• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
19 Қараша, 2010

Үкімет

417 рет
көрсетілді

“Егемен Қазақстанның” апталық қосымшасы

Мал шаруашылығындағы маңызды шара ветеринарияны жолға қоюға байланысты жасалатын болды Атағы жер жарған академик И.П.Пав­лов бір кездері “Медицина – адамды, ал ветеринария адамзатты емдейді” деген екен. Бүгінде қанатты сөзге айналып кеткен осы ойдың аста­рында терең мағына бар. Қазақ “Ауру – астан” деп түсінетін болса, сол астың көже-қатығы мал шаруашылығымен байланыста жатыр. Егер мал ауру болса, адамды аурудан сақтап қалу да қиын. Жасыратыны жоқ, егемендік алған алғашқы елең-алаң жылдарымызда біз мал шаруашылығын біраз тұралатып алдық. Соның ішінде малды емдейтін ветеринария саласының ахуалы тіпті “жылап-көрісетіндей” халге жетті. Енді, міне, сол кемшіліктің орнын толтыратын кез келді. Соны жақсы сезінген Үкімет өткен аптадағы отырысын осы салада қордаланып қалған көкейкесті мәселе­лерді талқылауға арнады. Бұл жолғы формат өзгеше сипатта – Астана мен Өскемен арасын жалғаған бейнережім­дегі селекторлық кеңес түрінде өтіп, он­да бір кездері өркендеудің биік белесіне иек артқанымен, тоқсаныншы жылдар­дың түйісінде тоқырауға ұшырап, кейінгі кезеңдері кенжелеп қалған саланы қайтадан табанынан тік тұрғызып алудың тетіктері қарастырылды. Аса маңызды стратегиялық сала болғандығынан шығар, Үкімет бұл жұмыстарды ветеринарияға мемлекеттік монополия орнату арқылы шешуді дұ­рыс санап отыр. Осы кеңестің қар­саңын­да шығыстағы мал шаруашылығын дамыту мәселесіне арналған республика­лық семинарға қатысқан Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ө.Шөкеев желідегі диалогқа Өскеменнен қосылып, осы ойдың түйінін түйіп берді. “Біз вете­ринария туралы заңға бірқатар өзгерістер енгізуді жөн көрдік. 2011 жылдың 1 ақпанына дейін енгізілетін өзгерістер екі бағытты қамтиды. Біріншісі – аудандық деңгейде міндетті түрде ветеринариялық стансаларды құру қажет. Екіншісі – вете­ринариялық қызмет көрсету саласына мемлекеттік монополия орнату керек”, – деді ол өз сөзінде. Расында, бүгінде “күні бітуге” қара­ған ветеринария саласына түбегейлі реформа жүргізу­дің қажет­тілігі баяғыда ту­ған. Ендігі бағытын ин­дустриялық жол­мен дамудан іздестіріп отыр­ған еліміз сол мақсаты­на жету үшін ауыл шаруа­шы­лығын кешенді өркенде­туді де негізгі ба­сымдықтар қатарына көтер­ді. Соның арқасында соңғы жылдары аталмыш салаға бұрын-соңды болмаған дәрежеде қыруар қаржы бөлініп жа­тыр. Дегенмен, мал шаруа­шылығындағы көптеген проблема әлі дүре тимеген қалпында тұр. Соның негіз­гісі ветеринария саласына қатысты. Айталық, бүгінде еліміз астық пен ұнды сыртқа шығаруда пәлендей кедергілер көріп отырған жоқ, ал етті экспорттауда толарсақтан қағатын тос­қауыл жеткілікті. Қазақ­станнан шыққан ет пен ет өнімдерін іргеміздегі Ресей алып сатарларының өзі алуға құлықты емес. Себеп – біздің етіміз ветеринар­лық-санитарлық талап­тарға сай келмей­ді. Ал мұның соңын індетіп іздетсек, ол рес­публиканың ветеринария саласында­ғы жылдар бойы қордаланып қалған түйінді түйткілдеріне жетелеп апарады. Сол тізбектің ұшынан сосын ауылды жерлерде мал дәрігері мамандарының жеткіліксіздігі, олардың кейбір елді мекендерде мүлде жоқтығы, мал соятын құшханалар мен қасапхана­лардың кемдігі, қолда барының өздері талаптарға жауап бермейтіні, тиісті дең­гейде бақылаудың жоқтығы, өңірлерде ара-тұра малдан жұғатын індеттердің орын алуы сынамалап шыға береді. Айтатыны жоқ, еліміздегі ветерина­рия­лық бақылау жүйесін түбегейлі өзгертетін уақыт жеткені рас. Осы сөзді селекторлық кеңесте Ө.