі денсаулық сақтау саласының мате­ри­алдық-техникалық базасын жақ­сар­туға, аға буын мұнайшылар тәжі­­рибесін жастардың оқып-үйренуі үшін тәлімгерлік қозғалыстың кең қанат жайып, болашақ білікті мамандарды даярлауға баса көңіл бөліп келеді. Қаламқас кен орнында вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер үшін үй тұрмысынан кем емес жай­лы жатақханалар салынды. Асхана­лар желісі арқылы үш мезгіл тегін бе­рілетін ыстық тамақпен қамтыл­ған. Қуатты, жаңа тазарту қондыр­ғысы салынып, ол тәулігіне 1500 тек­ше метр лас суды тазарта алады. Вах­талық қалашықта пошта, теле­фон, көп арналы теледидар, кітап­хана, душ тұрақты түрде қызмет көр­сетеді. Қаламқас кен орнындағы дә­рі­герлік амбулатория, Жетібай, Асар кен орындарындағы дәрігерлік пункттердің тәулік бойы қызмет көрсетуі профилактикалық байқау, медициналық процедура, егу, ағ­ымдағы амбулаториялық емдеу ша­раларын жүргізуге жол ашты. Ақтау қаласындағы ведомстволық емхана мұнайшылардың денсаулықтарын қадағалауға арналған. Жыл сайын жаз айларында ком­пания жұмысшы-қызметкерлерінің балалары және облыстық отбасылық балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін спорттық-сауықтыру орында­рына жолдама беріледі. Нәтижесінде жылына 1500-ге тарта бала жазғы демалыстарын көңілді де мазмұнды өткізеді. Мәселен, биыл мұнайшы қауымының балалары Каспий теңізі жағалауында орналасқан “Алау” демалыс сауықтыру орталығында, сондай-ақ Қырымда, Алматы, Көк­шетау және Қостанай облыстарында демалып келді. Сонымен қатар, мұ­найшылардың мектеп жасындағы ба­лаларына жаңа оқу жылы қар­са­ңында бір мезгілдік материалдық көмек беру дәстүрге айналды. “Маңғыстаумұнайгаз” АҚ өзінің қайырымдылық қызметімен де ерек­шеленеді. Бірінші кезекте өздерінің бұрынғы әріптестері – зейнет­кер­лерге, соғыс және еңбек ардагер­ле­ріне жеке көңіл бөлуді ұмытпайды. Әлеуметтік қолдау көрсету мақса­тын­да жұмыстан қол үзген барлық зей­неткерлерге ай сайын екі айлық есептік көрсеткіш көлемінде жәр­дем­а­қы төленіп отырылады. Бүгінде “Маңғыстаумұнайгаз” акционерлік қоғамының тізімінде 8 соғыс және 74 тыл ардагері бар. Олар – кезінде ел байлығына айналған мұнай көз­дерін ашып, оны халықтың игілігіне асыруға атсалысқан майталмандар. “Үлкенге құрмет – мерейлі міндет” дегендей, “Маңғыстаумұнайгаз” ұжы­мы ардагер ағаларды үнемі қам­қорлыққа алып келеді. Үстіміздегі жылы жаңадан жасақ­талған компания бюджеті жұмысшы-қызметкерлерге берілетін әлеуметтік жеңілдіктерді кеңейтуге мүмкіндік берді. Осының негізінде жасалып, жұмысшылардың кеңінен талқы­ла­уымен мақұлданған жаңа ұжымдық еңбек шартына қол қойылды. Ком­пания басшылығы жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік жағдайын одан әрі жақсартуға, олардың кәсіби деңгейлерін көтеру мен жеке дамуын қамтамасыз етуге, әрбір маманның бәсекелестікке қабілетті болуына барынша көңіл бөліп, өлкеміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосу мақсатында ұжым­ның жұмылған жұдырықтай ұйым­шылдықпен еңбек етуіне бар күш-жігерін жұмылдыруда. Қазыналы өңір өнеркәсібінің қа­рашаңырағы болып саналатын “Маңғыстаумұнайгаз” акционерлік қоғамы қазіргі таңда мұнайдың аймақ бойынша 31 пайызын, ал рес­публика бойынша 9 пайызын өнді­реді. Ұжымның бір кісідей жұмылған күш-жігерінің арқасында компания жылдан-жылға мұнай өндіру көлемін арттырып, еліміздің табысын еселей түсуде. Табысты іске жұмылған ұж­ым­ның осынау береке-бірлігінің бір арқауы – компания кәсіпорында­рын­да бұқаралық спортты жолға қоюда, жалпы спорт түрлерімен ай­налысуға баса көңіл бөлінуде болса керек. Спорт – адамның ерік-жіге­рін шыңдап, төзімділікке, шыдам­ды­лыққа, ептілікке, жылдамдыққа, батылдыққа тәрбиелейді. Сонымен, ортақ мақсатқа бір кісідей ұмтылуға деген ұйымшылдыққа жетелейді. Сондықтан “Маңғыстаумұнайгаз” акционерлік қоғамы бойынша ұжым­ның әрбір мүшесінің спортпен айналысуына, денесін шынықты­руы­на бірінші кезектегілердің бірі болып назар аударылады. Бұл үшін компания өндіріс орындарында барлық қажетті жағдай жасалған. “Маңғыстаумұнайгаз” компания­сының қызметкерлері бай тәжірибе­сімен, кәсіби біліктілігімен, табысқа деген құлшынысымен алға қойылған биік мақсаттар мен салмақты мін­дет­тер үдесінен көрініп келеді. Бектұр ТӨЛЕУҒАЛИЕВ. Маңғыстау облысы.