• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
16 Қараша, 2010

Қазылардың қабағында — қырық бес ел

475 рет
көрсетілді

Басталды! Төрт жылда бір айналып келетін, Азия халық­та­рының өз Олимпиадасы, Азия ойындары басталды. Ашылу сал­та­натын сөзбен жеткізу қиын. 45 мемлекеттің құрамасын 45 ке­меге мінгізіп, өзенмен жүздіріп келген жарысты ұйымдастырушы ел әдемі ертегіге кіргізіп жібергендей сезілген. Бір сөзбен түйіп айтқанда, Азия ойындары емес спорт падишасы – Олимпиялық ойындардың салтанатын арттыратын, құлақ естіп, көз көрмеген кереметтерді көрсетті Қытай мемлекеті.

Бақтияр ТАЙЖАН – Гуанчжоудан (Қытай).

Азия ойындарының шы­мылдығын суға жүзушілер мен оқ атушылар ашты. Ашығын айтсақ, тұлыпқа мөңірегеннің кері болды. 100 метрге кешенді жүзуде Дми­трий Гордиенко ә дегенде суы­рылып алға шыққанымен ұшқыр аттай әсер қалдырды. Сегізінші орында тұрақтады. Сұр мергендерімізден үміт күт­кен едік. Олимпия ойындарында жүлде алмаса да үздік бестіктің ішін­де жү­ретін Ольга Довгун мыл­тықпен атуда қарсыласта­рынан қозы көш қалып кетті. 50 метр жерден та­пан­шамен нысана көздеуде халық­аралық жарыстарда жүлде алып жүр­ген Рашид Юнусметов те ірік­теуден өте алмаған. Владимир Иса­ченко фи­налға бесінші болып өт­ке­німен жүй­кесі сыр берді. Қа­лып­ты ату жоқ. Бірде 10,3 ұпай алса, екінші­сін­де 8 ұпай олжа­лай­ды. Он­дайды қытай, жапон, корей сұр­мер­гендері кешіре ме, зу етіп алға шығып ала­­­ды. Исаченко үздік се­гіз­діктің сегі­зіншісі болып жа­рыс­ты аяқ­та­ды. 10 метрге пнев­ма­ти­ка­лық мыл­тықпен атуда Игорь Пи­ри­кеев 18-ші орын, Юрий Юрков 21-ші орын, ал Ви­талий Довкун 41-ші ор­ын­мен жа­рысты қорытын­ды­лады. Осыдан табаны күректей төрт жыл бұрын Дохада өткен Азия ойындарында медальдарды белгі­лен­ген мөлшерден көп берген мер­гендеріміз бүгін ұйқыдан жаман түс көріп оянды ма, атқан оқтары ай­далаға лақты. Өзбек қыздары ер­леді. Олар командалық үшінші ор­ынға табан тіреді. Біз жатқан журналистер қонақ үйі баспасөз орталығымен қонсы. Олимпияшылар қалашығына да жақын. Бірақ, жарыс өтіп жатқан спорт сарайлары бір-бірінен алыс. Мылтық орнына таяқ ұстағандай әсер қалдырған спортшыларымызға өкпеміз қара қазандай болып, дзюдошыларымызға тарттық. Таксимен. Қаланың жартысын көктей өтіп. Раков. Найдан. Иппон! Бұл күні Гүлжан Исанова (78 кг-ден жоғары), Ержан Шынкеев (100 кг-ден жоғары), Ғалия Ел­мен­таева (78 кг) және Максим Раков (100 кг) татамиге шыққан. Төртеуі де жұп жазбастан жартылай фи­нал­дық асуға аман-есен жетті. Бір қадам алға жылжыса кемінде күміс медаль қалтасында. Ал бұл кезеңде осалдар қалмайды. Бәрінен мықты болуың керек. Өз мүмкін­дігінен асып кету қиын. Байрақты бәсе­ке­лерде үлкен олжа салмаған балуан­дарымыз осыны анық бай­қатты. Әуелі Гүлжан Исанова қытай қызы Хунның бөктерінде кетті. Төбе­сімен көк тіреген қытайдың алып қызы сұрапыл айқас салды. Ержан Шынкеевтің сорына жар­ты­лай финалда өзбектің бас ба­луаны Аб­долла Тәңіреев тап келді. Көкөрім шағында Сидней Олим­пиадасына қатысып, ширек финал­ға дейін жеткен Абдолланы жақсы білеміз. Абдолла нық тұрады. Асы­ғып, ап­тықпайды. Қолайлы кезеңін жібер­мейді. Басқа атақтарын айт­пағанда Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионы. Тә­ңі­реев те қан шығармай-ақ жеңіске жетті. Ендігі үмітіміз әлем чемпионы Максим Раковта еді. Корей Хуанг сөз жоқ, мықты. Дохада өткен Азия ойындарында Раковты екінші орынға тастап кетті. 