Шөкеев қадап тұрып айтты. Оның пікірінше, бұл үшін ең алдымен бақылау құрылымын оңтай­ландыру, әрбір ауылды мал дәрігерлері­мен қамтамасыз ету, қазіргі ебедейсіз және теңгерімсіз жүйеден бас тарту сияқ­ты нақтылы шаралар қолға алынға­ны абзал. Осы ойды одан әрі тереңдет­кен ол: “Кадрларға қатысты айтатын болсақ, ветеринария саласындағы жас мамандардың ауылда жұмыс істеуге ынтасын арттыру тетігін ойластыру қажет. Әрине, бұл оңай шаруа емес, проблемалар бар. Алайда, оларды шешу көп қаржыны қажет етпейді”, – дегенді де жеткізіп қойды. Оның сөзіне қара­ғанда, вете­ринария саласын дұрыс жолға қою үшін алдағы 3 жылда 61 млрд. теңгеге жуық қаржы қажет. Былайынша айтқанда, алдағы кезеңде республикалық бюджеттен бұл мақсатқа 33 млрд. теңге, ал жергілікті бюджеттерден 28 млрд. теңге қаржы бөлу қарастырылмақ. “Кадр мәселесі” дегеннен шығады, елімізде мал дәрігерлерінің жетіспеу­шілігі өңірлердегі эпизоотиялық ахуал­дың тө­мендей түсуіне апарып соқтырып отыр. Бұ­ған мысал ретінде үстіміздегі жылғы жазда Павлодар және Алматы облыс­та­рын­да орын алған оқиғаларды келтірсек те болады. Дәлірек айтсақ, биыл­ғы мау­сым-шілде айларында Пав­лодар облы­сы­ның Ребров және Қаракөл ауылдары мен Алматы облысының Қазатком ауылы сиыр­дың қарасан індеті таралуына бай­ланысты карантинге жа­былған болатын. Ал аталмыш жануардың бұл ауруы адамдарға да жұғады. Өкінішке қарай, сол оқиғаның салдарынан Павло­дар облысында дерт жұқтырып алған бір­неше адам бақилық болып кетті. Бұл мә­се­леге тек үкіметтік деңгейде келіп, шұ­ғыл шаралар қолдану нәтижесінде ғана ін­деттің кең таралуына жол берілмей қалды. Кейіннен анықталғанындай, Павлодар облысында мүйізді ірі қараның қарасан індеті пайда болуына Жолқұдық ауылдық округінің ветеринар-дәрігеріне ескертпестен, адамдардың малдарды елді мекеннен тысқары жерлерде бақылаусыз жаю оқиғасы себеп болыпты. Зертханалық зерттеулер нәтижесінде малдардың қарасан індетімен ауырғаны және одан кейін адамдарға жұғу фактісі толығымен анықталды. Қарасан ауруының шығуына жергілікті атқарушы органдар жұмысын­дағы кемшіліктердің де әсері тиген. Мұны сол кезде Астанада өткен баспасөз мәс­лихатында Ауыл шаруашылығы минис­трлігі Агроөнеркәсіп кешеніндегі мем­лекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары Ахметжан Сұлтанов жақсы келтірді. “Егер аталмыш елді мекендерде мал ветеринарлық испекторлардың қадағалауымен ветеринария талаптарына сәйкес сойылған болса, онда мұндай жағдай орын алмаған болар еді, – деді ол. – Әдетте, талап бойынша мал ветери­нарлық дәрігердің қадағалауымен сойы­лады, яғни малды соймастан бұрын және сойғаннан кейін медициналық тексеру жүргізіледі. Осындай қадағалаудың және қорытындының негізінде ветеринарлық құжат беріледі. Аталмыш ауылдық округте мұндай жұмыс жолға қойылғанда, бұл жағдай болмас еді. Павлодар облысы әкімдігінің және Мемлекеттік инспекция комитетінің келісімі бойынша, Жолқұдық округіндегі Алғабас ауылында мал соятын алаңның құрылысын салу жоспарланған. Алайда, қазірге дейін мұндай алаң салынған жоқ. Ең жақын мал соятын алаң 50 шақырым жердегі Ақсу қаласында. Осы жағдайлар әлгіндей ауыр зардапқа жеткізді”. Шындығында да мұндай оқиға­лардың орын алуына кадрлардың жеткі­ліксіздігі мен біліксіздігі себеп болып жа­та­ды. Осыдан-ақ ветеринария саласының қазіргі хал-ахуалын пайымдау қиын емес. Қазіргі таңда ауылдық жерлердің мал дәрігерлері мамандарына қаншалықты зәру екенін мына деректерден де білуге болады. Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, жалпы, қазіргі күні елімізде бар 7 066 ауылдық елді мекеннің 3 094-інде немесе 44 пайызында ветеринар мамандар жоқ. Ал қалған ауылдық елді мекендердегі бір мал дәрігері маманына түсетін жүктеме бекітілген нормативтен әлдеқайда көп. “Мойындау қажет, мұндай жағдай министрліктің агроөнеркәсіптік кешендегі Мемлекеттік инспекция комитеті ветеринарлық инспекциясының қызметі тиісті деңгейде еместігін көрсетеді. Бақы­лау-қадағалау қызметін жүзеге асыру ке­зінде инспекция тарапынан принциптілік пен қатаңдықтың жоқтығы құқықтық нигилизмге, ветеринариялық құжаттарды параға сатып алушылықтың және қолдан жасаушылықтың өркендеуіне алып келді. Осының барлығы, сайып келгенде, жекелеген өңірлердегі эпизоотиялық жағдайдың нашарлауына әкелді, бұл өз кезегінде қайғылы жағдайларға да әкеп соқты. Оған Павлодар облысындағы адамдардың өлімі мысал бола алады”, – деді министр осыған орай. Министрдің пайымынша, малдәрі­герлік білім алған тәліптердің көпшілігі мамандықтары бойынша жұмысқа тұра бермейді. Статистика бойынша, олардың төрттен бірі ғана өз мамандықтарына кіріседі, қалғандарының дені қалаларда қалып қояды. Бұл өз кезегінде жыл сайын жергілікті жерлерде малдәрігерлік мамандардың жетіспеушілігін ұлғайта түседі. Осыдан келіп, бұл деректер жалпы ветеринариялық қызметтің тиімсіз жұмыс істеуінің негізгі себептерінің біріне айналады. Өзінің сөзінде А.