• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
09 Қараша, 2010

Шарасы кең шаңырақ

487 рет
көрсетілді

Арқа төсіндегі елордамыздың алтын діңгегі орнатылып, бірте-бірте халыққа қызмет көрсететін ру­хани орталықтар салына бас­та­ған кезде, соның алғашқылары­ның қатарында ірге көтерген Президенттік мәдениет орталығы еді. Қазақтың ақ шағаладай әдемі киіз үйінің үлгісінде салынған ғимараттың алғашқы сызбасын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі қағазға түсіріп, мемлекетіміздің рухани орталығы осындай болса деген ізгі ниетпен бастаған жұ­мы­сы көп кешікпей жұртқа  қыз­мет көрсете бастаған-тын. Оның алғашқы салтанатты ашылу рәсіміне Мемлекет басшысы қатысып, бұл орталық мәдениет пен өнердің, ғылым мен білімнің, ең бастысы руханияттың шарасы кең шаңырағы болсын деген еді. Содан бергі он жылдың жүзі бо­лып қалыпты. Осы уақыт ішінде бұл төрт құбыласы түгел құт ме­кен елдің ұйытқысы, жұрттың жақ­сылыққа жиналар орнына ай­налды. Кеше осыған орай мәдениет орталығында мерекелік кеш өтіп, онда мекеме басшысы, көрнекті ғалым, қоғам қайраткері Мырза­тай Жолдасбеков руханият ошағы жайлы жан-жақты мәлімет берді. Берел қорғанынан табылған  Ал­тын адамның киесі саналатын са­мұрық құстың, Есік қорғанының Алтын адамын желеп-жебеп жүрген барыстың, Абылай хан­ның қамқа тонының, Қаз дауыс­ты Қазыбек бидің шапанының төрден тегін орын алмағанын та­ра­тып айтып берді. Ғалым  соны­мен қатар елге орталық бүгінгі таңда бес түрлі бағыт бойынша жұмыс істеп жатқанын хабардар етті. Бұларды нақтылай түссек, ол Мемлекеттілік тарихы музейі, Қазақстан Республикасы мемле­кет­тілігі және Президенттік инс­титутын зерттеу ғылыми зертха­насы, кітапхана, концерт залы – “Ұлттық дәстүрлер театры”, “Мәдени  мұра” журналы дер едік. Бірінші сала бойынша га­лереялар мен залдар, “Тәуелсіз Қа­зақстан және оның негізін салушы Н.Ә.Назарбаев”, Қасиет, Этнография, Археологиялық, Ежелгі дәуір, тағы басқа зал­дар­дың қатарында көркем сурет га­лереясы жұмыс істейді. Ор­та­лықтың директоры бұл астана­лықтар үшін бірден-бір рухани шаңыраққа айналғанын айта ке­ліп, осы өткен 10 жыл ішінде 310 мың көрермен музейді тама­ша­лағанын, ата-бабалары өткен жол мен бүгінгі дәуіріміздің нақ­ты көріністеріне куә болғанын, атақты қылқалам шеберлері Г.Ис­майлова, А.Ғалымбаева, К.Мулла­шев, Е.Төлепбайдың көрмелері, Абылайдың алтын зерлі қамқа тонының,  Төле, Қазыбек, Әйтеке сынды үш би портреттерінің, “Қазақстан Республикасы тәуел­сіз­дік шежіресі” атты көп томды кітаптың 14-томының тұсаукесер рәсімдері өткенін жеткізді. Ал  кітапхана қорының 600 мыңнан асып кеткенін, сирек қорда 3 мың құндылық жатқанын, миллионға тарта оқырман рухани байлықтан сусындағанын мысалға келтірді. “Ұлттық дәстүрлер театрында” да қыруар жұмыстар атқарылғанын, оның шымылдығы “Ұлбике” музыкалық трагедиясымен ашыл­ға­нын, белгілі ақын Несіпбек Айтұлының “Бәйтерек” поэмасы­ның негізінде поэтикалық-му­зыкалық спектакль қойылғанын, Абайға, М.Дулатовқа, К.Әзір­баев­қа, Б.Момышұлына, Ә.Тәжі­баев­қа, Ш.Мұртазаға, Ш.Айтматовқа Әсет пен Дәнешке, О.Сүлей­ме­нов­ке, М.Мақатаевқа, Ф.Оңғар­сы­но­ваға арналған әдеби-музы­ка­лық кештер өткенін, көрнекті жазушы Дүкенбай Досжан бас­шы­лық жасап келе жатқан  “Мәдени мұра” журналын тілге тиек етті. Қаржыландыру мәселе­сіндегі қиындықтарды да назар­дан тыс қалдырмай, бұл қиын ша­руаға септігін тигізген мекеме­лер­ге, оның ішінде “Қаз­Мұнай­Газ” Ұлттық компаниясына шынайы ықыласын жеткізді. Бұдан кейін Мәдениет ми­нистрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Премьер-Министр Кәрім Мә­сі­мовтің құттықтау хатын оқып, шап­қан аттай, атқан оқтай зулап өткен он жылда еліміздің қар­қынды дамығанын, соның ішінде сол жағалаудағы ажары ашылған Астананың әсем ғимараттары туралы ой толғап, бұл рухани  ор­талыққа бір кездері Отанымызға ат басын тіреген шет мемлекет басшылары да келіп, құнды­лық­тарымызбен танысқанын сөзіне жел етіп тартып, орталықтың екі қыз­меткеріне “Қазақстан Рес­пуб­ликасының мәдениет қайраткері” деген төсбелгі мен куәлік тап­сырды. Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дархан Мыңбай Президент Әкімшілігі Басшысының орын­ба­сары Мәулен Әшімбаевтің ілти­патын жеткізді. Мұнымен бірге, өзге де лауазымды мекемелердің ыс­тық ықылас, жылы ниеттері “Ұлт­тық дәстүрлер театры” әртіс­терінің өнеріне ұласып, “Алпа­мыс” қойылымынан көріністер көрсетілді. Сөз орайы келгенде айта кететін бір нәрсе, қазақтың қас батыры Бауыржан Момыш­ұлы­ның Кубаға барған сапарында қазіргі сол елдің басшысы сыйға тартқан таяқ Семей қаласында тұрып жатқан, жақсының қадірін білетін  ардақты азаматшаның қо­лын­да сақталғаны туралы теле­дидардан әлденеше рет айтылып қана қоймай, көрсетілді де.  Ұлт­тың рухани құндылықтарының ордасына айналып отырған орта­лықтан сол таяқ орын тапса, тағы да бір өнегелі іс өз шешімін табар еді деген ойдамыз. Сүлеймен МӘМЕТ, Суреттерді түсірген  Орынбай БАЛМҰРАТ.