90 кило мен 100 кило салмақта алмаған жүлдесі жоқ. Атақтарынан ат үркеді. Бірақ, біздің Максимге мұның бәрі шы­бын­дай әсер етпейді. Екеуі 5 минөт бойы сынасты. Нәтиже жоқ. Қо­сым­ша 3 минөт белгіленді. Екі мық­ты бір-бірін тағы да ала ал­май­ды. Дәтке қуат ететініміз, бел­сен­ділік біздің жақта. Бірақ, әдісі таза шықпай жатыр. Хантей. Ендігі сөз­ді төрешілер айтады. Үш төрешінің екеуі корейге, біреуі Максимге бер­ді. Осындайда ғой ішіңнің өртеніп кететіні. Елде жүргенде аузымен орақ оратын дзюдоның мықтылары мәртебелі қонақтарға арналған орындарда отыр. Селт етпейді. Дзюдоны төл күресіндей көретін корейлердей бедел жоқ. Әйтпесе, жол Раковтікі еді. Айтқандай, Мак­сим қола медаль үшін тартыста Бей­жің Олимпиадасында біздің Ас­хат Жіткеевтің алдын орап, чем­пион болып, Моңғолия мемлекет басшысының қолынан 1млн. доллар сыйақы алып, ресми түрде Моңғолияның батыры атанған Найдан Тушибаардың екі аяғын бір етікке тықты. Иыққа қондырып ал­ды да сырттан шалды. Моңғолдың екі аяғы аспаннан келіп, қос жауы­рынымен құлады. Иппон! Ал, фи­налда Хуанг жапон Анай Гакама­саның шаруасын екі минөтке жет­кізбей бітірді. Таза жеңіс. Сөйтіп, біздің Раковтан бір ұпай олжалай алмаған корей Азия ойындарының жеңімпазы атанды. Шерағаң айта­тын бір кем дүниеңіз осы екен. Қола медаль үшін айқаста Исанова мен Ғалия Үлментаева өз мүмкіндіктерін жіберген жоқ. Зульфия қарымтасын Лондонда қайтармақ Жарыстың екінші күні Қазақ­стан 1 күміс, 6 қола медалімен 10-шы орынға орнықты. Елден шық­қан­да межелеп келгеніміз төртінші орын. Бұл – алға ұмтылу емес. Азия ойындарындағы тұрақты нә­тиже емес. Бірақ, алтын алады деп есептеп келген спортшы­ла­ры­мыз­дың алды сыр беріп жатыр. Ат­қыш­тар Ольга Довгун, Владимир Иса­ченко, Игорь Пирикеев, Рашид Юнусметов, Юрий Юрков, Юрий Мельситовтердің атқан оқтары ны­са­наға дарымайды. Дохада ме­даль­дарды қимай сыпырған са­баз­дар­­дың қоржындары бос. Бүрісіп тұр. Дохада алтыннан олжа салған триатлоншы Дмитрий Гаагтың бұл жолғы олжасы қола медаль болды. 50 метрге жүзуде басты үмітіміз Владислав Поляков алдына қытай, иран, жапон саңлақтарын салып мәреге төртінші болып келді. Евге­ний Рыжков 12-ші орынға тұрақ­тады. Поляковтың нәтижесі 28,23. Ал, Рыжковтікі 28,99 секөнд. Бас бәйге алған қытай Ли Хуа уақыты 27,85 секөнд. Дзюдоға ойыстық. Бұл күні та­тамиге Мариям Ордабаева (70кг), Тимур Болат (90 кг), Жанар Жанұзынова (63 кг) және Ислам Бозбаев (81 кг) шықты. Жанар алғашқы кездесуін жа­пон Веномен өткізіп, таза жеңілді. Айтқандай, жапон қызы бас жүлде үшін жолындағылардың бәрін қо­ға­дай жапырды. Екінші орынды Тай­пей, үшінші орынды Корея балуаны алды. Екі кездесуін тама­ша өткізген Мариям Ордабаева Солтүстік Кореядан келген Золды жеңсе, финалға шығар еді. Солай армандағанбыз. Ордабаева финалға корей балуанын жіберіп, үшінші орын үшін болған таласта моңғол қызы Тзендке де есе