Күрішбаев еліміздің мал дәрігері мамандарын әлеуметтік сала қызметкерлеріне теңестіру туралы да ұсыныс білдірді. “Бүгінгі таңда біз мал дәрігері мамандарын әлеуметтік сала қызметкерлеріне теңестіруді ұсынып отырмыз. Осы мақсатқа жыл сайын 200 млн. теңге бөліп отыру қажет”, – деді ол. Оның айтуынша, “Ветеринария тура­лы” заңның талап­та­рын орындау ісінде жергілікті жер­лерде әлі де кемшіліктер көп. Со­ның ең бастысы, жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметтерін кадрлармен қамтамасыз ету үдерісі әлі күнге дейін шешілмеген. Қазіргі таңда елімізде штаттық қыз­меттің 13 пайызы мамандардың жоқ­тығынан бос тұр. Мұның өзі жергілікті жерлердегі аса қауіпті мал ауруларына қарсы ветери­нар­лық-санитарлық іс-шараларды дер кезінде және сапалы жүргізуге кері әсер етіп келеді. Министрдің сөзіне қарағанда, әрбір елді мекенде өлген малды көметін орындарды салу жұмысы да өзінің оң шешімін таба алмай отыр. Қазіргі күндері еліміздің әрбір төртінші елді мекенінде қандай да бір қатерлі індеттен өлген малдарды көметін орындар жоқ, ал барының өзін ұстап тұруға іс жүзінде қаржы бөлінбейді. “Біз еті сатуға арналған малдарды міндетті түрде арнайы кәсіпорындарда, мал соятын бекеттерде және алаңдарда сою жөніндегі міндетте­мені орындай алмай отырмыз. Таяудағы тексерулер көрсеткендей, пайдалануға берілген мал соятын орындардың 18 пайызы жұмыс істемейді, 2 232 елді ме­кенде малды арнайы бекітілген жерлерден тасымалдау ұйымдастырылмаған”, – деді министр бұдан әрі. Сонымен қатар бекітілген талаптарға сәйкес, малдарды идентификациялау қамтамасыз етілмеген. Бұл ірі қара малды ветеринариялық шаралармен толық қамтуда бақылау болмауына жеткізіп отыр. Аз айтайық, көп айтайық, еліміздегі ветеринария саласы­ның қазіргі ахуалы тап осындай. Ендеше, бұл тұйықтан шығудың төте жолдары қандай? Ауыл шаруашылығы министрінің пікірін­ше, жергілікті атқару­шы органдарда ком­муналдық ветерина­риялық кәсіпорындар құрған дұрыс. Осы ар­қылы кадр мәселесін оңды шешудің түйіні тарқатылады. Бұған қоса, Халықаралық эпизоо­тия­лық бюро талаптарына сәй­кес, республикадағы мал­дардың барлығы ве­теринарлық-профи­лак­ти­калық шараларға тартылуы тиіс. Сол мақсатта мал қаны жыл сайын екі рет диагностикалық тексерулерден өтуі керек. Мұның үстіне, облыстар мен аудандарда қажетті құрал-жабдық­тармен жабдықтал­ған ветерина­рия­лық зертханалар болуы шарт. Ал әзірге осындай зертхана 11 облыс пен 1 ауданда ғана бар. Енді жыл соңына дейін тағы 8 ауданда ашы­латын болады. Жалпы, алдағы уақыттарда мұндай 106 зертхана салу мен оларды керекті құралдармен жабдықтау міндеті қой­ылып отыр. Біздіңше, жылдар бойы діңі қатқан мұздың көбесі сөгіле бастаған сияқты. Сол арқылы күрмеуі күрделі ветеринария саласы үлкен сілкініске әзірленіп жатыр. Ендігі міндет осы межеге алынған нақты­лы жұмыстардың иінін босатып алмай, оларды діттеген жеріне дейін жеткізу болмақ. Себебі, индус­трия­ландыру бағдарламасының табысты орындалуы ауыл шаруашылығы саласын, соның ішінде мал шаруашылығын қарқынды дамытумен тікелей байланыста жүреді. Қазіргі күндері мал шаруашылығының қазақ үшін ұлттық ұстын болуы керек екені жиі айтылып жүр. Расында да, біздің ата-бабадан жалғасып келе жатқан дәстүрлі салтымыз болып табылатын бұл саланы бұдан әрі шайқалта беру бәріміздің азаматтығымызға сын. Заман қаншама өзгергенімен, ауылдағы қара қазақтың қазіргі кездегі негізгі тіршілік көзі осы мал шаруашылығымен тығыз байланысты екені де жасырын емес. Тіпті қалада тұрған жұрттың өзі мал шаруашылығы өнімдерінсіз күн көре алмайды. Мәселеге осы тұрғыдан қарар болсақ, Үкіметтің ветеринария саласына түбегейлі реформа жүргізу жөніндегі қадамын қуана құптауымыз керек. Серік ПІРНАЗАР. Өнеркәсіп өндірісінің өркені Қазақстанның үстіміздегі жылғы қаңтар-қазан айла­рындағы өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі, был­тырғы жылдың осы кезеңі­мен салыстырғанда, 110,4 пайызға өсті. Бұл өсім елі­міздің 14 өңірінде байқалды. Өнімнің салыстырмалы ке­зеңнен төмендеуі тек Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарынан ға­на көрініс тапты. Мұны тө-менде жарияланып отырған “Өңірлер бойынша өнер­кәсіп өнімі көлемінің өсуі” деп аталатын кестеден анық көруге болады. Өнеркәсіп өнімінің нақ­ты көлем индексі бойынша 128,9 пайыздық көрсеткіш­пен Ақмола облысы жеке-дара көш бастады. Аталған аймақта осы аралықта құра­мында алтыны бар кендер мен құймалар, өңделмеген алтын, мойынтірек (подшип­ник) өндірісі өсті. Екінші орындағы Алматы қаласында өнімнің өсуі алдыңғыдан сәл ғана қалып қойды. Мұндағы көрсеткіш – 128,1 пайыз. Ол оңтүстік астанада алкогольсіз сусындар, сыра, шырындар, тазартылған күнбағыс майы, ірімшік пен сүзбе, майонез, шай мен кофе, бетоннан жа­салған құрылыстық құрыл­ғы­лар, сандық есептеуіш мәшинелер шығару есебінен артты. Бұдан кейінгі үшінші орынды, әйгілі бір әнде әуе­лете шырқалатындай, “фос­форлы Жамбыл” теңеуін алған өскелең өңір еншілеп отыр. Қарт Қаратау мен ақбас Алатаудың қойнауын­дағы аймақта есепті мерзімде осы жерлердің басты бай­лығы – фосфор, фосфатты шикізат, қант, жылу энер­гия­сының өсуі есебінен өнім көлемі 120,8 пайызға көтерілді. Кестеде төртінші сатыға орналасқан Павлодар облысында бензин, газойль-дер, керосин, мазут, фер-рохром, ферросиликомар­ганец, ферросиликохром, алюминий, көмір, электр энер­гиясының өндірісі жоғары болды (120,8%). Ал үздік бестікті Қостанай об­лысы тұйықтады. Тобылдың суымен көркейген байтақ өлкеде теміркенді шекемтас­тар пен құймалар, біріктіріл­ген темір кені, бокситтер, асбест, шоколад, ұнның өндірісі едәуір өсті (117,5%).

Өңірлер бойынша өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индекстері пайызбен

2010 ж.                     2010 ж. қазан              2009 ж.      2010 ж. қаңтар-                2010 ж. қыркүйекке     қазанға         қазан қыркүйекке                                                                                 2009 ж. қаңтар- 1.Ақмола                125,3       96,1         161,0       128,9 2.Алматы қаласы               125,0       114,9       156,4       128,1 3.Павлодар           124,7       111,8       78,1         120,0 4.Оңтүстік Қазақстан         118,7       76,0         104,1       117,2 5-6.Жамбыл         118,5       99,9         141,0       120,8 5-6.Қостанай        118,5       100,1       108,5       117,5 7.Атырау              115,8       106,9       101,2       114,3 9.Алматы             112,1       113,2       118,6       112,8 10.Шығыс Қазақстан         110,6       97,5         100,0       109,5 11.Қарағанды      106,6       104,0       106,3       106,6 12.Астана қаласы               105,3       120,8       139,0       108,7 13-14.Маңғыстау                102,0       99,7         102,4       102,0 13-14.Қызылорда                102,0       97,6         92,1         101,0 15.Солтүстік Қазақстан     99,1         112,4       101,6       99,4 16.Батыс Қазақстан            97,1         198,6       97,3         97,1 Орта буын саналатын келесі толқынның басын Оңтүстік Қазақстан облысы өзінің мұнай өңдеу, ядролық материалдар, трансфор­маторлар, цемент, ұн шығару арқылы қол жеткізген 117,2 пайыздық көрсеткішімен бастап, алтыншы орынға табан тіреп тұр. Ал жетінші орын Еуразияның кіндігін­дегі Атырау облысының ен­шісіне тиеді. Жайық жаға­сын­дағы жұрттың өнеркәсіп­тегі басты табысы мұнай жә­не мұнай өңдеу өнімдерінен құралып, ол салыстырмалы кезеңде 114,3 пайыздық дең­гейді бағындырды. Сегізінші орындағы Алматы облысын­да бұл көрсеткіш 112,8 пайыз­дан қайырылады. Же­тісудың аясында шырындар, алкогольсіз сусындар, сыра, ғанышкартон, бетоннан жа­салған құрылыстық құрыл­ғылар, аккумуляторлар, электр энергиясының өнді­рісі өскен. Тоғызыншы орын­дағы Ақтөбе облысы­ның жеткен жетістігі бұдан сәл қалық, мұнда 111,8 пайыздық мөлшермен мұ­най, хром, мыс кендері мен құймалары, феррохром, хром ангидриды, хром тотығы мен натрий бихроматы секілді кендерді өндіру артқан. Келесі оныншы орын 109,5 пайыздық