жіберді. Мі­нез, жауынгерлік рухын көрсете алмады қызымыз. Тимур Болат та жақсы бастаған. Жапон Оноға жолыққанға дейін. Жеңілді. Үшінші орын үшін бел­де­су­де корей Ли Хонға да жол беріп, бе­сінші орында қалды. Бұл сал­мақ­та бас бәйге жапон Оно Такашиге бұйырып тұр екен. Екінші орында өзбек Ділшад Шориев. Ислам Бозбаев жапон Токаматауды таза жыққанда алып сарайды мойы­ны­мызға іліп кете жаздағанбыз. Оң қолымен жапонның киманосының өңірін мықтап ұстаған Ислам оны бір-екі ырғап теңсіздігінен айыр­ды­да, қабыланша қарғып, сол қолы­мен белбеуден ілді. Сырттан шал­ды. Жапон түк түсінбей қалды. Иппон! Басты қарсыласын алды, енді жолы жеңіл болар деп ойлаған едік. Біз солай ойлайды екенбіз. Бауырымыз, отандасымыз болған­нан кейін. Ислам жартылай фи­нал­да өзбек Шокир Момыновпен бет­тесті. Екеуі бес минөт күресті. Нә­ти­же жоқ. Қосымша үш минөт бел­десті. Нәтиже жоқ. Хантей. Тағы да белдесу тағдырын төрешілер ше­ше­ді. Ашығын айтсақ, өзбек балуаны белсенділеу, алымдылау болатын. Төрешілер финалға Момыновты жіберді. Үшінші орын үшін күресте Ислам қытай балуанынан белдесу бітуге 21 секөнд қалғанға дейін ұты­лып жатты. Бұл – 10 ұпайға ба­ға­ланады. Юко алсаң көмек­тес­пей­ді. Тек, иппон – таза жеңіс керек. Осындай ерлік біздің 19 жасар балуанымыздың қолынан келді! Ауыр атлетшілер жарысы қала­ның оңтүстік жағында, теңізге жа­қын белдеуде. Қашықтығы Алматы мен Талдықорғанның арасындай болар. Таксилетіп жүріп зорға үл­гердік. Өйткені, мұнда автобус кү­ніге бір рет қана қатынайды. Зуль­фия Чиншанло 53 кило салмақта сынға түсті. Әлем чемпионатының алтынын, Сингапурде өткен жас­өспірімдер арасындағы Олимпия­лық ойында күміс медаль олжа­ла­ған, 18-ге енді толған қызымыздың алтын үшін таласатындығы белгілі. Бірақ, қарсыласы оңай емес. Қытай қызы Ли Пинг Олимпиада чем­пио­ны. Зульфия мен Мая Манезаның да Отаны – осы Қытай мемлекеті. Біздің бапкерлер жасөспірімдер арасындағы бір жарыста көріп, аттай қалап әкелген. Халқы мил­ли­ард­тан мол асып жатқан Қытайда мұн­дай қыздар өте көп. Ли Пинг соны байқатты. Жұлқа көтеруде Зульфияны алға салып, 6 кило артық көтеріп кетті. Серпе кө­теруде тағы да қулыққа барды. Зуль­фия 110 килоға тапсырыс бер­генде тай мен қытай атлеті 120 ки­лоны сұрады. Бұл анық бопса еді. Бас бапкер Алексей Ни мен Энвер Түркелери Зульфияға 122 кило сұрады. Енді тай қызы қорықты. 120 килоға шығып, көтеріп кетті. Зульфия 122 килоны көтерді. Ли Пинг 123 килоны ышқынып жүріп көтеріп кетті. Енді оның ұпайы тү­гел. Зульфия қуып жете алмайтын еді. Солай болды. Күміс медаль – ол да үлкен олжа. Жарыстың екінші күні спорт­тық биден бір қола медаль қор­жын­­ға түсті. Бұл күні латын аме­рикан және еуропалық би бәйгеге тігілген еді. Біздің Тимур Намаз­ба­ев пен Аманда Баткалова жұбы кі­лең ығай мен сығайдың шаңына жұ­­тылып кетпей, жартылай фи­нал­ға өтті. Жарыс ережесі бойынша Еуропаның бес биін билеп, үшінші орынға шықты. Қазылардың қаба­ғы­на қарайтын сында жүлде алу – бұл да тамаша жеңіс! *** Бет қатталып жатқанда: 50 метр­ден нысана көздеуде Ольга Довгун мен 100 метрге брасс әдісімен жү­зу­ден сынға түскен Владислав По­ля­ков күміс жүлдеге ие болды.