өндірістік өсімі бар Шығыс Қазақстан облысына бұйырады. Алтай мен Ертісті ен жайлаған аймақта нақты көлем индексі 109,5 пайызды құрады. Онда тас көмір, тазартылған алтын, қорғасын, күнбағыс майы, цемент, тракторлар, жеңіл автомобильдер өндірісі жоға­ры болды. Орта буын­дағы топты Астана қаласы­ның өн­ді­ріс орындары тия­нақ­тайды. Елордада осы уа­қыттарда сүт, нан, конди­терлік бұйымдар, пластмас­садан жасалған құбырлар, тү­тіктер, есіктер мен терезелер, преформалар, жылу энергиясын шыға­ру орта есеп­пен 108,7 пайыздық өсімді көрсетті. Ендігі кезекте көш соңын­дағы бестікке келеміз. Оның басында көмірлі Қара­ғанды облысы өндірісшілері тұр. Осылай он бірінші орынға жайғасқан өлкеде тас көмір, мыс кендері мен құймалары, тазартылған мыс, мырыштан­дырылған илек, ақ қаңылтыр, мыстан жасалған сым, жылу энергиясының өндірісі жоға­ры болып, орташа 106,6 пайыздық өсімді қамтамасыз етті. Бұл жолы мұнайлы Маңғыстау облысы он үшінші орынды қанағат тұтты. Қазыналы түбектің өндіріс­шілері мұнай, көмірсутекті сұйытылған газ­дар, пластмас­садан жасалған құбырлар мен түтіктер өндірісін арттыру есебінен 102 пайыздық өсімге қол жеткізді. Ал салыстыр­ма­лы уақыт аралығында өсімге иек артқан өңірлер Қызыл­орда облысымен тәмамда­лады. Осы өсімі бар аймақ­тардың ең соңында қалған Сыр өңірінің еңбек адамдары ілеспе мұнай газын, түйір­шіктер және тас үгіндісін, күрішті, электр және жылу энергиясын шығаруды жолға қойып, мұнай мен газды өндіру саласындағы қызмет көрсетуді өсіріп, 101 пайыз­дық өсімді еншіледі. Жоғарыда айтқанымыз­дай, бұдан соңғы екі облыс — Солтүстік Қазақстан мен Батыс Қазақстанда өнеркәсіп өнімдерін өндіруде кері кету­шілік орын алған. Мәселен, Солтүстік Қазақ­стан облысында сүт, сары май және рапс майы, мака­рондар, бетон, жүк вагон-дары, электр энергиясының өндірісі төмендеп кеткен. Бұл аймақ өсімін 99,4 пайызбен тоқталуына апарып жеткізді. Сол сияқты Батыс Қазақстан облысында газ конденсаты, табиғи газ, газойльдер, электр энер­гиясы өндірісінің төмендеуі есебінен нақты көлем ин­дексі 97,1 пайызды құраған. Жалпы, еліміз бойынша 2010 жылғы қаңтар-қазанда кен өндіру өнеркәсібінде және карьерлер қазуда нақты көлем индексі 105,4 пайыз болды. Соның ішінде темір кенін (115,3%), шикі мұнай (105,4%), табиғи газды (101,9%), көмір және лигнит (101,1%), өндіру біршама өсті. Есепті кезеңде өңдеу өнеркәсібінде 18,7 пайыздық өсу тіркелді. Тамақ өнімдері және сусындар, металл емес минералды өнімдер, мұнай өңдеу өнімдері, электр жабдықтары, мәшинелер мен жабдықтар, автокөлік құрал­дары, химиялық, қара және түсті металлургия өнімде­рінің өндірісі өсті. Электр­мен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптауда электр энергиясын өндіру, беру және бөлу көлемі 7,1 пайыз­ға, бу беру және ауа баптау жүйелері 3,3 пайызға артты. Сумен жабдықтаудың нақты көлем индексі 105,5 пайызды құрады. Осы сандар елі­міз­дің өнеркәсіп сала­сында тұтас­тай ал­ғанда жақсы өсім бол­ғанымен, бәз­бір облыс­тардың әлі арт­та қа­лып келе жат­қа­нын көрсетіп берді. Сәкен МАЙЛЫБАЙ. Астана көрмеге дайын Жуырда Астанада “ЭКСПО-2017” халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу өтінімін жылжыту және ілгерілету жөнінде халықаралық конференция өтті. Оған Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова, Үкімет мүшелері, сондай-ақ Халықаралық көрмелер бюросына мүше елдердің Астанадағы дипломатиялық өкілдіктерінің басшылары қатысты. Басқосудың басты мақсаты аталған көрмеге Аста­наның өтінімін жылжыту мен ілгерілетудегі дайындық жұмыстарымен таныстыру болды. Халықаралық игі шараға арналған таныстырымдар 19 қарашада Испания астанасы Мадрид қаласында, ал 24 қарашада Франция астанасы Парижде Қазақстанның осы елдердегі елшіліктерінің ұйымдастыруымен өтпек. Сондай-ақ келер жылдың маусымында Қазақстан Халықаралық көрмелер бюросына өтінім мәліметтерін тапсыруды және ХКБ-ның Бас Ассамблеясының отырысында алғашқы тұсаукесер өткізуді жоспарлауда. Энергетика және экология мәселелерінің ерекше маңыздылығын есепке ала отырып, Қазақстан дүниежүзілік қоғамдастыққа “ЭКСПО-2017” көрмесін өткізуде “Болашақ энергиясы” тақырыбын ұсынбақ­шы. Бұл өз кезегінде қуат қорлары мен баламалы энергия көздерін енгізу, күн, жел, теңіз, мұхит және термальді сулардың энергетикалық қорлары секілді адамзат үшін маңызы зор мәселелерді қозғауға жол ашпақ. ЭКСПО көрмелері мамандандырылған және әмбебап болып екіге бөлінсе, оның алғашқысы екі әмбебап көрменің аралығында үш айдан артық емес уақытта, 25 га жерден аспайтын аумақта және ортақ тақырыпта өткізілуі тиіс болса, екіншісі бес жылда бір рет алты айдан аспайтын кезеңге, ауданы шектел­мей, барлық қатысушыларға ортақ тақырыпта өтеді. Қазақстан ХКБ-ға 1997 жылдан мүше болып келеді және Аичи -2005, Сарагоса-2008 , Шанхай-2010 ЭКСПО көрмелеріне қатысты. Қазіргі таңда еліміздің Есу-2012 мен Милан-2015 ЭКСПО көрмелеріне қатысуына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Сарагосадағы “ЭКСПО-2008” көрмесі қоры­тын­дысында 104 мүше мемлекеттер арасында еліміздің павильоны сыртқы және ішкі безендіру, ішкі дизайн, “Су және тұрақты даму” тақырыбына байланысты экспозиция сапалары белгілері бойынша жүлделі үшінші орынға ие болды. Мемлекет басшысының осы көрмеге сапары кезінде осыған ұқсас шараны Астанада өткізу қажеттігі туралы айтылған-ды. Бұл шара көрме нысандарының құрылысына инвести­циялардың елеулі көлемдерінің тартылуы мен қала­ның инфрақұрылымының дамуына зор ықпал етпек. Сонымен қатар жаңа және жаңартылған мейман­ханалық кешендердің құрылысына, ішкі туризмнің дамуына да өзіндік серпін берсе, көп ұлтты мәдениеті мен дәстүрлері бар еліміздің меймандостығын әлемге паш етуде де үлкен маңызға ие. Биылғы жылы қыркүйек айында Елбасының Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысымен кездесуі өткен-ді. Онда Қазақстан Президенті Н.Назарбаев В.Лоссерталес мырзаға еліміздің “ЭКСПО-2017” көрмесін өткізу құқығына кандидат болуға ниетінің үлкен екендігіне кепілдік беретінін ерекше атап көрсеткен болатын. Осылайша “ЭКСПО-2017” көрмесін Астанада өткізу Қазақстанның ұлттық идеясына айналып отыр. Оған дайындық жалғаса бермек. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК. Экономикалық жағынан тиімді жобалар Елбасының биылғы Жол­дауында өңірлерде бизнестің жаңа тобын құру мен дамыту  арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу тап­сырылған. Осылайша үдемелі ин­дустриялық-инновациялық даму бағдарламасына сәйкес өңірде тың жобалардың тиянағы келтіріліп, жұртшылықтың әлеуметтік жағ­дайы жақсарды. Ағымдағы жыл­дың соңына дейін пайдалануға бе­рілетін жобалар қатарына Талғар, Еңбекшіқазақ аудандары мен Қапшағай қаласындағы құрылысы аяқталуға жақын нысандарға халықты экологиялық жағынан таза өнімдермен қамтамасыз ете­тін  Қазақ тағамтану академия­сының “Амиран” балалар тағамы зауытының құрылысын жатқызуға болады. Негізгі жұмысы толығы­мен аяқталып, еуропалық стан­дарт­қа сай шетелдік технология­мен жабдықталған зауыттың сырт­қы келбеті мен айналасын ас­фальттау, абаттандыру жұмыстары ғана қалыпты. Аталған кәсіпорын толық іске қосылғанда тәулігіне 12 тонна сүт, айран, йогурт, сүзбе, ірімшік, тағы басқа табиғи дәру­мендерге бай балалар тағамының қоспасыз жеті түрі шығарылмақ­шы. Бұл сәби денсаулығын жақсартуға жасалған нақты қадам екені анық. Кәсіпорын шикізатты Талғар және Еңбекшіқазақ аудан­дарын­дағы шаруашылық коопера­тивтері мен  шаруа қожалықта-рынан ке­лісім жасау арқылы толықтыруды көздеп отыр. Мұнда еңбек ететін мамандар қатары іріктеліп, жұмысты бастауға әзір әрі  олар арнайы дайындықтан өткен. Желтоқсанда жұмысын бастай­тын зауыт өз өнімін алғашқыда Ал­маты қаласы мен жетісулық тұ­тынушыларға ұсынбақшы. Өйткені, балалар тағамының сақталу мерзімі қысқа, үш-ақ күн. Саудаға шығару жұмыстары ойластырылып, бұл мәселені Индустрия және жаңа технологиялар министрлігімен бірлесіп шешу жағы қарастыры­луда. Осы сияқты өнімді балабақ­ша, аурухана және басқа да балалар  мекемесі жанынан орын ашу арқы­лы өткізу жөнінде ұсыныс жаса­луда. Өңірдегі  ірі жобалардың бірі  осы аудандағы Қайнар селолық округіне қарасты “ЮСКО” көп салалы логистикалық кешені. Биыл есігін айқара ашатын нысан құрылысы 35 мың шаршы метрге созылып, ол үш блокты құрайды. Көп салалы логистикалық кешен құрылысына оңтүстіккореялықтар 4,5  млрд.доллар көлемінде инвес­тиция салып, темір жол стансасына жақын орналастырған. Қазіргі кезде құрылыста 500-ге жуық адам еңбек етсе, кешен пайдалануға берілгенде жергілікті халықтан 200-ден аса адам жұ­мыспен қамтылмақшы. Іле ауда­ны­на жақын орналасқан селолық ок­ругте соңғы жылдары оралман­дар отбасы көптеп қоныс­тан­ғанын ескерсек, олардың еңбек етуіне мүмкіндік туғаны қуан­тады. Іргелі жұмыстардың орталығы­на айналған Еңбекшіқазақ ауда­нын­дағы Қырбалтабай селолық округіндегі Қайнар ауылында да “Есік жеміс консервілеу зауыты” ЖШС италиялық технологиямен өнім шығаруда. Жолдау тапсыр­масына орай аталған кәсіпорынды салуға және жабдықтауға 600 млн. теңге көлемінде инвестиция тартылып, мұнда тәулігіне 600 тонна өнім өңдеуден өткізілуде. Кәсіпорын жұмысшылары биыл тұтынушыға 650 тонна томат сықпасын ұсынған. Кәсіпорын қажетті өнімді өздері өсіруде. Биыл 300 гектарға қызанақ ексе, алдағы жылы оның көлемін екі есеге кө­бейт­пекші. Жаз бойы мұнда жүзден астам адам жұмыспен қамтылса, тұрақты жұмысшылар қатары қырық адам. Олардың еңбекақысы да жоғары. Өңірде құрылыс жұмыстары қарқын алғандықтан, қажетті материалдар шығару мәселесі де үнемі назарда. Қапшағай қаласында “ІLNO GROUP” зауытында иілген болат профильдер шығарылмақшы. Аталған құрылысты “Қазақстан даму банкі” АҚ пен серіктестіктің өзі 15 млн.доллар инвестиция салу арқылы қаржыландырыпты. Өнеркәсіп кешенінің екінші кезеңінде жылына 100 мың тонна металл бұйымдар шығару жоспар­ла­нуда. Заречный ауылына орын тепкен зауыт қазіргі кезде тұрғын­жайлық, өнеркәсіптік және азамат­тық нысандар құрылысына қажетті металл бұйымдар өндіріп, оған жақын шетелдермен бірге Қытай да сұраныс білдіруде екен. Қаңтар айында толық жұмысын бастайтын нысанда түйінді мәселелер де бар. Ол қаржы жетіспеушілігі. Қалайда жұмысын қалыпты арнаға түсіруді көздеген зауыт ұжымы иілген болат профильдер шығарып, өзінің бә­секеге қабілеттілігімен ерекшелен­генін айтқан артық емес. Қазіргі кезде  зауытта  жергілікті түрғын­дар есебінен 150 адам еңбек етуде Құнды құжатта жобаларды жүзеге асыру арқылы экономиканы нығайту мен халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру мәселесі нақты­ланып, тапсырмалардың орында­луы арқылы бекігенін көреміз. Экономикалық жағынан пайдалы жоғарыдағы жобалар үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаның шешімін тапқа­нының нақты дәлелі. Алматы облысы. Жаңа зауыттың жетістігі Төтенше жағдайлар ми­нистрі Владимир Божко Қостанайға кел­ді. Ол бұл сапарында алдымен  өртсөндіргіш қаптама шығаратын зауыттың  лентасын қиды. Өрт сөндіру кезінде аса қажетті бұл құралды Қазақстан осыған дейін Ресейден алатын.  Тығырықтан шығар жол табылды, міне,  енді ол өзімізде өндірілетін болады. Өртсөндіргіш қаптама өрт сөндіру мәшинелеріне, ғимараттарға пай­даланылады. Резеңке шлангінің сырты  күймейтін жіптен то­қы­лып, қапталады. Осы күймейтін жіп Ресейдің Челябі облысынан ал­­дырылады. Оны тоқитын станок-жабдық  1 миллион дол­ларға Еуро­па­дан алдырылды. “Өрт сөн­діруші” АҚ-тың Қостанай филиалы болып саналатын бұл зауыт  еліміздегі өртсөндіргіш қаптама шы­ғаратын алғашқы өндіріс кәсіпорны. – Ғимараттардағы өртсөн­дір­гіштердің барлығы да Кеңес одағынан қалған. Бүгінде олардың тозығы жетіп тұр. Зауыт осы өндірістің алғашқы сатысы болып саналады. Екінші сатыда зауыт жұмысы әлі де кеңейтіледі,–деді  Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко. Айтпақшы, зауытта тек өрт сөндіргіш жең ғана емес, құ­рылысқа қажетті құбыр­лар, басқа да заттар шығарылады. Министр зауыт өн­дірісі кеңейтілгенде, ол  өрт­сөндіргіш жең­мен  республика рыногын қам­тамасыз ететінін айтты. Бұл елімізде жүзеге асып жатқан индустриялық-ин­новациялық бағдарламаның бағы­тына да, мақсатына да жауап береді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай. Көрсеткіштер дамуға жетелейді Биылғы жылдың үшінші тоқсан қорытындысы бойынша индустриялық-инновациялық даму қарқыны жағынан облы­сымыз бірінші орынға шықты. Елі­міз бойынша жасалған рей­тинг көрсеткіштері барысында облыстағы он аудан үздіктер қа­та­рынан көрінді. Осындай маз­­мұнда өткен жиылыста мұндай жағымды жаңалықты облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев мә­лім етті. Яғни, өңірдің қай сала­сы болмасын даму үрдісі қарқын алып, үшінші тоқсан қорытын­дысында жалпы,  өнім көлемін өткен жылға қарағанда 125 пайыз­ға дейін арттыруға қол жетті. Облыс орталығының ірге­сінде орналасқан Павлодар, Шарбақты, Железин аудандары шағын бизнес кәсіпорында­ры­ның үлесі, бөлшек сауда айна­лы­мы, ауыл шаруашылығы өнім­дерін шығару, шағын бизнес құрылым­дарының саны, негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемінің қарқыны бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізген. Облыстағы Ақтоғай және Лебяжі аудандары бұрынғыша республикалық рейтинг көрсет­кіштері бойынша артта қалып келеді. Облыстық экономика жә­не бюджетті жоспарлау бас­қар­ма­сының мәлімдеуінше, облыста ішкі сұраныстың артуы, экспорттық бағыттағы өнімдерге баға конъюнктурасының оң әсер етуі, өнеркәсіптік өндірістің 24,7 пайызға өсуіне ықпал еткен. Бұл күндері өңірдегі барлық өндіріс орындары тұрақты жұмыс істеуде.  Облыста 54 инвести­циялық жоба жүзеге асуда. Жыл басынан бері 12  жаңа жоба іске қосылды. Ал жыл соңына дейін тағы да 18 жобаны іске қосу жоспарлануда. Жаңа  жобалар іске қосылғанда өңірде 2650 жұмыс орны ашылады. Соны­мен қатар, отандық тауарлар мен қызметтердің барынша өтімді болуына да көңіл бө­лі­нуде. Жыл басынан бері облыс­тың тауар өндірушілерінің ұлт­тық компаниялар мен ірі кә­сіпорындармен жасаған келісім-шарттары өткен жылмен салыс­тырғанда 41 пайызға артып отыр. Ауыл шаруашылығында да даму қарқыны байқалды. Жалпы өнім көлемі өткен жылмен са­лыстырғанда 2,6 пайызға өскен. Ауылшаруашылық басқар­масының хабарына қарағанда, рынокты жергілікті өңдеуші кәсіпорындардың өнімдерімен толтыру бағытында жыл басы­нан бері 12 өңдеуші нысан ашылды. Ал, жергілікті жерге инвестиция тартуда. Павлодар, Шарбақты, Железинка және Май аудандары, Екібастұз қаласы көш басында келеді. Тұрғындардың ақшалай кірісі 21 пайызға өскені, жа­лақының өсуі барлық салаларда көрініс тауып отыр. Жұмыс­сыздықтың жаппай белең алу жағдайы жоқ. Жыл басынан бері 9 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Бұл күн­дері облыс әкімдігі тарапынан  өнеркәсіптік саладағы оң өзге­рістерге, бағаны тұрақты ұстап тұруға бағытталған іс-шаралар жүргізілуде. Өңір бойынша азық-түлік бағалары тұрақты, нан қымбаттамайды. Сонымен қатар қыс және көктем мезгіл­дерінде  көкөніспен қам­тамасыз ету мақсатында алынған өнім­дерді сақтау жұмыстары да жүр­гізілуде. Қазір баға тұрақты­лығын сақтау мақсатында Павлодар ауданы өздері өсірген көкөніс өнімдерін жәрмең­келерге шығарып, әлеуметтік дү­кендерге жеткізіп жатыр. Со­нымен бірге Оңтүстік Қазақстан облысынан  көкөніс жеткізу мәселелері де қарастырылуда. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы. Орталық мемлекеттік органдардың интернет-сайттары Қазақстан Республикасының Үкіметі          www.government.kz Ішкі істер министрлігі       www.mvd.kz Қорғаныс министрлігі      www.mod.kz Қоршаған ортаны қорғау министрлігі         www.eco.gov.kz Білім және ғылым министрлігі       www.edu.gov.kz Сыртқы істер министрлігі               www.mfa.kz Денсаулық сақтау министрлігі      www.mz.gov.kz Көлік және коммуникация министрлігі      www.mtk.gov.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі               www.enbek.gov.kz Қаржы министрлігі           www.mіnfіn.kz Әділет министрлігі             www.mіnjust.kz Төтенше жағдайлар министрлігі   www.emer.kz Мәдениет министрлігі      www.sana.gov.kz Байланыс және ақпарат министрлігі            www.bam.gov.kz Ауыл шаруашылығы министрлігі                www.mіnagrі.kz Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі   www.mіt.kz Экономикалық даму және сауда министрлігі - www.mіnplan.kz Туризм және спорт министрлігі    www.mts.gov.kz Мұнай және газ министрлігі          www.memr.gov.kz Статистика агенттігі                            www.stat.kz Жер ресурстарын басқару агенттігі            www.auzr.kz